ҚОЛА
ДӘУІРІНІҢ МӘДЕНИЕТІ МЕН ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Балалар!
Ендігі кезекте, қола дәуірі тайпаларының Андрон және
Беғазы-Дәндібай мәдениеттері, сол кездегі адамдардың
діні мен өнері және тасқа салынған суреттердің
мағынасы жөніндегі өзекті мәселелерді алға
тартамыз.
Андрон мәдениеті. Қола
дәуірінде Қазақстан даласын, Оңтүстік Сібірді
және Орал аймағын шығу тегі бір, өзіндік мәдениеті
бар тайпалар мекендеді. Бұл тайпалардан елді мекендер, таспен қаланған қабірлер, кеніштер мен жартас бетіне салынған суреттер сияқты археологиялық ескерткіштер қалған. Мұндай алғашқы
ескерткіштің бірі 1914 жылы Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының
маңындағы Андроново селосынан
табылды. Осыған байланысты бұл жердегі өмір сүрген
адамдар – «андрондықтар», ал
мәдениет – «андрон мәдениеті»
деген атау алды. Бұл жердегі қазба жұмыстарын 1913 жылдан
археолог Б.В.Андрианов
жүргізген. Өздерінің
антропологиялық сипаты жағынан андрондықтар еуропалық
нәсілге ұқсаса, тілдері – үнді-ирандық болып табылады. Олардың бойы орташа,
беті жалпақ, маңдайы тайқылау болып келген.
Андрон
мәдениеті Еуропа мен Азиядағы ең ірі қола дәуірі мәдениеттерінің
бірі болып саналады. Себебі, бұл мәдениеттің ескерткіштері
шығыста Минусинск қазан
шұңқырынан батыстағы Орал тауларына дейінгі, ал солтүстігінде Батыс Сібір
жазығынан – оңтүстігінде
Памир тауларына дейінгі өте үлкен аймақты алып жатыр.
Зерттеушілердің көпшілігі андрон мәдениетін
3 кезеңге бөледі:
1) Ерте қола кезеңі (Федоров) – б.з.б. XVIII-XVI ғ.ғ.
2) Орта қола кезеңі (Алакөл ) – б.з.б. XV-XIІІ ғ.ғ.
3) Кейінгі қола кезеңі (Замараев) – б.з.б. XII-VIІІ
ғ.ғ.
Бұл кезеңдер алғашқы зерттелген
ескерткіштердің атына сәйкес Федоров, Алакөл, Замараев деп
аталады. Андрон мәдениетін
зерттеуші
қазақстандық ғалымдар - Ә.Х.Марғұлан, К.А.Ақышев, А.Г.Максимова,
С.С.Черников, Ә.М. Оразбаев тағы
басқалар.
Андрон
мәдениетінің негізгі ошағы – Орталық Қазақстан аймағы.
Бүгінгі күні ғалымдар бұл өңірден қола дәуіріне жататын 30-дан аса елді мекен мен 150-дей қорымды қазып зерттеді. Олардың
қатарына Бөрібас, Алғабас, Атасу, Беғазы, Талды,
Ақмая, Обалы, Бесоба, Дәндібай ескерткіштері жатады. Археологтар Солтүстік және Батыс Қазақстаннан
80-нен аса Андрон
мәдениетінің ескерткіштерін ашты. Олардың ішінде ғылымға кеңінен танымал
Алексеевка, Ұралысай, Тастыбұлақ елді мекендерімен қатар Қостанай мен
Челябі облыстарының түйіскен жерінде, көне қалалардың негізі болып саналатын ежелгі
қала - Арқайым
табылды. 1927 жылы Батыс Қазақстаннан андрон
мәдениетінің ескерткіштерін археолог М.П.Грязнов ашты. Батыс
аймақтың ескерткіштеріне дөңгеленіп келген тас қоршаулар мен қорғандар тән. Есіл
өңіріндегі Петровка,
Боголюбово төңірегіндегі
елді мекендер ормен және топырақтан
соғылған дуалмен қоршалып,
дуалға арба сиятындай ағаштан есік орнатылған.
