САҚТАР

 

1. Сақтар туралы алғашқы мәліметтер

2. Сақ тайпаларының қоныстануы

3. Сақтардың қоғамдық құрылысы

4. Сақтардың шаруашылығы

 

  Құрметті оқушылар! Біздің бүгінгі сабағымыз темір дәуірінде қазақ жерін мекендеген сақ тайпалары және олардың түрлері, қоныстанған жерлері мен қоғамдық құрылысы, сонымен қатар олардың қандай шаруашылық түрімен айналысқаны жөніндегі жазба деректер мен тарихи мәліметтер жөнінде болмақ.

 

   1. Сақтар туралы алғашқы мәліметтер. Сақтар туралы жазба  деректерді 3 топқа бөлуге болады. Біріншісі – ежелгі парсы патшаларының тастағы сына жазбалары мен Геродоттың еңбектеріне негізделген. Екіншісі – Александр Македонский мен оның мұрагерлерінің жорықтары кезіндегі грек жазбалары. Үшіншісі – Орта Азия халықтарымен байланыста болған, өз замандастарының мәліметтеріне сүйенген грек және латын ғалымдарының жазбалары.

     Парсы патшалары І Дарий мен Ксеркстің бұйрығымен жазылған мәтіндерде Қазақстандағы сақ тайпаларының аты аталады. Грек және латын тіліндегі деректердің арасынан Геродот пен Страбонды айтуға болады. Осындай деректерге қарағанда Грекияда, Рим империясында, Персияда, Египетте, Үндістанда көшпелілерді жақсы білген.

  Сақтар - б.з.б. I мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан жерін мекен еткен ежелгі тайпа. Олар ежелгі дүние өркениеттерімен қарым-қатынас жасаған. Жалпы, сақ тайпалары атауының мағынасы жайында көп пікір бар. «Сақ» сөзінің мағынасын парсы жазбаларында «құдіретті еркектер» деп түсіндіреді, ал иран жазбаларында «жүйрік атты турлар» дейді. Ежелгі грек авторлары сақтарды «азиялық скифтер» деп атайды.

Б.з.б. 484–425 жылдары өмір сүрген грек тарихшысы Геродот, шошақ бөрікті сақтарды (тиграхауда) - массагеттер деп атаған. Грек деректерінде көшпелі тайпалардың тағы да бір атауы – дай (дайлар) кездеседі. Грек тарихшыларының айтуына қарағанда, сақтар «дұшпанға – қатал, досқа – адал» болған. Олар батыр жауынгерлерді ардақтап, құрмет тұтқан. Сақ деп аталатын тайпалардың әрқайсысының өз алдына көсемі болған. Грек авторы Ктесий: «сақ әйелдері ер жүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетіп, ұрысқа араласады» деп баяндайды.

Антропологтар сақтарды еуропалық нәсілге жатқызады. Дегенмен монғолоидтық белгілер Солтүстік және Шығыс Қазақстанды мекендеген сақтарда көбірек байқалады. Сақтар шығыс иран тілінде сөйлеген.

       2. Сақ тайпаларының қоныстануы. Ғалымдар Қазақстан жерін мекендеген сақтардың қоныстанған жерлерін анықтады. Сақ тайпалары мен тайпа одақтары негізгі 3 топқа бөлінеді. Олардың бір тобы Жетісуда, Тянь-Шань тауларында, Сырдария өзенінің орта ағысында тұрған. Сақтардың бұл түрі шошақ бөрікті сақтар (тиграхауда) деп аталады. Олардың суреті Персеполдағы Ксеркс сарайының қабырғаларында кездеседі. Олардың бет әлпеті монғолоидтық нәсіл тектес. Осыған қарап ғалымдар Жетісу аймағы монғолоидтық нәсіл тараған орталықтардың бірі деп топшылайды. Жетісу алқабы «шошақ бөрікті сақтардың» жиі қоныстанған орталығы болған. Күні кешеге дейін қазақ халқы өздерін «шошақ бөрікті қазақпыз» деп атап келген.

    Сақ тайпалардың екінші бір тобы Арал теңізінің маңында, Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысын мекен еткен. Парсылар оларды теңіздің арғы жағындағы сақтар (парадарайа) деп атаған. Сақтардың үшінші тобы Мұрғаб өзенінің аңғарында өмір сүрген.  Оларды хаома сусынын дайындайтын сақтар (хаомаварга) деп атаған. Олар жылқының сүтінен ашытып хаома атты ерекше сусын дайындай білген.

    Арал теңізінің аумағын мекендеген сақ тайпаларын жазба деректерде апасиак, дай, массагет және каспилер деп атайды. Сонымен қатар Сарыарқаның солтүстік-батысын – аргиппейлер, орталығын – исседондар мекендеген. Сарыарқаның шығысында, Алтай тауының маңында «алтынды қызғыштай қорушылар» деген атпен белгілі сақтардың - аримаспы тайпасы қоныстанған. Аримаспылардың атауы Алтайда алтын мен темірдің мол болуына байланысты шыққан.

     3. Сақтардың қоғамдық құрылысы. Ерте темір дәуірінде мүлік теңсіздігі орнықты. Мұны археологиялық қазбалар мен жазба деректер дәлелдейді. Сақ патшалары кұдіретті билеушілерге айналды. Олар соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешті, келісімдер жасасты, елшілер тағайындап, әскерді басқарды. Патша билігін баласына мұрагерлікке қалдырып отырды. Патшаның көктемде жерге алғашқы соқа салу жұмысын жүргізуі оның халықпен байланыстылығын көрсетеді. Халықтың басым көпшілігін қатардағы қауымдастар – малшылар құрады. Халық жиналысының, яғни тайпаның барлық ересек ер адамдары жиылысының рөлі күшті еді, ол көсемдерге де ықпал жасады. Бұл алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырап, әскери демократияның пайда бола бастаған кезі болатын.

