Қазақ халқының материалдық мәдениеті

Мәдениет туралы.

Тұрмыстық бұйымдары.  

Киіз үй.

Ұлттық киімдері.

1.         Мәдениет туралы.  Мәдениет –Адамзаттың өндірістік, қоғамдық және ақыл-ой жетістігінің жиынтығы. (Бұл анықтама «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» берілген)

Материалдық мәдениет–адамдардың күнделікті тұрмыста қолданылатын    бұйымдары,  еңбек құралдары, баспанасы, киім-кешектері, тағамдары мен еңбек тәжірибесі жатады. Қазақ халқы шаруашылығының дамуына мал шаруашылығы, бақташылық, егіншілік, сауда және көрші халықтармен байланысы үлкен ықпал етті.

Рухани мәдениет – халықтың ағарту ісі, ғылым, өнер мен тіл-әдебиеті, наным-сенімдерді қамтиды.

2.Тұрмыстық бұйымдары. Мал шаруашылығымен  айналысқан қазақтар күнделікті тұрмысқа қажетті құралдар: жылқы ұстау үшін құрық, арқан, мал суаруға қауга, науа  пайдаланды. Жылқы тұсау үшін шідер, ал құлындарын байлау үшін жуан арқандар мен ноқталар дайындады. Бұлардың барлығын малшылар өз қолымен мал терісінен жасады.

Қазақстанның егіншілікпен айналысатын аумағында егіншілікке қажетті құралдар дайындалды. Олар: тіс ағаш, мала, егін оратын орақ, ағаш аша, тырма, атпа шығыр, кетпендер мен күректер, т.б. Оларды жергілікті ұсталар жасады.

Қазақ халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі халық болғандықтан, былғары өңдеумен шұғылданды. Былғары – терінің өңделген түрі. Малдың тұқымы мен күтіміне байланысты терінің сапасы да әр түрлі болды.

Дәулетті қазақтардың жауынгерлік айбалтасы, жебелері мен қорамсағы бар садақтары болған. Ел билеушілер мен батырлар сауыт киіп, қалқан, қылыш, наркескен(болаттан соғылған екі жүзді алмас қылыш), селебе(үшкір, жүзі өткір қару), сапы(кішкене өткір қылыш,семсер), темір ұшты үшкір  найза – сүңгімен қаруланған. XVIII ғасырдан бастап әр түрлі мылтықтар сирек болса да пайдаланыла бастады.

  Қазақ халқы ғасырлар бойы аса бай қолданбалы өнерін ұдайы шыңдап отырған. Ағашты, сүйекті, металды оймыштау  ертеден-ақ қалыптасқан. Ою-өрнегі алуан түрлі үй-ішінің бұйымдары, әсем безендірілген құлыптастар, табыттар, бейіт молалар, сондай-ақ сәулет өнеріндегі ою-өрнектер қазақ шеберлерінің еңбегі.

Қазақтардың кәсібінде қолөнері маңызды роль атқарды.Қазақтар өмірі мен тұрмысына қажетті үй-жай, киім-кишек, ішетін асын, құрал-жабдықтар мен саймандардың барлығын өз қолдарымен жасаған. Қолөнердің алуан түрлері: тоқымашылық, киіз басу, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеу дамыды. Әйелдер тоқымашылықпен, киіз басумен айналысқан. Кілем, алаша, шекпен, киіз үйге керекті басқұр, бау-шулар, сырмақ және басқаларды дайындаған. Мүйізден қасық, түйме, сүйектен төсек аяқ жасаған, тарамысты ширатып етік тікті, түрлі саймандарды оюлап безендірген. Аса шебер зергерлер  алтын, күміспен, түрлі асыл тастармен безендіріп ер жүген, үзеңгі, таралға, белбеу, ер-тұрман саймандарын, сақина, білезік, сырға, алқа, шолпы, түйреуіш, сәнді сәукеле сияқты бұйымдар жасаған.

Ұсталар темірден тесе, күрек, балта, шот, орақ, пышақ, таға, т.б., дайындаған.

