Қарахан мемлекеті

 

Қарахан мемлекеті ІХ ғасырдың екінші жартысынан ХІІІ ғасырдың алғашқы он жылдығы арасында өмір сүрген ең ірі ортағасырлық мемлекет. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның Шығыс жартысында Амударияға дейінгі аумақты алып жатқан бұл мемлекеттік құрылым тарихы өте қызықты әрі күрделі. Қарахан мемлекетінің құрылуы қазіргі Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихында маңызды орын алады. Қарахан мемлекетінің құрамына кірген қарлұқ, шігіл, яғма, тухси, т.б. тайпалар кейін қазақ, өзбек, қырғыз т.б. халықтардың қалыптасу процесінде шешуші рольге ие болды десек қателеспейміз.

Қарахан мемлекетінің құрылуы Жетісу мен батыста Испиджабқа, шығыста Қашғарға дейінгі алып аумақтағы саяси оқиғалармен, қарлұқ мемлекетінің құлдырауымен тікелей байланысты. Осы аумақтағы шиеленіскен саяси жағдайды Қашғар билеушісі Сатұқ (915-955 жж.) пайдалана білді. 942 жылы ол Баласағұнды алып өзін жоғарғы қаған деп жариялады. Осы жылдан Сатұқ негізін  қалаған Қарахан мемлкетінің тарихы  басталды. Сатұқ исламды қабылдап Дослан Қарахан лауазымын алды. 955 жылы билік Сатұқтың  ұлы Мұсаның қолына өтті. Мұса қаған 960 жылы исламды Қарахан мемлекетінің мемлекеттік діні ретінде жариялады. Бұл исламды мемлекеттік дін ретінде қабылдаған тұңғыш түрік мемлекеті еді. Мемлекеттің орталығы Қашғар қаласы болды. Сатұқ Боғра ханның екінші ұлы Сүлеймен ілік Баласағұнда билік жүргізді.

Қарахан билеушілері көрші елдердегі жағдайды өз пайдаларына шеше білді.Соның бірі Орта Азиядағы саяси жағдай еді. Хғасырдың екінші жартысында Орта Азиядағы саманилер әулетінің үстемдігінің әлсіреуін пайдаланып, Қарахан билеушілері бірнеше жорық ұйымдастырады. Хасан Боғра хан Испиджабты, Самани әулетінің астанасы Бұхара мен Самарқандты басып алады. 992 жылы Хасан Боғра ханның баласы Жүсіп Хотанды басып алады, ал 996 жылы Әли Арсланның баласы Насыр ибн Әли Мәуереннахрға жорыққа аттанып, Мәуереннахрды біржола бағындырады.

Қарахан мемлекетіндегі билік екі ірі этносаяси бірлестік шігілдер мен  яғма көсемдерінің  қолында болды. Олар Арслан (Арыстан) және Боғыра (Түйе) лауазымдарын иеленді.

Қарахан мемлекетінің негізгі құрылысы феодалдық үлестік жүйеге негізделді. Ірі екі бөлік - Шығыс және Батыс бөліктерден тұрды.  Жоғарғы билік шығыс бөліктің қолында болды. Шығыс иелік аумағы Жетісу мен Шығыс Түркістан болып, билеуші ставкасы Қашғар мен Баласағұнда орналасты. Билеуші шігіл тайпасының өкілі, Арслан Қарахан лауазымын иеленді. Батыс бөлік кіші қағанның қолында, ол Боғырахан лауазымын иеленіп, яғма тайпасынан шықты. Батыс иелікке Мәуереннахр аумағы кірді. Кейін XI ғасырдың 40-жылдары Ибраhим ибн Насыр тұсында Қарахан мемлекетінің екі дербес қағанатқа Шығыс және Батыс қағанаттарына түпкілікті бөлінуі аяқталды.

Қарахандар иеліктері батыста Амудария мен Сырдарияның орта ағысына дейін, шығыста Қашғар, солтүстікте Тараз маңынан өтіп  оңтүстікте Мәуереннахрға  дейін созылды.

