ХVVІІ ғасырлардағы Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық дамуы.

 

1.  Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымы.

2.  Қазақ халқының шаруашылығы, оның түрлері.

 

Ауыл

Ата аймақ

Ру

Ұлыс

Жүз

Хандық

Құрылтай

  Қазақ хандығының қоғамдық жүйесі патриархалдық-феодалдық рулық тәртіп негізінде қалыптасты. Ғалымдар қазақ қоғамының құрылымын төмендегідей жеті сатыға бөледі:

1. Ауыл. Ауыл – қазақтардың ең негізгі қоғамдық бірлігі. Ол қандастық (рулық) байланыс негізінде қауымдасқан 10-20 отбасынан құралады. Әр ауылда ауылбасы болады. Ауылбасы, әдетте, беделді, көпті көрген, сөзі өтімді, еті тірі кісілерден сайланады. Оның атқаратын басты міндеттері: көші қоң уақытын белгілеу, ауылдастарының шаруашылықтарын басқару. Ауыл ішіндегі дау-жанжалдарды әділ шешіп отыру.

2. Ата аймақ. Ата аймақ жеті атаға толатын бірнеше ауылдан құралады, басшысы «ақсақал» деп аталады. Ауылбасылары ақсақалмен кеңесіп, оның шешімін мүлтіксіз орындап отырған. Ақсақалдар неке мен отбасы, мұрагерлік пен енші,т.б. мәселелерді шешіп отырған.

3. Ру. Әдетте 10-15 атадан қосылатын ата аймақтар бір ру есептеледі. Оның басшысы ру басы деп аталады. Руға өзінің жеке қасиеттерімен немесе аталарынан мұрагерлікпен жеткен адам билік еткен. Рубасы да көпті көрген, білікті, тәжірибелі адам болған.

4. Ұлыс. Ұлыс бірнеше рудан құралды. Ұлыс билігі «сұлтанның» қолында болды. Сұлтандар әдетте хандар мен ақсүйектер әулетінен шақты. Олар билік кеңесіне сүйенген. Билер ірі кеңестерде ұлыстың намысын қорғаған.

5. Жүз. Жүздер бірнеше ұлыстардан құралады. Оның басшысы хан деп аталады. Қазақ жүздері шамамен XV-XVI ғ.ғ. тайпалардың одағы негізінде қалыптасқан. Жүз билеушісі хан болды.

Ұлы жүз аумағына Сырдариядан бастап ,Жетісу жері түгел кірді. Оның құрамына үйсін, қаңлы, дулат, албан, суан, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, жалайыр, шанышқылы, қатаған т.б. ру - тайпалар кіреді. Орта жүз Орталық Қазақстан аудандары мен Солтүстік - Шығыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Оған қыпшақ, арғын, найман, қоңырат, керей, уақ тайпа - рулары енді. Кіші жүздің мекені - Сырдарияның төменгі жағы, Арал теңізінің жағалауы, Каспий ойпатының теріскей бөлігі. Оны келесі тайпалар одағы - Әлімұлы (қаракесек, қарасақал, кете, төртқара, шөмекей, шекті); Байұлы (адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, есентемір, қызылқұрт, шеркеш, ысық, таз, масқар); Жетіру (табын, тама, кердері, жағалбайлы, кереит, телеу, рамадан) құрады.

6. Хандық. Қазақ хандығы Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп аталатын үш ірі жүз негізінде қалыптасқан. Сондықтан қазақ хандығының бас ханы «Ұлы хан» деп аталады.

Қазақ хандығының жоғарғы билеушісі хан мұрагерлік жолмен сайланды. Хан өлсе орнына үлкен ұлы отырды. Ер жеткен баласы болмаған жағдайда, аға-інілері, немесе олардың балалары сайланды. шыққан тегі мен байлығын білдірді.

Хан мемлекеттегі жоғарғы билеуші және бірінші тұлға саналып, саяси, соттық және әскери басшы болды. Ол сұлтандарға тәуелсіз, әрбір сұлтан оған тәуелдікте болды. Сұлтандар мен билер ханға жүгінді. Ханның жанында ірі сұлтандар, тайпа көсемдері, билер, батырлар, шешен-жыраулардың Кеңесі құрылды. Олар маңызды саяси, әскери және азаматтық мәселелерді ақылдасып шешті.

7. Құрылтай. Бұл бүкіл қазақ халқының бас қосқан кеңесі. Ел басына күн туғанда, күрделі мәселелерді талқылауға үш жүздің бас көтерер азаматтары түгел қатысқан. Құрылтайда хан болуға лайықты адамды ақ киізге отырғызып, үш рет хан көтеріп, «хан атасы» болған беделді адамның батасын алғаннан кейін, ресми заңды хан тағына отырған. 

