Әмір Темір мемлекеті
Әмір
Темір – монғолдың түркіленген барлас тайпасынан
шыққан Тарағай бектің баласы. Ол 1336 жылы туған.
1370 жылы Мәуереннахрды басып алып, 1405 жылға дейін 35 жыл билік құрған.
Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп бір
аяғы жаншылады. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып
ақсақ болып қалған. Ол
Темирлан (дұрысы Темирленг, «ленг» парсыша-ақсақ)
Ақсақ Темір атанады.
Ақсақ Темір өзі билік құрған жылдары
Ақ Орда, Алтын Орда, Моғолстанға қарсы бірнеше
жорықтар ұйымдастырды.
Ақсақ Темірдің алғашқы
басқыншылық жорықтары Ақ Ордадан басталады. Оған
сылтау болған оқиға төмендегідей еді:
Ақ Орда ханы Ұрыс хан
Алтын Орда астанасы Сарай қаласына қарсы жорығы кезінде
өзіне көмектеспеген Жошы ұрпағы Түй Қожаны
жазалайды. Түй Қожаның ұлы Тоқтамыс Мәуереннахрға Ақсақ
Темірге қашып барады. Ақсақ Темір Тоқтамысқа
әскер беріп, Ақ Ордаға қарсы аттандырды. Бірақ
Тоқтамыс 1374-1375 жылдардағы ұрыс барысында жеңіліске
ұшырады. Темір Тоқтамысқа әскер беріп қайта
аттандырды. Бұл жолғы жорығы да сәтсіз аяқталды.
1375 жылы Ұрыс хан Әмір Темірге Тоқтамысты қайтаруды
талап еткен елші жіберді. Сонымен қатар ол өз әскерінің
Түркістан жеріне жақындап қалғанын хабарлайды.
Мұны естіген Әмір Темір Тоқтамысты ертіп үшінші
жорыққа аттанды. Ұрыс хан өз әскерімен
Сығанақта тоқтаса, Темір өз әскерімен Отырар
маңына орналасады. Үш ай өткенде Ұрыс хан кейін қайтып
кетеді, ал әмір Темір Ұрыс ханның ұлы Мәлік
оғланның 10 мың әскерін талқандайды. 1376 жылы Ұрыс
хан қайтыс болады. Артынша оның үлкен ұлы
Тоқтақия да қаза болады. Бұл Ақ Орданың
жеңілуіне әкеліп соқты. Әмір Темір Тоқтамысты
Сауран қаласында таққа отырғызып, өзі кейін
Мәуереннахрға қайтады.
1377 жылы Ұрыс ханның ұлы Темір-Мәлік Сауран
түбінде болған шайқаста Тоқтамыс жеңіліс табады.
Бұл жолы да Әмір Темір Тоқтамысқа өз
әскербасыларын жібереді. Нәтижесінде Тоқтамыс Ақ Орда
астанасы Сығанақты басып алады. Тоқтамыс өзін Ақ
Орда мемлекетінің билеушісімін деп жариялайды. 1380 жылдан бастап
Тоқтамыс Алтын Ордаға қарсы бірнеше жорықтар
ұйымдастырып, Сарайды, Қажы Тарханды, Қырымды, Мамай Ордасын
басып алады. Осындай табысқа мастанған Тоқтамыс Әмір
Темірге бағынудан бас тартады. Енді Алтын Орда үшін Әмір
Темір мен Тоқтамыс арасында соғыс басталды.
1391 жылғы ұрыста Әмір Темір әскері Тоқтамыс
әскерін талқандайды. Әмір Темір 1395 жылғы
Тоқтамысқа қарсы екінші жорығы нәтижесінде Кавказ
тауының солтүстігіндегі Терек өзені бойындағы
шайқаста Тоқтамысты күйрете жеңеді. Бұл жолы ол
Алтын Орданың астанасы Сарай Беркеге басып кіріп, қаланы тонап,
халқын құлдыққа айдайды.
Әмір Темір 1371-1372 жылдары Моғолстанға әскер
аттандырады. 1371 -1390 жылдар аралығында ол Моғолстанға
қарсы бірнеше жорық ұйымдастырады.