Ірі екі бөлік - Шығыс және Батыс ұсақ үлестерге бөлінді. Үлес билеушілері «ілік», «тегін» лауазымдарына ие болды. Үлестік жүйе өзара қырқыстар туғызып, соған сәйкес билеушілері де жиі алмасып отырды. Қаған билігін жоғарыда аталған іліктер шектеді. Қағанға ең жақын адамдардың бірі уәзір еді.  Билік мұрагерлік жүйеге негізделді. Оның ішінде сатылы жүйе, яғни ағасынан інісіне берілді.

Қарахан мемлекетінің қоғамдық құрылыс жүйесі өзіне дейінгі түрік ммлекеттеріне қарағанда өзгешелеу болды. Ол қағанаттағы жер иелену түрлерінен, алым -салық жинау жүйесінен де байқалады.

Жер билеуші әулеттің меншігі болып есептелінді. Қарахан мемлекетінде жер иеленудің бірнеше түрлері қалыптасты. Олар иқта, коммендация институты, вакфтық жер үлесі, т.б.

Иқта - билеушілердің өздерінің туысқандары мен жақындарына сыйлаған  жер үлестері, феодалдық жер сыйлықтары. Мұндай жерлер ірі, орташа және ұсақ болып бөлінген. Жер сыйлықтарына тек әулеттің мүшелері, орташа және ұсақ төрелер ғана емес, сонымен қатар әскербасылар да ие болған. Мұндай түрі «әскери иқта» деп аталған. Онда олардың  қызметі, әскери дәрежесі, сіңірген еңбегі ескерілді. Бұл тартулардың иелері муқта (араб термині) немесе иқтадар (парсы термині) деп аталды.

Жер иелері - иқтадарлар ауданның, аймақтың немесе қаланың халқынан бұған дейін мемлекеттің пайдасына алынып келген салықтарды  алуға құқылы болды. Олар тек салықтар алумен шектелмей, сол жерлердің тұрғындарына да өз құқықтарын сақтауға тырысты.

X-XII ғасырларда Қарахан мемлекетінде дамыған коммендация институтының мәні мынада болды: «әлсіз (адам) өзінің жер учаскесін күштінің қамқорлығына береді, ол (күшті адам) әлсіз адамды қорғауға тиіс», сөйтіп олар феодал шонжарларға тәуелділікке түсті. Мұндай «қамқорлық» кедей шаруаға арзанға түскен жоқ. Олар салық төлеуге, түрлі міндеткерліктерді атқаруға (феодалдың малын бағу, мүлкін қорғау, шаруасына қарау), қажет жағдайда жауынгер беруге, т.б. міндеттенді.

Вакфтық жерлер- Дін ірі жер иеленушілер, басыларға, діни мекемелерге, көшпелі әскербасылар өсиет етіп қалдырған жерлер. Вакфтық жерлерден салық алынбаған.

Қарахандар тұсында да Жетісу мен оңтүстік Қазақстанда бұған дейін үстемдік етіп келген негізгі шаруашылық түрі - жартылай көшпелі мал шаруашылығы сақталынды. Жылқы өсіру жетекші орын алып, отар-отар қой мен түйе, ешкі, ірі қара мал өсірген. Көшпелі және жартылай көшпелі тайпалардың үстем тобы арасында аң аулау демалудың, қызық қуудың ролін атқарса, қарапайым халық үшін күн көрістің көзі болғандығы белгілі. Суы мол осы бір аумақта балық аулау да айтарлықтай роль атқарды.

Қарахан мемлекеті өзіне дейінгі түрік қағанаттарының тікелей мұрагері болғанымен де, әскери-лендік жүйе, жер иеленудің түрлері, жалпы экономикалық тұрғыдан  жаңа, дербес дамыған саяси жүйе болып қалыптасты.

