Тәуекел хан. Тәуекел
хан тұсындағы хандықтың ішкі жағдайы.
Есім хан. Ішкі және
сыртқы саясаты. Тұрсын ханның бүлігі.
Тәуекел
хан (1582-1598 жж.) билік басына келген кездегі қазақ хандығының
сыртқы жағдайы өте ауыр еді. Бір жағынан,
бұған дейін одақтас болып келген Бұхар ханы Абдаллах
хан қазақтарға қарсы шықса, екінші жағынан,
шығыста моғолдар мен жоңғарлар қазақ жеріне
ұдайы қауіп төндіріп отырды. Соған қарамастан,
жастайынан әскери іске жетік, көреген саясаткер Тәуекел
қазақ хандығын нығайтып қана қоймай,
қазақ жерлерінің аумағын кеңейте білді.
Тәуекел
хан тұсында Ресей мемлекеті мен Қазақ хандығы
арасындағы дипломатиялық қатынас күшейе түсті.
Ресейдің мұндағы мақсаты- Қазақ хандығымен
одақтасып, Сібір ханы Көшімге қарсы күресу, осы
одақты пайдаланып, Орта Азия хандарымен келіссөз жүргізу еді.
Тәуекел
хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін белсенді
күрес жүргізді. Ол Сырдария қалалары үшін күресті
жандандырды. 1583 жылы Тәуекел Бұхар ханы Абдаллахпен
жасасқан «ант беріскен шартты» бұзды. Оған себеп- Абдаллах
ханның Ташкент билеушісі Баба сұлтанды өлтіріп, кезінде
оған көмек көрсеткен қазақ сұлтандарын
жазалау шаралары болды. Дегенмен Тәуекел ханның 1586 ж. Орта
Азиядағы Шайбан әулетіне қарсы жорығы сәтсіз
аяқталды.
Тәуекел
тұсындағы айтулы оқиғаның бірі- 1594 жылы
Мәскеуге Құл-Мұхаммед бастаған тұңғыш
қазақ елшілігінің жіберілуі болды. Елшіліктің
мақсаты- Тәуекел ханның тұтқындағы жиені
Ораз Мұхаммедті елге қайтару және өзбек ханы
Абдаллахқа қарсы күресте Мәскеудің қолдауын
сұрау. Орыс мемлекеті де өз
жағынан шарттар қойды. Олар мынадай еді: 1.Тәуекел Ораз
Мұхаммедтің орнына өз ұлы Үсейнді аманатқа
жіберуі тиіс; 2. Патша бұйрығымен Көшімге қарсы
соғысу міндеті. Бірақ, екі жақтың да шарттары орындалған жоқ. Ораз Мұхаммед кейін сонда қайтыс
болды. Кейін Құл Мұхаммед елшілігіне жауап ретінде 1595 жылы
Мәскеуден тілмаш Вельямин Степанов қазақ хандығына
жіберілді. Қазақ- орыс қарым- қатынастарының
дамуы керуен саудасының одан әрі дамуына мүмкіндік берді.
Осы кезде
Көшім хан билеген Сібір хандығы да жойылды. Ресейден Сібірге
аттанған Ермак жасағы 1582 жылы Көшімнің жасағын
жеңіліске ұшыратты. 1598 жылы Көшім ханның Орта
Азияға бас сауғалауымен, Сібір хандығы жойылды.
Тәуекел
1598 ж. шайбанидтерге қарсы жаңа жорығын ұйымдастырды.
Самарқанд пен Ташкент арасында Шайбан әскерін тас-талқан
етеді. Нәтижесінде, Сырдария бойындағы қалаларды
қайтарып қана қоймай, Ақши, Искандер, Мүнши,
Ташкент, Самарқан қалаларын Қазақ хандығына
қаратты. Інісі Есім сұлтанды 20 мың әскермен
Самарқанда қалдырып, өзі 70-80 мың қолмен
Өзбек хандығының астанасы Бұқара қаласын
қоршауға алды. Бірақ, ол Бұхар қаласын 20
күн қоршауда ұстап ала алмады. Осы шайқаста
Тәуекел хан жараланып, әскеріне Бұхарадан шегінуге бұйрық
береді. Көп кешікпей Тәуекел хан қайтыс болды.
Тәуекелдің
қайтыс болуымен билік інісі Есім хан (1598-1628 жж.)
