ҮЙСІНДЕРДІҢ ТҰРМЫСЫ ЖӘНЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

 

  Сәлемет пе балалар! Ендігі кезекте біз үйсіндердің Қазақстан жерінен табылған археологиялық ескерткіштері мен үйсін обаларының өзіндік ерекшелігімен танысамыз. Сонымен қатар, Қарғалы диадемасындағы бейнелерге сипаттама беріп, үйсіндердің шаруашылығы мен тұрмысы, қолөнер туындылары жөніндегі маңызды мәселелерді қарастырамыз.

 

1. Археологиялық ескерткіштері.

2. Қолөнердің дамуы.

3. Мал шаруашылығы мен егіншілік.

4. Үйсіндердің баспанасы.

 

 

   1. Археологиялық ескерткіштері. Үйсіндердің маңызды археологиялық ескерткіштеріне Қарғалы, Қызылеспе, Ақшоқы, Үңгіртас, Шолақжиде, Жетісудағы Алтынемел, Ақтас елді мекені, Шығыс Жетісудағы Теңлік, Кеген өзені аңғарындағы Ақтасты қорымдары т.б. жатады. Үйсін тайпаларының ескерткіштері негізінен алғанда оба түрінде кездеседі.     Үйсін обаларының ең үлкенінің диаметрі  80 метр, ал биіктігі                  15 метрге дейін жеткен. Әдетте, олар топырақ үйіндісі сияқты болып жатады. Үйсіндерден қалған ең құнды мұра 1939 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданы Қарғалы сайының бойындағы Мыңошақтыда жүргізілген қазба жұмыстары барысында 2300 метр биіктікте қараңғы тау шатқалындағы Қарғалы үңгірінен табылған -  диадема (тәж тәрізді әшекейлі бас киім - тәті) болып табылады. Бұл диадема кезіндегі бақсы әйелдікі болуы мүмкін. Өйткені үйсіндер адам бармайтын биік, қараңғы жерлерге бақсы-балгерлерді жерлеген. Қарғалы диадемасы б.з.б.            ІІ-І ғасырларда өмір сүрген зергер-ұстаның  тамаша туындысы. Диадема ұзындығы – 35  см, ені – 4,7 см екі бедерлі алтын тіліктен жасалған. Диадеманың шөп тәріздес тор көздеріне түрлі аңдардың, жануарлар мен адам бейнелері орнатылып, көгілдір, қызыл-қоңыр, қызыл тастармен әшекейленген. Диадеманың ортасында тау басына орнатылған тұғырда бір-біріне қарап тұрған екі қанатты тұлпар бейнесі бар. Бұл пырақ аттар күннің белгісін білдіреді. Сол жақта – қанатты барыс үстінде шауып келе жатқан әйел мен бұғы келе жатыр. Оның артында ешкі, айдаһарға мінген адамдар бейнесі бар. Бұл бейне Александр Македонскийдің жорықтарына байланысты ежелгі Грекиядан енген ұғымдар болуы мүмкін. Себебі гректерде түрлі жануарлар бейнесіне кіре алатын, өлім мен өмір беруші табиғат құдайы - Диониске табыну дәстүрі болған.  Диадемамен бірге үңгірден 400 әр түрлі сәндік бұйымдар, оның ішінде қос өркешті жатқан түйенің бейнесі бар 2 жалпақ жүзік, таутеке бейнелі бедері бар 10 дөңгелек оқа, құс бейнелі етіп жасалған әшекей сырғалар, дөңгелек сылдырмақтар табылды.

    2. Қолөнердің дамуы. Обалардан табылған мәдени мұралар үйсіндерде қолөнер кәсібінің болғанын дәлелдейді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қолөнер заттары мен бұйымдары үйсін өнерінің жоғары даму деңгейін көрсетеді. Үйсін әйелдері ыдыс жасауда саз балшықты пайдаланған. Ыдыстар арнайы ұршықтарға, құм толтырылған мата қалыпқа қолдан саз балшық жапсыру арқылы жасалды. Ағаш ұсталары қайыңнан астау, табақ, тостағандар мен ожауларды ойып жасаған. Олардың арасында азық-түлік сақтайтын, су таситын, сүт құятын ағаш ыдыстар да кездеседі. Керамиканың негізгі түрі тостаған, сопақ құмыра, тас тұтқалы қазандар болды. Қорғандардан табылған бұйымдарға қарап үйсіндер темір балқыта алды деген қорытынды жасай аламыз. Үйсін ұсталары темірден пышақ, қанжар, семсер, жебе ұштарын жасады. Олар дән үгу үшін екі жалпақ тастан қол диірмен жасай білген. Сонымен бірге үйсіндер мыс, қорғасын, қалайы мен алтын кеніштерінен кен өндірген. Зергерлер түрлі-түсті тастар мен бағалы металдардан моншақ, сырға, киімге тағатын сәндік бұйымдар жасап, сүйектен түйме, түйреуіш пен ілгектер әзірледі. Үйсіндерде алтын әшекей бұйымдарды жасауда зерлеу тәсілін қолдана отырып, зергерлік бұйымдарға түрлі асыл тастардан көз салу өнері дамыды. Тері өңдеуде былғарыдан сұйық тағамдарға арналған торсық пен мес тігілді. Тоқымашылардың мата тоқу ісінде қарапайым тоқыма құралы - «өрмек» қолданылды. Қолөнер мен үй кәсіпшілігі мал өнімдерін өңдеумен байланысты болған. Үйсіндер былғары мен киізді шеберлікпен өңдеп, түрлі түске бояды. Мұнымен, көбінесе, әйелдер айналысты. Ал еркектердің басты міндеті отбасын және мал-мүлікті қорғау болды.

