ХАЛЫҚТАРДЫҢ ҰЛЫ ҚОНЫС АУДАРУЫ
2.
Ғұндардың қазақ жеріне алғаш қоныс
аударуы
Құрметті оқушылар! Бүгінгі
сабағымызда ғұн мемлекетінің қалай
құрылғаны және олардың оңтүстік,
солтүстік ғұндар болып бөлінгені, сондай-ақ,
ғұн билеушілері Мөде, Чжи-Чжи шаньюйлардың
Қытайға жүргізген соғыстары мен тарихқа
үлкен өзгеріс енгізген «Халықтардың ұлы
қоныс аударуы» және Еділ патша бастаған
ғұндардың Еуропаға жорығы жөніндегі
қызықты мәліметтерге назар аударайық.
1. Ғұн
мемлекетінің құрылуы. Ғұндар тарихта жақсы белгілі.
Жоғалып кеткен халықтың
аты жауынгерлікпен, қатыгездікпен және тағылықпен ұштасып жатады. Б.з.б. ІІІ ғасырдың
соңына қарай ғұндар бірігіп әскер жасақтап
өздерінің мемлекетін құрды. Алайда,
ғұндардың алғашқы билеушісі Тұман
шаньюйдің тұсында қытайлармен жүргізілген
қақтығыстан мемлекет біршама әлсіреді. Ғұн
мемлекетінің айтарлықтай нығайып, күшеюі Мөде
шаньюйдің есімімен байланысты. Ол ғұндардың
«Шығыс империясын» б.з.б. 209-174 жылдар аралығында басқарды.
Мөде шаньюй ғұн мемлекетін нығайту мақсатында Қытайдың
шекаралық аудандарына жорықтар жасап, оған күйрете
соққы береді. Қытайлар
ғұндардан қорғану үшін б.з.б. ІІІ
ғасырда бар болғаны 2 жыл ішінде ұзындығы 5
мың шақырым, биіктігі 6-10 метр, ені 5-6 метр
әскери қорған салғызуға мәжбүр
болған. Ол тарихта «Ұлы Қытай қорғаны» деп
аталады. Б.з.-дағы ІІ ғасырда ғұндар
оңтүстікте Қытайдағы Хань әулетін жеңеді. Б.з.б.
188 жылы Қытайдағы Хань әулетінің императоры Гао-цзу
ғұндардан жеңілгеннен кейін Мөденің алдында бас
иіп, «тыныштық пен бейбітшілік» туралы келісім-шартқа
қол қоюға, жыл сайын салық төлеп отыруға
мәжбүр болады. Ғұндар үйсіндердің бір
бөлігін, саян-алтай тайпаларын талқандап, Қытайға
қарсы табысты соғыстар жүргізген. Соның
нәтижесінде ғұндар Байкалдан Тибетке дейінгі, Шығыс
Түркістаннан Хуанхэ өзеніне дейінгі зор аумаққа иелік
етті.
2. Ғұндардың қазақ жеріне алғаш
қоныс аударуы. Этникалық құрамы жағынан әр
текті көшпелі тайпалардың Орталық Азиядан
Қазақстан аумағы арқылы батысқа қарай
жылжуы тарихта – «Халықтардың ұлы қоныс аударуы»
деп аталады. Б.з.б. 55 жылы ғұн мемлекеті өзара ішкі
тартыстар мен сыртқы қысымдардың әсерінен
күйреуге ұшырап, оңтүстік және солтүстік
ғұндар мемлекеті болып екіге бөлінеді. Мемлекеттің оңтүстік
бөлігін Хуанхэ шаньюй, ал солтүстік бөлігін оның
інісі Чжи-Чжи басқарды. Солтүстік
ғұндардың ордасы Монғолияның
солтүстік-батысындағы Қырғыз-Нұр
көлінің маңына орналасады.
Осы жерден олар үйсін
тайпаларына және Қытайға жорықтар ұйымдастырды. Солтүстік пен оңтүстік
ғұн мемлекеттері арасында
жер мен билік үшін өзара қырқыс басталды. Уақыт өте келе
оңтүстік ғұндар Хань империясына бағынды. Ал, солтүстіктегі ғұндар Хань империясы мен оңтүстіктегі
ағайындары жиі-жиі шабуыл жасап мазасын
алған соң тәуелсіздігін сақтап қалу мақсатында Солтүстік Монғолия және Шығыс Түркістанға қарай қоныс аудара бастады. Бұл
ғұндардың Қазақстан мен Орта Азия аумағына
қоныс аударуының алғашқы толқыны еді. Ғұндардың
Қазақстан жеріне қоныстануына байланысты Шығыс Иран
тайпаларының, қаңлылардың түркіленуі басталады.
Б.з.б.
55 жылы Қазақстан жеріне бірінші қоныс аударуда
ғұндарды Чжи-Чжи
басқарды. Олардың, бір бөлігі Тянь-Шаньнан өтіп,
Қаңлы тайпалық бірлестігімен
көрші-қолаң отырды. Қаңлылармен одақтаса отырып, ғұндарды
біріктіру мақсатын көздеген Чжи-Чжи өз
қарауындағы ғұн тайпаларымен бірге Оңтүстік-Шығыс
Қазақстан жеріне қоныс аударады. Осындай жағдайда
Қаңлы ханы Чжи-Чжимен одақ құрып, оны үйсіндерге
қарсы пайдаланбақ болады. Осы мақсатпен қаңлы ханы
Чжи-Чжиге Талас алқабынан жер бөліп беріп,
өзінің атты әскеріне қолбасшылыққа
тағайындайды. Алайда Чжи-Чжи бастаған ғұн тайпалары
қаңлылардың үмітін ақтамайды. Осыдан кейін Чжи-Чжи
қаңлы билеушісінің қосынынан қуылып, Талас
өзенінің жоғарғы жағына кетіп, сол жерден
өзіне қала тұрғыза бастайды. Чжи-Чжи Ферғана мен
Парфия билеушілерінен қала құрылысына алым-салық
ретінде қаржы алып отырады. Қаланы салуға
құрылысшы мен шеберлерді де сол жақтан пайдаланады.