Ислам дінінің мемлекеттік дін болып жариялануы қала келбетіне, құрылыс жүйелеріне тың өзгеістер әкелді. Жаңа мешіт ғимараттары салына бастады. Атақты адамдар басына күмбездер тұрғызылды. Олардың қатарында Айша -бибі, Бабаджа- қатын, Қарахан кесенелері бар. Қалаларда шығыс моншалары бой көтерді.

XII ғасырдың 30-жылдарында Қарахан мемлекетін шығыстан келген монғол тайпалары қидандар (Қарақытайлар) жаулап алды.

 

Наймандар, керейттер, жалайырлар

 

IX-XII ғасырларда қазіргі Монғолия аумағын ондаған көшпелі түркі тектес және монғол тайпалары мекендеді. Бұлар керейт, найман, меркіт, ойрат, қоңырат, татар және монғол тайпалары еді. Осы тайпалардың ішінде кейбірінің Қазақстан тарихына тікелей қатынасы бар. Олар найман, керейт және жалайыр тайпалары. Бұл тайпалардың негізгі мекендеген жерлері- Монғолияның орта және батыс аудандары болған. Х ғасырдан бастап Қазақстан аумағын қоныстана бастады.

Шығыстанушылар XII ғасырда жоғарыда аталған тайпалардың ең ірілері наймандар, керейттер мен жалайырларда феодалдық мемлекеттік құрылымдардың прототиптері - ұлыстар пайда болды деп есептейді.  Ұлыс - рулық тайпалық институттардан жоғары тұрған, белгілі бір аумақты иеленген, құрамына қандас туысқан адамдардан басқа бөгде адамдар да кіретін, кейбірінің өз шекаралары да болған, ерте ортағасырларда «халық» ұғымын білдірген құрылым. XII-XIII ғасырлардағы монғол көшпелілерінің шежіресі - «Монғолдың Құпия шежіресі» ұлыстарды «жаратылысынан хандар» басқарған деп көрсетеді.

Наймандар. Деректер VIII ғасырда Орхон өзенінен бастап Ертістің жоғарғы ағысы мен Алтай тауларына дейінгі аралықта сегіз тайпа бірлестігі мекендеген деп көрсетеді. Монғол тілінде «найман» - «сегіз» дегенді білдіреді. Сондықтан оларды монғолдар «найман» деп атап кеткен. Тарихшылардың басым бөлігі наймандарды түркі тектес халық десе, кейбір деректер оларды монғол тектес халықтар тобына жатқызады.

Найман мемлекеті XIIғасырдың ортасына таман құрылған. Найман сум қаласын (Батыс Монғолияда) Ә. Марғұлан Найман ұлысының әкімшілік орталығы болған деп есептейді. Алғашқы ханы Наркеш Дайын хан. Ол 1160-1203 жылдары басқарған.  Мемлекеттің күшейген мезгілі Инаныш Білге ханның тұсы. Ол қарақытайлар үстемдігінен құтқарып, көрші елдермен сауда байланысын орнатқан. Инаныш ханның қайтыс болуымен оның ұлдары Бұйұрық хан мен Даян хан арасында билік үшін талас басталады. Бұл хандықты әлсіретпей қоймады. Хандық екіге бөлінеді. Мұны монғол тайпаларының билеушісі Темучин пайдаланып, 1204 наймандарды біржола жеңіп, өзіне бағындырады. Жеңілген наймандар Күшлік ханның басшылығымен батысқа, Қазақстанның шығысына Алтай, Ертіс маңына барып қоныстанады. Ал 1218 жылы Жетісуға қоныстанған наймандар монғол билігін мойындайды.

Керейттер. Жазба деректердің жазуынша Керейт тайпалары Орхон, Керулен, Селенгі, Аргун өзендерінің бойын мекендеген. Батысында наймандармен көрші тұрған.

XII-XIII ғасырлардағы көшпелілер шежіресі – «Монғолдың құпия шежіресінің» мәліметтеріне сүйенсек, XIғ. аяғы-XIIғ. басында керейттер мен монғол хандығы бір бірімен жақсы қарым қатынаста болған. Олар бірлесе отырып меркіт, наймандарға қарсы шабуыл жасаған.

