ҚАҢЛЫЛАР
ҚАҢЛЫ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРІ, ЕСКЕРТКІШТЕРІ
ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ
2. Археологиялық ескерткіштері
Сәлеметсіздер
ме балалар! Біз бүгінгі сабағымызда темір дәуіріндегі ірі тайпалық
одақтардың бірі – Қаңлы мемлекеті жөніндегі
тарихи деректерден мағлұмат ала отырып, олардың мекендеген
жерлері, қоғамдық құрылысы және археологиялық ескерткіштерімен танысып,
Қауыншы, Отырар-Қаратау және Жетіасар мәдениеті
жөнінде түсінік аламыз.
1. Қаңлы туралы деректер. Қаңлы мемлекеті б.з.б. ІІІ ғасырда Қазақстанның оңтүстігінде құрылған
алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің бірі. Қаңлылар
негізінен Сырдарияның орта ағысынан Қаратау
жотасына дейінгі жерлерді мекендеген. Олардың шығыс шекарасы Талас
өзенінің бойымен өтіп, б.з.-дағы ІІІ ғасырда Оңтүстік–Батыс
Жетісуға дейін жетсе, батыста Арал
теңізінен Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерлерді
қамтыды. Қаңлы мемлекеті шығыста–үйсіндермен,
батыста- сарматтармен, оңтүстікте – Ферғанамен
көрші болған. Қаңлылар – қазақ
халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың
бірі болып саналады. А.Бернштамның пікірінше олар
түркі тілді халық болған.
Қаңлы туралы деректер б.з.б. ІІ ғасырда қытай
жазбаларында кездеседі. Деректерде
Қаңлы мемлекетінде 120 мың отбасы, 600 мың
халық пен 120 мың әскер
болғандығы айтылады. Қаңлы мемлекетінің астанасы
- Битянь қаласы. Жапон ғалымы Сиратори ол қала
қазіргі Түркістан қаласының маңында болған
деп есептейді. Қытайдың «Цянь
Ханьшу» атты тарихи деректерінде «қаңлы»
сөзі «кангюй» деп аталып, Қаңлы
мемлекетінің пайда болған уақыты,
шекарасы, қуаттылығы туралы
айтылған. Қаңлы мемлекетінің қуатты болғандығы
соншалық, олар сол кезде Хань әулеті билеген Ұлы Қытай
империясын да мойындамаған. Қаңлылар туралы Н.Я.Бичуриннің
қытай жазбаларынан аударған дерегінде: «Қаңлы ханы
өркөкірек, тәкаппар және елшілер алдында ешбір бас
имейді. Олар қытай елшілерін үйсіндердің, тіпті одан да
төмен халықтар елшілерінің қатарына отырғызды.
Хань императоры сенім артып жіберген елшілерді қаңлы ханы мен
оның кеңесшілері ас-су ішіп болғаннан кейін ғана
дастархан басына шақырды. Бұдан олардың Хань мемлекетін
мойындамайтындарын, тіпті оларды өзімен көршілес халықтардан
төмен қоятынын көреміз» делінген. Б.з.б. І ғасырдың екінші
жартысында Чжи-Чжи шаньюй
бастаған ғұн тайпалары Оңтүстік-Шығыс
Қазақстан жеріне алғаш рет қоныс аударып келе
бастайды. Осындай жағдайда Қаңлы ханы Чжи-Чжимен одақ
құрып, өзінің шығыс шекарасында қауіпсіздікті
қамтамасыз ету үшін оны үйсіндерге қарсы
пайдаланбақ болады. Осы мақсатпен қаңлы ханы Чжи-Чжиге Талас
алқабынан жер бөліп беріп, өзінің атты
әскеріне қолбасшылыққа тағайындап, қызын
әйелдікке береді. Б.з.б. 42
жылы үйсіндер мен қаңлылардың арасында
қырқыс басталып, қаңлылардың ғұндармен
біріккен күштері үйсіндердің астанасы – Қызылаңғар
қаласын талқандайды. Алайда Чжи-Чжи бастаған ғұн
тайпалары қаңлылардың үмітін ақтамайды. Олар
қойылған талаптар мен әдет-ғұрыптарды орындамады
және үйсіндерді бағындыра алмады. Кейіннен Чжи-Чжи өз
әйелі болған қаңлы ханының қызын
өлтіргеннен кейін ғұндар мен қаңлылар арасында
қарама-қайшылық туындайды. Б.з.-дағы ІІІ-V
ғасырларда қаңлы жеріне түркі тілді тайпалардың басып кіруіне байланысты
Қаңлы мемлекеті Орта Азия мен Арал өңіріндегі
үстемдігінен айырылып, б.з.дағы VІ ғасырда Түрік қағанатына қарайды.
