АЛҒАШҚЫ ТАСТАН ЖАСАЛҒАН ЕҢБЕК

 ҚҰРАЛДАРЫ

 

  1. Ежелгі адамдардың өмірі

  2. Еңбек құралдары

 

  Құрметті оқушылар! Бізді, ежелгі адамдардың жер бетінде қалай өмір сүргені және олар алғаш қандай еңбек құралдарын пайдаланды деген сұрақтар қызықтырмай қоймасы анық. Сондықтан, бүгінгі сабағымыз ежелгі адам өмірінің табиғатпен байланысы, тобыр болып аң аулап, терімшілікпен айналысу және тас өңдеу әдістері мен тастан жасалған алғашқы еңбек құралдары жөнінде болмақ.    

 

  1. Ежелгі адамдардың өмірі. Ежелгі адамдар азық табу мен жабайы жануарлардан қорғану үшін – тобыр [1] болып өмір сүрген. Осындай жағдайда адамдар тобыры өздеріне баспана ретінде табиғи үңгірлерді, қуыстарды, биік тау шатқалдарын пайдаланды. Кейде ашық жерлердегі аңдар су ішуге келетін өзен иірімдері мен суат басына қоныс аударып отырды. Тобыр құру аң аулауда, түрлі қиындықтар мен қатал табиғат жағдайында өмір сүруге жеңілдік жасады. Ежелгі адамдар әуелде қолдан баспана жасауды, тамақ пісіруді білмеді. Олардың тұңғыш баспанасы - үңгір болған [2]. Адамдар отпен қорқытып, үңгір аюлары мен арыстандарын қуып шықты [3]. Олар аң терілерін төсеніш етіп, жыртқыш аңдар жоламас үшін үңгір аузына от жағып қойған [4]. Ежелгі адамдар найзағайдың түсуінен жанған ағаштың отын пайдаланып, оны өшірмей, ұзақ сақтауға тырысты. Олар жанған отты жанын сала қорғады, өйткені отты өшіріп алу зор қауіп төндірді, тіпті бүкіл тобырдың қырылып қалуы мүмкін еді. Осындай қиыншылықтарға қарсы күресе жүріп олар даму үстінде болды. Адамдар тастан шыққан ұшқынға, ағашты бір-біріне үйкелеп қыздырған ұсақ жаңқаға жүн немесе өсімдік талшығынан жасалған білтені тұтату арқылы отты өзі жағуды үйренді [5]. От жағуды үйрену адамдарды кездейсоқ табылған отқа тәуелді болудан құтқарды. Отпен адамдар жылынып, жыртқыш аңдардан қорғанды, ас пісіріп                  жеуге мүмкіндік туды. Археологтар ұзақ уақыт бойы жанып тұрған от орындарын тапқан.

   Алғашқы адамдар жеуге жарамды шөп тамырларын қазып, құс жұмыртқасын жинап, ағаш, бұта басында өсіп тұрған әр түрлі жеміс-жидектерді теріп жеді [6]. Күн көрістің мұндай түрі – терімшілік деп аталады. Сонымен қатар алғашқы қауымдағы адамдар аң аулаумен де айналысқан. Олар негізінен мамонт [7], бизон [8], марал және үңгір аюларын [9] аулады. Аң аулауда шоқпар, найза және үшкір тас құралдар пайдаланылды. Жабайы жылқы, бұғы, арқарларды толассыз қуалап, болдыртып, жарға, тау шатқалдарына қаумалап ұстаған [10]. Адамдар тобыр болып аң аулауда отпен үркітіп терең орға түсіру, биік құздан құлату тәсілдерін пайдаланды. Алайда, ежелгі адамдардың тіршілігі өте қиын жағдайда болуға байланысты олар ұзақ жылдар бойы табиғат құбылыстарын мұқият зерттеген. Бұған олар жасаған еңбек құралдары дәлел болады.                  

