Кіріспе Дәуірге сипаттама. Даму ерекшеліктері, Орта ғасырлар  ұғымы және оның маңызы. Орта ғасырлар кезеңдері.

 

Өз халқыңның тарихына деген құштарлық рухани қараңғылықтан сақтануға, Отан, туған жерге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезіміңнің беки түсуіне, өткен тарихты ой елегінен өткізіп, болашақты болжауға, алдыңғы  тарихи жолдарды лайықты таңдап алуға мүмкіндік береді.

Осы ежелгі жерді мекендеп отырған халықты танудың бір шарты - Батыс пен Шығыс өркениеттерін тоғыстырып, Дала өркениетінің кіндігі болған Қазақстанның ортағасырлардағы тарихын оқып - үйрену болып табылады. Қазақстанның ортағасырлардағы тарихы VI ғасырдан XVII ғасырдың аяғына дейінгі уақытты қамтиды.

Қазақстанның ортағасырлардағы тарихын үш тарихи кезеңге бөліп қарастырамыз. Бірінші- Қазақстан тарихының ерте ортағасырлық кезеңі (VI-IX ғғ). Екінші – Қазақстанның дамыған ортағасырлық кезеңі (X-XIV ғғ).   Үшінші – біртұтас Қазақ мемлекеттігінің құрылу кезеңі (XV-XVII ғғ).

Бірінші кезең тұңғыш түрік мемлекеті - Түрік қағанатының құрылуы мен дамуы, гүлденуі мен күйреуі сияқты тарихи оқиғалардан бастау алады. Осы кезде Батыс Түрік, түркеш, қарлұқ, оғыз, қимақ қағанаттары өмір сүрді. Осы мемлекеттер тұсында Ұлы Жібек жолының басты тармақтары Қазақстан аумағын басып өтіп, қала мәдениеті өркендеді. Ортағасырлық қалалар Баласағұн, Тараз, Испиджаб, Отырар, Сығанақ, т.б. қалалар пайда болып дамыды. Байырғы түріктер ұрпақтарына бай тарихи-мәдени мұра - Көне түрік жазуын қалдырды.

Екінші кезең жаңа даму сатысына көтерілген Қарахан, Қыпшақ мемлекеттерінің тарихымен ұласады. Олар Қытай, Византия, Иран және орыс княздіктерімен байланысын күшейтті. Осы кезеңде есімдері әлемге әйгілі болға Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашғари, Әбу Райхан әл-Бируни, Қожа Ахмет Йасауи өмір сүрді. Осындай жағдайда XIIIғасырдың басында монғол шапқыншылығы басталды. Жергілікті халық алапат ауыр қырғынға ұшырады. Қалалар қирап, мәдениет құлдырау кезеңін бастан өткерді.

Бұл  тарихи оқиғалар мен жағдайлар қазақ мемлекеттігінің  ірге тасын қалаған этносаяси бірлестіктер - Ақ Орда мен Моғолстан сияқты мемлекеттер тарихымен жалғасып, қазақ халқының қалыптасу үрдісі аяқталды.

Үшінші кезең  Қазақ хандығының құрылуында шешуші кезең болды. Бұл кезеңде Қазақстан тұрғындары қазақ халқы деген атаумен аталды. Осы кезеңде Қазақ хандығы тарих сахнасына шықты. Бұл кезең қазақ хандығының құрылуы, нығаюы, құлдырауы және қайта өрлеу кезеңдері  туралы мағлұматтар береді.

«Қазақстанның ортағасырлардағы тарихы» пәнінің мақсаты ерте және соңғы ортағасырлардағы Қазақстан аумағын қамтыған  тарихи оқиғалар мен құбылыстардың заңдылықтары немесе кездейсоқтығын, оның әлем тарихының құрамдас бір бөлігі екендігін, халқының, елінің өткен тарихын білу арқылы ғана келешегіне әсер етуге күш алатынын ұғындыру болып табылады.   

