Дін және мәдениет

Ғылым мен білімнің дамуы

Әбунасыр әл-Фараби

Жүсіп Баласағұн

Әбу Райхан әл-Бируни

Махмұд Қашғари

Ахмет  Йасауи

Археологиялық қазба жұмыстарының деректері Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірінде түріктер арасында әртүрлі  діни наным-сенімдердің болғандығын көрсетеді. Оған ортағасырлық қала орындарынан табылған ескерткіштер қатары дәлел. Мәселен, отқа табыну, жануарларға табыну, өсімдіктерге табыну. Қала орындарынан қақпақ тұтқасы қошқар мүйізіне, құс айдарына ұқсас жасалған қыш құмыралар көптеп кездеседі. Сыр өңірі қалаларынан табылған ескерткіштер қойға табыну салтының болғандығын көрсетеді. Оғыз тайпалары өздерінің шыққан тегін қоймен байланыстырып, қорғаушысы ретінде оған табынатын болған. Осы кезде отқа табыну да кең тараған. Үйлердің ошақтары ерекше безендірілген. Мұны ғалымдар отқа табынудың белгісі деп тұжырымдайды.

СОНДАЙАҚ, X –XII ғасырларда түрік тайпалары арасында басқа өркениеттерде пайда болып, дамыған діндер де кең тарады. Бұлар  будда, зороастра, манихей (ІІІ ғ. Иранда “Жарық ұстазы” негізін қалаған), христиан (несториандық  ағым), ислам діні. Мұны да заттай деректер растап отыр. Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу аймағында табылған будда ғибадатханалары, монастырлар, будда мүсіндері (Шу аңғарындағы Ақ бешім, Новопакровск, Новопавловск қалалары орындарынан табылған) осыны дәлелдейді.    

Осы ауданнан қазып алынған христиан шіркеулерінің орындары, христиан діні нышандары - крест пен көгершін бейнеленген, «Петр мен Гаврил» деп жазылған керамика саптыаяқтарының табылуы да осының айғағы.

Сырдария мен Жетісудың Араб Халифаты құрамына кірмегеніне қарамастан, мұнда мұсылмандану процесі жедел жүрді. Қарахандар әулетінің негізін қалаушы Сатұқ Боғра хан исламды қабылдаса, оның ұлы Мұса 960- жылы исламды Қарахан мемлекетінің мемлекеттік діні деп жариялады. Осы кезде қалалар мен қыстақтарда мешіттер көптеп салына бастады. Зираттар адамдардың мұсылманша жерленгендігін көрсетеді. Адамның басы құбылаға қаратылып жерленген.

XII ғасырдың екінші жартысында қыпшақтар арасында да ислам діні ене бастады. Оған қыпшақ ақсүйектерінің Хорезммен жақындасуы себеп болды. Қыпшақтар орталығы Сығанақ қаласынан мешіт, медреселер орындары табылған.

X-XII ғасырларда Қазақстан жеріндегі халықтардың ғылымы мен мәдениеті едәуір жоғары дәрежеде өркендеген. Бұған феодалдық қатынастардың нығаюы, отырықшы-егіншілік шаруашылық пен қалалардың өсуі сияқты жағдайлар себеп болды.

Қазақстан жерінде туып-өскен философ, энциклопедияшы ғалым, мұсылман шығысында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» ретінде белгілі болған Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Үзлағ ибн Тархан әл-Фараби Шығыс пен Батысқа X ғасырдың 1- жартысында мәлім болды. Ол 870 жылы Отырар (Фараб) қаласында дүниеге келді. Руы - қыпшақ, әкесі әскери басшы адам болған. Әл-Фараби қол өнері шеберлігін және ғылым негіздерін Отырардың медіресесінде игерді. Кейін Бағдад халифатының орталығы Бағдад қаласында оқуын жалғастырған ол араб, грек тілдерін үйренген. Кей аңыздарда оны жеті тіл, тіпті жетпіс тіл білген деп те айтады.

Әбунасыр Бағдадқа барар жолында Шаш, Самарқанд, Исфақан, Хамаданда және басқа қалаларда ұзақ уақыт аялдап, Бағдадта ежелгі грек философиясы мен математиканы, логика мен медицинаны, музыканы оқып-меңгерген.

Әл-Фараби музыканың заңдылықтарын зерттеп, оны екі тараудан тұратын «Музыканың үлкен кітабы» атты күрделі еңбегін жазған. Бұл еңбек көп уақытқа дейін Еуропа елдерінде музыка тарихынан оқытылып келген. Әл -Фарабидың жазуынша, «Табиғат көркі- аспан шырақтары, жердегі көрік -музыка, дыбыс». Тоғыз ішекті музыка аспабын сипаттап жазған. Ол туралы Мағжан Жұмабаевтың мынадай өлеңі бар:

 

Тұранның кім кеміткен музыкасын,

Фараби тоғыз ішекті домбырасын.

Күңірентіп тоқсан тоғыз күй тартқанда,

Тебіреніп кім төкпеген көзден жасын.