Қазақ хандықтарында әскери ұйым күрделі емес еді. Тұрақты әскер болған жоқ. Оған әрбір азамат-жауынгер өз атымен, қару-жарағымен келуге тиіс болды. Қазақ жасағының басшысы болып хан саналды. Бірақ оның жақын туыстарының бірі әскери қолбасшы міндетін атқарған. Жеке әскер шоғырларын сұлтандар, билер және батырлар басқарды.             Дегенмен, төмендегідей пікірлер де бар:   

Қазақ тарихшысы Нығмет Мыңжани (Қазақтың қысқаша тарихы, Алматы, 1998, 64-66 беттер) , қытай тарихшысы Су Бихай (Қазақ мәдениетінің тарихы, Алматы, 2001, 342-434 беттер) қазақ қоғамының құрылымын төмендегідей жеті сатыға бөліп көрсетеді:

       1. Ауыл. Ауыл – қазақтардың ең негізгі қоғамдық бірлігі. Ол қандастық (рулық) байланыс негізінде қауымдасқан 10-20 отбасынан құралады. Әр ауылда ауылбасы болады. Ауылбасы, әдетте, көпті көрген, сөзі өтімді, еті тірі кісілерден сайланады.

       2. Ата аймақ. Ата аймақ жеті атаға толатын бірнеше ауылдан құралады, басшысы ақсақал деп аталады. Оға көпті көрген көзі қарақты, әлеуметке өтетін кісілер сайланады.

       3. Ру. Әдетте 13-15 атадан қосылатын (ата) аймақтар бір ру есептеледі. Оның басшысы ру басы деп аталады.

       4. Арыс. Арыс кейде тайпа деп те аталады. Ол өз ішінен бірталай рулардан құралады. Арыс басшысы қазақта «би» делінеді.

       5. Ұлыс. Ұлыс өз ішінен бірнеше тайпадан немесе арыстан құралады. Ұлыс бастығы «сұлтан» деп аталады. Сұлтандар, әдетте, хандардың ұрық-жұрағынан сайланады.

       6. Жүз. Жүздер ұлыстарды негіз етіп құрылады. Оның басшысы хан деп аталады.

 

Қазақ қоғамы бір-біріне қарама-қарсы екі әлеуметтік топтан«ақ сүйектер» мен «қара сүйектерден» тұрды. Олардың экономикалық  жағынан ғана емес, саяси және құқықтық белгілері  жағынан да айырмашылығы болды. Сұлтандар деп аталатын Шыңғыс ұрпақтары мен Мұхаммед пайғамбар жолын ұстаушылардың ұрпақтары деп саналатын қожалар ғана ақсүйектерге жататын еді. Қоғамның қалған топтары мен жіктерінің бәрі  қарасүйек саналды.

Қазақ қоғамын әлеуметтік-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі әлеуметтік шығу тегі алынды. Жоғары аристократтық топ – ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері: хандар, сұлтандар, оғландар немесе төрелер, сондай-ақ, қожалар жатты.  Ал бүкіл өзге халық әл-ауқаттылық жағдайына қарамастан төменгі топқа – қара сүйекке жатқызылды. Олардың қатарында билер, ру басылары, ақсақалдар, батырлар, дін басылары және қарапайым халық бар. Қарапайым халық қатарына - шаруалар, малшылар, егіншілер мен қолөнершілер, жатақтар мен қала тұрғындары, ұсақ саудагерлер, т.б. кірді.

Қазақ хандығында да алым-салық саясаты орын алды. Олардың негізгілері: малшылардан - зекет соғым, сыбаға, сыйлық, егіншілер мен қолөнершілерден - ұшыр, тағар, баж және хараж алынды. Бұған қосымша шаруалар үстем таптың пайдасына жұмыс істеуге және борышын еңбекпен өтеуге тиісті болды.

Қазақ жерлерінің жоғарғы басқарушысы хандар болатын. Олар тек Шыңғыс хан ұрпақтарынан шыққан, өздерінің сұлтандарымен бірігіп билік жүргізді. Көшпелі халық бұқарасына малдарын жайып бағуға берілетін жерлер билеуші әулеттің меншігі болып саналды, олардың бұған құқы заңмен бекітілді және салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен қуатталды. Феодалдық шартты жер иеленушілік, жерге меншіктің тұрақты түрлері, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Сыр бойындағы қалалар аймағында қалыптасты. Олардың сойырғал (хандардың туыстарына немесе көшпелі шонжарлар өкілдеріне сыйға берілген жерлер), иқта (хандардың туысқандары мен жақындарына тарту етілген жер үлестері), милық (әскери қызметі үшін сыйға алған жерлердің уақыт өте келе ірі феодалдық таза жер иелігіне айналуы), бақып (ислам діни иеліктеріне қарасты жерлер) сияқты және басқа түрлері кеңінен орын алды.

ХVVII ғасырларда қазақтар шаруашылығының негізгі түрі мал шаруашылығы болды. Оның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы түрлері өмір сүрді. Табиғат–климат жағдайларына байланысты көшпелі мал шаруашылығы үстем болғандығы белгілі. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан аймақтарында, Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің жағалауларында  отырықшы мал шаруашылығы өріс алды.