1377 жылы
Моғолстан билеушісі Қамар ад-дин екі рет Темір әскерінен
талқандалды. Моғол әскеріне қарсы мұндай
соққы 1383 жылы тағы қайталанды. Ақсақ
Темірдің 1389 жылғы Моғолстанның жаңа билеушісі
Қызыр Қожаның тұсындағы жорығы тіпті
жойқын болды. Шығыс деректері «Қызыр Қожада
патшалық та, мүлік те қалмады», - деп жазды. Бұл
Мәуереннахр билеушісінің соңғы жорықтары болатын
және ол Қызыр Қожаның вассалдық
қатынастарды мойындауымен аяқталды.
Темір билік
биігіне өрлегенде мұсылман дініне сүйенді. Түркістанда
Қожа Ахмет Йасауидың мазарын салдырған да соның
өзі.
Ақсақ Темір өзі әмірші болған 35 жыл ішінде
(1370-1405 жж.) басқыншылық, тонаушылық соғыстары
нәтижесінде Моғолстан, Ақ Орда, Хорезм, Каспий
өңірі аймақтары, Иран, Ирак, Әзірбайжан, Грузия,
Армения, Ауғанстан, Үндістан, Египет, Бағдад, Сирия енген
орасан зор империя құрды.
XIV
ғасырдың соңына қарай Азия мен Еуропа
құрылығының едәуір бөлігін жаулап
алған Әмір Темір құрған орасан зор мемлекет, ол
өлгеннен кейін біржола күйреді.
1428 жылы Барақ ханның
қайтыс болуымен Шығыс Дешті Қыпшақтың билігі Шайбан
әулетінің қолына өтті.
Жошы әулетіндегі Шайбанның ұрпағы
Дәулет-Шайх-оғлының баласы
Әбілқайыр саяси өмір сахнасына шықты.
Орталық және Солтүстік Қазақстан тайпаларын билеп
отырған топтардың қолдауымен ол 1428 жылы Тура
өңірінде (Батыс Сібір) хан болып жарияланды. Оның
хандығының құрамына қыпшақ, қият,
маңғыт, шынбай, найман, қарлұқ, үйсін,
қоңырат, қаңлы, тағы басқа сол сияқты
тайпалар енді. Бұлар тілі, шаруашылығы, мәдениеті және
тұрмысы жағынан туыстас көшпелі тайпалар. Шығыс Дешті
Қыпшақтың көшпелі тайпалары шығыс деректерінде
«өзбектер» аталды.
Шығыс Дешті
Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін
біріктірген «көшпелі өзбектер мемлекетінің», яғни
Әбілхайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі
орны бар. Оның иелігі Ноғай ордасының шығыс бетін, батыста
Жайыққа, шығыста Балқашқа дейінгі,
оңтүстікте Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі
ағысына, солтүстікте Тобыл мен Ертістің орта ағысына
дейінгі жерлерді қамтыды.
Әбілқайыр
басқарған 40 жылдай уақыт ішінде (1428-1468 жж) елдің
саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады.
Оның қолынан билікті алу үшін күрескен әр түрлі
топтармен күрес жүргізуге тура келді. Жошы әулетінің
оның ішінде Ибакхан, Береке-сұлтан, Орыс ханның
ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары
Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. Сондықтан Шығыс Дешті
Қыпшақтың аумағы саяси жағынан
бытыраңқы болып қала берді. Бұған
Әбілқайыр ханның тоқтаусыз жүргізген
соғыстары мен жорықтарының да әсері тиді. Әбілқайыр
да хандық билікті өз қолына алған соң,
басқа хандар сияқты, елдегі үстем тап өкілдерінің
талабына сай қызмет етуге әрекет жасады. Осы мақсатта ол
басқа елдерге жорық жасау, жаңа елдерді басып алу,
соғыс барысында қолға байлық түсіру, оны
ақсүйек-феодал арасында бөліске салу ісімен айналысты.