Ағаш шеберлер киіз үйдің сүйегін: кереге, уық, шаңырақ, есік ағаш, домбыра, ер тұрман, ыдыс аяқ,   төсағаш (кереует), бесік кет.б. жасады. Орманды өңірдегілер қос дөңгелекті арбалар мен күймелер және түрлі шаналар жасайтын шеберлер болған. Осыған орай,ғалым Розбехан Исфаһани былай деп жазған:  «Бұл елдің көптеген ағаштары өте қатты келеді. Олардан төрт дөңгелекті, үстіне үй қондырылған өзі тамаша арбалар  жасалады». Қазір қазақтардың кәсібіндегі қолөнері маңызды роль атқарып қоймайды, сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасына сай кешенді зерттеледі.

 

3.Киіз үй–көшпелі қазақ халқының ертеден пайдаланып келе жатқан баспанасы.

   Киіз үй– көшпелілердің  өмір, тіршілігіне, қозғалысына қолайлы  теңдесі жоқ сәулет өнері. Қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғайды. Жеңіл, жинақы, тез тігіліп-жиналатын киіз үйді түйеге теңеп немесе арбаға артып алып жүруге болады.

Киіз үйдің бітімі – сүйегі /ағашы/, киізі, бау-шуы, шиі сияқты бірнеше бөліктен тұрады. Осынау жабдықтардың қай-қайсысы да әсем оюмен өрнектеліп, сүйектеу, күміс қаптыру, ағашты оймыштау, бояу сияқты алуан түрлі безендірулер арқылы жасалады. Кереге санына қарай киіз үйдің сән-салтанаты ескеріледі. Неғұрлым қанат саны өскен сайын киіз үйдің еңсесі көтеріліп, әсемдігі арта түседі. Үйдің сырты әдетте, ақ жүннен басылады, өйткені ақ түс басқа түстермен салыстырғанда ыстықты көп өткізбейді.

Киіз үй өзінің бітім-құрылысы мен қанат санына байланысты қонақ үй, тұрғын үй, жорық үй, сән-салтанат үйі сияқты бірнеше түрге бөлінеді.

Киіз үйдің үлкен-кішілігі керегелерінің санына байланысты болады. Кереге киіз үйде қанат деп аталады. Киіз үйдің керегісінің саны қанша болса, сонша қанатты болып есептеледі. Қанаттар саны 4-тен 12-ге дейін, тіпті 24-ке дейін жеткендері де болды. Мәселен, киіз үй 6 керегеден тұрса, 6 қанатты үй болып саналған. Байлардың киіз үйлері үлкен, сәнді, қымбат бұйымдарға толы болды.  Кедейлер шағын үйлерде тұрды.Киіз үй көк майса, шаң шықпайтын, желдің өтінен қағаберіс тегіс жерлерге тігіледі.

Сонымен қатар, қазақтар қыс айларында тас пен қамыстан тұрғызылған шым, саз балшықтан соғылған соқпа тамдарда да тұрған. Ағаштан салынған үйлерді де болған.

4.Ұлттық киімдері. Қазақтардың ұлттық киімдеріңде өзіне тән этнографиялық белгілер, өмір сүрген табиғи орта, көшпелі тұрмыс жағдайлары көрініс тапқан. Қазақ киімдерінің сапасы мен беріктігі, жылылығы мен сәнділігі арқылы бір-бірінен ерекшеленетін түрлері өте көп.

Бас киімдер. Айыр қалпақ – ер адамның бас киімі. Ол өте қымбат матадан тысталып тігілген.

Бөрік – ежелден келе жатқан бас киімнің бір түрі. Оны бағалы аң терісінен не төлдің елтірісінен тіккен. Бөрікке қандай аң терісі пайдаланылса соның  атымен  қүндыз  бөрік,   сусар  бөрік,  т.б.  деп  аталады.   Қыздардың

бөріктерінің төбесіне үкі тағылып, күміс, асыл тастармен әшекейленген. Әйелдер кимешек, көйлек, камзол киген. Ерлердің киімі: бөрік, шапан, шалбар, сапта етік.

Тымақ – төбесі төрт немесе бөлек үш бұрышты киізден құралған, шошақ болып келеді.