қолына өтті. Есім сұлтан Ташкент, Түркістан
аймағын билеген, қазақтың көп санды әскерін
басқарған көрнекті сұлтан еді.
Осы кезде
Орта Азияда да саяси жағдай өзгерген еді. 1598 ж. шайбанид Абдаллах
ханның қайтыс болуымен оның ұлы Абд ал-Момын мен
ағасы Пір Мұхаммеддің аз уақыт билігінен кейін
жаңа әулет (бұл да Шыңғыс әулеті) -
Аштарханидтер (Астраханьда билік құрған) билікке келді.
Дегенмен,
Есімге қарсы тұрған саяси топтар да болды. Солардың
бірі- Тұрсын Мұхаммед сұлтан еді. Ол Жәнібек
ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы болатын. Тұрсын
Мұхаммед сұлтан 1613-1914 жж. өзін хан деп жариялап,
қазақ хандығын екі хан билейді. Есім хан Түркістан
қаласын өз астанасы етсе, Тұрсын Ташкент қаласында
өзін тәуелсіз ханмен деп жариялады.
Қазақ
хандығында орын алған саяси бытыраңқылықты
пайдаланып, кезінде Тәуекел тартып алған Ташкент, Сайрам,
Әндижан жерлерін қайтарып алуды көксеген Бұхар ханы
Есім ханмен жасасқан бітім шартын бұзады. Сөйтіп,
қазақ жерлеріне жорықтар ұйымдастыра бастайды.
Алғашқы қазақ-бұхар шайқасы 1603 жылы
Самарқан маңында Айғыржар деген жерде болады. Бұхар
әскері бұл шайқаста жеңіліс табады. 1611 жылы
Бұқар әскерін Имамқұл хан басқарып Ташкент
түбінде үлкен шайқас болады. Мұнда Есім хан әскері жеңіске жетіп,
Бұхар ханы келісімге келуге мәжбүр болады.
Қазақ
билеушілері мен Аштарханидтер арасында маңызды сауда, экономикалық
орталық - Ташкент үшін күрес қайта басталды. 1621 ж.
Аштарханидтер мен қазақтардың қырғыздармен
біріккен күштері арасында ең ірі шайқастың бірі болды.
Ташкент билеушісі Тұрсын сұлтан 100 мың әскер жинап,
оның 10 мыңын
қырғыз билеушілері шығарды.
1624-1625 жж. Есім елге
қайтып, өз ордасын Түркістанда тікті. Бірақ
екеуінің арасында билік үшін күрес тоқтамады. 1627 ж.
Есім хан қалмақтарға
жорыққа кеткен кезде Ташкент билеушісі Тұрсын сұлтан
Түркістанға Есім хан
Ордасына өз отрядын жіберіп, олар ханның әйелін,
балаларын тұтқынға алып, адамдарын соққыға
жығады. Кейін Ташкент маңында Есім хан мен Тұрсын арасында
шайқас болып, Тұрсын сұлтан қаза болды. Есім хан
Тұрсын ханды қолдап, бейбіт елдің тыныштығын
бұзған Қатаған руын да жазалайды. Бұл
оқиға тарихта «Қатаған қырғыны» атанады.
Бұхар
ханы Имамқұл «Ташкентті билеу туралы» грамотаны Есімге табыс етеді.
Осылайша Есім хан екінші рет билікке келді.
Ішкі
алауыздықтың қаупін жақсы түсінген Есім хан елді
жуасытып бағындыру саясатын жүргізді. Сондықтан ол
қанға-қан, кек алу, құн төлеу, зекет,
ұшыр жинау, айып салу, діни патриархалдық ескі салтқа
арқа тіреу және т.б. уағыздады. Есім ханның бұл
заңдары «Есім ханның ескі жолы» деп аталды.
Қазақ
шежірелерінде Есім ханның қызметіне жоғары баға
беріледі. Бұқар жырау Абылай ханға ренжіген кезінде «Сенен
бұрын жеті ханды жебедім, кешегі еңсегей бойлы ер Есімді де
білемін» деген екен. Бұқар жыраудың бұл сөздері
Есім ханға деген құрметті көрсетсе керек.
Әдебиеттер тізімі:
1. Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.
2. Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.
3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542- бет., А., 1998.
4. Путешествие в
восточные страны Плано Карпини и Вильгельма Рубрука. М., 1957.
5. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих и Рашиди. А., 2003