Әбілқайыр хан
өзінің басқыншылық әрекетін ХV
ғасырдың 30- жылдарынан бастайды. Ең әуелі ол Тобыл
бойында Шайбан ұрпағы
Махмұд Қожа ханды талқандайды. Жошы балаларының бірі
Тоқай-Темірдің тұқымдары Махмұд хан мен Ахмед
ханның иелігіндегі Арал, Сырдария жерлері үшін Екіретүпте
болған шайқаста жеңіске жетіп, Орта Азия мен
Оңтүстік Қазақстанға жол ашады.
Әбілқайыр Алтын Орданың әлсіреуін пайдаланып, Еділ
бойындағы көптеген жерлерді
басып алады. Өзінің орталығын Турадан
Орда-Базарға көшіреді. 1430 жылы Хорезмді басып алып, Үргеніш
қаласын тонайды.
1446 жылы Әбілқайыр
өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың
бірі-Мұстафа ханның әскерлерін талқандайды. Сол жылы
Әбілқайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау баурайындағы
Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент
қалаларын басып алып, Сығанақты өз
хандығының астанасына айналдырды. Сырдария бойындағы
қалаларды Әбілхайырдың бағындыруының үлкен саяси-экономикалық
маңызы болды. Өйткені кәсіпшілік пен сауда орталықтары болып саналатын Сырдария
қалалары Әбілқайыр хандығын нығайтуға
айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз еді. Қалалар
көшпелі өзбек хандығының әмірлері мен
сұлтандарына берілді. Созақ өзіне қарасты барлық
жерлерімен Бақтияр сұлтанның, кейін оның баласы
Әлеке сұлтанның иелігіне көшті, Үзкент – маңғыт Уақас
бидің қол астына берілді. Ал Отырар, Ясы, Сайрам мен Сауран Темір
әулетінің қарамағында қалды.
Әбілқайырдың Сыр
бойындағы қалаларды басып алуы ағайындас Шайбани ұлысы
мен Ақ Орда ұлысы ру-тайпаларының арасындағы қырғи-қабақ
қатынастарды одан әрі
шиеленістіре түсті. Себебі бұл қалалар мен оның
төңірегіндегі алқаптарды қарату Барақ
ханның тұқымдары Керей мен Жәнібек
сұлтандардың және оларға тәуелді, Сырдария мен
Қаратау өңірінде көшіп-қонып жүрген
рулардың мүдделеріне қайшы келді. Бұл олардың
арасындағы күрестің қайта жанданып, сұлтандар мен
оларға қарасты рулар мен тайпалардың Моғолстан жеріне
көшіп кетуіне әкеліп соқтырды.
ХV ғасырдың 50-жж.
Әбілқайыр Мәуереннахрдағы Темір
ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен
Бұқараға тонау жорықтарын жасады.
1456-1457 жылдары ойраттармен
болған шайқаста жеңіліске ұшыраған
Әбілқайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады.
Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған
оның қол астындағы көшпелі бір бөлігі
Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбас (Талас)
өзендерінің бойына барып орнықты. Бұл оқиға
Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиінде» баяндалған:
«... Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ
даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы
ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек
хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп
қалған еді...». Осыдан кейін көп ұзамай 1468 жылы
Әбілқайыр хан көп жорықтарының бірінде
қайтыс болды да «Көшпелі өзбектер мемлекеті» ыдырап кетті.
Алтын Орданың ыдырауы
нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік
құрылымдардың бірі - Ноғай
Ордасы. Ноғай Ордасы XIII ғасырдың екінші жартысында
бөлектене бастады. Бұл жағдай Әмір Едіге би (1357-1420
жж.) тұсында XIV ғасырда жалғасып, оның баласы
Нұр ад-динның (1426-1440 жж.) кезінде аяқталды. Ноғай
Ордасындағы үстем тайпа маңғыттар болды. Сол себепті
«маңғыт жұрты» деп те аталған. Кейін
маңғыттар ұлысты құрған 18 тайпаның
бірі ретінде ғана аталды. ХIII ғ. екінші жартысында
маңғыттар Алтын
Орданың уақытша басшысы түмен басы Ноғай (Жошы
ханның жетінші ұлы) иелігінің құрамына кіреді.
