Қарлұқтар мемлекетінің құрылуы

 

Жазба деректерде қарлұқтар  біздің заманымыздың V ғасырындағы тирек тайпаларының құрамында кездеседі.  Қарлұқтар туралы алғашқы мәліметтер кездесетін қытай деректерінде V ғасырдың орта шенінде қарлұқтар өздерінің басты руының атымен Бұлақ деп кездеседі. Олар Алтай баурайларын мекендеген.

Қарлұқтар Алтай тауларының  батысын Зайсан, Алакөл, Урунгу көлдері аралығын,  Қара Ертіс бойы мен Тарбағатайды мекендеді. Бұл кезде олар «Үш Қарлық» (Қарлұқтардың үш тайпасы) елі ретінде белгілі болды. Олар бірде Батыс Түрік қағанатына, бірде Шығыс Түрік қағанатына бағынған.

VII ғасырдың соңында қарлұқтар бір-бірімен күрескен үш күштің ортасында қалды. Олар Шығыс Түрік қағанаты, Қытай империясы және Түркештер еді. 714 жылы қарлұқтар Түркештер мен Шығыс Түрікке қарсы Қытаймен одақтасты. Оған бір жағынан, батыста күшейіп келе жатқан Түркештерден гегемондықты, яғни қозғаушы, басқарушы күшті, тартып алу, екінші жағынан, Шығыс Түрік қағанатының басқыншылық, тонаушылық жорықтарынан қорғану себеп болды. Жазба деректер («Үлкен Күлтегін жазуы») Шығыс Түріктің қарлұқтармен шайқасын  былайша хабарласа «жиырма жеті жасымда еркіндік пен тәуелсіздікте болған қарлұқ халқы дұшпан болды», Білге қаған жазуы мұны тағы да растайды «Отыз бір жасымда қайғысыз, еркін және тәуелсіз болған қарлұқтар дұшпан болды. Тамағ ыдуғ басында шайқастық. Қарлық елін өлтірдім. Ол жерді қол астыма қараттым.». Тамағ ыдуғ (Тамыр бұлағы) Хангай тауларынан бастау алып Орхон өзеніне құятын өзен саласы. VIII ғасырдың ортасында Орталық Азиядағы шешуші саяси күш - ұйғыр мемлекеті болды. Көне түркілер мұрасы Солтүстік Монғолия үшін ұйғырлармен болған күресте сәтсіздікке  ұшыраған, екінші жағынан батыста Түргеш қағанатының әлсіреуімен қарлұқтар батысқа бет бұрды. Қарлұқтардың батысқа жылжуы бұдан ертеректе-ақ басталған болатын.       Ұйғырлардың Терхин жазуларында қарлұқтардың ит жылы (746 ж.) «Он оқ еліне» кеткендігі хабарланады. Бірақ, Жетісуда қарлұқтар билігінің орнығуына 740 - 751 жылдар аралығындағы империя әскерінің бұл өңірге жорықтары кедергі жасады. 740 жылы Тараз, 748 жылы Суяб, 749 жылы Шаш қалаларын  қытай әскерлері ойрандады. 751 жылғы  Талас шайқасында жоғарыда аталған себептерге байланысты империя әскері кейін шегінуге мәжбүр болды. Арабтар да кейін шегініп Жетісуда қарлұқтар билігі нығайды. Жетісуда қарлұқтардың орнығуына жергілікті оғыздар да қарсылық көрсетті. Дегенмен, қарлұқтардың қысымымен оғыздар батысқа, Сырдарияның төменгі ағысына, жылжуға мәжбүр болды. 756 жылы қарлұқтар Тараз және Суябты алып Жетісуда өз биліктерін түпкілікті орнатты.

