ЕРТЕ ТАС ДӘУІРІ ҚАЗАҚСТАН ТЕРРИТОРИЯСЫНДА (ПАЛЕОЛИТ)

   Ерте (төменгі) палеолит

( б.з.б. 2 млн. 500 мың – 140 мыңжылдықтар)

 

1. Ерте палеолит адамының Қазақстандағы іздері

2. Қазақстандағы ерте палеолит ескерткіштері

3. Ерте палеолиттегі Қазақстан табиғаты

 

  Құрметті оқушылар! Бүгінгі сабағымызда біз жер бетінде аса ұзаққа созылған алғашқы тарихи кезең – тас дәуірі жөнінде кең мағлұмат ала отырып, тас дәуірінің кезеңдерге бөлінуі, соның ішінде ерте тас дәуірі яғни, палеолит кезеңінде Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі адамдардың тұрақтары және сол жерден табылған тас құралдардың ерекшелігі туралы мәселелер мен Қазақстан табиғатындағы өзгерістерді қарастырып өтеміз.  

 

   Адамның алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Сондықтан да аса ұзаққа созылған алғашқы тарихи кезең – тас дәуірі деп аталады.Тас дәуірі адамзат тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі. Бұл кезеңде адамның дамуы, икемі мен мінез-құлқы, еңбек құралдарының жетілуі қалыптасты [1]. Еңбек құралдарын, тас өңдеу әдістері мен бұйымдардың жетілуін зерттеген археологтар тас дәуірін 3 кезеңге бөледі. Палеолит – көне тас ғасыры, мезолит – орта тас ғасыры және неолит – жаңа тас ғасыры. Өз кезегінде палеолиттің өзі 3 кезеңге бөлінеді:

             1) Ерте палеолит      (б.з.б. 2 млн. 500 мың –  140 мыңжылдықтар);  

             2) Орта палеолит     (б.з.б. 140-40 мыңжылдықтар);

             3) Кейінгі палеолит (б.з.б. 40-12 мыңжылдықтар). 

    Бұл кезеңнің әрқайсысы неғұрлым жетілген еңбек құралдарымен ерекшеленеді.

 1. Ерте палеолит адамының Қазақстандағы іздері. Бүгінгі таңда Қазақстан жері [2] Еуразия құрлығындағы палеолит мәдениеті таралған орталықтың бірі болып саналады. Ал, қазіргі Қазақстан жерінде ежелгі адамдар өмір сүрді ме? Бұл сұраққа соңғы уақытқа дейін ешкім жауап бере алмай келген болатын. Тек 1948 жылы белгілі археолог Г.П.Сосновский Қазақстан жерінен кездейсоқ табылған тас құралдар мен жануарлар сүйектерін [3] зерттей отырып: "...Қазақстан жерінен Азияның осы бөлігіне тән алғашқы қоныстанушылардың қалдықтары табылуы мүмкін",— деген болжам айтқан. Қазақстан аумағында әзірге ежелгі адамның қалдықтары табыла қойған жоқ, бірақ олар мекендеген тұрақтар табылып, зерттелді. Қазақстан жеріндегі ежелгі адамдардың іздері ерте палеолит кезеңіне жатады.

   Ғалымдардың пікірі бойынша, Қазақстанға ежелгі адамдар шамамен бұдан 1 млн. жыл бұрын Еуропа мен Азиядан келіп қоныстанған [4]. Олар өмір сүрген уақыты жағынан алғанда питекантроптың [5] замандастары еді. Мұны Қазақстанның оңтүстігіндегі Қаратау жотасы мен Арыстанды өзенінің бойынан табылған сол заманның тас құралдары дәлелдейді. Өлкедегі ежелгі адамдардың қоныстануына қолайлы жердің бірі Оңтүстік Қазақстан аумағындағы Қаратау жотасы [6] болды. 1958 жылы белгілі археолог Хасен Алпысбаев [7] Оңтүстік Қазақстаннан (Тараз қаласы маңындағы Қаратау жотасынан) тас ғасыры адамының көптеген тұрақтарын тапты. Олардың ең бастылары ерте палеолиттік Бөріқазған және Тәңірқазған тұрақтары [8]. Осы жерден табылған көне тас құралдар Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның ерте палеолиттік тас құралдарына ұқсайды. Мұндай археологиялық ескерткіштер Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыстың болғандығын дәлелдейді.