Соған сәйкес пән төмендегідей міндеттерді шешуді көздейді:

- Қазақстан тарихын оқып-үйрену әрбір азаматтың міндеті екені және өз халқының тарихын білмеу немесе бұрмалаудың мәңгүрттікке, ұлтшылдыққа соқтыратыны туралы ой салу;

- Қазақстанның ортағасырлардағы тарихының хронологиялық шеңберін, оның басты тарихи кезеңдерін анықтау;

- отан тарихындағы түрік өркениетінің рөлі мен орнын көрсету;

- монғол дәуіріндегі Қазақстанның даму бағыттарын анықтау және мәселеге қатысты жаңаша көзқарастарға талдау;

- қазақ этногенезінің тарихи кезеңдері мен  негізгі аспектілеріне тоқталу;

-қазақ мемлекеттігінің құрылуының тарихи алғышарттары мен заңдылықтарын көрсете отырып, мәселеге төңірегіндегі деректер мен тарихнамаға талдау жасау;

- қазақ хандығының қалыптасуы мен даму үрдісін зерделеу;

- қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетімен танысу болып табылады.

Қазақстанның соңғы ортағасырлардағы тарихына қатысты деректердің басым бөлігі де шығыс авторларына тән.

Монғол дәуіріндегі Қазақстан тарихы туралы мәліметтер беретін деректер кешені парсы тілінде жазылған. Олардың қатарында Ала ад-дин Ата Мәлік Жувейнидің «Әлемді бағындырушының тарихы» бар. Еңбекте монғолдардың шапқыншылық жорықтары, олардың Сыр өңірі қалаларын талқандауы мен монғол ұлыстарының тарихы төңірегіндегі оқиғалар баяндалған.

XIІ-XІIІ ғғ. түрік және монғол тайпалары мен халықтарының тарихы бойынша құнды еңбектің бірі парсы тарихшысы Фазлаллах Рашид ад- диннің «Жами' ат –тауарих» («Жылнамалар жинағы») еңбегі. Екі томдық бұл еңбек тайпалардың орналасуы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, тұрмысы, этникалық құрамы және Жошы ұрпақтарының генеологиясы туралы мәліметтерге толы. Рашид ад–дин еңбегі зерттеушілер үшін таптырмас дерек.

XІX-XX ғғ. Қазақстан аумағы мен оған көршілес елдер тарихынан бай мағлұматтар беретін ортағасырлық құнды шығарманың бірі - Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих - и Рашиди» еңбегі. Шығармада Моғолстан мемлекетінің тарихы, Шығыс Дешті Қыпшақ тарихы, Қазақ хандығының құрылуы, қазақ қоғамының өркениеттік ерекшелігі туралы мәліметтер табуға болады.

Сонымен қатар Мұхаммед Хайдар Дулатидың ел билеу теориясы, мұсылман ада болуы тиіс  17 күнә, мұсылманның ел, мемлекет алдындағы борыштары туралы пікірлері де қызықты.

Деректерге шолу соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды айналып өтпеуге міндеттейді.

«Мәдени Мұра» бағдарламасының аясында отан тарихына қатысты деректердің жинақтары қазақ және орыс  тілдерінде ондаған том түрінде жарық көруде (Әдебиеттер тізімін қараңыз) Бұған дейін ішінара орыс тілінде жарық көрген немесе жекелеген зерттеушілердің еңбектерінде хроника түрінде ғана кездесетін бұл деректердің бірнеше том болып қазақ тілінде жарық көруі дерекнамадағы үлкен жетістік екендігі сөзсіз.

 

Түрік қағанатының құрылуы.

Батыс Түрік қағанаты.

 

Шығыс Азияда IX ғасырдың ортасында көшпелі дала хандығы Жужан мемлекеті  құрылды. Жужандар Халха мен Хинганға дейінгі жерлерді қоныстанып, хан ордасы Хангайда орналасты. Жужандар монғол тілінің бір диалектісі сяньби тілінде сөйлеген. Олар Ордос өзенінен батысқа қарайғы далаларда көшіп жүрген теле тайпаларын бағындырған.