   3. Мал шаруашылығы мен егіншілік. Қытай жазбаларында үйсіндерді көшпелілер ретінде сипаттайды. Б.з.б 105 жылы үйсін күнбиіне ұзатылған Қытай императорының қызы киізбен қаптаған дөңгелек үйде тұратынын, ет, сүт тағамдарымен қоректенетінін айтып өлеңмен зарлы хат жазған. Үйсіндердің негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы. Жетісудың табиғаты үйсіндерге көп мал ұстауға мүмкіндік берді. Бұл аймақта қыстау мен жайлаудың ара қашықтығы 30 – 100 шақырым аралығында болды. Сол себепті үйсіндер қыстау мен жайлауда, сонымен қатар тау бөктеріндегі жайылымдарда ұзақ уақыт отыра алатын. Үйсіндер алысқа көшіп-қонуға және тебіндеуге ыңғайлы жылқы мен қойды көп өсірді. Сонымен қатар сиыр, ешкі, қос өркешті түйе, есек ұстады. Үйсіндер жылқы өсіруге ерекше көңіл бөлген. Бай үйсіннің 4-5 мың жылқысы болды. Үйсіндерде байлықтың негізгі өлшемі – жылқы санымен анықталды. Үйсіндердің Шығыс Жетісудағы Теңлік қорғанынан табылған алтын тоғада құйрық-жалы өрілген ат үстінде отырған адам бейнесі бар. Теңлік қорғанынан табылған ат пен Ахеменид астанасы Персепол сарайы қабырғасына бедерленген сақ жылқыларын салыстырғанда, олардың ұқсас екендігі байқалды.

      Үйсіндер шаруашылығының ерекшелігі мал шаруашылығының егіншілікпен ұштастыра жүргізілуінде. Олар көбіне тары мен арпа еккен. Елдің көп бөлігі жайлауға шығып кеткенде, қалған тұрғындар егінді күтіп, оны күзде жинап алып, туыстарын астықпен қамтамасыз етті. Бірте-бірте жиі болып тұратын жұт, малдың індеті, үздіксіз соғыс салдарынан малдан айырылған халықтың бір бөлігі тұрақты отырықшылыққа көшуге мәжбүр болды. Үйсіндердің отырықшы болып, егін шаруашылығымен айналысқандығын олардың мекен-жайларынан көруге болады. Мәселен, Жетісудағы Ақтас қонысының төңірегінде қарапайым суармалы егіншіліктің болғанын дәлелдейтін  аумағы 60 шаршы метрден 150 шаршы метрге дейін өңделген шағын егіс танабының орны анықталды. Бұл жерден сол  уақытта пайдаланылған егіншілік құралдары: шоттар, орақтар, дән үккіштер көптеп табылды. Дәнүккіштер ұзақ пайдаланғаннан әбден жұқарып, тозған. Сонымен қатар Іле, Шу, Талас алқабында үйсіндерден қалған суландыру жүйелері сақталған.

   4. Үйсіндердің баспанасы. Көшпелі үйсіндердің баспанасы – киіз үй болса, отырықшы үйсіндер кірпіштен және тастан салынған үйлерде тұрды. Олардың баспаналарының қабырғалары екі қабат тастан тұрғызылып, арасы шағыл тасты топырақпен толтырылған күрделі қабырғалардан көтерілген.

      Шу мен Кеген өзендерінің жағалауында қазба жұмыстарын жүргізген археологтар бірнеше үйсін қоныстарының орнын тапты. Олардың өзара айырмашылықтары бар. Шудағы үйсіндердің баспанасы қыш кірпіштен соғылып, таға тәріздес, саздан жасалған ошақ арқылы жылытылған.          Ал, Кеген үйсіндерінің үйлері тастан жасалған 4 бөлмелі және мал қамайтын бірнеше бастырмалы болды. Бөлме еденін саз балшықпен сылап, іргесін таспен қаптаған. Үйдің ортасындағы жерошақ үйді жылытып, жарықтандырды, әрі оған тамақ пісірді. Үйсіндер баспанасының төбесі жайпақ, тегіс етіп жабылып, тіреулер қойылған. Қабырғалары әр түрлі ою-өрнектермен безендірілген.

      Үйсіндердің бір ауылында 5-6 үйден болды. Ауыл маңында ру және әулеттің зираты орналасып, қабір үстіне топырақ пен тастан қорған тұрғызылған. Олардың жанында құрбандық шалынды. Үйсіндердің мекен-жайларында қыштан жасалған ауыр ыдыс-аяқтар, дән үккіштер, темірден жасалған орақ тәрізді құралдар, тас шоттар, дәнді дақыл қалдықтары кездескен.