Қарлұқ мемлекеті шығыста- Жоңғар Алатауынан, батыста- Сырдарияның төменгі ағысына дейін, солтүстікте- Балқаш, оңтүстікте- Ыстықкөлге дейінгі жерлерді  алып жатты. Араб саяхатшысы Әбу Дулаф «қарлұқтар жерімен  жиырма бес күн өтуге тура келді» десе, араб географы Ибн Хаукаль  «қарлұқтар жерін  батысынан шығысына қарай жүріп өту үшін отыз күн жол жүру керек болды» деп хабарлайды. «Худуд әл-алам» (X ғ.) мәліметтеріне сүйенсек, халқы ең тығыз қоныстанған және ең бай жер болған. Онда қалалар мен қала қоныстары өте көп. Қарлұқ елінде жиырма бес қала мен қала қонысы болған. Олардың ішінде Құлан, Мерке, Аталық, Балық, Барысхан, Тальхиз қалалары аталады. Қалалардың көпшілігі Ұлы Жібек жолы бойында  орналасты. Ірі қалалары Тараз бен Испиджаб.

756 жылы құрылған Қарлұқ мемлекетінің билеушісі ябғу лауазымына ие болды. 840 жылы Білге Күл Қадыр өзін қаған деп жариялады. 

 

Қарлұқтар құрамына үш ірі рулық бірлестіктер- Бұлақ, Жікіл және Ташлықтар кірді. Араб, парсы деректеріне  сүйенсек, Жетісуда құрылған қарлұқ конфедерациясына түркі тілдес көшпелі және жартылай көшпелі түрлі тайпалар өкілдер- бұлақтар, тухсилер, аргулер, барысхандар, оғыздардың қалған топтары кірген.

Орта Азиядағы Самани әулеті мұсылман дінінің шекарасын кеңейту мақсатында «ғазауат соғыс» жариялап, Испиджабты басып алады. Қала билеушісі саманилер әулетіне алым-салық төлеп тұрады. Саманилер Тараз қаласын да басып алып, онда мешіт салдырады. Қала билеушісі Оғұлшақ (Білге Күл Қадырдың ұлы) Қашғар қаласына кетуге мәжбүр болады. Дегенмен, бұл қалаларда саманилердің діни ықпалы болғанымен де, іс жүзінде билік қарлұқтар қолында болды. Сондықтан да саманилерге қарсы күрес те тоқтамаған.

Қалыптасқан тарихи және географиялық жағдайларға байланысты, қарлұқтар Қазақстан мен Орта Азияда орналасқан түріктердің ішіндегі отырықшылдыққа ерте бой ұрған тайпалық бірлестік. Оған ,біріншіден, оңтүстік, оңтүстік-батыстағы отырықшы-егіншілікпен, саудамен айналысқан  Соғды мемлекетімен  байланыстары, екіншіден, Ұлы Жібек жолының қарлұқтар мекенімен  өтуі себеп болды. Қарлұқ қоғамында шаруашылықтың бірнеше типі қалыптасты. Олар көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы шаруашылықтар. Егер осы қарастырып отырған кезеңде қыпшақтар мен оғыздарда негізінен көшпелілік басым болса, қарлұқтарда жартылай көшпелі шаруашылық үстемдік етті. Аң аулау кәсібімен де шұғылданды.         Қағанаттағы ішкі талас тартыстар мен билік үшін күрес күшті болды. Бұл қағанатты әлсіретпей қоймады. Мұны пайдаланған Қашғардың түрік билеушілері 940 жылы Баласағұн қаласын басып алып, Қарлұқ қағанатын талқандайды.