Керейт хандығының орталығы қазіргі Улан Батор қаласы жанындағы Хантәңірі тауының шығыс жағындағы Битөбе деген жерде болған.

XI ғасырдың екінші жартысында Керейт хандығының құрамына мына сегіз аймақ кірген: Керей, жиркиы, қоңқай, сақай, тутау, албат, тунхай, қыркун

Керейт мемлекетінің гүлденген тұсы X –XIIғасырлар аралығы, Маркус пен оның ұлы Құршақұз хандар билігі тұсы.

Керейт хандығының орталығы Құршақұз ханның күйеу баласы Сарық билігі тұсында Орхон өзенінің бойына Қарақорым қаласына ауысады.

XII ғасырдың аяғында Керейт мемлекеті екі бөлікке бөлінеді. Керейт билеушісі Торы мен Шыңғысхан арасындағы достық қатынас ұзаққа бармады. 1202 жылы олар өзара жауласып, Шыңғысхан керейттерді басып алады. Керейттердің бір бөлігі Қазақстанның шығысына келіп орналасқан.

Жалайырлар. Жалайыр тайпалары туралы жазба деректер өте аз.  Монғол деректерінің жазуынша жалайырлар Селенгі, Хилок өзендерінің бойында, Орхон өзенінің жоғарғы ағысында, Қарақорым таулы қыраттарында өмір сүрген.

Монғол шежірелері жалайыр тайпасынан шыққан, ақын, әрі шешен Мұқылайды Шыңғысханның жақын досы болған деп көрсетеді. Шыңғысхан Мұқылайды өзіне көрсеткен адал қызметі үшін «күй үн чінсан тәйжы» деген атақ беріп, сол қанатының түменін (әскерін) басқартқан.

Деректер Шыңғысханның андасы-серттескен ең жақын досы Жамұқаның 1201 жылы Аргун өзенінің бойында құрылтай шақырып, өзін «гурхан» деп жариялап, таққа отырғанын жазады. Мұны естіген Шыңғысхан ашуланып, керейттер ханы Торымен одақтасып, Жамұқаны талқандап, жалайырларды қол астына қаратады.

Бұл тайпалардың негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығына негізделді. Сонымен қатар көшпелілер өмірінде аң аулау маңызды роль атқарды. Негізгі мал түрлері жылқы, сиыр, қой болды. Көшіп-қону кезінде дөңгелекті арбаларды қолданды. Көліктің бұл түрі түрлі заттарды тасымалдау үшін ғана емес, сонымен қатар жығылып-жиналмайтын киіз үйлерді алып жүру үшін де тиімді болған. Жорық кезінде керейттерде сегіз дөңгелекті хассақ арбалар пайдаланылған. Оларда есік, кереге, уық, шаңырағы алтынмен көмкерілген «Алтын үйлер» тиелген. Байкал, Орхон, Сэленгэ өзендері бойын мекендеушілер аздап егіншілікпен де айналысқан. Деректерде осы тайпалар негізін қалаған Қарақорым, Ақбалық, Найман сум, Байбалық, Түндік, Қарабалық сияқты қалалардың да аттары аталады. 1007 жылы наймандар мен керейттер христиан дінінің шығыста тараған несториандық тармағын  қабылдады. Батыс саяхатшысы Гильом де Рубрук жазбаларында бұл туралы мынадай мәліметті кездестіруге болады:

«...Аталмыш жоталардың бір қойнауында өздері христиан-несторианға сиынатын және аса білікті, күш қуатты найман (naiman) деп аталатын pastor-лар өмір сүріпті».

Монғол дәуіріне дейінгі түрік және монғол тайпалары туралы  құнды дерек ортағасырлық тарихшы Рашид ад –диннің «Жами ат –Тауарих» («Жылнамалар жинағы») еңбегі. Еңбектің бірінші бөлімі монғол, парсы, қытай, түрік деректерінің негізінде түрік  - монғол тайпаларының шығу тегіне арналған.