Шығыс Қазақстаннан қола дәуіріне жататын 10 шақты елді
мекендер мен қабірлер ашылып зерттелді. Бұлардың салынуына
мыс, қалайы және алтын сияқты кен орындары үлкен
әсер еткен. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда
жүргізілген археологиялық
зерттеулердің нәтижесінде Таңбалытас
пен Қаратау жартастарынан табылған суреттер бұл аймақты да қола дәуірінде адамдар мекендегенін білдіреді. Бұл
өңірде Арал теңізінің шығыс жағындағы
қола дәуірі ескерткіштері
жақсы зерттелген. Соның бірі – Сырдарияның төменгі ағысындағы, қола
дәуірінің соңғы кезеңіне
жататын - Түгіскен кесенесі
(мазары). Кесене күйдірілмеген кірпіштен салынған. Оның ішіндегі айналма дәліздер
мен тамның ортасына ыдыстар,
қоладан жасалған құралдар мен қарулар, алтын
әшекейлер қойылған. Өлген адамның мәйітін ортаңғы бөлмеге
жатқызып өртеген. Бұдан қола дәуірінде өлікті
өртеу (кремация) дәстүрі болғанын байқаймыз.
2. Беғазы-Дәндібай
мәдениеті. Қола
дәуірінің кейінгі кезеңінде Қазақстанның
орталық аймағын мекендеген адамдардың өзіне тән жаңа
мәдениеті болған. Орталық Қазақстанда көп
жылдар бойы археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген
академик Әлкей
Хақанұлы Марғұлан қола дәуірінің кейінгі
кезеңінің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, оны «Беғазы-Дәндібай
мәдениеті» деп атады. Оның хронологиялық мерзімі б.з.б. XII-VIІІ ғасырларды қамтиды. Бұл атау Орталық Қазақстандағы Беғазы және
Дәндібай мекеніндегі
обаларға байланысты қойылған. Бұл мәдениетке Беғазы, Бұғылы,
Саңғыру, Айбас және Дәндібай
ескерткіштері жатады. Аталған ескерткіштерден табылған заттар қола
дәуірінен темір дәуіріне ауысатын өтпелі кезеңді
көрсетеді. Осы мәдениетке
жататын үйлердің, жерлеу орындарының құрылыстары өте ірілігімен,
тас қашау өнерінің жетілгендігімен
ерекшеленеді. Әдетте, үйлердің қабырғалары ірі тастардан қаланып, балшықпен сыланған. Ішкі және сыртқы беттеріне тастың тегіс
жағы қаратылған. Беғазы-Дәндібай
мәдениетіне жататын жерлеу орындарының көпшілігі – оба түрінде кездеседі. Беғазы-Дәндібай
мәдениеті ескерткіштерінің андрондық қорғандардан
ерекшелігі обалары биіктеу болып келеді және ұсақ
қиыршық тастар мен топырақтан тұрғызылып, етегі
үлкен қақпатастармен бекітілген. Бұл
мәдениетке жататын қыш құмыралардың ернеуі тік, бүйірі шығыңқы,
түбі тегіс болып, әр
түрлі өрнекпен безендірілген.
Құмыраларда тарақ жүзді, үзік сызықты
және ұшбұрышты
өрнектер көп кездеседі.
Қола дәуірін
жоспарлы зерттеу 1946 жылы басталды. Сол жылы қазақтың біртуар ғалымы, академик Ә.Х.Марғұланның жетекшілігімен көне дәуір тарихын зерттейтін археологиялық экспедиция
құрылды. Осы экспедиция зерттеулері нәтижесінде
Қазақстан жеріндегі қола дәуірі ескерткіштерінің
сыры ашылды.
Қола
дәуіріндегі адамдардың діні мен өнері. Қола дәуірінің
тайпалары табиғат күштері:
күнге, айға, отқа және жұлдыздарға табынды.
Олар өлген адамдарды жерлегенде басын батысқа немесе оңтүстік-батысқа
қаратып, қол-аяғын бүгіп жатқызған.
Бұл жер ана құшағына барған сәби
қалпындағы адам түсінігін береді. Олар «өлікті матаушы»
ажал құдайы Ямаға
сиынып, оны қолына жіп ұстап тұрған қалпында
бейнелеген. Ерте қола дәуірінің жерлеу салтында кремация, яғни мәйітті өртеу басым болды.
Андрондықтар отқа табынып,
мәйітті көкке алып кететін от құдайы - Агнияға арнап
құрбандыққа ешкі
сойған. Кейінгі қола дәуірінде жерлеудің кесенемен бірге өртеу түрі кездеседі.
Өлікті өртеу ғұрпын олар табиғаттың жаңару заңдылығы, жаңа өмірге көшу деп
түсінді.
Қола
дәуірі адамдарының ойлау қабілеті мифтік дәрежеде
болды. Дүниені жарату жөніндегі мифтерде әлем - күн
құдайы Митраға
арнап құрбандыққа шалынған
бұқаның мүшелерінен жаратылған делінеді.
