Қазақстанда
ақындық өнер және музыка мәдениеті
Музыка
өнері. Қазақ халқының тұрмыс-салтындағы,
қоғамдық өміріндегі рухани мәдениетінің
ажырамас бөлігі музыка өнері болды. Жиырмаға жуық
музыкалық аспаптар оның ішінде: шертер, жетіген, сазсырнай, кепшек,
шаңқобыз, даңғыра, асатаяқ, домбыра, қобыз,
қылқобыз, сыбызғы, дауылпаз
т.б. болды. Тойлар, шілдеханалар, жайлауға көшіп қону,
алтыбақан, жұбату,
жоқтау, сыңсу т.б. салт дәстүрлердің
барлығы өлеңмен жеткізілді.
XIX ғасырдың екінші жартысы көрнекті
халық сазгерлері мен классикалық сипатта қалыптаса
бастаған музыка өнерінің негізі қаланған кез
болды. Белгілі қазақ сазгерлерінің шығармаларынан
халықтық сипат, әлеуметтік теңсіздікке қарсы
күреске баулыған сарын байқалды. Осы кезеңде
ұлттық музыкалық өнердің дамуына әсер етіп,
терең із қалдырған Құрманғазы
Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәтімбет
Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы, Жаяу
Мұса Байжанұлы, Біржан сал Қожағұлұлы т.б.
болды.
Құрмангазы Сағырбайұлы (1818-1889 жж.) — аса көрнекті күйші, сазгер, аспапты
музыканың (күйдің) классигі Бөкей ордасының
Жиделі деген жерінде дүниеге келген. Кедей шаруаның баласы
Құрманғазы жасынан ән-күйге әуестігімен
көзге түсті. Алғашқы ұстазы Ханбазар
күйшісі Ұзақ, Бөкей ордасындағы атақты
халық күйшілері Байбақты, Байжұма, Баламайсан,
Соқыр Есжан, Шеркештің күйлерін үйреніп,
орындаушылық шеберлігін шыңдады. Есейе келе
домбырашы-күйшілікті арнайы өнерге айналдырды. Ұлы
күйшінің бүкіл өмірі мен шығармашылығы
әлеуметтік әділетсіздік пен озбырлыққа қарсы
бағытталған. Құрманғазы сахараның
даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр
Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң
күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң
сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған.
Құрманғазының ғұмыр
кешкен уақыты, әсіресе оң-солын танып, өмір-тіршілікке
белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл
кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың
ең бір қарқын алған, әбден
құныққан, шектен шыға басынған кезі
болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің
ауырлық-тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің
иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы
Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның
"Түрмеден қашқан", "Кісен ашқан",
"Ертең кетем", "Бозқашыр",
"Пәбескі", "Терезеден-есіктен",
"Бозшолақ", "Бұқтым-бұқтым",
"Не кричи, не шуми", "Арба соққан", "Аман
бол, шешем, аман бол" сияқты күйлері замана басқа
салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал
тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп,
өнерімен белгі қалдырып отырған.
Құрманғазы өмірге
ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол
балаша қуанып, калтқысыз сезімге бөлене алады. Оның
"Қызыл қайың", "Ақжелең",
"Адай", "Сарыарқа", "Балбырауын",
"Серпер", "Назым", "Балқаймақ",
"Бұлбұлдың құрғыры",
"Ақсақ киік", "Төремұрат",
"Қуаныш" сияқты күйлері өмірге
іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты.
Құрманғазыны суреткер ретінде
айрықша даралап көрсететін қасиет — ол концептуалды күйші.
Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше
ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық
құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау
Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның
"Жігер", "Көбік
шашқан","Кішкентай","Ақбай" сияқты
күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік
болмысына берілген күйші-философтың бағасы.
Домбырасын қару еткен Құрманғазы
азаттық үшін алысудан таймады. Ел аузындағы
аңыздарға қарағанда, Құрманғазының алғашқы күйлерінің
бірі — «Кішкентай» шаруалар көтерілісінің жетекшісі Исатай Тайманұлына
арналған.
Құрманғазының алпыстан астам
күйлері сақталған, оның қазақ халқы
мәдениетіне қосқан үлесі мен орны ерекше дараланып
тұрады.