Көшпелі аудандарда жылқы, қой, түйе малын өсірсе, отырықшы шаруашылықтарда мүйізді ірі қара, ешкі малын көбірек ұстады. Қазақ жылқылары негізінен екі бөлек тұқымды болды. Табында жайылатын тұрқы ұзын, кең келген, қысқалау сирақты жылқылар қысқы тебінге төзімді, қоң жинауға бейім келген. Жылқының бұл тұқымы қазіргі кездегі қазақ жылқысының «жабы» аталатын түріне жақын келеді. Сонымен бірге, асыл тұқымды бәйге аттарын өсіру де кеңінен таралған. Үй түлігінің кең тараған түрінің бірі – түйе. ХV – ХVII ғғ. қазақтар жалғыз өркешті нар түйелер өсірген, бірақ қос өркешті түйелер шаруашылыққа, көші-қонға қолайлырақ  болған.

Қазақтар шаруашылығында ірі, құйрықты қой тұқымдарымен  қатар ұсақтау, биязы жүнді қойлар да көптеп өсірілді.

Табиғат-климаттық жағдайларға, өмір сүру ортасының ерекшеліктеріне  сәйкес маусымдық көші–қоң тәсілдері қалыптасты. Барлық жайылымдық жерлер қысқы-қыстау, көктемгі –көктеу, күзгі - күзеу, жазғы-жайлау болып бөлінген.  Қысқы жайылымдар үшін көлдердің қамысты жағалаулары, өзен аңғарлары, таудың шатқалды жерлері, тоғай шеттері, кіші-гірім таулар мен төбелердің оңтүстік беткейлері, яғни мал табындарын үскірік аяздан, қарлы борандардан сақтап, ықтасын болатын жердерді таңдаған. Қары ерте кеткен жерлерді көктемгі жайылымға пайдаланған. Күзеу де сол сияқты, қыстауларға жақын маңда, қар кеш түсіп, ерте кететін жерлерге орналасты. Жазғы жайылымдар үшін шөбі қалың өсетін, табиғи су қорлары мол, самал ескен, шыбын-шіркейлері аз жерлерді таңдаған.

Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен қатар халықта тұрақты егіншілік маңызды роль атқарды. Қазақстанның оңтүстік аудандары мен Жетісуда суармалы егіншілік дамыды. Археологиялық зерттеулер ХV-ХVII ғасырларда  Отырар, Түркістан, Сауран маңындағы егістік жерлерге құбырлар арқылы су жіберіліп отырғанын дәлелдейді. Басқа жерлерде егіншілік мәдениетінің дәстүрлі  ошақтары  өзен алқаптары мен көл жағалауларында, шөл және шөлейт  далалардың көгалды жерлерінде дамыды. Әдетте, егіншілікпен көбінесе көшіп-қонуға мүмкіндігі  жоқ кедей жатақтар шұғылданды. Негізгі дақылдар – тары, бидай, арпа, жүгері. Егіншілік Қаратау, Ұлытау өңірлерінде, Ертіс өзені алқабында, Зайсан көлінің жағасында да едәуір дамыды.

Қазақстанның алуан түрлі тағы жануарлары бар кең байтақ даласы көшпелілерге жеке-дара және ұжым болып аңшылық етуге зор мүмкіндік берді. Олар аң аулауда басты қаруы ретінде көбінесе садақты қолданды. Аң аулаудың бірнеше түрі болған: құс салған, тазы иттер қосып және қаумалап аулаған. Қыран құстардан қаршыға, бүркіт, сұңқар, лашын т.б. пайдаланды.

Өзен мен көл жағасын мекен еткен қазақтар балық аулаумен де шұғылданған. Балық аулаумен көбінесе  малы аз, тұрмысы төмен кедей шаруалар айналысты.

Қазақ халқының тіршілік-тұрмысында  қолөнер кәсібі маңызды орын алды. Мал шаруашылығы немесе егіншіліктің  дамуы қолөнер кәсіпшілігімен тікелей байланысты  болды. Мал шаруашылығы үшін ер-тұрман, ат әбзелдері, түрлі жабдықтар, егіншілік үшін жер жыртатын және тырмалайтын, астықты жинайтын және өңдейтін құралдар т.б. қолөнершілердің еңбегімен дайындалды.

Бұл кезде, әсіресе Оңтүстік Қазақстан қалаларының Орта Азиямен, Шығыс Түркістанмен, Орыс мемлекетімен сауда-саттық байланысы жанданды. Түркістан, Отырар, Тараз, Сайрам және тағы басқа қалалардан табылған күміс теңгелер мен мыс ақшалар Қазақ хандығы тұсында сауда-саттық өркендеп, ақша айналымы дамығандығын көрсетеді.

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.

2. Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.

3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542-     бет., А., 1998.