Ұлы Жібек жолы

 

Ұлы Жібек жолы - дүниежүзілік өркениет тарихының басты жетістіктерінің бірі. Ұлы Жібек жолы - Батыс пен Шығысты байланыстырған трансконтинентальды трасса.

Жібек Жолы Қытай жеріндегі Хуанхэ өзені аңғарындағы аймақтан басталады. Жол Іле өзенімен Ыстықкөлге жеткен. Осы жерде жол оңтүстік және солтүстік бағыттарға тармақталған. Оңтүстік бағыт Ферғана, Самарқан, Иран, Ирак, Сирия елдері мен Жерорта теңізіне шыққан. Солтүстік бағыт оңтүстік Қазақстанда Испиджаб қаласына келіп, осында екі тармаққа бөлінген. Біреуі Орта Азияға, екіншісі Түркістан арқылы Сырдарияның төменгі ағысымен батыс Қазақстан арқылы жүріп, Қара теңіздің солтүстік шығыс бөлігін айналып Еуропаға кеткен.

Ежелгі Қытай деректеріне сүйенсек, б.з.д. I ғасырдың ортасында Қытай елінен Батыс елдерге қарай жібек тиелген керуендер жолға шыққан екен. Ал Қытайға қарай Жерорта теңізі елдерінен, Таяу және Орта Шығыстан, Орта Азия елдерінен түрлі тауарлар жеткізілген. Олардың ішінде Орта Азияның асыл тұқымды жылқылары, Шығыс елдерінен пілдер мен мүйізтұмсықтар, барыс пен арыстан сияқты сирек жан- жануарлар, жеміс- жидектер (жүзім түрлері, шабдалы, қауын,т.б.), тасылған. Осы кезден  Ұлы Жібек жолы тұрақты дипломатиялық және сауда артериясы ретінде пйдаланыла бастайды.

Ұлы Жібек жолы тек тұтыну тауарларын ғана жеткізіп қойған жоқ, сонымен қатар ол рухани мәдениеттің тірегіне айналды. Ол әсіресе музыка, би өнерінде ерекше байқалады. 630 жылы Батыс Түрік қағаны сарайында болған, осындай рәсімдерді өз көзімен көрген буддалық тәуіпші Сюань Цзан былай деп жазады: «Қаған шарап қойып, музыка бастауға әмір берді... Осы уақыттың бәрінде жаңғырыққан металл әуені сүйемелдеген жатжерлік музыка қалықтап тұрды. Бұл тағылардың музыкасы болғанымен, ол да құлаққа жағып, жүрек пен ойды қуанышқа бөледі» (Қазақстан тарихы, А., 1996. 1 том, 505-бет).

Иран, соғды, түрік актерлері Қытайдың хореографиялық мәдениетінің дамуына көп үлес қосқан. Олардың ішінде жасөспірімдер мен қыздар мейлінше әйгілі болған. Әсіресе Ташкенттен келген, иран үлгісіндегі кең көйлек және төбесі сүйір, моншақпен безендірілген биік бөрік киген балалар  «батыстың секіргіш билерін» орындаған.

Сонымен қатар Ұлы Жібек жолының тағы бір маңызы осы жол арқылы жүріп өткен түрлі миссионерлер өз діндерін таратып отырды. Үндістаннан Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы буддизм, Сирия, Иран, Аравиядан христиан діні, одан кейін ислам келді. Мұны заттай деректер растап отыр. Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу аймағында табылған будда ғибадатханалары, монастырлар, будда мүсіндері (Шу аңғарындағы Ақ бешім, Новопакровск, Новопавловск қалалары орындарынан табылған) осыны дәлелдейді.    

Осы ауданнан қазып алынған христиан шіркеулерінің орындары, христиан діні нышандары - крест пен көгершін бейнеленген, «Петр мен Гаврил» деп жазылған керамика саптыаяқтарының табылуы да осының айғағы.

Ұлы Жібек жолының ең ұзақ бөлігі Орта Азия мен Қазақстан территориясы арқылы өтті.

Жетісу жерінен Шығысқа шығатын Ұлы Жібек жолының бірнеше бағыты болған. Бірінші бағыт – оңтүстік батыс Жетісу жерінен өткен. Ол Тараз қаласы арқылы Алматыға жетіп, одан Шелек, Сүмбе, Жаркент, арқылы Шығысқа кетсе, екінші бағыт солтүстік – батыс бағыт, ол Алматы, Қапшағайдан өтіп, Шеңгелді, Алтынемел, Дүнгене, Қойлық қалаларын басып өтіп, Алакөл жанымен Жоңғар қақпасы арқылы шығысқа қарай өткен. Үшінші бағыт Тараздан шығып, Сарқан жері арқылы солтүстік-шығыс Қазақстанға беттеген. Бұл бағыт Құлан, Хантау, Айнабұлақ бекеттерін басып өткен.

VI-IX ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойында Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Осы кезде қала мәдениеті екі ауданда - Сырдария алқабы мен Жетісуда дамыды. Олар сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Испиджаб сияқты қалалар бой көтерді.

