1836-1838 жж. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс

Көтерілістің себептері. Көтеріліс басшылары - Исатай  Тайманұлы. Махамбет Өтемісұлы

Көтерілістің негізгі ошақтары

Көтерілістің жеңіліске ұшырауы

Қолданылған әдебиеттер

 

Көтерілістің себептері. Көтеріліс басшылары - Исатай  Тайманұлы. Махамбет Өтемісұлы. XIX ғасырдың екінші ширегінде Бөкей ордасында халықтың экономикалық жағдайы ауырлай түсті. Халықтың азаттық қозғалысы бастапқыда хандықтың Каспий теңізі жағалауына жапсарлас жатқан оңтүстік аудандарын қамтыды. Бұл қолайлы, жайылымдық алқаптар орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың, хан туыстарымен басқа да ақсүйек топтардың иеліктері еді. Бұл жерлерде халық тығыз орналасты. Старшын мен билердің  озбырлығы, патшаның және Астрахань губернаторының қолдауына арқа сүйеген Жәңгір билігінің бұқара мүддесіне қайшы келуі – жалпы хандық басқару жүйесін шайқалтты. Сонымен қоса іргелес орыс бекіністерінің салына бастауы, орыс помещиктері, чиновниктері және қазақ байларының қазақ шаруаларын екі жақты бұрынғыдан бетер қанауы, көтеріліске тағы бір себеп болды. Ресей императоры бұл жерлердегі қазақ билеушілерін орыс үкіметінің сойылын соғатын қолшоқпар ретінде пайдаланғысы келіп, осындай түсінік қалыптастырды. Осы тұста Ішкі орда ханы орданың басқару жүйесінде біршама өзгнр»стерді енгізді. Бұлар: Патша үкіметінің қаражатына Жасқұс деген жерде хан сарайы салынды. 1827 жылы Орда әкімшілігінің басты құрамды бөлігі 12 биден тұрған «Хандық кеңес» құрылды. Орда ішінде баж салығының жиналуын қадағалайтын 12 старшын сайланды. Осы өзгерістер, хандық билеу саясатының күшеюі , алым-салықтың көбеюі, қазақтардың дәстүрлі құқтарының әлсіреуіне, жергілікті билеушілердің халықты қанауының тамыры тереңдей түсуіне әкелді.  Көтеріліс Ресей империясының отаршылдық саясатына да қарсы бағытта болды. Көтеріліске 1833 жылы Жәңгір ханның қайын атасы Қарауыл қожа Бабажан ұлын Каспий теңізі өңірінде көшіп жүрген қазақ руларына билеуші етіп тағайындауы түрткі болды. Қарауыл қожаның үстінен түскен бұқараның шағымдарына  Жәңгір мән бермей жауып тастап отырды. Сонымен қоса ауылдық жерлерді орыс помещиктері,  хан туыстары мен ақсүйектердің иеленуі. Хан билігінің бұқара мұддесіне қайшы келуі, алым-салық ауыртпалығы. Сұлтандар, бай-топтардың және қарапайым халықтың арасындағы әлеуметтік және экономикалық қайшылықтар көтеріліске алып келді.

Қозғалыстың басты мақсаты: – Хан озбырлығына шек қою, шаруалар    жағдайын біршама жақсарту, жер мәселелеріндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын өзгерту. 