2. Археологиялық
ескерткіштері. Қазба
жұмыстары кезінде қаңлылар мекендеген аймақтардан
көптеген қалалар мен елді мекендер табылды. Қаңлылардың археологиялық ескерткіштері
негізінен алғанда Қауыншы,
Отырар-Қаратау және Жетіасар мәдениеттері болып
3 топқа бөлінеді. Олар Сырдария өзенінен
Ферғанаға дейінгі өңірде таралған. Қауыншы
мәдениеті Ташкент аймағын қамтиды. 1958-1963 жылдары А.Г.Максимова
жетекшілік еткен Шардара археологиялық экспедициясы
Оңтүстік Қазақстаннан Қауыншы мәдениетіне
жататын бірқатар ескерткіштер ашты. Оның біршама толық
зерттелгені Шардараға таяу, Сырдарияның сол
жағалауындағы б.з.-дағы ІV-V ғасырға жататын - Ақтөбе
қонысы. Отырар алқабында Отырар-Қаратау мәдениетіне
жататын ескерткіштер көп шоғырланған. Арыс
өзенінің сол жағалауында аумағы әр түрлі Көк-Мардан,
Пұшық-Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, Сейтман
төбе, Ақайтөбе, Шөлтөбе сияқты 20
шақты қалашық бар. Бұл қоныстардың көбін 1969-1970 жылдары К.А.Ақышев
жетекшілік еткен Отырар археологиялық экспедициясы тапқан. Олардың
ең үлкені – Көк-Мардан елді мекені. Көлемі мен орналасуына қарағанда
Көк-Мардан қала орталығы болған. Қала шағын
және тұйық
көшелерден тұрады. Бұл қоныстан балшықтан жасалған кеспектер
табылды, онда тары, күріш, бидай, асбұршақ
сақталған. Қаңлылардың
қазылып, зерттелген жерлеу ескерткіштерінің
ішінде Отырар даласындағы Мардан-күйік
қорымының орны ерекше. Қорым
көпшілік жерлеу орны ретінде
пайдаланылған алаңдардан
тұрады. Сырдария өзенінің тасуы кезінде су астында қалу қаупі болғандықтан
қорым қолдан биіктетілген
үсті жазық төбеге
орналасқан. Мардан-күйік қорымынан жалпақтау бетіне түрлі бейнелер ойылып,
сопақтау моншақ тәрізді асыл тас - хальцедоннан жасалған б.з.-дағы ІІ-V
ғасырға жататын кішкене мөр
(гемма) табылды. Мөр Ұлы Жібек жолы арқылы Ираннан әкелінген. Мөрді басқанда бетіндегі бедердің таңбасы түскен. Мөрдің белге байланатын бауы және ортасында тесігі болды. Сонымен бірге қазба жұмыстары кезінде Пұшық-Мардан қаласы
жанынан б.з.-дағы І
мыңжылдықтың бастапқы кезеңіне жататын Қостөбе қонысы зерттеліп, қоныс ортасынан бекіністің
қираған үйіндісі аршылды.
