VI-IX ғасырлардағы Қазақстан мәдениеті

Қазақстан аумағында көшпелі дала мен егіншілікті алқаптың тоғысқан жерінде ежелден отырықшылық пен қала мәдениеті дамыған ірі тарихи мәдени аймақтар қалыптасты. Ол Қазақстанның оңтүстігі (Сырдария алқабы) мен оңтүстік-шығысы (Жетісу) еді. Мұндай жағдай  Қазақстан мәдениетінің дамуына өзіндік бір ерекшелік берді. Қала мен даланың байланысы, олардың өзара әсері анық көрінді. Бұл саяси, экономикалық, мәдени, этникалық байланыстар еді.

VI-IX ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Осы кезде қала мәдениеті екі ауданда - Сырдария алқабы мен Жетісуда дамыды. Олар сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналды.

Қала мәдениетінің бұл аудандарда дамуына бірнеше факторлар әсер етті. Олар ең алдымен, географиялық орналасуы, яғни қолайлы табиғи - климат жағдайлары. Екіншіден, ежелден отырықшы - егінші, қала мәдениеті дамыған Орта Азияның ықпалы. Үшіншіден, осы аймақ арқылы YI-YIII ғасырларда Ұлы Жібек жолының басты бағыттарының өтуі болды.

Ортағасырларда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан тысқары қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасасып, байланысын үзген жоқ. Бұл кездегі Қазақстанның оңтүстігінде басты ірі қалалардың бірі - Сырдарияның орта бойына орналасқан - Отырар. Араб - парсы деректерінде Отырар қаласы Фараб, одан бұрын Тарбан деп те кездеседі.

Қазақстанға белгілі болған ортағасырлық қаланың бірі – Тараз. Ол жазба деректерде 568 жылдан бастап аталады. 630- жылдың басында Жетісуда болған қытай саяхатшысы Сюань Цзан Таразды (Далосы) былайша суреттейді: «Цяньцюаньнан батысқа қарай 140-150  ли жүргенде біз Далосы қаласына келдік. Қала шеңбері 8-9 лиге (4-4,5км) жетеді. Онда әр елден келген саудагерлер хусцлар (соғдылықтар) араласып тұрады. Жері мен климаты Суяб қаласымен ұқсас. Тұрғындарының жартысы көпестер...». VII ғасырда Тараз Ұлы Жібек жолындағы ірі мекенге, Жетісудың саяси, экономикалық және мәдени өмірінің ірі орталығына айналды. Оның төңірегіндегі Талас, Хамукент, Жікіл, Адахкент, Ден, Нуджикент, Құлан, Мерке, Аспар, Жұл, Баласағұн, Барсхан қалалары мен қоныстары бір-біріне тізбектеліп жалғасып жатты. Сондай-ақ, Іле өзенінің алқабында Қойлық, Талхиз, Екі-Оғыз сияқты басқа да қалалар орналасқан.

Қазақстан жеріндегі халықтардың экономикалық өмірінде сауда үлкен  роль атқарды. Жазба деректер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының Византия, Иран, Орта Азия, Кавказ, Алтай, Сібір, Шығыс Түркістанмен тығыз сауда қатынасы болғанын дәлелдейді. VI-X ғасырлардағы халықаралық саудада Ұлы Жібек жолының зор маңызы болды. Қалалардың өсіп өркендеуі, сауданың дамуы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранысты арттырды. Бұл  егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына себепкер болды.     

Қыш құмыра жасау өнері қала тұрғындары арасында жақсы дамыды. Олардың арнайы шеберханалары болған.