Ал телелер IX ғасыр соңында Жоңғарияны мекендеген еді. Зерттеушілер теле тайпаларының шығу тегін III-IX ғасырлардағы cюннулардың ұрпақтары гаогюй тайпаларымен («биік арбалар») байланыстырады. Телелердің негізгі кәсібі - мал шаруашылығы. Олар биік дөңгелек арбалармен көшіп жүрген жауынгер тайпалар еді. Қытай дерегі «Сүйнаманың» хабарлауынша «бұлардың бәрі жалпы телек деп аталады. Тұрақты қоныстары жоқ. Өріс пен суаттың жағдайына қарай көшіп жүреді. Атқа мықты әрі шетінен мерген. Өте дүниеқор, қарақшылықпен күн кешеді. Батыс жақтағы ұлыстары егіншілікпен де айналысады».

X ғасырдың басында Хинганнан Алтайға дейінгі далаларда Жужан ханы Шелун билік етіп,  телелерді өзіне бағындырды. 418-419 жылдары жужандар Тарбағатайға еніп,  Жужан империясы күшейді.

XI ғасырдың ортасынан XII ғасырдың ортасына дейін Орталық және Ішкі Азияда үстем тайпа, жоғарыда аталған теле тайпаларын бағындырған қытай деректерінде тюцзюелер (тужюе), руникалық ескерткіштер тілінде, түркологияда  türk, türük, türkü аталған тайпалар болды.

X ғасырдың ортасында Алтай тауларының оңтүстігіне оңтүстік-шығыстан Ашын бастаған 500 жан ұя (500-көп емес деген ұғымды білдіреді) қоныс аударған. Олар жужандықтарға тәуелділікке түсіп, темір өндірумен айналысады. Мұнда олар жергілікті тайпаларды топтастырып Алтай тауларының жергілікті атауымен «түріктер» атанды. 

460 жылы жужандардың Турфан мен Шығыс Түркістанға басып кіруімен Алтай түріктері жужандықтарға тәуелді болды.

Өздерін түрік деп атаған (қытайша «тужюе») халық  XI ғасырдың басында монғолдық Алтайда қалыптасты.

Түріктерге қатысты олардың ата-тегінің аналық қасқырдан бастау алатындығы туралы Қытай дерегі «Жоунамада» берілген екі тарихи аңыз бар.

Түрік тайпалары өз иеліктерін Алтайдан Хуанхэге дейін жеткізіп, 542 жылы қытай деректерінде алғаш рет кездесті. Бұл оқиғалар осы «Жоунамада» көрініс тапқан: «...Кейінгінің аты Тамын. Оның заманында ұлысы біраз күшейіп, шекара аймақтарымызға келіп әр түрлі жібек маталар сатып алып, Кіндік қағанатпен қарым- қатынас жасау ниеттерін байқатты». Осы кезде қытай патшалығы - Батыс Вэй өзіне жужандарға қарсы әскери одақтас іздеді. Осы мақсатпен Батыс Вэй билеушісі Тайцзу түріктерге елшілік аттандырды. 545 жылы Соғдылық Альнопанто елшілігі Бумын ордасына келді. Бұл кездегі түріктер көсемі Бумын еді. Елшілікті «Ордада бәрі бір-бірін құттықтап, бүгін бізге Ұлы державаның өкілі келіп отыр, көп ұзамай біз де сондай дәрежеге жетеміз» деп жорыды. Бумын Батыс Вэйге өз елшісі Чаньонды жіберді. Сөйтіп өз сюзерені жужан ханының қас жауымен одақтасты. Бұл одақ өте құпия жағдайда өтті. 551 жылдың жазында Бумын қытай қызы Чан Леге үйленді. Оқиға Монғолияның оңтүстік, орталық аудандарын мекендеуші жужан езгісінде отырған теле (тирек) тайпаларының көтерілуімен сәйкес келді. Оларды Бумын қабылдап, өз сюзереніне қарсы екінші «сатқындыққа» жол берді. Түріктер күшейді. Жужандарға қарсы үлкен күш пайда болды. Сюзеренімен қақтығысты бастау үшін Бумын сылтау іздей бастады. Жужан ханы Анағұйдан «қызыңды маған әйелдікке бер» деп талап етті. Бұл даланың дәстүрі  бойынша өзін ханмен тең қою деген сөз еді. Хан «маған бас иетін- вассал. Бұлай деуге қайтіп дәтің барды?» деп ашуға басады. Түріктердің күткені де осы болатын. Түріктер жужанға қарсы соғысын бастады. Жужан ханы Анағұй өзіне қол жұмсап, өзін - өзі өлтіреді, билікке баласы Ян Лочен келеді. 552 жылы жужандар толық талқандалды.  Бумын түріктердің тәуелсіздігін жариялап, жаңа мемлекет - Түрік қағанатын құрды. Өзі «Ел-хан», әйелі «хатун» лауазымын алды. Ұлы жеңісінен кейін, Бумын ұзақ өмір сүрген жоқ. Кейбір деректердің айтуынша,  сол 552 жылы, ал «Билік ғибратнамасының» (165 бумасы) мәлімдеуінше,  553 жылдың басында қайтыс болған. Билік інісі Қара Ескеге өтеді, бірақ, ол да көп отырмаған. 553 жылдың соңында оның орнына інісі  Мұқан қаған келді. Мұқан қаған (553-572 жж.) мен Таспар қағандар (572-581 жж.) тұсында түрік елінің билігі Орталық Азия, Оңтүстік Сібір, оңтүстік-батыс Маньчжурия, Енисей қырғыздары елі, монғол тайпасы қидандар еліне тарады. 

