САРМАТТАР

 

САРМАТ ТАЙПАСЫНЫҢ ҚОНЫСТАНУЫ

 

1. Сарматтар туралы деректер

2. Археологиялық ескерткіштері

3. Әлеуметтік құрылымы

 

  Балалар! Ендігі кезекте, Қазақстанның батыс аймағын мекендеген сармат тайпалары жөніндегі тарихи деректерге сүйенейік. Нәтижесінде, сарматтардың әлеуметтік құрылымы және қоныстануы, археологиялық ескерткіштері мен олардың мерзімдік шеңберінен мәліметтер ала отырып, қазақ жерінде екінші рет табылған «алтын адам» жөнінде кеңірек танысатын боламыз.

                            

   1. Сарматтар туралы деректер. Сармат тайпалары Батыс Қазақстан аймағында өмір сүрген. Көне деректерде б.з.б. III ғасырдан бастап «Сармат» атауы кездеседі. Б.з.б. ІІ ғасырда олар қазіргі Батыс Қазақстан жеріне еніп, Қара теңіздің солтүстік аймақтарына дейін жеткен. Сарматтар Орал, Тобыл өзендерінің солтүстік сағаларынан Ембі өзені мен Солтүстік Каспий маңы құмдарына дейін, Мұғалжар тауынан Дон өзеніне дейінгі орасан зор аумақты мекендеді. Сармат тайпалар одағына - роксоландар, аорстар, сирактар және аландар жатады. Сармат тайпалары жөнінде деректер грек, рим тарихшылары Диодордың, Геродоттың, Үлкен Плиний мен Полибийдің еңбектерінде кездеседі. Мәселен, грек тарихшысы Диодордың айтуы бойынша «Сарматтар скифтердің жеріне басып кіреді де, жер-суын иемденіп, халқын қырғынға ұшыратады» делінген. Дегенмен, жазба деректерде сармат тайпалары жөнінде мәліметтер өте аз. Геродот «сарматтарды әйелдер басқарған» деп жазса, қазба ескерткіштер де сармат қоғамында әйелдердің үстемдік құрғанын нақтылай түседі. Барлық көшпелі тайпаларға тән тұрғындар санының өсуі тіршілік ету аясын кеңейтуді қажет етті. Осындай жағдайда олар өз көршілері скифтерге қарағанда Алдыңғы Азия, Солтүстік Кавказ бен Парфияға сәтті басқыншылық жорықтар жасаған.  Б.з.б. І ғасырда Сармат тайпалар одағының бірі роксоландар сонау Мидия шекараларына дейін жетсе, кейіннен олардың ізін Арал теңізінің солтүстігін мекендеген аландар басып өткен.

     Сарматтар жаулап алған елдердің саяси өміріне өз ықпалын жүргізіп отырды. Мәселен, роксоландар Понтия патшасы Митридатпен соғыста скифтерді жақтап, кейін Митридатпен одақтасып Римге қарсы соғысады. Жаулап алу барысында сармат тайпаларының бірі аорстар римдіктерге көмектесіп, сирактарды талқандауға қатысқан. Ал сирактар ол кезде Боспор патшалығының одақтасы болатын. Алан тайпалары халықтардың ұлы қоныс аударуы кезінде ғұндарға қосылып, Испанияға дейін барды. Ғұндар Батыс Қазақстанды мекендей бастаған кезде сармат тайпалары олармен араласып, біріге бастады. Сарматтар иран тілді ел болған, алайда ғұндардың келуімен олар түркі тілінің ықпалына көшеді. Сарматтар жайлы жазба деректерге қарағанда жан-жақты, көлемді мәліметтерді негізінен археологиялық ескерткіштер береді.

    2. Археологиялық ескерткіштері. Сарматтардың археологиялық ескерткіштеріне Сынтас, Целинный, Бесоба, Ақжар, Лебедевка, Володарка, Аралтөбе т.б. қорымдар жатады. Сармат ескерткіштері негізінен – қорымдар мен жекелеген обалардан тұрған. Оларда диаметрі - 60 метр,  биіктігі – 4 метрден астам обалар жиі кездеседі.                         Б.з.б VII ғасырға жататын Орал өңіріндегі Целинный ескерткішіне қазба жұмысын жүргізу барысында 100-ден астам оба табылды. Бұл обаларда мәйіттің басын батысқа қарата, дөңгелек қабір шұңқырға бірінің үстіне бірін шалқасынан жатқызып, екі деңгейде жерлеу тәсілімен қойған. Сармат ескерткіштерінің тағы бір жақсы зерттелгені Елек өзені бойындағы – Сынтас қорымы. Қорымдағы бөренелерден салынған шатыр тәрізді құрылыстың ішінен 3 сармат жауынгерінің денесі және аң бейнесімен безендірілген сүйек қасықтар табылды. Хронологиялық жағынан сармат тайпаларының ескерткіштері негізінен  3 кезеңге бөлінеді:

1)    Ерте сармат кезеңі (прохоров)        б.з.б. IV-ІІ ғасыр.