Қазақстан жерінде VI-IХ ғасырдың 1-жартысында өмір сүрген түрік тайпалары өздеріне тән үлкен материалдық мәдениет қалдырды. Түркі дәуіріндегі материалдық мәдениет ескерткіштерінің түрлері негізінен адамдардың шұғылданған шаруашылықтарымен байланысты болған. Оған археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған заттай деректер толық дәлел бола алады. Мәселен, түркі дәуірі кезіндегі обалардан көбірек кездесетін заттар: қол диірмендер, дән үккіштер, темір орақ т.б. құрал-жабдықтар. Бұл сол кездегі халықтардың егін шаруашылығымен айналысқандығының дәлелі екендігі сөзсіз. Ал түркі тайпаларының мал шаруашылығымен  кеңінен айналысқандығын археологиялық қазбалардың барысында молырақ кездесетін темірден жасалған ат әбзелдері (ауыздықтар, олардың әшекейлері, үзеңгілер) құрал - сайман, қару - жарақтар, әсіресе, темір семсерлер, найзалар, олардың ұштары т.б. көрсетеді. Олардың барлығы сол кездегі түркі тайпаларының темір қорытуды жақсы меңгергендігін дәлелдейді. Сондай-ақ, ғылыми қазба жұмыстары кезінде түркілердің зираттарынан құрал-саймандар, қару-жарақтармен қатар қолөнер бұйымдары, әшекейлік заттар өте көп кездеседі. Олардың ішінде: кіселер, белдіктер, омырауға тағатын алқалар т.б. бар. Кіселер алтын, күміс және қымбат бағалы тастармен безендіріліп отырған. Түркілер тамаша етікшілер болған. Табылған аяқ киімдердің ішінде өкшесі биік емес, қайқы бас етіктер және кебіс қалдықтары  кездеседі.

Түркі халықтарының  материалдық мәдениеті жөнінде айтқанда, әсіресе зираттардың басына тастан жасалған мүсіндердің көптеп қойылғандығы көңіл аударады. Мәселен, балбал тастар, тас келіншектер т.б. Бұл тас мүсіндер Қазақстанның  барлық аймақтарында кездеседі. Олар түркі тайпаларының ішінде қолөнерінің, әсіресе тас қашайтын  шеберлердің болғандығын көрсетеді.

Өнер –ауқымы кең ұғым. Мәселен, сөз өнері, саз өнері, зергерлік өнер, т.б. Осы өнердің бір саласы – сәулет өнері. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қала орындарынан тұрғын үйлердің орындары табылған. ..

Түріктер наным-сенімінің негізі Көкке (Тәңір) және Жер-Суға (Йер-Су) сыйыну болды. Бұлардың негізгісі Көк еді.  Түріктер «бір құдай», «Тәңір біреу», «әлемнің жаратушысы Көк» деп есептейді. Түрік билеушілері өз жазбаларында өздерінің «жеңістері мен жеңілістерін көктің еркімен» байланыстырып, жұт жайлаған жылдары түрік халқын аман сақтап қалған Көк пен Жер-Су деп есептейді. Бұл жөнінде Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштерінде мынадай жолдарды оқуға болады:

«... Тәңірі: жарылқадық үшін:

Елдікті: елсіретті:

Қағандықты: қағансыратты:

 

Жауды: басып басымдылық қылды

(тыныш етті):

Тізелікті шөктірді:

Бастықты: жүгіндірді:»

Бұлардан кейін әйел құдайы Умай - отбасы мен бала-шағаның қорғаушысы тұрады. Умай түріктер сыйынған үш күштің бірі болды. Бұл Тоныкөк құрметіне қойылған ескерткіште анық жазылған: «Көк, Умай, қасиетті Жер-Су, міне,  бізге жеңіс сыйлаған осылар деп ойлау керек!». Мұның сыртында түріктер арасында түрлі наным-сенімдер де кең тарады. Мәселен, отқа табыну, жануарларға табыну, өсімдіктерге табыну.          Сонымен қатар YI-IX ғасырдың 1-жартысында түрік тайпалары арасында басқа өркениеттерде пайда болып дамыған діндер де кең тарады. Бұлар  Будда діні, манихей, христиан (несториандық  ағым), ислам діні. Мұны да деректер растап отыр. Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу аймағында табылған будда ғибадатханаларының, монастырларының, будда мүсіндері (Шу аңғарындағы Ақ бешім, Новопакровск, Новопавловск қалалары орындарынан табылған) осыны дәлелдейді.    

Осы ауданнан қазып алынған христиан шіркеулерінің орындары, христиан діні нышандары - крест пен көгершін бейнеленген, «Петр мен Гаврил» деп жазылған керамика саптыаяқтарының табылуы да осының айғағы.

Түріктердің әлем өркениетіне қосқан үлесінің бірі - көне түрік жазуы (алфавиті). 