 

Оғыз мемлекетінің құрылуы

 

Оғыз тайпасының бастапқы мекендеген аумағы Жетісудың  батысы болды. Түркештер мұрасы үшін болған қарлұқтар мен оғыз тайпаларының арасындағы  күрес нәтижесінде Жетісуда билікке қарлұқтар келіп (756 жылы), оғыз тайпалары батысқа Сырдарияға қарай қоныс аударды. Бұл кезде Сырдарияның орта, төменгі ағыстары мен Арал теңізі аралығында араб деректеріндегі  Сырдарияның  Кангар атауымен аталған кангар тайпалары мекендеген еді. VIII ғасырда кангар атауының орнына жаңа печенег деген атау қалыптасты. VIII ғасырдың  басында Сырдария алқабы  печенег - кангар тайпаларының  басшылығымен біріккен саяси конфедерацияға енді. Саяси орталығы Отырар қаласы болды. VIII ғасырдың 2- жартысында печенег- кангарлар Жетісудан ығысқан оғыз тайпаларымен кездесіп Сырдария алқабы үшін күрес басталды. Нәтижесінде, оғыз тайпалары печенег - кангарларды талқандап Сырдарияның орта, төменгі ағыстарын Арал өңірін тұтастай иеленді.

IX ғасырдың  соңында оғыз  шонжарлары Аралдың солтүстік өңіріндегі билікті өз қолдарына алып, Жайық, Еділ өзендерінің бойына қоныс тепті. Қаратау бөктері, Шу бойы, Балқаш маңы, Орал, Ырғыз, Ембі, Ойыл, өзендері тұтастай оғыздар мекеніне айналды. Бұл оқиғалар оғыздардың  саяси топтасуына себепші болды. Араб деректерінің мәліметтеріне қарағанда, IX ғасырдың соңы - X ғасырдың басында оғыздарда мемлекет қалыптасты. Оғыз конфедерациясына кангар печенегтер, Арал, Каспийдің  солтүстік төңірегінің тайпалары енді. Оғыздармен бірге Сырдарияға көшкен халаж, қарлұқ тайпалары,  Шу мен Талас  аңғарын мекендеуші жағр, шарұқ тайпалары да  кірді. Шығыс Түрік тайпаларының кейбір топтары да болды. Олардың ішінде имек кимек тайпалары, байандұрлар, имурлер, кай тайпалары  бар.  Махмұд Қашғари «Диуани лұғат – ат түрікте» XI ғасырда оғыздарда 22 тайпа болды деп, олардың тізімін береді. Әл- Марвази 12 тайпадан тұрды деген пікірді ұстанады. Келесі бір дерек «Джами ат– Тауарих» оғыздар екі үлкен тайпалық топтан- бұзұқтар мен ұшұқтардан тұрғандығын мәлімдейді.

Оғыз мемлекеті кең байтақ аумақты алып жатты. Батыста Ырғыз, Жайық, Жем, Ойыл, Арал маңын, Шығыста Балқаш көлінің оңтүстігіне дейінгі жерлерді, Сырдария аңғарын, Қаратау баурайын, Шу өңірін мекендеді. Оңтүстікте Хорезм, Мәуереннахр, Хорасанмен шектесті. Оғыз мемлекетінің астанасы Янгикент немесе Жаңа Гузия қаласы  болды.

Янгикент өте қолайлы жерде орналасқан қала еді. Қала Хорезм, Мәуереннахрмен шектесіп, Кимектер даласы арқылы Сарысу, Кеңгір, Есіл, Нұра бойларына баратын маңызды керуен жолының үстінде орналасты.

Оғыз мемлекетінің билеушісі «жабғу» лауазымына ие болды. Жабғу билігі мұрагерлік жүйеге негізделді. Жабғу мұрагерлері «Инал» атағына ие болған. Жабғудың «Күл-еркін» лауазымына ие орынбасарлары және «Сюбашы» аталған әскер басшылары сарай өмірінде үлкен роль атқарды. Сонымен қатар, оғыз мемлекетінің  бір ерекшелігі жабғудың әйелі – «хатун» билікке араласты.