Әл- Фараби ежелгі грек оқымыстылары Платон, Аристотель, Пифагор, Евклид еңбектерін меңгеріп, оларды араб тіліне аударған. Грек ойшылдарын түсіну үшін әл- Фарабидың қаншалықты тер төккені туралы дерек Гегель шығармаларында бар. Онда әл- Фараби Аристотельдің «Жан жайында» кітабын жүз рет, «Табиғи үйлесімін»-40, «Шешендік» кітабын 200 рет оқыпты.

Көптеген елдерде, әр түрлі этникалық ортада бола жүріп, әл-Фараби отанын ұмытпайды, өзінің түрік екенін үнемі айтып жүрген. Бұл әл-Фараби өлеңдеріндегі туған жерге деген сағынышынан айқын көрінеді:

 

Қашықтасың туған жер, қалың елім,

Небір жүйрік болдырып жарау деген.

Шаршадым мен,

Қанатым талды менің,

Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

 

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,

Қасіреттің жасына көз жуынар.

О, жаратқан, көп неткен ақымағың,

Құм секілді тез ысып, тез суынар.

 

Ол бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. Олардың қатарында «Ғылымдардың пайда болуы», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы жөнінде», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жөнінде», т.б. бар.

Әл- Фараби 950 жылы Дамаскі қаласында қайтыс болды.

Дамаскідегі әл- Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығы  - мешіті, тарих пен мәдениет туралы экспозициялық залы, оқу залы мен Интернет-кафесі, кітапханасы, конференц залы, қонақ үйі бар көп салалы нысан.

Жүсіп Хас Хажип Баласағұн (1021-1075жж.) түрік отбасынан шыққан, жас кезінен бастап білім алып, әдебиетпен шүғылданған. Парсы-тәжік әдебиетін көп оқыған.

Жүсіп «Құтадғу білік» («Құт негізі – білім») деген 85 тараудан, 6500-ден астам бәйіттен тұратын поэма жазған.

«Құтадғу білік»  мазмұны ел бірлігін сақтау, елді көркейту, қорғауға, өнер, ғылым, білімді дамытуға шақырады. Ақынның көтерген мәселесі– адамның кемелдену  жолдары. Автор осы жолда адамның жадында ұстауы тиіс деген негізгі төмендегідей шарттарды ұсынады, мәселен:

 

1.Баласағұни адам баласының қадір- қасиеті- білім мен ақылда деп есептеп, халқын білімге үндейді:

175  Біліксіздер өзі нағыз басырдың,

Білім үйрен, надан, көзің ашылсын!

195   Білімді-аз, білімсіздер қаптаған,

Ақылсыз-көп, ақылдыны таптаған

150   Білік берді - адам бүгін жетілді,

Ақыл берд і- талай түйін шешілді.

     2.Тілдің пайдасы мен зияны туралы:

170  Көп сөйлеме, аз айт бірер түйірін,

Бір сөзбен шеш түмен сөздің түйінін.

Сөз кісіні ұлы қылар, бек қылар,

Көп сөз басты иіп жерге, жеп тынар

       3.Даңқ пен дәулетке мастанба, ол бір орнында тұрмайды:

Бір орнында Су, Сөз, Дәулет тұрмайды,

Жиhангерлер жүре бермей тынбайды.

 4.  Намысшыл ер бол:

Намысшыл ер жаудың мысын басады,

Намыссыз ер жер бауырлап қашады...

 

Жүсіп Баласағұнидың көп ойлары Қорқыт пен Абай, Жамбылмен үндеседі. Ұлы Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз»-дегендегі бес жамандықты Жүсіп Баласағұни да сынайды:

 

Жүрсін бектер бес нәрседен алыстар,

Есі болса, жұрнақ болса намыстан:

Ұшқалақтық -бірі, екіншісі -сараңдық,

Үшінші- ашу оған егіз- надандық.

Қырсығың -сор, бетті жер ғып жүргізер,

Бесіншісі-өтірік, жерге тірі кіргізер! 

 

Әбу Райхан әл-Бируни– ортаазиялық энциклопедист-ғалым. Әбу Райхан әл-Бируни 973 ж. қазан айының төртінде Қият қаласының маңында өмірге келген. Негізгі еңбектері тарих, математика, астрономия, география, топография, физика, медицина, геология, минералогия, т.б. ғылым салаларын қамтиды. Ол Орта Азия мен Иран қалаларында болып, атақты астроном, математик Әбу Наср Мансур ибн Ирактан дәріс алды. Әбу Райхан әл-Бируни – парсы, араб, грек, үнді (санскрит) тілдерін меңгерген оқымысты. 995 – 1010- жылдары Иранда тұрды. Ол 1000- жылы орта ғасыр ғылымының энциклопедиясы аталған, өзінің әйгілі «әл-Асар әл-Бақйия ән әл-Құрұн әл-Халийа» («Бұрынғы ұрпақтар ескерткіші») деген еңбегін жазды. Әбу Райхан әл-Бируни жалпы алғанда жүз елу еңбек жазған, олардың қырық бесі астрономия мен математикаға арналған. Астрономиялық шығармаларында Әбу Райхан әл-Бируни дүниенің гелиоцентрлік жүйесін (Коперниктен 500 жыл бұрын), денелердің Жерге қарай тартылуын (Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын) болжаған.