XVIII ғасырдың 20 - жылдарында Енисей аңғарынан неміс ғалымы Д. Мессершмидт пен шведтің тұтқын офицері И. Страленберг жартас бетіне қашалып жазылған беймәлім жазуларды тауып, оларды Скандинавия руникалық жазуына ұқсас болғандықтан «руналық жазу» деп атады.

Орыс ғалымы Н. М. Ядринцев 1879 жылы Шығыс Сібір Географиялық қоғамының тапсырмасымен Орталық Монғолияға сапар шегеді. Осы сапары барысында ол Орхонның сол жақ шығыс бетіне орналасқан Көшө-Цайдамдағы екі алып ескерткішті кездестіреді.  Оларда Енисей қорғандарында кездесетін құпия жазулар қашалған болып шықты. Кейін бұл ескерткіштердің Шығыс Түрік қағаны Білге мен оның ағасы Күлтегіннің құрметіне қойылған мұралар екендігі белгілі болды.

1891- жылы В. В. Радлов бастаған Ресей экспедициясы да Монғолияға жетеді. Екі айға созылған сапарлары барысында Көшө-Цайдамдағы Білге қаған мен Күлтегін кешендерінің мүсінтастарын суретке түсіреді.  

Даниялық ғалым Вильгельм Томсен 1893- жылдың 5- қарашасында құлыптастардағы мәтіннің кілтін бірінші болып тауып, кейіннен толық мәтінді орыстың түркологы В. В. Радлов оқып шығады. Жазуларды табылған жеріне байланысты «орхан-енисей ескерткіштері» деп атау қабылданған.

Орхан-енисей ескерткіштерінің ішінде Күлтегін мен Білге қаған , Шығыс Түрік қағандарының кеңесшісі, даңқты әскери қолбасшы Тоныкөктің құрметіне қойылған құлыптастар бар. Ескерткіштер түріктердің өмірінен (ата- бабалары, түрік қағандарының ел басқаруы, Түрік қағанатының құрылуы мен құлдырауы, түріктердің наным-сенімі, соғыстары, көрші елдермен қарым-қатынасы, т.б.) мағлұматтар береді. Күлтегін мәтінінде ата-бабасының билік құруы мақтанышпен айтылады: «Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам Бұмын қаған, Істемі қаған [таққа] отырған. [Таққа] отырып түрік халқына, еліне, төріне (билік) тұтқа болған, қалыптастырған».

X-XII ғасырлардан кейін оны ұйғыр курсиві, содан соң араб жазуы ығыстырып шығарады.

Түрік тілдері монғол, тунгус-маньчжур, кәріс, жапон тілдерімен бірге тілдердің алтай тобына жатады.

Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісудың далалық аумағында YI ғасырдың орта шенінде тілдік жағдай өзгере бастады. Оған түрік қағанатының құрылып, түрік тайпаларының жаппай батысқа қоныс аударуы себеп болды. YI-YIII ғасырларда Қазақстан мен оның көршілес аудандарында ертедегі түріктердің бірнеше тілдік топтары қалыптаса бастады. Олар бұлғар хазар, батыс түрік (оғыз), қарлұқ тілдік топтары. YIII-X ғасырларда Кимек -қыпшақ тобы қалыптасты. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда иран тілдік тобы да сақталынды.

VI – IХ ғ.ғ. Қазақстан тұрғындары - түріктердің материалдық және рухани мәдениетіне шолу олардың әлем өркениеттері жетістіктерінен тысқары қалмағандығын көрсетеді. Керісінше, оған қосқан қомақты үлестерін байқаймыз. Ол қала мәдениетінің өркендеуі, отырықшы–егіншіліктің, сауда мен қолөнердің дамуы, наным–сенім, дін, жазу, тіл,т.б..еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1.      Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.

2.      Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.

3.      Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А.,             1997. 542-бет., А., 1998.

4.      Агаджанов С. Г. Очерки истории Огузов и туркмен Средней Азии.IX-XIIIвв. Ашхабад, 1969.

5.      Большаков О. Г. К истории Талаской битвы (751г.) // Страны и народы Вастока. Вып. 26. Кн. 2. 1980.