ЕЖЕЛГІ АДАМДАРДЫҢ АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ
Құрметті оқушылар! Біз
бүгінгі сабағымызда антропология ғылымының нені
зерттеумен айналысатыны және ежелгі адамдардың түр-сипатындағы
нәсілдік айырмашылықтарды өзара салыстыра отырып, қола
және темір дәуірінде Қазақстан жерін мекендеген
тайпалардың түр-әлпетіне антропологиялық сипаттама берудің
жолдарын қарастырамыз.
1.
Антропология дегеніміз не? Адамның
шығу тегі мен даму эволюциясын, адам нәсілдерінің пайда болуы
мен сыртқы биологиялық қасиеттерін зерттейтін ғылым–антропология
деп аталады. Антропологиялық зерттеуде адам ағзасының арнайы
географиялық ортада қалыптасып, белгілі бір уақыт
шеңберінде өзгеруі және осы өзгерістердің
қалай болатыны жөніндегі заңдылықтар қарастырылады.
Адам баласы жанды тіршілік иелерінің ішіндегі
тарихты жасаушы әлеуметтік белсенді организм болып табылады. Осыған
байланысты антропологияның – тарихи
антропология деп аталатын саласы биология және тарих
ғылымдарының әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып,
көбінесе тарихқа қатысты зерттеулер жүргізеді. Зерттеудің негізгі биологиялық
түрлерінің бірі адам болғандықтан және зерттеу әдістері
биологиялық тәсілдерге сүйенетіндіктен антропология негізінен
биология ғылымына жатады. Адамдардың белгілі бір географиялық
аймаққа бейімделіп, шығу тегінде қалыптасатын
ұқсастық – нәсіл деп аталады. Сыртқы
биологиялық қасиеттеріне қарай адамзат баласы 3 нәсілге бөлінеді. Олар: еуропалық, монғолдық және
негрлік нәсілдер. Нәсілдік
ерекшеліктер адамның тек сыртқы түр-түсіне байланысты
болып келеді.
2. Қола дәуірі адамына антропологиялық
сипаттама. Қазақстан жерін көне
дәуірде мекендеген тайпалардың бет пішіні, түр-сипаты туралы
деректер қола дәуірінен бастап кездеседі. Одан бұрынғы
кездегі адамдардың сүйектері, әсіресе бас сүйектері сақталмаған.
Қазақстан жерін қола
дәуірінде Андрон мәдениетіне жататын тайпалар мекендеді.
Андрондықтардың сүйектері Солтүстік, Орталық
және Шығыс Қазақстан жерлерінен табылып, зерттелді. Өздерінің антропологиялық сипаты жағынан
андрондықтар еуропалық нәсілге жатады. Олардың
бойы орташа, өңі ақшыл, шашы сарғыш, қыр
мұрынды және ат жақты болып келген. Қостанай жеріндегі қола дәуіріне жататын Алексеев қонысынан табылған
әйелдің бас сүйегін Мәскеудегі зертханада антрополог М.М.Герасимов қалпына келтіріп,
оның бет пішінін жасады. Соңғы кезде Жамбыл
облысындағы Ойжайлау қорымынан
табылған адамның бас сүйегі үлкен, беті сопақ, маңдайы
шығыңқы болса, Шығыс Қазақстандағы Зевакино қорымынан табылған
адам сопақ басты, ат жақты, мұрны қусырыңқы
болып келеді. Ал, Батыс Қазақстан жерінен табылған
адамдардың басы домалақ, беті жалпақ, көзі
шүңірейіп, мұрны дөңес келген.
3. Темір дәуіріндегі тайпалардың антропологиясы. Темір дәуірінде Қазақстан жерін сақ,
ғұн, үйсін, қаңлы және сармат тайпалары
мекендеген. Бұл дәуір адамдарының антропологиялық
пішіні сақ, үйсін және сармат заманында өзіндік сипат
алады. Сақтар еуропалық нәсілге
жатады, олардың бас сүйегі шағын, беті жалпақтау,
көзі ұялы, қабақ сүйегі шығыңқы
және мұрны дөңестеу болып келеді. Алайда
сақтардың түр-сипатында андрондықтарға қарағанда,
еуропалық белгілер көмескілене бастаған. Бұл сақтардың
бас сүйегінің домалақтанып, маңдайы тайқылана
бастауынан, мұрнының кішірейіп, көз шарасының
шығыңқы бола бастауынан көрінеді. Бұл
өзгерістер сақтардың түр-әлпетінде монғолдық
нәсілдің байқала
бастауын аңғартады. Монғолдық белгілер
Солтүстік және Шығыс Қазақстан сақтарында
Орталық Қазақстанды мекендеген сақтарға
қарағанда басым болған. Ал, Жетісу мен Оңтүстік
Қазақстан сақтарында монғолдық белгілер біршама
айқын кездессе, Арал аймағын мекендеген сақтарда бұл
көрсеткіштер аздау болып келеді. Монғолдық нәсілді
Қазақстан жеріне таратушылар Орталық Азиядан батысқа
қарай қоныс аударған монғол
тектес, түркі тілді
тайпалар еді. ХХ-шы ғасырдың 40-50 жылдарындағы зерттеулер
бойынша монғолдық
нәсіл Қазақстан мен Орталық Азияға
ғұн тайпаларының келуіне байланысты таралған. Алайда
60-шы жылдардан бастап Г.Ф.Дебец, Т.А.Трофимова және О.Исмағұловтың
зерттеу деректерінде бұл өңірдің антропологиялық
жағынан монғолдануы ғұндар заманынан бұрын
болған деп көрсетіледі.
Үйсіндердің Жетісу жеріндегі Сарытоғай, Таңбалытас қорымдарынан табылған
ер адамның бас сүйектері антропологиялық сипаты жағынан
таза монғолдық нәсілге
ұқсайды. Бұл ежелгі үйсін адамының бас
сүйегін белгілі антрополог М.М.Герасимов
қайта қалпына келтірген. Үйсіндердің бас сүйегі орташа,
маңдайы тайқылау, бет сүйегі шығыңқы,
қабақ доғасы орташа және кеңсірік бітімі
дөңестеу болған. Бұл белгілер үйсіндерде сақ
тайпаларына қарағанда монғолдық нәсіл басым болғанын
көрсетеді. Тағы бір айта кететін жәйт, монғолдық
белгілер үйсін еркектеріне қарағанда әйелдерінде
көбірек кездеседі. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл ерекшелік
Шығыс Түркістан жерінде ертеде өмір сүрген монғол
текті, түркі тілдес тайпалардың үйсін ақсүйектерімен
құдалық қатынастарда жиі болуына байланысты
таралған. Батыс Қазақстан жерінде өмір сүрген сарматтардың
бет пішіні Жетісуды мекендеген ежелгі үйсіндердің түріне ұқсас
болып келгенімен, олардың түр-әлпетінде еуропалық нәсіл белгілері басым болды.
Темір дәуірінде ғұндардың қоныс аударып
келуіне байланысты жергілікті тайпалардың түр-сипатының басым
бөлігінде монғолдық белгілер анық байқалады. Жалпы,
ғұндар Қазақстанның ежелгі тайпаларының
антропологиялық сипатына ғана емес, тілінің
түркіленуіне де қатты әсер еткен.