ҒҰНДАР

 

1. Ғұндар туралы тарихи деректер

2. Археологиялық ескерткіштері

 

    Сәлемет пе балалар! Бүгін біз сіздермен бүкіл Еуразия құрлығындағы этносаяси дамудың түбегейлі өзгерістеріне тікелей ықпал еткен көшпенді әрі жауынгер тайпа – ғұндар туралы тарихи деректерден хабардар           болып, олар жөнінде ғылыми еңбектер жазған ғалымдармен танысамыз. Сонымен қатар, ғұндардың археологиялық ескерткіштері мен қолөнер бұйымдарының өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып өтеміз.  

 

 1. Ғұндар туралы тарихи деректер. Ежелгі қазақ даласындағы этникалық, саяси және мәдени үрдістерде ғұн тайпаларының алатын орны ерекше.     Б.з.б. IV-III ғасырларда Орталық Азияда Қытайдың солтүстік шекараларына жақын орналасқан ғұн тайпалары біріге бастады. Ғұндар Қазақстанға Орталық Азиядан б.з.б. I ғасырдың соңы мен б.з.-дың I ғасырында келгендіктен, олардың тарихы қазақ жерімен тығыз байланысты. Оны біз археологиялық қазбалардан және Қытайдың жазба деректерінен білеміз. «Ғұн» атауы б.з.б. ІІІ ғасырдың аяғында алғаш рет қытай деректерінде кездеседі. Ғұндардың әлеуметтік-экономикалық және саяси тарихы жөнінде ең алғаш жазған қытай тарихшылары: Сыма Цянь, Бан Гу, Фай-Е-нің шығармалары аса құнды мәліметтер береді.

   Олардың біріншісі қытай тарихының атасы – Сыма Цяньның                     130 бөлімнен тұратын «Ши-цзи» (Тарихи жазбалар) атты еңбегі болса, екіншісі - Бань-Гу жазған еңбек «Цянь Хань-шу» (Батыс Хань мемлекетінің құжаттары) деп аталады. Ал, үшіншісі тарихшы – Фай-Е жазған «Хоу Хань-шу» (Шығыс Хань мемлекетінің құжаттары) атты шығарма.  Сонымен қатар Еуропа ғалымдарынан  Рим тарихшысы - Аммиан Марцеллиннің «Іс-қимылдар» деп аталатын 31 кітаптан тұратын шығармасы, француз тарихшысы - Тьер Амедидің «Аттила және оның мұрагерлерінің тарихы» атты 2 томдық кітабы, герман тарихшысы Иорданның ғұн билеушілері Ругила мен Аттила басқарған мемлекет және Аттиланың Римге жорығы туралы мәліметтері  бағалы еңбектер қатарына жатады. Орыс ғалымдарынан Н.Я.Бичурин, Н.А.Аристов, В.В.Бартольд,                Л.Н.Гумилев, А.Н.Бернштам, қазақ ғалымдарынан Ш.Ш.Уәлиханов, К.А.Ақышев, Г.А.Кушаев, К.М.Байпақов, әкелі-балалы Сәрсен және Алтай Аманжоловтар ғұндар тарихнамасын зерттеуге үлес қосып, олар туралы құнды деректер жазған.

    Қазақ ғалымдарының ішінен ғұн билеушісі Аттила туралы алғаш рет жазып, ғылымға енгізген – Шоқан Уәлиханов болды. Бүгінгі таңда ғұндардың тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік беретін көрнекті түрік тарихшысы Бахаддин Өгелдің 1981 жылы Анкарада басылып шыққан «Ұлы ғұн империясының тарихы» атты екі томдық кітабының маңызы зор. Бұл шығарманың түрік тілінен қазақ тіліне аударылған нұсқасы               1998 жылы жарық көріп, оқырман назарына ұсынылды.

     Ғұндар алтай тілдер тобының бір тармағы болып табылатын түркі тілдес моңғолдық нәсілге жататын тайпалар. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев өзінің «Пайғамбар» атты өлеңінде  «ғұндар - түркілердің атасы» деген тұжырым жасайды. Бүкіл Еуразия құрлығындағы этносаяси дамудың түбірлі өзгерістері көшпенді әрі жауынгер ғұн тайпаларының есімімен тікелей байланысты.

     2. Археологиялық ескерткіштері. Қазақстан аумағында ғұндардың археологиялық ескерткіштері өте сирек ұшырасады. Ғұн қорымдары көбірек кездесетін аймақ - Оңтүстік Сібір. Мұндағы қабірлер алдын-ала қазылған қазаншұңқырға қойылған қима-табыттардан аршылды. Шұңқырға табытқа салынған мүрде мен сол дәуірге тән құрал-саймандар, қолөнер бұйымдары және ақіреттік тағам ретінде сиыр еті қойылған.

    Шөл және шөлейт аймақтардағы ғұн ескерткіштеріндегі өзіндік ерекшелікке биік ер-тұрман, қауырсын тәріздес қабыршақты өрнек, әшекейлі қол қазан жатады. Ғұн қабірлерінен көптеп кездескен бұйымдар күрделі садақ пен түрлі әшекейлер. Ғұн садағы жеті сүйек бөліктерінен құрастырылып, иыққа жақындайтын тұсы қосымша сүйек қапсырмалармен бекітілген. Рим саяхатшысы Аммиан Марцеллин ғұндардың ұшына у жағылып, мүйізден жасалған ысқырық тағылған сүйек жебелерінің болғанын жазады. Бірақ мұндай жебелерді археологтар әлі таба қойған жоқ. Ғалымдардың пайымдауынша «жер қыртысында сүйек сақталғанымен, мүйізден жасалған бұйымдар сақтала қоймайды, сондықтан да қазақ даласында осындай жебелер әлі кездесе қойған жоқ» дейді. Ғұн әйелдерінің қабірлерінен керемет жасалған бас киім мен «қалаш» сырғалар, білезіктер, белбеу айылбастар және моншақтар табылды.

     Халықтардың ұлы қоныс аудару кезіндегі далалық қорымдардан созыла басылған алтын қаңылтыр мен түрлі-түсті тастар салынған әшекейлер табылды. Олардың мұншама көп таралуы көшпелілерді тез баюға алып келген Иран мен Римге қарсы тонаушылық соғыстарына байланысты болған еді. Әзірге зерттелген ғұн қабірлеріндегі бұйымдар алтын және өзге әшекейлермен сәнделген. Алайда, қорымдарда ірі алтын кесектерінен жасалған заттар сирек кездеседі және әшекейлеуде пайдаланылған қызыл және күлгін түсті тастар да аса бағалы емес.

   Археологтар Иволга өзенінің Селеңгіге құяр тұсындағы елді мекеннен тұрақты жартылай жертөленің орнын тапты. Едені сабан араласқан балшықпен сыланған жертөленің ішінен тары дәндері, шойын түрендер, темір орақ, тас дәнүккіштер және астық сақтайтын ұралар табылды.  Ғұндардың қабірлерін қазу барысында табылған қыш құмыралар, көзелер, саптыаяқтар қолдан жапсыру тәсілімен ұршық қалыптарда дайындалған.