Кіші жүздің Ресейге қосылуы.

Қазақ хандықтарының Ресеймен дипломатиялық, экономикалық сауда және саяси байланыстары

 

Патша үкіметінің орталық саясатының басталуы

XVIII ғасырдың 40 жылдарындағы қазақ жүздерінің жағдайы

Қолданылған әдебиеттер

 

Патша үкіметінің орталық саясатының басталуы. ХҮІІІ ғасырдың 40-жылдары Кіші жүз бен Орта жүзде қалыптасқан жағдай.

ХҮІІІ ғасырдың бас кезінде қазақ елінің халықаралық жағдайының қиындауы, Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың Ресей империясына үміт артуына себепші болды. Ханның ең басты мақсаты:

1-ден Ресеймен сенімді байланыс орнатып, бар күшті жоңғарларға қарсы күреске жұмылдыру және қалмақтар мен башқұрттардың елді мазалауын тоқтату. 2-ден Ресейге арқа сүйеп, өзінің жеке қарсылықтарының сағын сындырып, өз беделін көтеру. 3-ден Жайық, Есіл, Ертіс, Ор өзендері бойындағы қазақ руларына мал шаруашылығын дамыту үшін бейбіт өмір қажет болды. Сол үшін Ресеймен  келісімге келу. 4-ден Ресей және басқа елдерге өтетін керуен жолының қауіпсіздігін қалпына келтіру.

Ал Ресей елінің Қазақстан жөніндегі жоспары қазақтардың жоңғарлармен соғысып жатқанын пайдаланып, қазақ жеріне бекіністер салу арқылы біртіндеп жаулап алу еді.

Әбілхайыр 1730 жылдың жазында Петерборға екінші рет елші жіберді. Ондағы мақсаты - біріншіден жоңғарларға қарсы Одақ құру болса, екінші жағынан Ресей әкімшілігіне сүйене отырып, өзінің басқа бәсекелестерінен жоғары болуға, оларды саяси аренадан ығыстырып, өзі біріккен хандықтың жеке дара басшысы болуға тырысты. Әбілхайыр елшілікке Ресей империатрицасы Анна Ионновнаға өзін бодандыққа және қамқорлыққа алуды сұраған өтінішін хатпен жолдап, әрі ауызша айтуды да тапсырды.

1731 ж. императрица Кіші жүзді Ресейдің бодандығына қабылдайтыны жөніндегі сенім грамотасына қол қояды. Тиісті ант қабылдау үшін Қазақстанға Әбілхайыр ханға тапсырылатын құжатпен сыртқы істер комиссиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған елшілер жіберіледі. 5 қазанда А.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келеді. Сол жерде ол Ресей бодандығына кіру мәселесі бойынша ақсүйектердің (ақсақалдар, сұлтандар) арасында алауыздық бар екенін анықтайды. А.Тевкелев өз қалауымен әрекет жасап, «тәуелсіздікті қорғаушылардың бірнешеуін өзіне қаратып алады». Бөкенбай тобының қолдауы жағдайды бәсеңдетеді. Сонымен 1731 ж. 10 қазанда қазақ атамандары жиналысының көпшілік шешімімен Кіші жүз ханы Әбілхайыр, Бөкенбай ақсақал, Есет батыр, Құдайменде мырза ант беріп Ресей бодандығын қабылдайды. Бұл кең байтақ өлкенің Ресейге қосылуының бастамасы болды.

Дегенмен Қазақстандағы жағдай шиеленіскен күйінде қала берді. 1730 жылдың екінші жартысында Калден-Церен Орта жүз шекарасына әскер төге бастады. Осыған байланысты Ресей империатрицасының 1734 жылғы маусымда Орта жүзді Ресей құрамына қабылдау туралы жарлығы саяси жағынан ақталды. Бірақ Орта жүздің көп бөлігі 1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы жарғы» күшіне енгенге дейін дербес басқарылды, Сәмеке ханның қайтыс болуына байланысты Указ жазылған грамота Орта жүзге әкелінбеген күйінде қалды. Ұлы жүзде Жолбарыс хан бастаған кейбір билер мен сұлтандар Ресей бодандығын қабылдауға өтініш жасау ниетінде болды. Императрицаның 1734 ж. 10 маусымдағы граммотасында «аса зор мейрімділікпен... статс-кеңесші полковник И.К.Кириловқа осының бәрі туралы білуге рақым білдіреді...». Жарлықтың Ұлы жүздің ықпалды феодалдарына арналған бөлігінде, оларды Ресей бодандығын қабылдауға көндіруге нақты міндет қойылған.