Махмұд Қашғари (1030-1090жж.) орта  ғасырдағы түрік тайпаларынан шыққан ірі ғалым, ауыз әдебиетінің мол мұраларын жинаушы. Махмұд Қашғари  Қашғарда туса керек. Қарахан әміршісі Насыр ибн Әли тұқымынан шыққан. Әкесі Ыстықкөлдің оңтүстігіндегі Барсханда тұрған. Махмұд бастапқы білімін Қашғар қаласында алады, кейін өзінің білімін көтеру үшін Орта Азия мен Иран елінің қалаларын аралайды. Махмұд түріктердің тілі мен аңыз әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, әрбір түрік тайпаларының қоныс жерлерін аралап сапар шеккен. Түріктердің сөздерінің мағынасын, өлеңдерін, жұмбақтарын, ертегілерін, әдет-ғұрыптарын жазып алады. Байқауларын жинақтап “Диуани лұғат-ат-түрік” (“Түркі сөздерінің жинағы”) деген еңбек жазды. Бұл еңбекті ерте орта ғасырлардағы түріктердің өмірінің нағыз энциклопедиясы деп атауға болады.

Өз еңбегін қалай жазғандығы туралы ғұлама былай дейді: «Мен түріктер, түркімендер, оғыздар, яғмалар, қырғыздардың қалаларын, қыстаулары мен жайлауларын көп жылдар бойы аралап шықтым, сөз жинадым, әр алуан тіл ерекшеліктерін үйреніп, оларды анықтап отырдым. Мен бұл істерді тіл білмегендігімнен емес, сол тілдердегі әрбір жеке айырым белгілерді бақылау үшін істедім. Әйтпесе, мен тілдерді өте жақсы, жетік білетін мамандардың, жіті аңғарып, ескі мен жаңаны жыға танитын білімпаздардың бірімін».

Қала халқының мәдени өмірінде ислам дінін уағыздаушы, сопы ақындардың ішінде Ахмет  Йасауидің (1103-1167 жж.) шығармалары елеулі орын алады. 1103- жылы Испиджабта туған Қожа Ахмет алғашқы білімді өз әкесі шейх Ибрагимнен алды. Ол Оңтүстік Қазақстандағы түрік халқының арасында ислам дінінің тарауына зор әсерін тигізді. Оның өлеңдері көпшілік арасында кеңінен тарады. Қожа Ахметтің өлеңмен жазылған «Диуани хикмет» («Даналық жайындағы кітап») деген еңбегі бар. Диуан - жинақ, хикмет - алланың құдірет күші, яғни алланың ақ жолын баяндайтын кітап деген мағынаны білдіреді. Еңбегінде ақиқатты, шындықты, адалдық пен тазалықты уағыздаған. Алғашқы ұстазы Отырардағы Арыстан Баб болса, екіншісі - Арыстан Баб қайтыс болғаннан кейін, мұсылман әлемі «ислам күмбезі» деп атаған Бұхарадағы Қожа Иусуф Хамадани болды. Екеуі де дүниеге қызықпайтын, дін тазалығын ұстаған кісілер болған.

Йасауи исламды уағыздай отыра, өз халқын бөгде нанымдағы адамдарға кешірімді болуға шақырды:

Бөгде нанымдағы адам келсе алдыңа, ренжітпе сен оны.

Қаталдың жүрегінен, жәбірленушінің жанынан сырт айналар Құдіретті.

О, нағыз шыншыл Алла! Осындай құлыңа тозақтан орын бұйырар!

 

Йасауидың даналық ойлары Баласағұни мен Абай көзқарастарымен өте ұқсас. Йасауи да бес нәрседен қашық  болуды уағыздайды.

1.                  Алланың ақ жолын мойындамаудан қашық бол:

Өз көркіңе өзің мәз бола берме,

Өзіңе-өзің сұқтанғаның сірә жөн бе?

Алланы айтып тәуба қылғын, жөнге кел де,

Түн ұйқыңды төрт бөліп алдыңды ойла.

2.                  Менмен, тәкаппар болма:

Менмен болсаң, тамұқ күтіп алар алда,

Тәкаппардың халі ауыр, дозақ ол да.

3.                  Дүние мүлік үшін арыңды сатпа:

Дүние- мүлікке құмартып, жаhан малын жиғандар,

Құзғын жемін жегендер арамға әбден батпақшы.

      4.  Арамдықтан аулақ бол:

           Арам жеген әкімдер, құныққандар параға,

           Өз бармағын тістелеп, өкініш отқа жанбақшы.

5.  Еріншек болмай оқуға, алыңдар білім кеңінен,

     Жоққа әрине, дауа жоқ, бардың жолын табыңдар.

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.

2. Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.

3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542-     бет., А., 1998.

4. Рашид ад- дин. Сборник летописей. Т.1, кн.1, Л., 1952.

5. Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома де  Рубрука. А., 1993.