ҚАЗАҚСТАН ТЕРРИТОРИЯСЫ ЖАҢА ТАС ДӘУІРІНДЕ

(НЕОЛИТ)

(Б.з.б. 5-3 мыңжылдықтар)

 

Жаңа тас ғасырының ерекшелігі

Еңбек құралдарының дамуы

Неолиттік тұрақтар

 

    Сәлеметсіздер ме балалар! Мұның алдындағы сабақтарда біз тас дәуірінің ерте, орта және жаңа ғасыры болып үшке бөлінетінін білеміз. Соның ішінде адам баласының тастан жасалған құралдардың барлық түрін меңгерген және еңбек құралдарының барынша жетілген кезі жаңа тас ғасыры, яғни «неолит» кезеңі. Сондықтан біз бүгінгі сабағымызда жаңа тас ғасырының ерекшеліктері мен ескерткіштері жөніндегі мәселелерді талқыға саламыз.

 

   Жаңа тас ғасырының ерекшелігі. Неолит дәуіріндегі табиғи орта осы заманғы бейнеде болды. Осы кезеңде бұрын болмаған экономикалық және қоғамдық өрлеу басталды: адамдар жабайы жануарларды қолға үйретіп, кетпенмен жер өңдеудің [1] қарапайым түрімен айналыса бастады. Шаруашылықтың осындай жаңа түрлерінің шығуы адамзат қоғамының дамуында аса маңызды рөл атқарды және адамның кәсіби қабілетін кеңейтіп, мінез-құлқының сапасын жақсартты. Неолит дәуірінің басты ерекшелігі - өнімді еңбектің пайда болуы. Осының нәтижесінде  адамдар саз балшықтан жасалып, отта күйдірілген мықты қыш ыдыс керамика [2] жасауды үйренді. Сондықтан бұл дәуірді кейде «қыш құмыралар заманы» деп айтады. Бірақ, бұл ыдыстар қолмен жасалғандықтан өте қарапайым болды. Осындай қарапайым үй заттарының өзінен-ақ олардың сұлулыққа талпынысын байқаймыз. Ыдыстарға күйдірмей тұрып, жұмсақ кезінде, арнайы дайындалған сүйек және ағаш таяқшамен немесе қарапайым қалыппен онша күрделі емес геометриялық өрнектер салынған [3]. Неолиттік егіншілер өздерінен бұрынғы аңшы бабаларына қарағанда, айналадағы табиғатқа мүлдем басқаша қарады. Бұрынғыдай тек жеуге жарамды шөптер мен даяр жемістерді жинау орнына нағыз шаруашылық еңбек қалыптасып, өнімді өздері өсіре бастады. Адам еңбегі табиғатты мол өнім алуға пайдаланып, өздерін тамақ қорымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етті. Ғылымда бұл құбылыс "неолит төңкерісі" деп аталады. Мұнымен адамзаттың үздіксіз дамуының алғышарттары жасалды. Жаңа тас дәуірінде жер өңдеудің қалыптасуы әйелдер еңбегінің ауқымын кеңейте түсті. Олар тамақ жасап, бала тәрбиелеумен қатар жер жырту, егін егу, астық жинап, қамбаға тасу жұмыстарын атқарған. Әйелдер еңбегінің артуынан олар жетекші орынға шығып, қоғамда – аналық ру (матриархат) қалыптасты. Ендігі жерде туысқандық ана жағынан таралды. Аналық ру кезінде өндірістік еңбек құралдарына қауымдық меншік сақталды [4]. Ру мүшелері бірге өмір сүріп, барлық мәселені ру кеңесі шешкен.     