Батыста билік Бумынның басқа бір інісі Истемидің (553-576 жж.) қолында болды. Ол түріктердің батыс тармағында дәстүрге айналған ябғу лауазымын иеленіп, 554 жылы батысқа жорығын бастады. Фирдоуси Истеми державасының шекараларын «От Чина (Китая) до берегов Джейхуна (Амударьи) и до Гульзариуна»(Сырдарьи) по ту сторону Чача (Ташкента)» деп көрсетеді. Зерттеушілер Фирдоуси тек өзіне таныс жерлерді ғана атап, Солтүстік-батыс шекараларды көрсетпеген деп есептейді. 555 жылы түріктер Шығыс Түркістан, Жетісу, Орта Азия, Сырдария, Арал маңына жетіп, мұндағы жергілікті тайпалар қағанат құрамына кіреді немесе аварлармен батысқа жылжиды. 558 жылы Истеми Поволжьені бағындырып, Еділге шығады. Одан оңтүстікке бет бұрып, Эфталит, Ауғанстан, солтүстік Үндістан, Кавказ, Батыс Қырым, Батыс Босфорға дейін жетті. 576 жылы Истеми қайтыс болды.

XI ғасырдың 80-жылдары Суй әулетінің (581-618 жж.) қол астына біріккен Қытай күшейіп, империяның әскери-экономикалық өрлеуі басталды. Бұл түріктердің өзара ішкі тартыстарының күшеюімен, 582-583 жылдардағы жұтпен сәйкес келді. Осы жылдары басталған әлеуметтік - саяси дағдарыс 603 жылы қағанаттың Батыс және Шығыс болып екіге бөлінуімен аяқталды. Орталығы Монғолияда болған Шығыс Түрік қағанаты және  Орта Азия мен Батыс Жоңғария, Жетісуда құрылған Батыс Түрік қағанаттары тарих сахнасына шықты.

    

Батыс Түрік қағанаты

 

Батыс Түрік қағанаты Шығыс Түріктен мүлдем ерекшеленді. Егер шығыста көшпелі мәдениет үстемдік құрса, керісінше, батыста отырықшы- егіншілік шаруашылық дамып, сауда мен қолөнер гүлденді. Оған Жетісудың табиғи географиялық орналасуы қолайлылық туғызды. Оған қоса Орта Азияда Ферған соғыстарының басталуы себепті Ұлы Жібек жолының басты бағыттары Жетісуға ауысқан еді. XI-XIII ғасырларда тек Шу аңғарында ғана 18 ірі қалалар мен қала қоныстары болған екен. Батыс Түрік қағанатының астанасы Шу аңғарындағы Суяб қаласы.