Қала 2 жылда салынып бітіп, сырты мықты екі
қорғанмен қоршалды. Оның сыртқысы ағаш, ал
ішкісі мұнаралары бар кесек топырақтан
тұрғызылған дуалдан болатын. Чжи-Чжидің күшеюінен
Қытай империясы қатты алаңдайды. Көп кешікпей жалпы
саны 40 мыңдай біріккен қытай және үйсін
әскерлері оған қарсы жорыққа шығады. Б.з.б.
36 жылы Чжи-Чжи мен Қытай әскерлерінің арасындағы
шайқас Талас аймағында 2 күнге созылды. Чжи-Чжи өз
қаласын қорғауда римдік қолбасшы Марка Крас
армиясының жауынгерлерін пайдаланады. Алайда ғұндардың
қаһармандықпен қорғанғанына
қарамастан қытайлар қалаға басып кіріп, қамалды
басып алады. Чжи-чжи және оның әскерлері мен көптеген
туыстарын қосқанда барлығы 1518 адам
тұтқынға түседі. Қытайлар Чжи-Чжидің басын
алып, 1200-дей жауынгерін үйсін мен Ферғана билеушілеріне
сыйға тартады да, қалғандарын өлтіреді.
3. Ғұндардың
Еуропаға жорығы. Ғұндардың батысқа қарай
қоныс аударуының екінші толқыны б.з-дағы 93
жылы басталды. Қоныс аудару кезінде кейбір тайпалар
ғұндармен одақтасып біріксе, кейбірі ығыстырыла
бастады. Өз кезегінде ғұндардың қысымы
Орталық Қазақстандағы, Сырдарияның
солтүстігіндегі, сондай-ақ Арал теңізі мен Каспий
аймағындағы тайпаларды қозғалысқа түсірді.
Бұл үрдіс толқын секілді үздіксіз жүріп,
б.з.-дағы ІІ-V ғасыр аралығында 300 жылдан астам
уақытқа созылды. Ғұндар б.з.-дың ІV
ғасырында Еуропаға дейін жетіп, Шығыс Рим империясына шабуыл
жасайды. Ғұндардан бірінші болып соққыға
жығылғандар Азов теңізі өңірін мекендеген –
аландар (осетиндер) еді. Б.з.-дағы V ғасырдың басында
ғұндардың билеушісі Ругила Дунай жерін басып алып
қазіргі Венгрия жерінде – «Батыс ғұн империясын»
құрады. Ғұндардың осы аймақ
тұрғындары құрамына енуіне байланысты Шығыс
Еуропада түркі тайпалары түпкілікті орналаса бастады.
Ғұндардың Еуропа
тарихында терең із қалдыруы даңқты қолбасшы Еділ
(Аттила) патшаның есімімен тығыз байланысты. Б.з.-дағы 433
жылы ғұн патшасы Ругила қайтыс болғаннан кейін
мемлекет билігі оның немересі Еділдің қолына көшеді. Еділ
патшаның есімі бұлайша кездейсоқ аталмаған.
Қазақтың эпикалық «Алаңқай батыр»
дастанында оның Еділ өзенінің жағасында
туылғанын, сондықтан есімі осылай аталғаны жөнінде
айтылады. Ол Еуропада тұрақтап қалған ғұн билеушісінің
баласы болғандықтан жас кезінен Римде оқып, білім
алған. Кейін оның білімін, көрегендігін мойындаған
Франк, Бургундия билеушілері оған балаларын оқытуға,
тәрбиелеуге жіберіп отырған. Б.з.-дағы V ғасырда Аттила
100 мың әскермен Батыс Рим империясына қарсы шайқасқа
шығады. Бұл шайқас б.з.-дағы 451
жылы Галлиядағы Орлеан қаласының
түбінде ғұндар мен римдіктердің арасында бір
тәуліктен астам уақытқа созылған атақты Каталаун
шайқасы еді. Шайқас нәтижесінде ғұндар
римдіктерді ойсырата жеңеді. Алайда, Аттила әділдік танытып,
өз әскерлерінің дүние жүзі
мәдениетінің астанасы – Рим қаласын басып алып, тонауларына
жол берген жоқ. Кейін ғұндар Еуропадан кете салысымен герман
тайпалары ежелгі өркениетті әбден жойып жібергенше тынбай Римді
бірнеше рет тонаған. 1911 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген
«Әскери энциклопедияның» 250-бетінде: «Герман тайпаларының
билігінен аман қалған Еуропа Аттилаға қарыздар» деп
жазылған. Аттиланың тұсында Батыс ғұн империясы бүкіл
Еуропаны Рим үстемдігінен азат етіп, құл иеленушіліктің
жойылуына ықпал етті. Б.з.-дағы 453 жылы Аттила жұмбақ жағдайда
қайтыс болғаннан кейін, Батыс
ғұн империясы ыдырап кетеді.