 2. Еңбек құралдары. Ұзақ жылдар өтсе де өмір сүрудің адамдар жинақтаған тәжірибесі кейінгі ұрпаққа жалғасты. Алғашқы еңбек құралдарын жасауды үйрену адам қолының жетілуімен қатар миының да дамуына әсер етті. Уақыт өткен сайын адам қабілеті жетіліп, өз білгенін бір-біріне үйрете бастады. Ежелгі адамдардың маймылдар мен жануарлардан басты айырмашылығы  – еңбек құралын жасай білуінде [11]. Еңбек құралын жасауды игеру адамды жануарлар дүниесінен бөліп шығарып,  күш-қуаты мен шапшаңдығын еселеп арттырды. Алғашқы еңбек құралдары негізінен тастан жасалған. Олар құрал жасауда көбіне бір жағы сүйірленіп келген, ал екінші жағы қолға ұстауға ыңғайлы жұмыр тастарды пайдаланды [12]. Оларды жарып, бөлшектеп, жүзі өткірлерін алған. Алғаш олар қатты тас сынығын тауып алып, екінші таспен ұрып бір жақ шетін жұқалап сындырды. Бұл салмақты қарабайыр кескіш құрал чоппер, яғни тас шапқы [13] деп аталады. Жүзі тегіс болып шықпаса да, онымен жер қазуға, ағаш кесуге, аң етін мүшелеуге  болатын еді [14]. Алғашқы адамдар тастың көптеген түрлерінің ішінен             шақпақ тасты таңдап ала білді. Бұл адам ой-өрісінің едәуір өскендігін көрсетеді. Өйткені шақпақ тас өте берік, ұрған кезде жалпақ әрі үшкір бөліктерге бөлініп, тез өңделген [15]. Уақыт өткен сайын адамдар еңбек құралдарын жетілдіре түсті. Жануарлардың терісін тазалайтын, етін боршалайтын тас шапқылар [16] мен қырғыштар [17] және қол қашауы [18] жасалды. Қол қашауын жасау үшін шақпақ тасты екі жағынан қашап, белгілі бір пішінге келтіріп, таяққа бекітті. Мұндай шомбал құралдардың ұзындығы 20 сантиметрге, салмағы 1 килограмға дейін жетті. Уақыт өткен сайын адамдар тастан ұсақ әрі жұқа құралдарды жасап шығарды. Нәтижесінде ауланған аңдардың терісін сыдыратын пышақ тәрізді кескіштер мен тесуге арналған тас құралдар пайда болды [19]. Адамдар сүйектен ине мен біз жасаған. Тасты, ағаш пен теріні өңдеу барысында адамның қолы жетіле түсті. Әсіресе ауыр найза мен жіңішке инені ұстау үшін бас бармақтың қызметі аса қажет еді.

  Тас өңдеуде адамдар шетінен бастап, ортасына қарай жару әдісін пайдаланды. Жару үшін тастан, сүйектен және мүйізден жасалған сыналар қолданылған. Жарылған тастың қолға ұстайтын жерінің айналасы теңіз шаянының қабыршағына ұқсас кедір-бұдыр жарықшақты болып келеді [20]. Ұрып сындырған кезде жаңқаланған тас жарықшақтарының ұшы үшкір болған. Тастың үшкір жағын өткірлеу үшін екі жағынан басқа таспен қашады. Қолға ұстауға ыңғайлы болса адамдар тас сынығын қару есебінде пайдаланған. Ежелгі адамдарда қарудың аса оңтайлы,          кең тараған түрі - қол шапқы болды [21]. Әлемнің әр жерінен         табылған қол шапқылардың аздаған айырмашылықтары болмаса, бір-біріне өте ұқсас. Олардың пішіндері «найза ұшы» немесе «бадам дәні» тәрізді болған [22]. Ұзындығы 10-20 см, салмағы жарты немесе екі келідей болады. Шапқыға ұқсас қаруды XIX ғасырға дейін Тасмания аралындағы [23] тайпалар пайдаланып келді. Бұл қаруды балта ретінде пайдаланған [24] тасманиялықтар онымен ағаш діңгегін ойып, сол арқылы жоғарыға оңай өрмелеп шыққан.