Батыс Түрік қағанаты ортағасырлық деректерде «он тайпа елі» («он оқ будун») ретінде мәлім. Қағанат екі ірі тайпалық конфедерация - дулу мен нушибиден тұрды. Әр одақ бес тайпаны біріктірген. Батыс Түрік қағанатының тарихы осы екі конфедерация арасындағы билік үшін күреске толы. Дулу - Жетісу мен батыс Жоңғарияны қоныстанса, Нушиби - батыс Тянь Шань мен Ыстықкөл маңын мекендеген.

Батыс Түрік қағанатының гүлденген мезгілі Жегуй қаған (610-618 жж.) мен Тон жабғу (618-630 жж.) билігі тұсы болды. Жегуй Алтайды қағанаттың шығыс шекарасы етсе, кейін Тон жабғу батыста Амударияның жоғарғы ағысына дейін жетті. Бұлар нушиби тайпасының өкілдері.

Тон жабғу тұсында түріктер Ауғанстан арқылы солтүстік - батыс Үндістанға жетті. Византия императорымен байланыс орнатып, Ираклийдің Закавказьеге үшінші жорығына қатынасты. Тбилисиде Ираклиймен кездесіп Тон жабғуға император өз тәжін кигізіп, қызы Евдокияны беруге уәде етеді. Тон жабғу өзіне тәуелді жерлерге, яғни солтүстікте Испиджаб, Шаштан, оңтүстікте Ауғанстанның оңтүстігі мен солтүстік - батыс Пакистанға дейінгі аумаққа өз өкілдерін - тұдындарды жіберді. Қытай дерегі «Көне Таңнама» авторлары Тон жабғу саясаты туралы «батыс варварлар мұндай күшті болып көрген емес» деп жазды.

Мемлекеттің жоғарғы билеушісі қаған (хакан) лауазымын иеленіп, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына басшылық етті. Қағаннан кейінгі екінші адам ұлық еді. Сонымен қатар қаған руынан шыққан ябғу, тегін, шад, бек, бұйрық, елтебер сияқты вассал тайпаларды билейтін жоғарғы лауазымдар болған.

Қытай деректері Батыс Түрік қағанатында 28 дәрежелі лауазым иелері болды деп көрсетеді. Дегенмен, бұл қағанат аумағының үлкейіп-кішірейіп отыруына байланысты бірде көбейсе, ал енді бірде азайып отырған.

Халық бұқарасы, ерікті ұсақ қауым мүшелері «қара бұдұндар» (budun -халық) аталған.

Түрік иеліктері туралы будда монахтары көп мәліметтер қалдырды. Солардың бірі 630 жылдың басында Жетісуда болған будда монахы - қытайлық Сюань Цзан. Сюань Цзан Тоқмақ жанында аң аулап  жүрген Тон жабғуды кездестіреді. Будда монахын жылқылардың көптігі таңқалдырады: «Қаған жасыл жібек желбегей киген. Оның қасына ерген екі жүзден астам тарханы бар, олар қалқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Аттары өңшең сәйгүлік. Түйе, ат мінген адамдардың көптігіне көз сүрінеді. Қаған үйінің алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті көз қаратпайды». Үзінді Батыс Түрік қағанатының байлығы мен молшылығын бейнелейді. Бұл 630 жылдың басы болатын. Ал жыл соңында қағанат үшін нағыз апат басталды. Бірақ, мұны Сюань Цзан  көре алған жоқ. Тайпа ақсүйектерінің басқыншылық соғыстардағы жеңісі нәтижесінде әбден баюы қағанаттағы сепаратизмді күшейтті. Билік үшін күрес өршіді. Нәтижесінде Тон жабғу өлтірілді. Бұл оқиғалар «Көне Таңнамада» баяндалған.