Ортағасырларда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан тысқары қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасасып, байланысын үзген жоқ. Бұл кездегі Қазақстанның оңтүстігінде басты ірі қалалардың бірі - Сырдарияның орта бойына орналасқан - Отырар. Араб - парсы деректерінде Отырар қаласы Фараб, одан бұрын Тарбан деп те кездеседі. Отырар керуен жолдарының тоғысқан жерінде орналасып, ортағасырларда ғылымда «Отырар жазирасы» деп аталған аумақтың орталығы  болды. Белгілі археолог А. Н. Бернштамның «Орта Азияда бұдан тиімді, әрі қауіпті жерді табу қиынға соғады», - деп ортағасырлық Отырарға берген бағасы кейін шындыққа айналғаны белгілі. Осы өңір үшін ғасырларға созылған қақтығыстар мен қырғын соғыстардың болғандығын тарихтан білеміз.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ортағасырлық қаланың бірі – Тараз.

Қытайды батыспен жалғастырып жатқан және техника жаңалықтарын, діни идеялар мен мәдениет жетістіктерін жеткізуші болған осы халықаралық жолмен жүрген 630 жылы Қытайдан Үндістанға аттанған Сюань Цзян түрік қағанаттарының байлығын былайша суреттейді: «Қаған жасыл жібек желбегей киген. Оның қасына ерген екі жүзден астам тарханы бар, олар қалқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Аттары өңшең сәйгүлік. Түйе, ат мінген адамдардың көптігіне көз сүрінеді. Қаған үйінің алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті көз қаратпайды». Үзінділер Батыс Түрік қағанатының байлығы мен молшылығын бейнелейді.

Қалалардың өсіп өркендеуі, сауданың дамуы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранысты арттырды. Көшпелілер мен отырықшы аудандар арасындағы байланыс күшейді.  Белгілі шығыстанушы ғалым В. В. Бартольд көшпелілер мен отырықшы аудандар арасындағы байланыстың ролі туралы пікірін былайша білдірген еді: «...Көшпелілермен сауда отырықшы халықтар үшін де тиімді еді. Олар көшпелілерден мал өнімдерін арзан бағаға алатын. Орта Азияның шекаралас мұсылман елдері үшін көшпелілермен сауда ерекше маңызға ие болды...».

Жалпы Қазақстан тарихына шолу жасасақ, қасиетті қазақ жері ғасырлар бойына тоғыз жолдың торабын, түрлі бағыттағы керуен жолдарын тоғыстырған. Бұл жерден Шығыс және Батыстың өркениеттерін тоғыстырып, қазіргі заманғы халықаралық қатынастарға негіз болған Ұлы Жібек жолы өткен.

Бүгінгі күні көптеген мемлекеттер өз күштерін біріктіре отырып Ұлы Жібек жолын қалпына келтіруге күш салып отыр.

Бүгінгі таңда Еуразия құрылығының көп елдеріне, ірі көліктік тораптары мен терминалдарына жол ашатын автомобиль жолдарының Еуропалық және Азиялық аумақтық жүйелеріне белсенді интеграция процесі жүруде.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев “Батыс Қытай - Батыс Еуропа” автожолы тауарлар үшін маңызды магистраль деп атап көрсетіп, ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізін салуды ұсынды.

Әлем таныған Елбасымыздың бастамасымен қазіргі таңда Қазақстан Ұлы Жібек жолын өркендету идеясын іске асыруға кірісті. Ресей және Қытай әріптестерімен бірігіп, Еуропа елдеріндегі серіктестер мен халықаралық қаржы институттарының демеуімен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық автомобиль дәлізін салу жұмыстары басталып та кетті. Бұл жоба  - «Ұлы Жібек жолының» жаңғыруы.

Академик Карл Байпақов бұл автодәліз Ұлы Жібек жолынының жаңғыруы дей келе, ежелгі Жібек жолының Қазақстан арқылы өтетін бөлігінің ұзындығы 3000 шақырым болды деп көрсетеді. Қазіргі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізінің Қазақстан арқылы өтетін ұзындығы да

3 000 шақырымға жуықтайды.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық автокөлік дәлізі мегажоба. Дәліздің жалпы ұзындығы – 8445 шақырым. Мұның ішінде Қазақстанның үлесіне 2787 шақырым тиесілі.

Жол 5 облыс аумағын, атап айтқанда, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары аумағын басып өтеді. Жолдың 2452 шақырымының Ақтөбе облысында - 358, Қызылорда облысында - 817, Жамбыл облысында - 480, Оңтүстік Қазақстан облысында -  458, Алматы облысында - 339 шақырымы қайта жаңартылады.

Жоба негізгі үш бағыт арқылы, Қытай-Қазақстан; Қытай-Орталық Азия; Қытай-Қазақстан-Ресей-Батыс Еуропа бағыттары арқылы жүк тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Ал Қазақстан үшін бұл жоба экономикамызға тың серпіліс береді. Біріншіден, 2452 шақырым жол қайта салынады. Өз ішіміздегі жүк тасымалы дамиды. Жолды қайта салу барысында жергілікті халық жұмыспен қамтылады. Екіншіден, қызмет көрсету сервисі жақсарады. Жол бойында мейрамхана, қонақ үй, машина жөндеу орталықтары ашылып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Үшіншіден, жол ақылы болады. Бұл жол сапасының бұзылмауына себепші болмақ.

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.

2. Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.

3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542-     бет., А., 1998.