Дәулеткерей
Шығайұлы (1814-1887 жж.) - қазақтың әйгілі
күйші-композиторы, төре күйлерінің негізін
қалыптастырушы. Бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі
Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты
Қарамола деген жерде дүниеге келіп, өзінің ата
қонысынан топырақ бұйырған. Бөкей хан өлген
соң, Дәулеткерейдің әкесі Шығай сегіз жылдай
Бөкей ордасына хандық билігін жүргізген.
Дәулеткерей төре күйлерінің
дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты
тұтас бір мектеп ете алған адам. Сондықтан да болар,
Дәулеткерейді академик А.Жұбанов "төре күйлерінің
атасы" дейді.
Ол өскен ортада күйшіліктің әбден
қалыптаскан дәстүрі болған. Соқыр Есжан,
Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші-домбырашылар Орда
төңірегіне құлақ түргізген дарын иелері
еді. Дәулеткерей осы күйшілердің дәстүрін шабыт
тұғыры еткен. Әсіресе, оның күйшілік өнерге
елдік мазмұн дарытып, шабыт жанығандай күй кешуіне
Құрманғазымен кездесуі себепші болады. Қос ұлы
күйші іштей түсінісіп, жан-жүректері жарасып, тіптен,
бір-біріне күй арнайды.
Дәулеткереймен немере болып келетін Мұхит
бүкіл Кіші жүздегі ән мектебінің туын көкке
шанышқан дарын. Сондай-ақ, Арынғазы, Жантөре,
Өрейжан сияқты өкше басар інілері де төңірегін
күймен баураған өнерпаздар болған. Тіптен, бел баласы
Салауаттың өзі сұлтандық билікті тәрік етіп,
күйден көбірек жұбаныш тапқан.
Дәулеткерейдің туған жиені Бөкейханов Науша бүкіл
өмірін нағашысының күйлерін насихаттауға арнаса,
екінші жиені, Орынбордың кадет корпусын бітірген дарынды түлек
Бабажанов Салық, бүкіл өмірін халықты билеуге емес,
ғылым-білімге арнаған.
Дәулеткерей ең алғаш
"Ақжелең", "Қосалқа" сияқты
күйлерін шығарған. Дарынды күйшінің жарқын
сезімге, сұлу суреттерге бай өзіндік қолтаңбасы осы
күйлерінің өзінен-ақ айқын
аңғарылады. Жастық шағында ұлы
күйшінің жақсыға қызыққанын,
жүйрікке құмартқанын, сұлуға
сүйсінгенін, тіптен жастыққа жарасатын жалын сезімге бой
алдырған сәттерінің аз болмағанын байқау
қиын емес. Бұған оның "Қыз
Ақжелең", "Косалқа",
"Ысқырма", "Желдірме", "Қоңыр",
"Кұдаша" сияқты күйлерінің тақырыбы
ғана айғақ емес, ең алдымен осы күйлердің
жүрек тербер сазы, қалтқысыз сезімі, бозбаладай елпілдеген
мінезі куә.
Дәулеткерей өзі туып-өскен
ортадағы ел-жұрттың тағдыр-тіршілігіне ерте
араласқан. Хан-сұлтандықтың өз
төңірегіне ғана түгін дүрдиткені болмаса,
күні өтіп бара жатқан жаугерік халін ерте түсінген.
Орданың ғана емес, байтақ елдің тағдыр-талайы
отаршылдықтың қыл тұзағына шырмалғанын ерте
сезінген. Дәулеткерейдің, ең бір драмалық шиеленіске
толы күйлері осындай ахуалмен байланысты дүниеге келген. Ол
"Тартыс", "Шолтақ", "Топан",
"Жігер" сияқты күйлері арқылы өзі куә
болған өмірдің қан-сөлін сорғалатып
көрсете отырып, сол өмірге суреткер ретінде өз үкімін
айтқан. Әсірісе, "Жігер" күйінің жөні
бөлек. Дәулеткерейдің
қырыққа жуық күйі сақталған.
Қазанғапұлы
Тәттімбет (1815-1860 жж.) -
казақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен
жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына
қарасты Дастар тауының етегі, Мыржық ауылы, Қызылжал
қыстауы. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп,
дүние салған, Қарқаралы жеріндегі Түндік
өзенінің бойына, Бабалы мен Арқалық тауларының
ортасындағы алқапқа жерленген. Бұл —
Тәттімбеттің әкесі Қазанғапқа арналып
салынған зират. Ішінде үш қабыр-бесікше бар. Бірінде —
Қазанғаптың өзі. Екіншісінде —
Қазанғаптың бәйбішесі, Тәттімбеттің анасы
Қалайы. Үшіншісінде — Тәттімбет жатыр.
Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте
араласқан адам. Батыс-Сібір генерал-губернаторы генерал-майор Фон Фридрихс
Тәттімбет туралы арнайы жинаған мәліметінде мынандай дерек
келтіреді: "Тәттімбет — ақ сүйектер әулетінен,
бірақ көпестер гильдасына тіркелмеген. Қарқаралы
округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында 1842 жылдың 20
қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс
болды. Бұл жұмыстан өз арызы бойынша босатылды. Шоқан
Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты
оқымысты-ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай,
Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы,
Кішкентайдың Аққошқары, Сандыбайдың Ердені,
Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен,
Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан-сал, Жаяу Мұса, Орынбай
сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ
Шашақ, сияқты күйшілермен қадірлес-сыйлас болған.
Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп
төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп,
талғампаз сарапшысы болып отырған.
Оның өнеріне Біржан сал:
"Тәттімбет —
ардагерім, Арғын асқан,
Қырық түрлі
күй айналған бармағына", — деп сүйсінеді.
Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына
түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс,
теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған.
Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық
болған.
Қазанғапұлы
Тәттімбеттің" Саржайлау",
"Былқылдақ", "Сылқылдақ",
"Бестөре", "Көкейкесті ",
"Қосбасар" сияқты ондаған күйлері
қазақтың музыкалық мәдениетінің асыл
айғақтары болып табылады.
Дүкенұлы
Ықылас (1843-1916 жж.) - қазақтың
әйгілі күйші қобызшысы. Туып-өскен жері
Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы,
Мұңды-Құлы тауларының етегі.
Ықыластың
өскен ортасында күйшілік өнер айрықша
әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер
күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан.
Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди
сияқты күйшілердің Ықылас бірінің
даңқын естіп, күйін құлағына
құйып өссе, келесісінің көзін көріп,
қадірлес-сыйлас болған. Ықылас ұлы дәстүрді
қобыз тілінде жалғастырушы күйші. Қорқыт атадан
кейін тәңірілік аспапқа адамның тілін дарытып,
жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан
біртуар композитор.
ЬІқыластың әкесі Дүкен де,
оның әкесі Алтын да қобызшы болған. Алтын
қобызға әуестеніп жүрген бозбала шағында
түс көріп, түсінде бір ақсақалды абыз:
"Бұл қобыз сенің жеті ұрпағыңа дарып,
желеп-жебейтін болады!" — деп, аян беріпті деген шежіре сөз бар.
Ықыластың тырнақалды туындылары
"Қасқыр", "Ықылас" деп аталады.
Оның "Кертолғау", "Ерден",
"Жалғызаяқ", "Жарым патша", "Жезкиік"
сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның
қоғамдық-әлеуметтік көріністері бейнеленсе,
"Қамбар—Назым". "Айрауық", "Казан"
сияқты күйлеріне ел арасына кеңінен тараған
аңыз-әңгімелер, қиял-ғажайып оқиғалар
арқау болған. Осы күйлердің қай-қайсысы да
Ықыластың адамға деген, қоғамға деген,
табиғатқа деген азаматтык тұлғасын, адамгершілік
үнін айқын аңғартады.
Ықыластың күйшілік дәстүрін
жалғастырған төл шәкірттері Бекмағамбетұлы
Ашай, Тоқтамысұлы Әбікей, Әлиев Сүгір және
өзінің бел баласы Түсіпбек болған. Бұлардан тікелей
тәлім алған белгілі қобызшы-домбырашылар Мықтыбаев
Дәулет пен Қаламбаев Жаппас. Ал, Дәулет пен Жаппастың
төл шәкірттері Үмбетбаев Сматай, Қосбасаров Базархан.
Көшпелі елдің көшінен түсіп
қала жаздап, қадау-қадау өнерпаздардың қол
жалғауы арқылы көнеден бүгінге жеткен қобыз
өнері қазір арнасын кеңейтіп, өрісін ұзартып,
өресін биіктетіп, халқын қоңыр үнімен
ұйытуда.
Қожағұлұлы
Біржан (1834-1897 жж.) –
қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы,
ақын. Туған жері Солтүстік Қазақстан
облысының Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылы.