Деректер осыдан кейін батыс түріктерде тыныштық болмағанын жазады. Қағанат Сырдарияның батысындағы ортаазиялық иеліктерінен айырылды. Елде саяси дағдарыс басталды. 659 жылы қағанатқа қытай әскерлері басып кірді. Тан империясы Батыс Түрік тайпаларын қаған руынан тағайындаған сенімді адамдары арқылы басқаруға әрекет жасады. Бірақ түріктердің өз тәуелсіздіктері жолындағы толастамаған күресі жеңіспен аяқталды. «Дулу» бірлестігіне кіретін түркеш тайпасының көсемі Үшелік Батыс Түрік қағанатын қалпына келтіріп, Түркеш мемлекетінің негізін қалады.

Осы кезде Орталық Азияда саяси жағдай өзгерді. Шығыста Шығыс Түрік қағанаты күшейіп, оңтүстікте арабтардың жаулаушылық соғыстары басталды.

 

Түргештер қағанаты

 

Қытай басқыншыларына қарсы түріктердің өз тәуелсіздіктері жолындағы толастамаған күресі жеңіспен аяқталды. 704 жылы түркеш тайпасының көсемі Үшелік Батыс Түрік қағанатын қалпына келтіріп, Түркеш мемлекетінің негізін қалады. Түркеш – Батыс Түрік қағанатының сол қанатындағы дулу тайпалық бірлестігінің ішіндегі төртінші тайпа. Қағанаттың негізгі жер аумағы – Жетісу болды. Жалпы қағанат аумағы Орта Азияның оңтүстік –шығысында Шаш (Ташкент) қаласынан Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Тұрфан қалаларына дейінгі аралықты қамтыды. Орталығы- Шу аңғарындағы Суяб қаласы.

707 жылы Үшеліктің қайтыс болуымен билік басына оның мұрагері Сақал (Саға) келді. Егер Үшелік билік басына келгенде  жүз қырық мың әскері болса, Сақал тұсында оның саны үш жүз мың адамға жетеді. Сақал билігі тұсында ішкі талас–тартыс күшейді. 710 жылы ағасы Сақалдың  берген жер үлесіне көңілі толмаған Чжен (Жану) өкпелеп, Шығыс Түрікке қашып барып шағымданды. Ағасына қарсы көмек сұрады.  Шығыс Түрік қағаны Қапаған жиырма мың атты әскерді батысқа аттандырды. Әскер басына кіші ұлы Инелді, оған кеңесші басшы етіп Тоныкөкті тағайындады. Сақал қолға түсті. 711 жылы Қапаған қаған сатқын Чженге «Сен өзіңнің туған ағаңмен отаса алмағанда, маған қайтіп опа қыласың?», - деп екі ағайынды өлтіріледі.

Түркештердің қалған әскерін әскери қолбасшы Сұлық бастап Сырдария арқылы  оңтүстікке жылжиды. 712-713 жылдары Елтеріс қаған балалары Білге мен Күлтегін және Тоныкөк бастаған Шығыс Түрік әскері өз жеңістерін әрі жалғастыру мақсатында Сұлықтың соңынан ерді. Шығыс Түрік әскерінің ары қарай жылжуын оңтүстіктен  Орта Азияға жылжып келе жатқан  арабтар тоқтатты. 714 жылы Шығыс Түрік әскері кейін шегінуге мәжбүр болды. Сұлық та өз әскерімен Жетісуға қайтты.

Сұлық- қара түркеш өкілі. 717 жылы  Сұлық өзін қаған деп жариялап, Түркеш мемлекетін қалпына келтірді. Қағанат орталығын Талас (Тараз) қаласына көшіреді. Ол ең алдымен Шығыстағы қауіпті сейілтуге тырысты. Ол мұнда өзінің үш қауіпті жауымен некеге отырды. Ашын руының қызына үйленіп, өз билігін заңдастырды. Өз  ұлын Шығыс Түрік қағаны Білге қағанның қызына үйлендірді. Тибет патшасының қызын әйелдікке алды. «Көне Таңнама» Сұлықтың ерекше құрметке ие болғандығын мәлімдейді: «Сүлік әділ, ұқыпты адам еді, әр жолғы соғыс олжаларын қолбасылар мен жауынгерлерге, жамағатқа тұтас таратып, қол астындағы қауымның ықыласына бөленді. Жұрттың бәрі оған аянбай қызмет етті».