Мүліктік теңсіздік малға жеке меншікке негізделді. Ибн Фадлан «бай оғыз он мың бас жылқысы бар оғыз»,- деп көрсетеді. Деректерде мұндай бай топтар бай, бек, әмірлер деп аталады. Кедей  топ  М.Қашғаридің «Диуани лұғат –ат түрікінде» ерлер деп аталған. Олар малға қарау, киім тігу, тамақ даярлау сияқты  үй жұмыстарымен айналысқан. Махмұд Қашғари «Оғыз кедейлері ятуктер соғыстарға қатыстырылмаған», - деп жазады. Кедей ауырып қалған жағдайда, оларды құлдар сияқты қараусыз далада қалдырған. М. Қашғари оларды йоксул, джиған  деп атайды.

Оғыздардың  Хорезммен, Хорасанмен экономикалық байланыстары интенсивті,яғни қарқынды түрде жүріп, олардың малдары Хорасанда үлкен сұранысқа ие болды. Ірі сауда орталығы- Сырдарияның орта ағысындағы Сауран қаласы.. Хорасаннан оғыздар еліне лазуритке ұқсас малахит пен азурит әкелінген.

 

 

Оғыздардың шаруашылық түрлері

 

Жартылай көшпелі,

жартылай отырықшы

мал шаруашылығы

 

Егін шаруашылығы

 

Кәсіпшілік пен қолөнер

 

 

Оғыз мемлекеті Еуразияның саяси әскери тарихында елеулі роль атқарды. 965 жылы оғыз жабғуы мен Киев князі Святослав арасында Хазарларға қарсы әскери одақ құрылып, Хазар қағанатын талқандайды. Бұл одақ екі жақтың  да  көздеген мақсаттарынан, сауда-экономикалық мүдделерінен туындады. Егер Хазар мемлекетін талқандау орыс көпестері үшін Шығыс елдерінің  бай базарларына жол ашса, оғыздар үшін Дон, Қара теңіз маңындағы далалар мен  мал жайылымдары  қажет болды. 985 жылы князь Владимирмен одақтасып, Еділ бұлғарларын талқандауға қатысады.

X ғасырдың соңы - XI ғасырдың басында оғыз мемлекеті құлдырай бастады. Бұл , бір жағынан, Әлихан тұсындағы алым-салықтың өсуіне халық наразылығының  күшеюімен, екінші жағынан, Шығыстан төнген селжұқ  тайпаларының толассыз шабуылдарымен түсіндіріледі.

Әлиханның мұрагері Шах Мәлік тұсында Оғыз мемлекеті қайта күшейді. Тіпті 1041 жылы Хорезмді басып алды.

Ішкі талас-тартыс, селжұқтарға қарсы сыртқы шабуылдар оғыз мемлекетін әлсіретті. Осы тұста солтүстік-шығыста қыпшақ тайпаларының шабуылдары күшейді. Бұл оғыз мемлекетінің өмір сүруін тоқтатуына алып келді. Араб деректерінде  «Мафазат әл –Ғұз» деп аталған Оғыздар даласы Дешті Қыпшақ құрамына енді.

 

 

Кимек мемлекеті

VII ғасырдың басында Монғолияның солтүстік батысын мекендеген кимектер VII ғасырдың ортасына таман Алтайдың солтүстік аудандары мен Ертіс өңіріне көшеді. VIII ғасырдың екінші жартысы мен IX ғасырдың басында кимектер Қазақстан жеріне қоныс тебе бастады. 766-840 жылдары кимектер Батыс Алтай, Тарбағатай мен Алакөл ойпаты аумағына қоныстанды. Ортағасырлық парсы тарихшысы Гардизи кимектер құрамында жеті тайпа болды деп көрсетеді. Олар эймур, байандур, татар, ланиқаз, ажларлар, имек, қыпшақ тайпалары. Кейбір деректерде кимектер атауы «қимақтар», «кемектер» деп те кездеседі.

Деректердің көрсетуінше, Кимек мемлекетінің құрылған мерзімі IX ғасырдың соңы. Қағанат Қазақстанның солтүстік-шығыс, орталық аймақтарын алып жатты. Қағанаттық орталығы Имақия қаласы болды.