     2. Қазақстандағы ерте палеолит ескерткіштері. Ерте палеолит ескерткіштері Қазақстанның оңтүстігіндегі Қаратау жотасы мен Арыстанды өзенінің бойындағы Бөріқазған, Тәңірқазған, Қызылтау, Қарасу, Шабақты т.б. деген жерлерден табылған [9]. Ерте палеолит адамдары қатты тастармен жұмсағырақ тастарды өңдеген. Олар көп жағдайда өзендегі кәдімгі жұмыр тастарды пайдаланғандықтан [10] мұндай тас өңдеу әдісі «жұмыр тас мәдениеті» деп аталды. Сонымен бірге еңбек құралдарын жасауда отқа қыздырған кезде жүзі өткірленетін қасиеті бар әрі өңдеуге қолайлы шақпақ тас, кварцит, обсидиан, тақтатас пайдаланылған. Ежелгі адамдар Қаратау жотасының тас қалқасындағы қолдан жасалған үңгірлерді паналап, жаңбырдан және жыртқыш аңдардан қорғанған. Бұл жерде шақпақ тастар көптеп кездеседі [11]. Қаратау үңгірінің тұрғындары жұмыр тастың сүйір жағының, екі бетін де қашап чопплинг деп аталатын қару жасай білген [12]. Бұл қарулар Африкадан, Үндістаннан, Қытайдан табылған еңбек құралдарына ұқсас болып келеді. Шу өзенінің оң жағасындағы Қазанғап шатқалынан [13]. осы дәуірге жататын тағы бір ескерткіш табылды. Мыңдаған жылдар бойы қабатталып жиналған саз бен құм басып жатқан тұрақтан 300-ге тарта тастан жасалған заттар, тас жаңқаларынан дайындалған кескіштер қазып алынды [14]. Жердің бірнеше қабатының астындағы Қарасу тұрағынан [15] адамзат дамуының бірнеше кезеңінің ізін байқауға болады. Археологтар бұл жерден тастан жасалған 15 мыңға жуық заттарды жинады. Жамбыл облысы жерінен де біраз жетілген алғашқы адамдардың көптеген тұрақтары табылды. Шабақты, Бөріқазған, Қарасу т.б. жерлерден шақпақ тастан жасалған 5 мыңнан аса әр түрлі құралдар – кескіштер, үшкір тастар, тілгіштер жинап алынды.

   3. Ерте палеолиттегі Қазақстан табиғаты. Ерте палеолит кезеңінде Қазақстан климаты мүлдем басқаша болды. Таулар аласа болғандықтан оңтүстіктен, Үнді мұхитынан Қазақстанға ылғалды жылы ауа кедергісіз еніп тұрған. Жиі жауған жылы жаңбырдан алуан түрлі өсімдіктер қаулап өсті. Қазіргі жусан қаптаған, жазы ыстық, қысы суық шөлді аймақтарда бұрын субтропиктік ормандар жайқалып тұрды [16]. Мұнда әр түрлі жануарлар мекендеді. Аңғарларда, суы мол өзен - көлдердің жағасында пілдер [17], шөбі шүйгін, кең-байтақ шалғындарда үйір-үйір жылқылар [18] жайылып жүрген. Солтүстікке қарай, Алтай тауының етегінде мамонт, мүйізтұмсық, үңгір аюы [19], алып бизондар мен бұғылар тіршілік етті. Оңтүстіктегі ормандар мен  алаңқайларда бұлан мен маралдың [20] бірнеше түрлері, шөл және шөлейт жерлерде түйелер [21] жайылды. Далалы жерлерде қарақұйрық, бөкен мен құлан үйір-үйірімен жортып жүрген. Тауларда тауешкі және арқар тіршілік етті.