717 жылы түркеш билеушісі Қытаймен достық байланыс орнатты. Егер Түркеш билеушісіне батыстан төнген араб қауіпіне қарсы одақтас қажет болса, Тан империясы өзіне ерікті одақтастарды жақындата отырып, солардың  көмегімен Тибетті талқандап, шығыстан әскер қозғамай-ақ, арабтарды қууды көздеді. Осы оқиғаға байланысты болса керек кейбір араб құжаттарында Сұлық «Қытай императорының туысқаны» ретінде көрсетіледі. Осы уақыттан бастап Түркештер арабтармен белсенді күреске көшті. Ендігі басты жау батыстан төнген қауіп- арабтар еді. Түркеш көсемі Самарқанд, Бұқара тұрғындарымен күш біріктіріп, бұл қалаларды арабтардан босатады. 737 жылы қарлұқтармен бірлесіп Тоқарстандағы арабтарды талқандайды. Сұлық қаған шайқастарға өзі қатынасып, онда үнемі жеңіске жетіп отыруынан болса керек, ол «Сүзеген» деген лақап атқа ие болды.

Арабтар да түркештерді өз жағына тартуға тырысты. Халиф Хишам  Сұлыққа өз өкілін жіберіп мұсылман дінін қабылдауды ұсынды. Елшілерді Сұлық қаған салтанатты түрде қарсы алып, сый–сияпат көрсетті. Олардың Ислам діні туралы айтқан мәліметтерін жақсылап тыңдап, ұғынысқан қаған, келген елшілер тобын ренжітпей, риза етіп қайтарады. Қаған мұсылмандықты қабылдау туралы ұсынысқа сыпайы түрде былай деп жауап береді (атқа мінген, қолында қылыш, найзалы, сауытты жауынгерлерін көрсете тұрып): “Мыналардың ешқайсысы да етікші, не тігінші, не емші емес! Жауынгерлік олардың күнкөріс кәсібі. Ендеше, олар мұсылман болып, Исламның шарттарын орындаса қайтіп күн көретұғын болмақ». Осылайша Сұлық бұл ұсыныстан бас тартады.

737 жылы Сұлық өз шатырында қастандықпен өлтіріледі. Сұлықтың орнына оның баласы Тұқарсан Құтшар қаған болды. Оның билігі бір-екі жылға ғана созылды.

Сұлықтан кейін сары және қара түркештер арасында жағдай шиеленісіп, Түркеш қағанаты әлсіреп, ішкі бірлігінен айырылды. Қытай империясы Куш қаласындағы  (Шығыс Түркістан) әскерлерін Жетісуға аттандырып, 748жылы Суябты басып алады.

751 жылы шілде айында Таласқа жақын Атлах қаласы түбінде арабтар мен Тан әскері кездесті. Бұл шайқас тарихта «Талас шайқасы» деген атпен қалды. Атлах қаласы туралы араб тарихшысы әл-Макдиси «Атлах үлкен қала, көлемі жағынан орталық қалаға жақын, айналасы биік дуалмен қоршалған. Бау-бақшасы көп, жүзім мол өседі...», - деп жазады.

Түркеш мемлекетінде билік мұрагерлік жүйеге негізделді. Билік әкеден балаға немесе ағадан ініге мұрагерлік жолмен қалып отырды.

Түркеш тайпалары қолайлы географиялық орналасуы, табиғи климат жағдайларына байланысты отырықшы, қала мәдениеті дамыған, көп салалы шаруашылықпен шұғылданды. Мал шаруашылығының жартылай көшпелі түрі, егіншілік, қолөнер, саудамен айналысты. Археологиялық қазба жұмыстары барысында Тараз қаласынан «Түргеш қағанының теңгесі» немесе «түріктің көк ханының теңгесі» деген соғды жазуымен жазылған теңгелер табылған.

756 жылы түркештер тәуелсіздігінен біржола айырылып, Жетісудағы билік қарлұқтар қолына өтті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1.      Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.

2.      Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.

3.      Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542-бет., А., 1998.

  1. Әбілғазы. Түрік шежіресі. А., 1991.
  2. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в 5-ти томах. А., 1984-85.