     Тайпа мүшелері өз жиналыстарында тайпа көсемін сайлады. Тайпа көсемі бас қолбасшылық қызметін де атқарып, тайпалар мен рулардың арасындағы даулы мәселелерді шешті, қақтығыстарды реттеп отырды. Көсем өз тайпасының қарумен, азық-түлікпен қамтамасыз етілуін қадағалап, тайпа атынан келіссөздер жүргізіп отырды, жайылым және көші-қон мәселесін реттеді. Жер бөлісімен айналысып, оны пайдалану жолын белгіледі. Сақ қоғамы жауынгерлер, абыздар және қауым мүшелері (малшылар мен егіншілер) деп аталатын 3 топтан тұрды. Жауынгерлерді ежелгі үнді-ирандық тілінде «ратайштар», яғни «арбада тұрғандар» деп атаған. Сақ патшалары жауынгерлер тобынан шыққан. Абыздардың танымал белгісі болып тостаған мен айрықша бас киімдері саналды. Малшылар мен егіншілердің «сегізаяқты» деп аталатындары да болған. Бұл соқаға жегетін екі өгізі барлар дегенді білдіреді. Әрбір қоғамдық топтың дәстүрлі өз түсі болды. Жауынгерлердікі - қызыл, абыздардікі - ақ, ал малшылар мен егіншілер - сары және көк түсті киімдер киген.

    Қоғамдағы маңызды мәселелер халық жиналысында талқыланып, оған әйелдер де қатысты. Сақ әйелдері қоғамдық өмірге белсене араласып, ерлермен бірге соғысу құқығына ие болды. Сақ қоғамында әйелдерді құрметтеп, қастерлеген, сыйлаған. Сақ әйелдері тайпа көсемі болып та сайланатын. Мәселен, сақ патшайымдары Томирис пен Зарина есімдері тарихта кеңінен белгілі. Ежелгі деректердің бірінде сақтардың үйленуі туралы: «Егер сақ жігіті қызға үйленгісі келсе, онымен әуелі күш сынасуы керек. Қыз жеңсе, жігіт оның тұтқыны болып есептеліп, оған толық тәуелді болады. Тек жеңген жігіт қана өз билігін жүргізе алады» деп жазды. Сақтарда соғыс тұтқындары құлға айналдырылып, үй шаруашылығында жұмыс істеді.

  4. Сақтардың шаруашылығы. Көптеген деректерде сақтардың мал шаруашылығымен айналысқандығы айтылады. Сақтар мал шаруашылығының 3 түрімен: 1) көшпелі мал шаруашылығы    2) жартылай көшпелі мал шаруашылығы 3) отырықшы мал шаруашылығымен айналысқан. Б.з.б. І мыңжылдықтың ортасындағы сақтардың негізгі шаруашылығы - көшпелі мал шаруашылығы болып табылады.   Сақтардың мал шаруашылығы Қазақстан аумағында әр түрде таралды.  Батыс және Орталық Қазақстанда - көшпелі мал шаруашылығы қалыптасса, Шығыс Қазақстанда, Алтай, Тянь-Шань тауларының етегінде, Жетісуда - жартылай көшпелі мал шаруашылығы өріс алды. Ал Оңтүстік Қазақстан, Талас, Сырдария, Шу, Келес өзендерінің аңғарында отырықшы мал шаруашылығы дамыған. Сонымен қатар бұл жерлерде суармалы егіншілік те  басым болды.

     Сақтардың өмірінде жылқы өсіру маңызды орын алды. Оларда жылқының екі түрі болған: 1) аласа бойлы, аяқтары мығым, басы мен денесі ірі, күш көлігі ретінде пайдаланылатын  жылқылар; 2) шоқтығы биік, жарау денелі, жауынгерлер соғыста мінетін жылқылар. Аса жүйрік аттарды көсемдер мен атақты жауынгерлер мінген. Сақтардың мал шаруашылығында  ірі қара (сиыр) аз өсірілді. Өйткені, олар жылқы мен қойға қарағанда тебіндеп жайылуға қабілетті болмады. Сондай-ақ, сақтардың мал шаруашылығының негізгі бағыты – қой өсіру болып, олар құйрықты және биязы жүнді қойларды көп өсірген. Батыс және Оңтүстік Қазақстанның далалы және шөлейт аймақтарын мекендеген сақтарда түйе өсіру кең тарады. Түйе мінуге және жүк артуға пайдаланылған. Одан жүн, ет, шұбат алынды. Сақтар қосымша кәсіп ретінде балық аулай білген. Балық аулау Ертіс жағалауында және Сырдария өзенінің бойында таралды. Сақтар отырықшы мал шаруашылығымен қатар өзен және сулы аймақтарда суармалы егіншілікпен айналысқан. Сырдарияның оңтүстік аңғарындағы Шырық-рабад, Бәбіш-молда қоныстарының маңынан канал арқылы суарылған ежелгі егіс даласы табылды. Сақтардың б.з.б. ІІІ ғасырда қазылған арықтарының орны Алматы маңындағы Талғар қаласының жанынан және қазіргі Жамбыл облысының аумағынан да табылған.