Мемлекет билеушісінің лауазымы «қаған» деп аталған. Билік атадан балаға мұрагерлікке қалдырылып отырған. Өкіметтің барлық билігі қаған қолында болды. Қағаннан кейінгі билік тайпалар бірлестігін  басқарған «ябғулардың»  қолында еді. Олардаң кейінгі жеке ру-тайпаларды  «шад-түріктер» билеген.

Кимектер орталығы  болған Ертіс өңірінде олардың 16 қаласы болыпты. Олардың ішінде Имақия, Қарантия, Дамурия, Шнария, Сараус, Дахлан, Банджар, Астур, т.б. бар.

Х ғасырдың екінші жартысында кимектер жеріне Қарахан мемлекеті шабуыл жасай бастайды. Деректер оларды Ертіске дейін жетті деп жазады. XI ғасырда  бұл шабуылдар күшейе түсті. Осындай жорықтардың әсерінен Кимек мемлекеті де әлсірей бастайды. Екінші жағынан, ішкі билік үшін күрес те өрши түсті. Билік үшін күреске қыпшақ тайпалары да араласты.

Кимектерде мал шаруашылығы басым болды. Парсы тарихшысы Гардизи былай деп жазды: «шаруалар өз мырзаларының малын бақты... Қысқа арнап олар әрқайсысы өздерінің шама- шарқына қарай, қой, жылқы немесе сиыр етін сүрлеп алады». Сонымен қатар, кимектер қолөнер, балық аулау, егіншілікпен де айналысқан. Зираттардан табылған садақ жебелері кимектердің темір қорытудың шеберлері болғандығын көрсетеді.

Кимектер мен қыпшақтар жазуды білген. Олар ежелгі көне түрік жазуын пайдаланып, қамыс қаламмен жазған.

Кимектер табиғаттың әртүрлі күштері мен құбылыстарын пір тұтқан, көкке, Тәңірге  сиынған.  Олар күнге, жұлдыздарға, аруақтарға  да табынған. Ертіс өзенін қасиет тұтып, «өзен – адамның тәңірі» деген. Өлгендерді өртеп жерлеген. Оларға тас сымбат (мүсін) қойып, оған табыну салты кеңінен тараған.

X ғасырда Орталық Азиядан шыққан  көшпелі тайпалардың бірінен соң бірінің шабуыл жасауы Кимек мемлекетін әлсіретті. Сондықтан Кимек мемлекеті құрамындағы қыпшақ тайпалары өзінің қоныстанған жерлерін тастап, Сырдария өзенінің бойындағы, Аралдың батысы мен Каспийдің солтүстік өңіріндегі оғыздарды орындарынан қозғап, оларды оңтүстікке және Қара теңіз далаларына қарай қозғайды. Оғыз жерін басып алғаннан кейін, қыпшақтар кимек мемлекетінің орнын басты. Қыпшақтар мекендеген жерлерді «Дешті Қыпшақ», яғни «Қыпшақ даласы» деп атады.

Осы оқиғалардың барысында кимектер саяси үстемдігінен айырылып қана қойған жоқ, сонымен қатар, қыпшақтарға тәуелді болып шықты. Кимектердің  бір бөлігі Ертісте қалып, екінші бөлігі Түркістан және Орта Азия аймағына қоныс аударды, енді біразы  қыпшақ тайпаларымен батысқа, оңтүстік орыс далаларына  қарай қозғалды. Сөйтіп, қыпшақтар кимек мемлекетінің орнын басты.

      Кимек атауы туралы «Қазақстан тарихының (Көне заманнан бүгінге дейін)» 5 томдық. 1том, 322-бетті қараңыз.

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1.      Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.

2.      Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.

3.      Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542-бет., А., 1998.

  1. Жүсіп Баласағұн. Құтты білік. Ауд. А. Егеубай. Алматы, 2006..640-бет.
  2. Книга Марко Поло. М., 1955.