Рашид ад - дин керейттерді монғолдармен тілдік жақындығы болғанымен туыстық байланысы жоқ және өз билігі өзінде болған түркі тектес тайпалар тобына жатқызады. Оларда тайпаның салт-дәстүр, жер, су, адамдар, лауазым аттары Орхон жазуындағы түркі атаулары, ұғымдарымен сәйкес келеді.

Тайпалар мен ұлыстардың тағдыры XIII ғасырдың басындағы Шыңғысханның соғыстары нәтижесінде шешілді. Наймандардың, керейттер мен жалайырлардың бір бөлігі Қазақстан жеріне көшсе, енді бір бөлігі монғолдарға бағынды. Алғашқылары қалыптасып келе жатқан түрік халықтарының құрамына, атап айтқанда, қазақ, өзбек, қырғыздар құрамына енді. Бұл тайпалардың атаулары бүгінгі қазақ жүздерінің ішіндегі ру- тайпалардың ішінде сақталған.

 

Қарақытайлар Жетісуда

 

Қарақытайлар Орталық Азиядағы (Солтүстік Монғолия), Солтүстік Қытай, Маньчжурия мен Уссури өлкесін мекендеген «қидан» тайпалары. Олардың батысқа жылжыған бөлігі мұсылмен деректерінде «қарақытайлар» деп аталады. Кейбір деректер оларды тұнғұс-монғол тілдес халық деп көрсетсе, ал кейбір араб, парсы деректері оларды түркі тілдес деп те көрсетеді. 924 жылы қидандардың Ляо мемлекеті құрылады. Алтайдан Тынық мұхитқа дейінгі алып аумақты алып жатқан бұл мемлекет 1125 жылы құлап, Елюй Даши бастаған 40  мың түтін қидандар Жетісу жеріне келіп қоныстанады. Осы кезде қарахан мемлекеті де әлсірей бастаған еді. Осыны пайдаланған Елюй Даши өз әскерлерін Жетісудың орталық аудандарына қарай енгізіп, Баласағұн қаласын басып алады. Баласағұнға жақын жерде өз орталықтарын Ғұз ордасын құрады. Сөйтіп қарақытайлар билігі тек Жетісу емес, бүкіл оңтүстікке тарайды.

Қарақытайлар Қарахан мемлекетінің ел басқару жүйесін сақтады. Ханның мұрагерлігі де сақталынды. Дегенмен қарақытайлардың басқару жүйесінде бір ерекшелік болды. Қарақытайларда тек ер адам ғана емес, сонымен қатар әйелдер де мұрагер бола алды. Егер гурхан қайтыс болған жағдайда, оның орнын басатын ер адам болмаса, әйел адам гурхан болып сайланған. 1143 жылы Елюй Даши қайтыс болып, билікке оның әйелі Табуян келген. Жеті жылдан кейін ғана билік оның ер жеткен ұлы Илеге тиеді.  1155 жылы Иле қаза болғаннан кейін, билікке Елюй Дашидің қызы Бұсұған келген.

Қарақытайлар жаулап алған жерлерінде қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратпаған. Сондықтан да жергілікті халық тарапынан онша қарсылық болмаған.

Кейін XII ғасырдың екінші жартысынан бастап қарақытайлар өзіне бағынышты халықтарға салық салуды күшейтеді. Халықты ашық тонауға кіріседі. Жетісудың егіншілікпен айналысатын тұрғындары билеушіге өнімнің оннан бір үлесін төлеген. Ірі қалалар әкімі гурханға жыл сайын жер салығы харадж төлеп отырған. Бейбіт қоныстарға шабуыл жасап, мал-мүлкін зорлықпен тартып алған.  Мұның барлығы жергілікті халықтың наразылығын тудырды.