2)    Орта сармат кезеңі (суслов)            б.з.б. ІІ - б.з.-дағы І ғасыр.

3)    Соңғы сармат кезеңі                        б.з.-дың  ІІ-IV ғасыры.

Мұндағы айырмашылықтар, ерте сармат кезеңінде мәйіттің басын оңтүстікке қаратып жерлесе, орта кезеңде мәйітті қабірде қиғаштап жерледі, ал соңғы кезеңде мәйіттің басы солтүстікке қаратылып, шалқасынан жерленген. Сармат ескерткіштері арасындағы биіктігі                  2 метрге жуық Бесоба қорымында бастарын оңтүстік-батысқа қаратып, жатқызған абыз әйелдер жерленген. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Лебедевка қорымынан басы солтүстікке қаратылып, шалқасынан жерленген бай сармат әйелінің қабірі табылды. Әйелдің жанына ыдыс-аяқ, қару-жарақ пен еңбек құралдары және табиғат құдайы Дионистің басы бейнеленген мыс құмыра қойылған.

  1999 жылы Атырау облысындағы Ембі өзенінің сол жағалауына орналасқан б.з.б. ІІ ғасырға жататын Аралтөбе қорғанындағы қабірлер зерттелді. Қабірден өте бай салтанатты киімдер кигізіліп, айрықша құрметпен жерленген сармат көсемі мен әйелінің қаңқасы табылды. Олармен бірге қабірдің ішіне 2 жылқы, қару-жарақ пен ыдыс-аяқ, темірден жасалып, алтын оқамен оралған және ежелгі ұзын құлақ екі иттің басымен безендірілген аса таяқтың сынығы қойылған. Табылған заттардың ішінде ең маңыздысы – гректер жасаған қола құмыра және қыш амфора. Сонымен қатар түрлі пішіндегі алтын жалтырауықтар табылды. Алтын жалтырауықпен негізінен көшпелі ақсүйектер мен патшаның салтанатты және жерлеу киімдері әшекейленген. Аралтөбе қорғанындағы сармат көсемі қазақ жерінен табылған екінші алтын адам болып саналады.

    Сармат обаларында әр түрлі заттар мен алтын, күміс бұйымдар көптеп кездеседі. Оларда ерлер мен әйелдердің қабірлеріне қару-жарақ міндетті түрде қойылған. Археологтар сармат қорымдарынан гректердің табиғат құдайы Дионистің бейнесі салынған ыдыстарды жиі кездестірді. Бұл бай қорғандар сарматтардың Қара теңіз жағалауындағы грек қалаларымен тығыз байланыста болғанын және грек мәдениеті сармат қоғамының дамуына әсер еткенін көрсетеді.

  3. Әлеуметтік құрылымы.  Сармат қоғамы әскери-демократия негізінде қалыптасқан. Оларда ішкі және сыртқы мәселелерді әскербасылар шешті. Олар бүкіл қауым мүшелерімен ақылдаспай, тек әскери жасақ қатарындағы адамдармен санасқан. Сармат әскерлерінің негізгі бөлігін садақшылар құрады. Мұны жасы мен жынысына жіктемей-ақ барлық сармат қабірлерінен кездесетін жебе салынған қорамсақ қалдықтарынан байқауға болады. Сармат қоғамында басқа көрші тайпаларға қарағанда әйелдер мен ерлер тең құқылы болып, әйелдер жасақ құрамында әскери жорықтарға қатысқан. Оған олардың қабіріне қойылған қару-жарақтар дәлел бола алады. Сондықтан сарматтар қоғамында әскери демократия ерлерге де, әйелдерге де бірдей қатысты болды.

    Қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық ескерткіштер сармат қоғамында әлеуметтік теңсіздік орын алғанын көрсетеді. Мәселен, біздің жерімізде зерттелген сармат обаларының кейбіреуінде сол кезде өте бағалы саналған заттар бірге көмілген. Ал, енді біріндегі заттар өте жұпыны болып келеді. Әлеуметтік теңсіздікті біз обалардың сыртқы пішінінен де байқаймыз. Қоғамда ерекше орын алған бай, беделді адамдар қайтыс болғанда оларға үлкен ескерткіштер қойып, кейде сол атақты кісінің жанына қатардағы туыстарын жерлеген. Сарматтардың ру басылары өзерінің үстемдік жағдайын мәңгілікке паш етуге талпынған. Осы мақсатта олар орасан зор ескерткіш – оба соқтырды. Сарматтардың қоғамдағы әлеуметтік жағдайын олардың оба үйінділерінің көлемінен байқауға болады. Егер үлкен обаларда тайпа көсемдері жерленсе, орташа көлемдегі обаларда белгілі жауынгерлер ал, шағын обаларда қатардағы қауым мүшелері жерленді.