Қосып алған қазақ жерлеріндегі шептерін нығайту үшін 1734 жылдың мамырында «Қырғыз-қайсақ экспедициясы» құрылып көп кешікпей ол Орынбор комиссиясы деп аталады, оны сенаттың обер-хатшысы И.К.Кириллов басқарады, оның көмекшісі болып Кіші жүздегі үкіметтің миссиясын сәтті орындағаны үшін тілмаштықтан полковникке көтерілген А.И.Тевкелев тағайындалады. Мақсаты - Ор өзеніне бекініс салу, шығысты отаршылдық ілгерлеуді кеңейту тірегіне айналдыру. Осы кезде 1734-1740 жж. башқұрттардың отаршылдыққа қарсы көтерілісі болады. Көтеріліс қаталдықпен басылады.

Башқұрттардың жан аямас ерлігіне қарамастан Әбілхайырдың жол беруі арқасында, Кириллов Ор өзенінде 1735 ж. өзара орыс-қазақ саяси және сауда байланыстарын дамытуда зор маңызы болған Орынбор қаласын салады.

1739 ж. Орынбор комиссиясының бастығы болып князь В.А.Усуров тағайындалады. Патша жарлығы бойынша:

1. Орынбор қаласының орнын ауыстырып, бұрынғы қаласы Ор қаласы деп ауыстыру;

2. Жайық, Тобыл өзендері жағасынан жаңадан әскери бекіністер салу;

3. Жаңадан салынған Орынбор қаласына Қазан губерниясынан саудагерлер әкелу міндеттері жүктелді.

Жаңа Орынбор қаласының орны Ор өзенінің Жайыққа құяр жерінен салынды. Кейіннен ол Ор бекінісі деп аталды. Орынбор бекінісі Ресей аумағының ішкі жағына ауыстырылды. Орынбор Батыс Қазақстан аумағын отарлаудың стратегиялық орталықтарының біріне айналды. Ол Ресейдің еуропалық бөлігі мен қазақ даласының, Орта Азияның аралығындағы ірі сауда орталығы қызметін де атқарды.

1737 ж. И.К.Кириллов қайтыс болуына байланысты аса көрнекті тарихшы, қабілетті әкім А.Н.Татищев Орынбор өлкесінің жаңа губернаторы болып тағайындалады. Әбілхайыр ханның қолдауына сүйенген ол  Орта Азияға бірінші рет сауда керуенін жөнелтті. Сонымен қатар Ресей мен Қазақстанның екі арасындағы сауда қатынастарының күшейе түсуі едәуір оңды сипат алды.

Әбілқайырдың башқұрт билеушілерімен ауыз жаласып кетуінен сескенген Петербор сарайы одан екінші рет ант алуды ұйғарды. 1738 ж. 3 тамызда Орынборда Татищев қазақ сұлтандарының съезін шақырды. Әбілқайыр оның ұлдары Ералы, Нұралы беделді сұлтан, старшындар және Орта жүзден 27 старшын «бодандық анқа» бұрынғы адалдығын қуаттап қол  қояды. 1740 ж. Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен ықпалды сұлтан Абылай бодандыққа ант қабылдайды. Абылай мен Әбілмәмбеттің ант беруі саяси жағдайға байланысты жоңғар шапқыншылығы қауіпінен сақтану еді. Орта жүздің негізгі аймақтары патша үкіметінің әскери-саяси акциясының негізінде XIX ғасырдың 20-40 жылдары қосылады. Осы кезде қазақтың әйгілі билері Төле, Қазыбек, Әйтеке билері қажымай-талмай халықты бірлікке шақырды.

XVIII ғасырдың 40 жылдарындағы қазақ жүздерінің жағдайы. XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында жоңғарлар қаупі әлі де төніп тұрды. Патша үкімет орындарының шекаралық бекіністер арқылы жоңғарлар шапқыншылығын тежемек болған әрекеті сәтсіз аяқталды. Қазақ жүздерінің ішкі саяси жағдайынан хабардар болып отырған жоңғарлар, қонтайшы Қалден-Церен 1739-1741 жылдары қазақ жеріне жаңа қырғын жорық жасады. Ямышев, Өскемен, Семей бекіністерінің коменданттары жоңғарлардан Ресей бодандығын қабылдаған қазақтарға тыныштық беруін талап етті. Шекаралық аймақтағы жағдайдың асқынуы, Алтай зауыттарына қауіп төнуі басқарушы Сенатты 1742 ж. 20 мамырда қазақтарды қорғау және бекіністердің  қорғанысы жөніндегі шаралар туралы бірінші рет арнаулы Жарлық қабылдады. Ресейдің пәрменді шаралары ойраттар қатерін әлсіретті. Цин империясы жағынан қауіп төнген Жоңғария бір мезгілде Ресейге де қарсы, қазақ жүздеріне де қарсы екі майданда күресуге бел шеше алмады. Жоңғарлардың қазақтарға қарсы жауластық әрекеттері Қалдан-Церен қайтыс болғаннан кейін, жоңғар хандығының өз ішіндегі оқиғаларға байланысты әлсіреуі, оның қазақ жерін жаулап алу қаупін жойды.