Қарақытайлар енді Қарахан мемлекетінің Орта Азиядағы иеліктеріне ауыз сала бастады. 1137 жылы Ходжент жанынада Қарахан әскерлеріне соққы береді. 1141 жылы Самарқан қаласына жақын Қатуан даласында қарақытайлар мен қарахан әскерлері арасында шайқас болып, қарақытайлар бұл жолы да жеңіске жетеді. Бұқара қаласына басып кіреді.

1171-1172 жылдары қарақытайлар Хорезм жеріне қайта шабуыл жасайды. Оған Хорезм шахының келісім бойынша төлеуге тиісті алтын динардан бас тартуы себеп болды.

XIII ғасырдың басында қарақытайлар екі жақтан соққыға ұшырайды. Бірі Хорезм шахы Мұхаммед Самарқан сұлтанымен келісіп қарақытайларға қарсы шығады. 1208  жылы қарақытайлар шығыста наймандардан жеңіліс табады. Сөйтіп ек жақтан соққыға ұшыраған қарақытай өкіметі 1212 жылы құлайды.

       

Қыпшақ хандығы

 

Қыпшақтардың қазақ және басқа да түркі тілдес халықтардың қалыптасуындағы (этногенезіндегі) ролі зор. Оны орта ғасырлардағы этникалық топтар ретінде Алатай, Монғолия, Хорезм, Қазақстан тағы да басқа жерлерді мекендеуі ғана емес, сонымен қатар олардың  маңызды этникалық  компонент ретінде, бүгінгі өзбек, қарақалпақ, башқұрт, түркімен, алтай халықтарының құрамында болуы да дәлелдейді.

Б.з. II мыңжылдықтың  басында ортағасырлық шығыстың мұсылмандық тарихнамасы мен Ежелгі Русь жылнамаларында Еуразия далаларының  шығыста Алтай тауларының сілемдерінен басталып, батыста Карпат таулары бөктерлеріне дейін созылған алып аумағында көшіп-қонып жүрген негізгі халық атымен аталған «Дешті- Қыпшақ» немесе «Половецкое поле» (орыс жылнамаларында) ұғымы пайда болды. «Дешті - Қыпшақ » парсы тілінен   «қыпшақтар даласы» деп аударылады. Бұл атауды XI ғасырдың парсы тілдес авторы, парсы ақыны Насир  и - Хусрау берген. Ол өзінің «Диуан» еңбегінде бұлайша Хорезмнің солтүстік  шығыс шекарасына тиіп жатқан далаларды, яғни  Балқаш пен Сырдария өзенінен солтүстікке қарай, Ертістен Итильге (Еділ) дейінгі жерлерді атаған.

Дегенмен, бұдан қыпшақ этносы тарих сахнасында екі мың жылдықтың  басында пайда болды деген пікір тумау  керек. Деректердің көрсеткеніндей  қыпшақтар туралы мәліметтер ертеректе кездескен.

Қазақстан аумағында қыпшақ этникалық  қауымдастығының қалыптасуы ұзақ әрі  күрделі процесс болды. Ол бірнеше тарихи кезеңдерден тұрады. Бірінші, VII ғасырдың  екінші жартысы - VIII ғасырдың соңы. Қыпшақтар қимақ бірлестігінің құрамында маңызды роль атқарды. Алтай таулары, Ертіс өзені бойын қоныстанған. Селенга өзені бойынан табылған Мойыншор  құлыптасында  (759 жылы) орхон жазуымен жазылған ұйғырлардың «Қыпшақтар бізге елу жыл үстемдік етті » деген жазбалары кездеседі. Екінші, VIII ғасырдың соңы - XI ғасырдың  басында қыпшақтар билікті өз қолдарына алды. Қимақ бірлестігіне енген тайпалар қыпшақ аталды. Үшінші,  XI ғасырдың басы - XIII ғасырдың басы қыпшақтар батысқа жылжып, Сырдарияның төменгі ағысындағы оғыз мемлекетін күйретіп, «Мафазат әл - Ғұз» Дешті Қыпшақ құрамына енді. Бұл Қыпшақ хандығының күшейген кезеңі.