Біржан сал алғашқыда Қызылжардағы
екі жылдық орыс-қазақ мектебін окып бітірген. Сонан
соң, осындағы медресеге оқуға түседі. Оның
өнер жолына біржола бет бұруы осы медреседен басталады.
Өйткені, медреседе ұстаздык еткен Имағамбет Ырғызбекұлы,
Көрпеш Бахрамұлы деген кісілер Көшпелі көп Керейге
аттары мәлім ақын, өнерпаз болған. Бұлар
Біржанға діни ғибадатшылыққа қоса,
ән-күй өнерін, ақындық-жыршылықты,
қол өнерінің алуан түрлерін, атбегілікті,
аңшылық-саятшылыкты үйреткен. Тіптен
тоғызқұмалақ, дойбы ойындарына дейін терең
меңгеріп шығуға мән берілген. Яғни,
Біржанның болашақ сал-сері атағына лайық, болып,
өнердің үлкен жолына түсуіне бірден-бір негіз
болған. Ол Қызылжар медресесінен араб, парсы, шағатай тілін
меңгеріп, оң-солын танып, өз ортасының сауатты адамы
болып шыққан.
Біржан сал қазақ халқының
әншілік өнерін толықтырып, байытып, соны белеске көтере
алған әйгілі композитор. Әрбір үлкен дарын иесі
сияқты, ол қазақтың ән өнеріне
өзіндік өрнек салып, өзіндік дара ән мектебін
орнықтырып кетті. Өзі ғұмыр кешкен заманның
тарихи-әлеуметтік ахуалы, салт-дәстүрі, адамгершілік-ізгілік
касиеттері, әсіресе, адам сезімінің алуан толқыныстары
оның әндері арқылы сұлу сазбен, асқақ рухпен
бедерленіп отырды. "Ақтентек", "Біржан сал",
"Айбозым", "Алтын балдақ", "Айтбай",
"Көкек", "Жоныпалды" сияқты әндері
қазақ ән өнеріне шырай беретін, шоқтығы
биік асыл туындылар.
Біржан салдың сан-сала өнерпаздық
қырының бірі — оның айтыскерлігі. Біржанның айтыс
ақыны ретіндегі тегеурінді дарыны ақын Сарамен айтысында
жарқырай көрінеді. "Біржан-Сара" айтысы қазақ
сөз өнеріндегі қанатты шабыттың, эстетикалық биік
өренің, өмірді реттеу мен бейнелеудегі
пәрменділіктің жарқын үлгісі болып табылады.
Өз кезегіндегі Біржан салдың биік өнері
Жаяу Мұса, Басығараның Қанапиясы, Құлтума,
Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты
әнші-композиторларға тікелей ықпал етіп, тағылым болып,
ән өнерінің одан әрі өріс ұзартуына
шапағатын тигізді.
Қорамсаұлы
Ақан сері (Ақжігіт, 1843-1913 жж.) —
қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы,
ақын. Туып-өскен жері Солтүстік Казақстан
облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл
маңы. Әкесі Қорамса, шешесі Жаңыл қарапайым шаруа
адамдары болған. Алғашқыда ауыл молласынан сауат ашып, сонсоң
Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) медресесінде
оқыған (1856-1859 жж.). Мұнан кейін өз ауылына
қайтып оралып, өнер жолына біржола өмірін арнаған.
Халық Ақаңның бойындағы қайталанбас биік
өнерді жоғары бағалап, оның сұлу сырлы
өлеңдерін сүйіп айтып, өнерге өмірін
арнаған бекзаттығын қадірлеп "Ақан сері" деп
атаған.
Ақан
сері алғашқы әйелі Бәтимадан Ыбан (Ыбырайым) есімді бір
перзент көрген. Бәтима өлген соң Ұрқия атты
қызға үйленіп, онымен ұзақ отаспаған.
Ақанның "Хат жаздым қағаз алып, қалам,
сия" деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға
арналған. Ақын өмірінде — өшпес із
қалдырған адам — Ақтоқты сұлу.
Ақтоқтыға үйленуді тағдыр Ақанға
жазбаған. Ақанның "Ақ көйлек",
"Аужар", "Алты-басар", "Ғашық
жарға", "Тағрипың" деп аталатын терең
сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтоқтыға
арналған.
Сал-серілік дәстүрді барша
сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат,
қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен.