Жәңгір хан Орынбор губернаторынан Исатай Тайманов пен Махаммбет Өтемісов және олардың кейбір серіктерін бұқараны ресми тәртіп пен патша үкіметінің даладағы саясатына қарсы «бүлікшілікке бастаушылар» етіп көрсетіп, оларды ұстау үшін жедел шаралар қолдануды сұрайды. 1836 ж. 17 наруызда сенімді билерге жолдаған хатында хан былай деп жазады: Исатай мен Махамбет «халықты жоғарғы билікке бағынбауға шақырып жүр. Олар старшындар Қарабекен мен Жоланның ауылдарын шапты. Сендерге оларды ұстап алып хан ордасына жеткізуге әмір етемін». Азаттық қозғалысының бастапқы кезеңіне тән белгілері: Халық хан билігіне ру басшыларына күрт наразылық білдіріп, оларды орындарынан алуды талап етті, екіншіден хан және бай сұлтандардың саясатына қарсы бағытталған қозғалысқа жаңадан ауылдарды тарту жөнінде белсенді жұмыс жүргізілді, қарулы жасақтар құрылып жатты. Сонымен қатар сұлтандар, билердің ауылдарына шабуыл жасалып, малдарын тартып алып, қоныстарын талқандау жиілей түсті. Көптеген ауылдар Исатай мен Махамбетті қолдап, Исатайдың қол астына келеді. Исатай мен Махамбеттің серіктері, көтеріліс басшылары: Сарт Еділұлы, Тінәлі Тайсойғанұлы, Иса Төлегенұлы, Имантай Қондыбайұлы т.б. ерлікпен күресті. Жәңгір ханның қарулы топтары Исатай туы астына топталған старшындардың ауылдарын жиі тонады. Бұл жағдай Орынбор генерал-губернаторы атына Исатай Тайманұлы Иманбай Қалдыбайұлы, Досхан Дағанбекұлы, Елжан Тұманбекұлы т.б. белгілі старшындар қол қойған шағымның түсуіне себепші болды.

Көтерілістің негізгі ошақтары. Жәңгір хан Орынбор әкімшілігінен көмек сұрайды. Орынбор губернаторына түскен мәліметтерде : 1837 жылғы 11 маусымдағы деректе, Исатай Тайманов пен Жүніс Жантемин Құлай мен Көктөбе алқабында «өздерінің қаруланған 500-дей руластарын жинаған», бір айдан сәл асатын уақытта Исатайдың ауылына «1000-ға жуық шаңырақ пен қаруланған 600 қазақ шоғырланғандығы» көрсетілген.  Бұған қатысқан көтерісшілердің саны 2000 –ға  жуық.

1837 жылы тамыз айының басында Орынбор губернаторы көтеріліс басшылары Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовты ұстауға үкім шығарады. Патша үкіметі Исатайды ұстап беру үшін мың сомдық  сый мөлшерін ұсынады.  Көтерілісшілер топтары бірнеше ұсақ топтарға бөлініп, үнемі орын ауыстыра отырып хан ордасына жақындай түседі. Жол жөнекей хан шенеуніктері мен шонжарларының ауылдарын қиратып, олардың жерлерін тартып алады.

16 қыркүйекте 1837 жылы көтерілісшілер тобы Қарауылқожа Бабажановтың ауылын күл талқан етті. 15-20 қазанда көтерілісшілер хан ордасынан 60-70 шақырым жердегі Теректіқұм алқабына келеді, Жәңгірдің сыбайласы Балқы би Құдайбергеновтың сарбаздарының шағын тобы қалды. Жазалаушы ұлының ауылын ойрандады. Қазанның 27-і күні 1500 жігітпен хан ордасына жетіп келіп, қос тігеді. Қоршау екі аптаға созылады. Сол уақытта Орынбор губернаторы көтерілісшілерді қоршауға алып, оларды жойып жіберу жөніндегі операцияны жүзеге асырды. Операцияны үйлестіру және басшылық ету үшін Орынбордан подполковник Геке келді. Жақсы қаруланған тұрақты бөлімдер мен казак бөлімдері, Кулагин, Горск бекіністерінен, Зеленов форпостынан Орал мен Астраханнан әкелінген жекелеген әскери бөлімдер шабуылға шықты. Хан жағынан 600-700 адамнан тұратын қарулы топ ұйымдастырылды. Исатай тобы күші басым, жақсы қаруланған жазалау отрядтарының қоршап алуын және олармен кездесуді болғызбау үшін орданы қоршауды тоқтатты.