Қыпшақ қоғамының басында хан тұрды. Хан ордасында ханның  басқару аппараты орналасты. Қыпшақ хандығы әскери- әкімшілік жағынан ежелгі түрік дәстүрі бойынша екі қанатқа бөлінді: Оң қанат - ордасы Жайық өзені бойында және сол қанат - Сырдарияда, орталығы Сығанақ қаласы. Үстемі оң қанат болды. Билеуші әулет Елбөрілі тайпасынан шықты. Билік иерархиялық жүйеге негізделді: хан, тархан, югур, баскак, бек, және бай.

Қыпшақтардың негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығына негізделді. Ибн Батутта «Қыпшақтардың малындай көп мал жер жүзінде жоқ » деп таң қалса, мұны батыс саяхатшысы Плано Карпини да «Қыпшақтар малға өте бай, жылқысы,  түйесі, өгізі, қойы, сиыры көп...»,- деп қолдайды. Қыпшақ хандығындағы әлеуметтік сословиелік теңсіздік те малға жеке меншікке негізделді. Әл-ауқаттың өлшемі, байлықтың көзі табын-табын жылқылар деп есептелді. Қыпшақ аттары Ауғанстан, Иран, Үндістан, Египет, Византия базарларында үлкен сұранысқа ие болған. Деректер қыпшақ жылқылары жүз динар күмістен бес жүз динар күміске дейін сатылды деп көрсетеді.

Қыпшақтардың қолөнері негізінен мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, қайта өңдеумен байланысты еді. Ол өнімдерден киіздер, арқандар, жүн маталар, сырт киімдер (тон, малақай, теріден аяқ киімдер), түрлі ыдыс- аяқтар жасалды.

Археологиялық деректер оңтүстік Қазақстанның отырықшы-егінші аудандарымен көрші қыпшақтар арасында керамика ыдыс-аяқтарын өндірудің болғандығын, қыпшақ зираттарынан табылған әшекейленген ат әбзелдері, тұрмыстық металл бұйымдары  темір кендерінің өндірілгендігін, өзіндік металл өңдеу дәстүрлерінің болғандығын көрсетеді. Белгілі ғалым Ә. Марғұлан бұл туралы былай деп жазады: «Орталық Қазақстанда сол кезеңнің бірнеше ежелгі кен орындары сақталған. Олардың  қатарында ең алдымен Шығыс Қарқара ауданының Кентөбе, Кенқазған, Қарашоқы, Қарашошақ, Жалпақ I, Қарашұқыр бар».

Ортағасырлар тарихынан белгілі көшпелілер өмірінде аң аулау кәсібі маңызды роль атқарды. Қыпшақ қоғамының билеуші үстем тобы үшін аң аулау қызық қуу, демалудың бір түрі болса, негізгі қалың бұқара халық өмірінде көп жағдайда күн көрістің, тіршіліктің көзі болды. Араб-қыпшақ сөздіктерінде қыпшақтар арасында кең тараған жабайы аңдар мен құстардың атаулары өте көп. Мәселен, құлан-жабайы есек, сағын-бұғы, айрұқ-тау ешкісі, тонгуз-шошқа, чучка-шошқаның баласы, тулку-түлкі, болчик-қасқырдың баласы, тейин-тиін, балабан-қыран т.б.

Қыпшақ мәселесі Қазақстан мен Орта Азия немесе Алтай халықтары үшін ғана емес, сонымен қатар, Шығыс Еуропа, Египет, Үндістан, Кавказ елдері үшін де  қызықты болып табылады. Оған қыпшақтардың орта ғасырлық тарихынан белгілі Мамлюктік Мысыр (Бейбарс), Хорезм (Иль-Арслан, Текеш, Мұхаммад) мен Үндістанда  (Кутб ад Дин Айбек) билік басында қыпшақ өкілдерінің отыруы, Грузия, Венгрия, Хорезмде қыпшақтардан ірі әскер жасақтарының құрылуы дәлел.