Осыдан барып «Ноғай Ордасы» ұғымы пайда болған.
Ноғай ордасына
маңғыттардан басқа қоңырат, найман, арғын,
қыпшақ, кенгерес, қарлұқ, алаша, тама және
басқа ру тайпалары кірді.
Ноғай Ордасы Еділ мен
Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен
құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы
солтүстік батыста Қазанға, оңтүстік батыста Арал,
Атырау өңірлерінің солтүстігіне, тіпті
Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерді көшіп-қонып
жүрді. Сыр бойындағы қалалар мен қамалдардың да
бірқатары осы Ноғай Ордасына қарады. Орталығы -
Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық
қаласы.
Ноғай Ордасының негізін
қалаған Едіге 1396-1411
жылдар аралығында Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан
шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы
басқарып келді. “Беклер бегі” ұлы әмір атанған Едіге
көрші ұлыстардың өміріне де ықпал етіп
отырған.
Едіге түрік тектес
халықтардың тарихи зердесінде өшпес із қалдырды. Ол
1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьларының
біріккен жасақтарына күйрете соққы беріп, 1408 жылы
орыс әскерлерін талқандап, Мәскеуге дейінгі жеңісті
жорықпен жүріп өтті. Оның есімі тарихи
шежіре-жылнамалардың бәрінде де үлкен құрметпен
аталады.
Едіге 1420 жылы Тоқтамыс
ханның ұлы Қадырбердінің әскерімен болған
қақтығыста қайтыс болды. Едіге өлгеннен кейін де
Ноғай Ордасында бүкіл саяси билік пен экономикалық
жағдай шын мәнінде оның ұрпағы –
маңғыт әмірлерінің қолында болды. Мұнда
Алтын Ордадан бөлектенген бірқатар иеліктерде Шыңғыс
әулетінен хан көтеру Едіге ұрпағының келісімінсіз
қабылданбайтын дәстүр қалыптасты.
Едігеден кейін маңғыт
ұлысын оның ұлдары мен немерелері басқарды.
Ұлдары Ғазы би, Нұр ад-дин, Наурыз және Мансұр,
әрі қарай немерелері биледі.
Ордадағы бас билеуші бек
немесе би лауазымын иемденген. Орыс деректерінде Ноғай Ордасы билеушілері
князьдер деп аталды. Едіге ұрпақтары мырзалар болды. Жасы
үлкен мырзалардың көлемді иеліктері болған. Тіпті олар
«ұлысы барлар» және «ұлысы жоқтар» болып екіге
бөлінген.
Ноғай Ордасында маңызды
мемлекеттік мәселелерді шешетін жиын «Қарадуан» деп аталды. Жиында
мемлекеттің ішкі, сыртқы мәселелеріне жауаптылардың
жұмыстары қаралды.
Қазақстан жеріндегі
басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты, Ноғай
Ордасының шекарасы тұрақты болмай, сыртқы
жағдайларға байланысты өзгеріп отырды. ХV
ғасырдың екінші жартысында Ноғай Ордасының аумағы
айтарлықтай кеңейіп, қуатты мемлекетке айналды. Бұл
кезде Сырдария қалалары мен Орта Азияға шапқыншылық
жасаудан қолы тимеген Әбілқайыр хан ноғайларға
қарсылық көрсете алмады. Нәтижесінде
ноғайлардың солтүстік-шығыстағы
өріс-қоныстары Батыс Сібірге дейін жеткен, ал оңтүстік
шығыста олар кейде Сырдария бойында, Арал теңізі жағасында
көшіп жүрген. Ноғай ру-тайпаларының билеушілері
Уақас би, Мұса мырза, Жаңбыршы мырза және
басқалары Әбілқайыр ханға Сырдария бойындағы
қалаларды жаулап алуға көмектескен.
XIV-ХV ғасырларда Ноғай
Ордасында ерте феодалдық қатынастар қалыптасқан.