Қараша айының 15 күні 1837 ж. саны 3000-3500 адамнан тұратын көтерілісшілер жазалаушылардың біріккен қолымен Тастөбе деген жерде кездесті.

Исатай жоспары кенеттен шабуыл жасап, жазалаушыларды шегіндіру еді. Геке көтерілісшілерге қарсы зеңбіректі қолданды, бұл көтерілісшілердің жеңілуіне тікелей себепші болды. Қысқа уақытқа созылған, бірақ кескілескен шайқас болып, онда көтерілісшілер 100-ге жуық адамынан айырылды. Ұсақ топтарға бөлініп, әр түрлі бағыттарға бытырап кетті, Исатай мен Махамбет бастаған негізгі шағын топ, жауға қарсы ұсақ қақтығыстар жасай отырып, жалтарып кетті.

Исатай тобының Тастөбе түбіндегі жеңілісі көтерілістің кейінгі барысына да әсер етті. Көтерілісшілер қатары азайып, Исатайдың төңірегінде ең табанды сарбаздарының шағын тобы қалды. Жазалаушы отрядтар қорғансыз қалған қазақ ауылдарын тонап, малдарын айдап алып кетті, барлық күшті Исатайды ұстап алуға жұмылдырды, оны ұстағандар 500 сом күміс ақша алатындығына уәде берілді.

1837 ж. желтоқсанның 13-не қараған түні Исатай жасағы Жаманқала күзет орнынан жоғары қарай отыз шақырым жерден Жайық өзенінен өтіп кетті. Осы жерде Исатай мен Махамбет бытырап кеткен күштерді біріктіреді. 1838 жылдың көктемінде біршама ірі отряд құрылады. Көтерілістің ауқымын түсінген Орынбор губернаторы оны басу үшін далаға жаңа отрядтар жібере бастады. Әскери губернатор кеңсесінде жинақталған және Перовскийдің өзінің қолына түскен Исатай көтерілісі туралы материалдар бұл көтеріліс үшін дәлелді негіздердің болғандығына оның көзін жеткізеді. Бірақ ол көтерілісшілерді қуғындауды тоқтатпады. Қудалауды Орал сыртындағы  сұлтан Баймұхамед Айшуақовтың басқаруындағы жергілікті феодалдардан құралған топ пен казак отрядтары жүргізеді. Ол Исатайдан ажыраған көтерілісшілердің бір тобының ізіне түсіп тұтқындайды, олардың ішінде Исатайдың жұбайы, қызы Бағлан, ұлы Досмамбет, М.Өтемісұлының інісі Сүлеймен және бассқалары барлығы 12 адам болды.

Исатай алға қойған мақсатынан қайтпай көтерілісті жалғастыра берді. Кіші жүздегі көтерілістің ұлғаюы патша үкіметін тез шаралар қоллданып, Исатай тобын тез арада талқандау болды. Генерал-губернатор В.А.Перовский полковник Геке басқарған әскери күш жібереді. Оған Айшуақ сұлтанның жасағы, Жайық қазақтарының бір жарым жүздігі, не батальонның екі зеңбірегі бар елу солдаты кірді. 1838 ж. 12 шілдеде көтерілісшілердің жалпы саны 500 жігітті құрайтын негізгі тобы Ақбұлақ және Қиыл өзендерінің арасындағы ауданда жазалаушылармен шайқас болады. Зеңбірек снарядтарының жарылысы, мылтықтың бораған оғына төтеп бере алмаған көтерілісшілер шегінеді. Осы Ақбұлақ шайқасында Исатай Тайманов қайтыс болады.