Мұндай өмір салт оның әншілік-ақындық
шабытына тұғыр болып, "Құлагер",
"Маңмаңгер", "Көкжендет", "Екі торы
ат", "Алай көк", "Тер қатқан"
сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші
болған. Сондай-ақ, оның "Көкшетау",
"Сырымбет", "Кербез сұлу" деп аталатын әндері
туған жерге, өскен елге деген перзенттік махаббаттың
жарқын айғағы.
Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі
Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп,
Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып,
халықтың мәдени-рухани өміріне айрықша
ықпал еткен.
Ақан серінің
әншілік-композиторлық болмысы дара. Оның шығармалары
әуендік — нақыш-ырғағы жағынан да, тақырып
өресі тұрғысынан да қазақтың классикалык,
ән өнерінің
үздік үлгілері болып табылады.
Құнанбайұлы
Абай (1845-1904 жж.) — қазақтың ұлы
ақыны, композитор, философ, қазақ жазба
әдебиетінің негізін қалаушы және оның
алғашқы классигі. Шын аты — Ибраһим. Туған жері —
бұрынғы Қарқаралы ауданына қарасты
Шыңғыс тауының баурайы. Әкесі Өскенбайұлы
Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы
алысқа кеткен беделді адамдардың бірі болған. Патша
үкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны
Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына
бекіткен. Шешесі Ұлжан — Орта жүздің Арғын тайпасынан
Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық,
әзіл-әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы.
Осындай текті ортадан шыққан
Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт
ұлдың бірі Абай жастайынан-ақ, ерекше қабілетімен, ақылдылығымен
көзге түседі. Жас Абай тәрбиесі үшін анасы
Ұлжанның орны ерекше еді. Абай деп анасының еркелеткен аты
кемеңгер ақынды кейіннен әлемге жария етті.
Алғашында Абай өз аулында жалдамалы молдадан
білім алды. Кейін ауқатты Құнанбай баласын Семейдегі Ахмет
Ризаның медресесіне оқуға берді. Медреседе ол шығыс
әдебиетін көп оқыды, қаладан орыс мектебіне де барып
жүрді. Мектепте жүрген кезінде өзінде ақындық
талабын көрсете бастады. Балаға сыншы әкесі осы баласынан
қатты үміт күтеді. Сондықтан да ол Абайды медреседе
төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып,
қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды.
Әкесінің төңірегіндегі ел жақсыларымен араласып,
өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете
танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді.
Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты
шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде
Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз
тәжірибе жинақтағаннан кейін, ол халық
тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле
түсіруге күш салып бағады. Оның көзқарасының
қалыптасуына орыс әдебиетімен танысуы көп ықлал етеді.
Орыстың азаттық козғалысының Семейде айдауда болған
белгілі өкілдері Е.П.Михаэлис, А.Леонтьев, С.С.Гросс, Н.И.Долгополов,
тағы басқалар оның ақындық
шығармашылығының демократгық бағытта
қалыптасуына себепші болды
Шығармалары үш жүйемен өрбиді:
бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері;
екіншісі - ғаклия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы;
үшіншісі - өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған
өлеңдері.
Тек ақын ғана емес, сонымен қатар
сазгер болған Абай Пушкиннің «Евгений Онегинінің» өзі
аударған бөлімдеріне ән шығарды. Абайдың
әсерімен ақындығы толысқан Ақылбай,
Кәкітай, ақынның кіші ұлы Мағауия да орыс
мәдениетіне терең көңіл қойып, өздері де
поэзиялық туындылар жазды.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан
құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны
байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат
бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы
қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен
көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де
қазақ жерінің, қазақтың ұлттық
сипатының, ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні
тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу
арқылы өзінің шеберлік — танымын одан әрі
шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын
"Масғұт" және "Ескендір" деген атпен
өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным
жайындағы философиялық көзқарастарын да
өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы
көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның
экономикасы мен ой-пікірінің прогресшіл бағытта даму
ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында орыстың
төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып,
өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін
қорытып, қазақ өміріндегі аса маңызды
мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану процесінде
екі элементтің — сезім мен логиканың, түйсік пен ақылдың
қатынасын мойындайды. Сондықтан да: "Ақыл сенбей
сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз" деп жазады.