Патша үкіметі Жоңғариямен қарулы қақтығыстар болу қаупінен сақтанып, бекіністердегі әскер санын көбейтті. 1741 ж. ғана үш бекініске – Железинск, Семей және Өскемен бекіністеріне 35 зеңбіректен тұратын артиллериясы бар 7400 адамдық горнизонды орналастырды. Ертіс пен Ор өзені аралығында Шүлбі, Оба форпосттары, Колыван, Барнауыл, Белоярск, Бийск бекіністері тұрғызылды. 1741-1743 жж. Кіші жүз бен Оңтүстік Оралдың жерлері түйісетін маңда қазақтардың қоныстарын біртіндеп тарылтып: Россильный, Ильинск, Таналып, Оразым, Қызыл, Магнитный, Қаракөл, Ниже-Озерный,  Красногор, Тройцк бекіністері салынады. 1742 жылы қыркүйек айының 2-сі күні Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев Калдан Церенге жолдаған хатында қазақтарға қысым жасамауды талап етті, жоңғар билеушілері бұл талаптарға құлақ аспады. Осы жағдайда Орта жүзді қалмақтардың уақытша билігінен босататын  күш тек өздері болатынын Әбілмәмбет пен Абылай да түсінді. Ресей үкіметі Алтай өңірінен табылған түсті метелдарға қарық болып, қазақтарды қорғау деген желеумен әскери бөлімдерді Ертіс, Алтай бойындағы бекеттерге орналастырып,  қазақ-жоңғар тартысын пайдаланып, кенге бай Алтай өлкесін тезірек отарлауды аяқтауға тырысты. Міне, сонымен Ресей өзінің экономикалық мүдделерін бірінші орынға қойып, бекіністер салуға кірісті, ал барлық күшті жоңғар басқыншыларымен күреске жұмсаған қазақтар бұл қамалдар өздеріне қорғаныс болады деп сеніп, Ресей мемлекетіне қарсылық жасамады. Бұл қазақ жерін отарлаудың басы болатын.

1740 жылы Кіші және Орта жүз сұлтандары ел ағаларының ант берудегі Ресейдің қол астына Орта жүздің тек бір бөлігінің ғана  өткендігін білдірді. Қазақстанның солтүстік-шығыс және орталығындағы негізгі аймақтар патшалықтың жүргізген әскери-саяси акцияларының нәтижесінде ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары ғана империя құрамына енді.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1. Қазақстан тарихы. Көне заман бүгінге дейін. 5 томдық. Алматы, 2010, 3-том

2. Жаңа және қазіргі замандағы Қазақстан тарихы. Алматы, 2005.

3. История Казахстана (с древнейщих времен до наших дней). Алматы, 2001.

4. История Қазахстана. Курс лекций /Под. Ред. Ж.Касымбаева, Алматы, 2001.

5. Новая и новейшая история Казахстана. Алматы, 2004.

6. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы (оқулық). Алматы. 2005.

7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы .(оқулық) 2008.

8. Аманжолов К.Р.Қазақстан тарихы. (дәрістер курсы) Алматы, 2004; осы авторТүркі            халықтарының тарихы, Алматы,1988.

9. Бекмаханов Е.Б. Присоединение Казахстана к России. М., 1957.

10. Бекмаханов Е.Б. ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан. А.,1992.

11. Абылай хан. Алматы, 1992.

12. Кенжалие И. Исатай-Махамбет. Алматы, 1991.

13. Қасымбаев Ж.К. Кенесары хан.Алматы,1993.

14. Анчиков Г.В. Қазақ батыры- Жанқожа Нұрмұхамедұлы. Алматы, 1992.

15. Касымбаев Ж.К. О некоторых вопросах истории национально-освободительного движения в Казахстаневторой половины ХІХ века . Ташкент, 1989. 16. Асфендияров С. Қазақстан тарихының очерктері. А., 1994.

16. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. А.,1999.

17. Зиманов С.З. Народно-освободительноевосстание под предводительством Исатая Тайманова. В кн. История Казахской ССР, т.3. А., 1979.

18.  Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (ХVІІІ век). Алматы, Білім,  1999.

19. Казахско – русские отношения в ХVІІ-ХVІІІ веках. А., 1961.