Әлеуметтік бай-феодалдық топтардың қатарында хандар мен
мырзалар, сұлтандар мен билер, бектер болды. Олар Орда
құрамындағы ұлыстарды, ру-тайпаларды басқарды.
Барлық байлық, экономикалық маңызды мәселелер
далалық ноғай ақсүйектерінің қолдарына
жинақталды. Мұндағы жер-су, жайылым жерлер сөз
жүзінде рулық қауымдастықтың меншігі болып
есептелгенімен, шын мәнінде бай топтардың иелігінде болды.
ХVI ғасырда Ноғай Ордасы
өздерінің солтүстіктегі көршісі Орыс мемлекетімен
сауда-экономикалық қатынастар және саяси байланыстар
орнатады. Мұның өзі Ноғай Ордасы тарихын Еділ бойы мен
Сібірдегі, сондай-ақ Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі
басқа да көрші мемлекеттер тарихымен тығыз байланыстырып
қарауда үлкен маңызы бар. Ноғайлар тарихы,
әсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына
ерекше жақын келеді. Өйткені Ембі мен Сырдария арасында көшіп
жүрген ноғайлар қазақтармен ұдайы
араласып-құраласып байланысып жатқан. Ноғай Ордасы мен
Қазақ хандығы халықтарының жақын
туыстығы туралы Ш. Уәлиханов өзінің
шығармаларында атап көрсеткен. Ол алғашқы
қазақ хандары Керей мен Жәнібек тұсында достық
қатынаста өмір сүрген ноғайлар мен
қазақтарды «екі туысқан орда» деп атаған. Дегенмен, ноғайлар қазақ
хандығымен кейде соғысса, енді бірде татуласып, олармен одақ
құрып отырған. Мәселен, «XV ғасырдың
80-жылдары шайбаниліктерге қарсы күресте қазақтарды
қолдады. Мұхаммед Шайбани Үзкент және
Сығанақ қалаларын басып алған кезде,
Бұрындық хан Жәнібектің ұлдары Қасым
және Әдік сұлтандар мен маңғыт Хамза бектің
әскери күштерін біріктіріп, үш мың жауынгерімен
қоршауға алған...». Ал Қасым хан тұсында
қазақтар мен Шиғым мырза арасында әскери
қақтығыстар болған, оны тарихшы Қадырғали
Қосымұлы Жалайыр былайша жазады: «Қасым хан билік
құрған тұста ол Жәдік ханмен бірге ноғайларға
жорыққа аттанған. Нәтижесінде, Жәдік және
оның ұлы Шиғым мырза әскерінің қолынан
Иманлы-Төбе шайқасында қаза тапқан». 1519-1520 жылдары
Шиғым мырза Қасым хан әскерінен түпкілікті
жеңіліс тапты. Қасым ханның қайтыс болуымен
Қазақ хандығында орын алған келеңсіз оқиғалар
мен алауыздықтарды пайдаланып, ноғай мырзалары Еділ мен Жайық арасындағы
жерлерін қайтарып қана қоймай, шығыс Жайық
өңірін де қосып алды.
Хақназардың билікке
келуімен Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасы
арасындағы күрес қайта жанданды. Мұны XVI
ғасырдың соңында қалмақ қаупінің
күшеюі тоқтатты. Қазақтар мен ноғайлардың
бар назары шығыста қалмақтарға ауды.
Ноғай Ордасында
сұлтандар мен ақсүйек-феодалдардың арасында
хандық билік үшін талас-тартыс тоқтамай үнемі
жүріп жатты. Оған қалмақтармен соғыстардағы
жеңілістер қосылды.
XVII ғасырдың бірінші
жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, оның Қазақстан жеріндегі
бір бөлігі қазақтардың Кіші жүзінің
құрамына кірді.
Әдебиеттер тізімі:
1. Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.
2. Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.
3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542- бет., А., 1998.
4. Әбділдаұлы Б. Талас. Айша Бибі.
Қарахан. Алматы, 2002.
5.
Байпаков К. М.
Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути.
Алматы: Ғылым, 1989. С. 216.