Жетіасар
мәдениеті б.з.б. І мыңжылдық пен б.з.-дағы І
мыңжылдық аралығында Арал теңізінің шығыс
жағындағы Қуаңдария мен Жаңадария аңғарында
өркендеген мәдениет. Бұл кезеңге Алтынасар, Жетіасар,
Бидайықасар, Үңгірасар т.б. археологиялық ескерткіштер
жатады. Жетіасар мәдениеті ескерткіштерінің шоғырланған
жері – Қуаңдария өзенінің бойынан 150
қала орны мен 100-ге жуық қорымдар табылды. Жетіасар
мәдениетіндегі барлық қираған қала орындары
біртектес келеді. Қалалар мен обалардан түрлі әшекей
бұйымдар, шаруашылық заттары табылды. Ғалымдардың
пайымдауынша,
қаңлылар кезінде пайда болған қоныстарды орта
ғасырлырдағы қала құрылыстарының түп-бастауына
жатқызуға болады.
3. Қоғамдық
құрылысы. Қаңлылардың
қоғамдық құрылымы мемлекеттік деңгейге
жеткен. Олар өзіндік материалдық мәдениеті мен өнері
бар көшпелі өркениетті жасауда жоғары дәрежеге
көтерілді. Қаңлы қоғамында мүлік
теңсіздігінің
пайда болуынан, атақты адамдар
аса мол байлық жинақтады. Осыған байланысты олардың қоғамдағы
дәрежесі де өскен. Қарапайым еңбекшілер бірте-бірте атақты, бай адамдарға
және әскери
көсемдерге тәуелді бола бастады. Ру басшылары, әскери көсемдер мен
ақсақалдар кеңесі қолдарындағы билікті пайдалана отырып қарапайым
халықты өздеріне бағынышты етіп ұстап, үстем тап
өкілдерінің артықшылықтарын заңдастырған. Қаңлы қоғамында
билік әкеден балаға мұрагерлікпен берілді. Қаңлы мемлекетін ең жоғары билеуші - хан басқарып,
негізгі жұмыстарды оның 3 уәзірі атқарып отырған.
Мемлекет құрамында 120 мың отбасы, 600 мың
халық пен 120 мың әскер болды. Қаңлы
мемлекетінің астанасы - Битянь қаласы. Қаңлы елі
өз ішінен 5 иелікке бөлініп, әр иеліктің Ұлы
ханға бағынышты 5 кіші ханы болды. Қаңлы
хандарының сарай қоймаларында сақталған заңдар
мен нұсқалар жинағы кездеседі. Қылмыскерлер осы
заңдарға сәйкес жазаға тартылып отырған.
Қаңлылар
әскери одақ құрып, көрші тайпалар –
ғұн және үйсіндермен соғыс жүргізді. Бұрын соғыс көбінесе жер үшін
және кек алу мақсатында жүргізілсе, ендігі жерде
соғыста барымта жолымен қолға көп мал мен
олжа түсіру бірінші кезекке шықты. Үстем тап өкілдері соғысты
тонау мақсатында пайдаланып,
көптеген байлыққа ие болды. Соғыста қолға
түскен тұтқындарды құлға
айналдырды. Бірақ көшпелі мал шаруашылығы құл иеленушіліктің дамуы мен
қалыптасуына бөгет жасады.
Байларға құл еңбегіне қарағанда, қауым
мүшесінің
еңбегін пайдалану тиімді болған. Себебі, құлды азық-түлікпен,
киім-кешекпен қамтамасыз
ету керек, ал қауым мүшелері өз тамағы мен киімін өздері тапты. Құлдар негізінен ас пісіріп, мал
күту, егін егу сондай-ақ әр түрлі шикізаттарды
өңдеу жұмыстары мен қолөнер кәсібіне
пайдаланылды. Қаңлы қоғамында мүлік теңсіздігі мен таптардың пайда болуынан адамды адамның қанауы
күшейіп, бай мен кедей тобына жіктелу айқын көрінді.