      Еңбек құралдарының дамуы. Ғасырлар бойы жинақталған тәжірибелер ұрпақтан-ұрпаққа берілу нәтижесінде адамзат қоғамының даму қарқыны артты. Бұл кезеңде тас өңдеу әдістері жоғары дәрежеге жетіп, адамдар тасты кесу, жону, жылтырата тегістеу әдістерін меңгерді. Олар пышақ, орақ жасауда кішкене тас қалақтардан сына дайындай білді [5]. Ағаш немесе сүйек саптың ұңғысындағы қуысқа ұсақ тас жарықшағынан сына тығылып, қарамай немесе балық желімімен бекітілді. Сөйтіп өткір жүзді, жеңіл, оңтайлы құралдар жасалған. Адам осы кезден бастап әр түрлі тас түрлерін, соның ішінде нефрит секілді қатты тастарды әшекей заттар жасау үшін пайдалана бастады. Тастың тұтқыр түрлерінен балта [6], кетпен [7], келі-келсап [8] жасаса, граниттен дән үккіш [9] жасады. Жаңа тас дәуірінің адамы өзінен бұрынғылардан әлдеқайда озық тұрды. Осы кезеңде кен өндірудің алғашқы белгілері пайда болып, мыс, алтын, қорғасын секілді металдың жұмсақ түрлерін өндіру ісі жүзеге асты. Адамдар мыстан еңбек құралдары мен қару-жарақтарды, алтыннан сәндік бұйымдар жасай бастады. Сондай-ақ, сүйектен жасалған біз және ине көмегімен олар жүннен, өсімдік талшығынан мата тоқып, киім тігуді үйренді. Алғашқы қауым адамдарының өндіргіштік күштерінің артуы  б.з.б. 2 мыңжылдықтың басында бірқатар мәдени және тұрмыстық өзгерістерге жеткізді: жаппай отырықшылыққа көшу басталды, қыш ыдыстар жасалынды, кен кәсібі мен тоқымашылық қолға алынды. Қорыта айтқанда, осылардың бәрі өндіруші шаруашылықтың тууына негіз болды [10].

    Неолиттік тұрақтар. Неолиттік тұрақтар Қазақстанда көптеп кездеседі. Оларға Шығыс Қазақстандағы Усть-Нарым, Қызылсу, Сатшықыз; Орталық Қазақстандағы Қосқұдық, Ырғыз, Қараторғай, Зеленая Балка; Солтүстік Қазақстандағы Қаратомар, Ботай, Железинка; Оңтүстік Қазақстандағы Қараүңгір, Қарақұдық, Бүркітті, Үшбұлақ тағы басқа тұрақтар жатады [11]. Бұлар Сарыарқаның солтүстігінде, Ертістен Есілге дейінгі аралықта орналасқан. Олар жаңа тас ғасырына яғни, б.з.б. 5 мыңжылдыққа жатады. Қазақстан аумағында 600-ге жуық  неолиттік тұрақтар табылған. Неолит тұрақтары орналасу сипатына қарай 4 түрге бөлінеді:

      1) Бұлақ бойындағы тұрақтар             3) Көл жиегіндегі тұрақтар

      2) Өзен жағасындағы тұрақтар           4) Үңгірдегі тұрақтар

Қазақстанның оңтүстігінде неолит дәуіріндегі тайпалар мен топтардың өмір сүргенін дәлелдейтін ескерткіштер бар. Сондай ескерткіштердің бірі – Арал өңіріндегі Сексеуіл тұрағы [12]. Сексеуіл тұрағы кішігірім төбешіктің үстінде орналасқан. Тұрақтан онша алыс емес жерде жер бетіне шығып жатқан кварциттің, опальдың, халцедонның бай кендері бар. Ежелгі адамдар осы тастардың барлығын құралдар дайындауға пайдаланған. Сондай-ақ, ыдыс жасайтын балшық та тұрақ маңынан алынған. Қазба жұмысы кезінде кварциттен жасалған көптеген жебе ұштары табылды. Олардың сүйір жағы тегіс егеліп, өте мұқият жасалған. Сонымен қатар ағаш немесе сүйек сапты көптеген тас құралдар мен керамикалық ыдыстар табылды, Тұрақтан жинап алынған сүйектердің басым көпшілігі сиыр мен қойдың, ал қалғандары жылқының сүйектері. Сексеуіл тұрағының тұрғындары негізінен аңшылар мен малшылар болған. Олар тастан өздеріне еңбек құралдарын, қарулар, әр түрлі өрнек салынған қыш ыдыстар жасаған және отқа тамақ пісірген.

      Қаратоғай өзенінің алабынан неолит дәуіріне жататын бірнеше ескерткіштер табылды. Олар – негізінен аңшылардың тұрақтары. Солтүстік-шығыс Балқаш маңынан табылған құралдар яшма мен кварциттен жасалған. Қостанай облысындағы Ботай тұрағынан табылған жертөлені қазып зерттегенде жабайы жылқының сүйектері табылды [13]. Кейбір сүйектер жылқылардың біразы қолға үйретілгендігін көрсетеді. Сонымен, Қазақстанның далалық аудандарында жылқыны қолға үйрету ісі басталған [14].

      Қазақстанның әр түрлі аймағындағы неолиттік тұрақтардан табылып, зерттелген тас құралдар, керамикалар қазақстандық аңшылар мен балықшылардың Орта Азия, Батыс Сібір тайпаларымен қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді.  Қазақстанда  табылған неолиттік ескерткіштер негізгі белгілері жағынан бір-біріне ұқсас.