Қытай, парсы, араб деректері, орыс жылнамалары және материалдық, рухани мәдениет ескерткіштері қыпшақтардың аталмыш елдер халықтарының этногенезі, саяси-экономикалық және мәдени өмірінде өшпес із қалдырғандығын дәлелдейді.

Қыпшақтар Грузияда. 1118 жылы грузин патшасы IY Давид селжұқтардың шапқыншылығына қарсы күресте Грузия билеушісіне қызмет етуді сұрап қыпшақ ханы Атрақққа өз елшісін жібереді. Грузин деректерінің мәліметтеріне сүйенсек, Атрақ 40 мың әскермен келген екен. Патша оларды оңтүстік, оңтүстік-шығыстан жер беріп орналастырады. 5 мың таңдаулы қыпшақ әскері грузин билеушісінің жеке гвардиясын құрады. 1121 жылы Дидгор тауларында қыпшақтар селжұқтарды талқандайды. IY Давидтің  56 мыңдық әскерінің 15 мыңын қыпшақтар құрайды. 1122 жылы Тбилисиді алуға қатынасады. Атрақ хан  патша сарайында үлкен беделге ие болған. IY Давид қызы Гурандухтты Атраққа әйелдікке береді.

Қыпшақтар Венгрияда. Қыпшақтардың Венгрия аумағында қоныстана бастауы 1091 жылмен сәйкес келеді. Осы жылы қыпшақ ханы Копулха хан Венгрияға сәтсіз жорықтарын ұйымдастырған болатын. Олардың көпшілігі тұтқынға түсіп, кейіннен босап Венгрия корольдігінің аумағында қоныстанады. Венгр корольдері өздерінің ішкі және сыртқы жауларына қарсы қыпшақтармен бірнеше рет әскери одақ жасасады. Венгрияда тұрған жеті қыпшақ хандарының есімдері белгілі. Олар Ретел, Бунга, Ете, Гурзул, Кубат, Овшад және Байта.

Қыпшақтар мұнда өздерінің екі ордалары – Үлкен және Кіші Куманияларын құрды. Қыпшақ ақсүйектері корольдіктің саяси өміріне белсене араласып, жоғары қызметтерді иеленді.

Қыпшақтар Египетте. XIII ғасырдың басында монғолдар тұтқындарды Еуропа, Сирия, солтүстік Африка, Үндістан, Египетке арзан бағамен жаппай сата бастады.

Ортағасырларда өзін сыйлайтын мұсылман билеушісінің жеке гвардиясы болған екен. Жеке гвардия Үндістанда гулямами, Египетте мамлюктер аталған. Олар өз билеушілеріне адал қызмет еткен. Ең күшті мамлюктер мен гулямамилар түріктер мен кавказдық құлдар саналған.

Египет сұлтаны Айюбид әулетінің өкілі Мәлік Салих (1240-1294 жж.) Ніл өзенінің шығыс жағалауы бойында мамлюктер үшін арнайы әскери қалашық салдырады. Нілді Египетте Бахр - теңіз деп атайды. Құлдар Бахр-мамлюктер аталды. Тарихтан осы мамлюктердің өкілі Бейбарс өзінің ақылы, ерік- жігері, әскери қабілеті, күш-қуаты арқасында Египет тағында 17 жыл 2 ай 12 күн билік құрды. Ол Египетте өзіндік мамлюктік басқару жүйесін енгізді.

Міне, осылайша түрлі жағдайда өз ата-мекенінен қоныс аударған қыпшақтардың ортағасырлық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінің этносаяси және мәдени тарихына әсер еткендігі сөзсіз еді.

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.

2. Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.

3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542-     бет., А., 1998.

4. Агаджанов С. Г. Очерки истории Огузов и туркмен Средней Азии.IX-XIIIвв. Ашхабад, 1969.

5. Зуев Ю. А. Ранние тюрки. Очерки истории и идеологии. А.,2002. с. 332