Жалпы Абай халықтың өмір
шындығын, көрген білгенінің бәрін шығармаларына
түсіріп отырады. Ол мектеп ашуды, бала оқытуды, ғылымды
білуді, халықты ағартып, оның мәдениетін көтеруді
— қазақ өмірін прогресшіл жолмен өзгертудің
негізі деп санайды. Қазақ арасындағы берекесіздіктің,
басқа кемшіліктердің түп тамыры надандықта,
оқымағандықта деп түсінеді, халқының
"көңіл көзін" ашу үшін жастарды білім
алуға шақырады. Абай көрген, Абай сынаған еріншектік,
бекер мал шашқыш дарақылық, жалқаулық,
күншілдік, өтірік—өсекке әуестік,
мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік, т.б. сияқты
сорақылықтар қазақ сүйегіне біткен
биогенетикалық қасиет пе жоқ әлде коғам
болмысынан жұғысты болған нәубет пе? Міне, тарихи
шындық үшін де, ғылыми ақиқат үшін де,
әсіресе Абайдың сыни зердесін шыншыл қалпында тану үшін
де айрықша мәні бар мәселе осы болса керек. Абай сынап
отырған жағымсыз құбылыстардың
тарихи-әлеуметтік сыр-себебін тап басып, саралай білуде болса керек.
Кез-келген халықтың тарих сахнасына
шығуы — экожүйеге бейімделген біртектес өмір салттың
ғана нәтижесі емес, сонымен бірге этникалық
арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ.
Олай болса Абай сынының тезіне түскен еріншектік,
дарақылық, жалқаулық, күншілдік,
өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық,
жағымпаздық, жікшілдік сияқты сорақылықтар
қазақ халқының бойындағы туа біткен
биогенетикалық қасиеті емес, сол Абай өмір сүрген
қоғамдағы саяси-әлеуметтік қатынастардың
нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, қазақ
бойынан Абай көрген "кемшіліктерді" себеп ретінде емес, сол
замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары
ретінде қарастыруға жол ашылады.
1891 жылы ақынның сүйікті інісі Оспан
өледі. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт
күткен баласы Әбдірахман қайтыс болады. Бұлардың
қазасының ақын жанына кандай батқаны оның осы
тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын
көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей
болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болады.
Осындай қабаттасқан қайғы-қасіреттен күрт
сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін
қырық күннен соң, өзі де дүние салады.
Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың
ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді.
Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі
перзенті — Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың
өшпес махаббатының ізгі құрметінің белгісіндей
болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен
салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.
1.
Қазақстан тарихы. Көне заман бүгінге дейін. 5
томдық. Алматы, 2010, 3-том
2.
Жаңа және қазіргі замандағы Қазақстан
тарихы. Алматы, 2005.
3. История
Казахстана (с древнейщих времен до наших дней). Алматы, 2001.
4. История
Қазахстана. Курс лекций /Под. Ред.
Ж.Касымбаева, Алматы, 2001.
5. Новая и
новейшая история Казахстана. Алматы, 2004.
6.
Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы
(оқулық). Алматы. 2005.
7. Мусин Ч.
Қазақстан тарихы .(оқулық) 2008.
8. Аманжолов
К.Р.Қазақстан тарихы. (дәрістер курсы) Алматы, 2004; осы
авторТүркі
халықтарының тарихы, Алматы,1988.
9.
Бекмаханов Е.Б. Присоединение Казахстана к России. М., 1957.
10.
Бекмаханов Е.Б. ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы
Қазақстан. А.,1992.
11. Абылай
хан. Алматы, 1992.
12. Кенжалие
И. Исатай-Махамбет. Алматы, 1991.
13.
Қасымбаев Ж.К. Кенесары хан.Алматы,1993.
14. Анчиков
Г.В. Қазақ батыры- Жанқожа Нұрмұхамедұлы.
Алматы, 1992.
15.
Касымбаев Ж.К. О некоторых вопросах истории национально-освободительного
движения в Казахстаневторой половины ХІХ века . Ташкент, 1989. 16. Асфендияров
С. Қазақстан тарихының очерктері. А., 1994.
16. Ерофеева
И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. А.,1999.
17. Зиманов
С.З. Народно-освободительноевосстание под предводительством Исатая Тайманова. В
кн. История Казахской ССР, т.3. А., 1979.
18. Касымбаев Ж.К. Государственные деятели
казахских ханств (ХVІІІ век). Алматы, Білім, 1999.
19. Казахско
– русские отношения в ХVІІ-ХVІІІ веках. А., 1961.