Көтерілістің жеңіліске ұшырауы. Көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін Махамбет Өтемісұлы дала өңірінде бой тасалап жүрді, біраз уақыт өткен соң қазақ ауылдары арасында ханға, патша саясатын жақтайтын шонжарларға қарсы қайтадан үгіт жүргізе бастады. 1843 жылы Махамбет Жайық өзеніне жақын ауылдарға келгенін естіген хан шекаралық басқармаға: «Исатай қарақшыларының басшысы Махамбет Өтемісов соттың шепке жақындауына тиым салуына қарамастан, оған жақын жерде тұрып жатыр, үнемі тиімсіз сыбыс таратып, Ішкі ордадан қашқандарды өзіне қосып алуда», - деп хабар жеткізген. Махамбет Өтемісұлы билеуші Баймұхамед сұлтан жіберген қарақшылардың қолынан 1846 ж. қаза тапты. Көтерілістің жеңілу себебі: оның ұйымдастырылуының жеткіліксіздігі, едәуір дәрежеде бір аймақта шектелуі, нақты бағдарламасының жоқтығы, бір текті еместігі, кейбір қатысушылардың өзіне сенімсіздігі сонымен қатар жазалаушы отрядтардың жақсы қарулануы, бекініс горнизондары, хан және оның жақтастарымен біріге отырып әрекет жасауы да себеп болды. Көтеріліс жеңілгенімен, оның тиімді жақтары да болды. Хан сұлтандардың жыл сайынғы салынатын салықтарын шектеді, патша үкіметі көтерілісті қолдаған ауылдардың старшындарымен санасуына тура келді. Ішкі ордада хандық биліктің әлеуметтік негізінің әлсірегенін, бұл жерде де хандық биліктің жойылатындығын көрсетті.

Тарихи маңызы: Хан сарайындағылардың іс-әрекетіне біршама шек койылды. Хан билігінің әлсірегенің көрсетті. Патша үкіметіне көтерілісті қолдаған старшындармен санасуына тура келді.Хандық билеу жүйесінің жойылатындығын көрсетті. Сипаты жағынан ұлт-азаттық бұл тартыс – отаршылдыққа және әлеуметтік езгіге қарсы бағытталды.

Көтерілістің тарихи маңызы зор. Ол отаршылыққа қарсы, азаттық үшін, әлеуметтік езгіні жоюға бағытталған күрес болды.Бұл ұлт-азаттық көтеріліс тек жер үшін күреспен шектелген жоқ, ең негізгісі елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге ұмтылды.

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1. Қазақстан тарихы. Көне заман бүгінге дейін. 5 томдық. Алматы, 2010, 3-том

2. Жаңа және қазіргі замандағы Қазақстан тарихы. Алматы, 2005.

3. История Казахстана (с древнейщих времен до наших дней). Алматы, 2001.

4. История Қазахстана. Курс лекций /Под. Ред. Ж.Касымбаева, Алматы, 2001.

5. Новая и новейшая история Казахстана. Алматы, 2004.

6. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы (оқулық). Алматы. 2005.

7. Мусин Ч. Қазақстан тарихы .(оқулық) 2008.

8. Аманжолов К.Р.Қазақстан тарихы. (дәрістер курсы) Алматы, 2004; осы авторТүркі            халықтарының тарихы, Алматы,1988.

9. Бекмаханов Е.Б. Присоединение Казахстана к России. М., 1957.

10. Бекмаханов Е.Б. ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан. А.,1992.

11. Абылай хан. Алматы, 1992.

12. Кенжалие И. Исатай-Махамбет. Алматы, 1991.

13. Қасымбаев Ж.К. Кенесары хан.Алматы,1993.

14. Анчиков Г.В. Қазақ батыры- Жанқожа Нұрмұхамедұлы. Алматы, 1992.

15. Касымбаев Ж.К. О некоторых вопросах истории национально-освободительного движения в Казахстаневторой половины ХІХ века . Ташкент, 1989. 16. Асфендияров С. Қазақстан тарихының очерктері. А., 1994.

16. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. А.,1999.

17. Зиманов С.З. Народно-освободительноевосстание под предводительством Исатая Тайманова. В кн. История Казахской ССР, т.3. А., 1979.

18.  Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (ХVІІІ век). Алматы, Білім,  1999.

19. Казахско – русские отношения в ХVІІ-ХVІІІ веках. А., 1961.