Сондықтан күн құдайы Митра бұқамен бірдей
саналған. Бұқаның бейнесі молшылық, құдіреттілік пен күштің белгісі болып
табылады. Адамдар құдайларға жалына
құрбандық шалып, ерекше рәсімдер өткізіп отырды.
Мұндай рәсімдер тау
шатқалдарында, қасиетті
бұлақтар мен өзен бойларында
жасалды. Андрондықтар үй құрылысын салуды құрбандық шалудан
бастаған. Құрбандыққа сүт толы ыдыстар қойылып, бұқа немесе қой
шалынды. Сүт ішіліп, етті жеп болған соң
құмыралар мен сүйектерді салынатын үйдің
ошағының қасындағы тіреуіш
діңгектің немесе табалдырықтың
астына көмді. Тіреуіш діңгек адамдарды «көкпен
жалғастырып тұратын белгі» саналып, құрметті орын болып
есептелген. Оны мереке күндері гүлмен көмкерді. Үйлену
тойы кезінде оның түбінде күйеу мен қалыңдық отырса, жәй күндері
бұл құрметті орында ақсақалдар
отырған. Сонымен қатар оларда қасиетті орын ретінде үйдің ошағы қатты құрметтелді.
От пен күлге байланысты ырымдардың бәрі
құдайдың рақым-шапағаты тиіп денсаулық,
отбасының амандығы, құт-береке болса деген тілекпен
жасалған.
Андрондықтарда өнердің дамуына дін ықпал етуге байланысты
құдайлардың тас мүсіндері аса бір
шынайылықпен және көркем шеберлікпен жасалған.
Қола дәуірінде жартас бетіне салынған суреттердің
өзіндік ерекшеліктері болды. Олар жартас бетіне үшкір тас сынықтарымен жануарлар, күн
бейнелі адамдар суретін, соғыс арбалары мен шайқас
көріністерін қашап салған. Бұл – адамның рухани
мәдениеті мен дүниетанымын білдіретін аса маңызды деректер
жиынтығы болып табылады. Қазақстан тасқа салынған
суреттердің (петроглифтер) саны мен түрі жөнінен
әлемдегі ең бай өлкенің бірі. Осындай суреттер
көп табылған Таңбалы,
Ешкіөлмес, Қаратау, Маймақ, Тарбағатай, Бөкентау
аймақтары дүниежүзілік мәдениеттің қорына
қосылған. Жартастарға салынған суреттер –
андрондықтардың өздерін қоршаған дүние туралы
түсініктерінің көрінісі еді. Жабайы
бұқа, қос
өркешті түйе (бактриан) бейнелері андрондықтардың
тасқа қашап салған суреттерінде жиі кездеседі. Сонымен
қатар қола дәуіріндегі петроглифтерде екі аяқты арбаны бейнелеу кең тараған.
Қаратаудағы жартасқа салынған суреттердің ішінде 49 арбаның суреті бар.
Суреттердің көбінде ат немесе түйе жегілген, аңшылыққа
арналған жеңіл, екі дөңгелекті әскери арбалар
салынған. Андрондықтар түсінігінше бүкіл
құдайлар аспанда ат жегілген екі аяқты арбамен жүреді
деп сенді.
Қола дәуірінде Қазақстанды мекендеген адамдар зергерлік өнер туындыларын қалдырды. Андрондық сәндік
бұйымдардың ішінде жиі кездесетіні - екі жағы бірігіп келген
сақина тәріздес дөңгелек сырғалар. Оларды мыстан
жасап, алтынмен қаптап, түкті терімен ысқылады. Б.з.б. ІІ мыңжылдықта
Қазақстанда сәндік бұйымдар жасау өнерінің
даму дәрежесі жоғары болғандығына Орталық
Қазақстанның Айбас сағасындағы Алакөл
қабірінен табылған түтік тәрізді алтын білезік пен Шығыс Жетісудағы Мыңшұңқыр
қабірінен табылған аң стиліндегі екі алтын сырға дәлел бола алады. Қола дәуірі
мәдениетінің гүлденуі Жерорта теңізі және Кіші
Азия мәдениеті мен экономикалық қатынастардың
нәтижесіне байланысты болды.
Сонымен, қорыта айтқанда,
Қазақстандағы қола дәуірінің өзіндік
мәдениеті өз ерекшеліктерін сақтай отырып,
Қазақстан аумағына таралып, белгілі бір даму сатыларынан
өткен.