Сәукеле – ұзатылған қыздың, яғни қалыңдықтың киетін бас киімі. Оның күмістен құйылған төбесіне үкі тағылады, маңдайына жақүт қоңдырылады. Сәукеленің төбесінен бастап тұтастай алтын, күміс меруерт, асыл тастардан жасалған әшекейлермен безендіріледі. Келіншек балалы болғаннан кейін ақ матадан тігілген кимешек киеді.

Сыртқы киімдер. Ер адам көйлек сыртынан бешпент, камзол, шапан сияқты киімдер киген. Қысқы киімдері түйе немесе қой жүнінен жасалған. Киімнің сырты суға төзімді, тығыз тоқылған кездемемен тысталады. Суық күндері тон киген. Атқа мінуге, шаруаға қолайлы шалбар ды елтіріден тігілген.

 Шапан – арасына мақта, жүн салынған қалың матаны астарлап тігілетін сыртқы киім. Шапанды ерлер де, әйелдер де, балалар да киген. Оның бірнеше түрі болған: сырмалы шапан, қаптал шапан, қималы шапан, зерлі шапан, т.б.

Күміс жіптермен зерленіп әшекейленген. Қазіргі кезде екі өңірі мен жеңі оюланып, зер салынған матадан тігілген шапандар сатылады. Елімізде құрметгі адамдарға, ақсақалдар мен ардагерлерге сыйлық ретінде шапан жабу дөстүрі кең тараған.

Шекпен — жүннен тоқылған сырт киім. Көпшілік жағдайда түйе жүнінен тоқылады. Таза жүннен тоқылғандықтан берік болады, ұзақ киіледі.

Ішік — сырты матамен тысталған, жүні ішіне қаратып тігілген. Олар түлкі ішік, қасқыр ішік т.б. деп аталады.

Жарғақ шалбар — жақсы өңделіп, иленген жұқа тері «жарғақ» деп аталады.

 

 

 

 

 

Қамзол — әйелдердің ұлттық киімдерінің бірі. Оны жібек торғын шәй сияқты матадан кең етек етіп тігіп, қос етек көйлектің сыртынан киеді. Қос көйлектің етегі өрнектеліп, бүрмеленіп, желбіршек салынады.

Қыздар мен жас келіншектер киетін қамзол өте сәнді келеді. Олар аса қымбат маталардан белі қыналып, өңірі мен етегі әр түрлі өрнектермен кестеленеді. Қамзолдың өңіріне алтын, күміс жалатқан түймелер, меруерт, маржандар тағылады. Бүгіңде Алматыдағы «Сымбат» фирмасы барқыт пен пүліштен сәндеп, әр түрлі көрікті камзолдар тігеді.

  Жасы келген әйелдер де көйлек сыртынан камзол киген. Камзолы көбінесе жеңді болып тігілген. Басына жаулық немесе кимешек киген.

Әйелдердің сырт киімдерінің бірі – қатарлап түйме қадап, барқыттан, шұғадан  тігетін белдемше болған.

Әйел көйлегі. Оны жібек, торғын, шәй сияқты матадан кең қос етек етіп тігеді. Етегі өрнектеліп, бүрмеленіп, желбіршек салынады.

Аяқ киім – ерлер мен әйелдердің аяқ киімдері әр түрлігімен ерекшеленеді.

Қазақ киімдеріне теріден, барқыттан, жүн мен жібектен жасалған белдіктер, күміс оюлар салынған қапсырмалар, асыл тастар мен сүйектерден  әшекейленіп жасалған түймелер сән беріп тұрады.

Ұлттық тағамдар. Малшылық пен диқаншылық сияқты шаруашылық  қазақ тағамының өзіндік ерекшелігін қалыптастырған.

            Қазақтар тұтынатын тағам негізінен ет пен сүттен дайындалған. Дәнді дақылдар мен өсімдіктерден де дайындалатын тағамдар аз емес.

            Ең бір алуан түрлі тағам сүттен дайындалады. Қойдың, ешкінің, сиырдың сүтінен ащылы-тұщылы, қою-сұйық, қатты-жұмсақ тағамның түрлері жасалады. Олардан құрт, ірімшік сияқты тағамдар өзінің қуаттылығымен, ұзақ уақыт сақтауға шыдайтындығымен ерекшеленеді.

            Сүттен жасалатын тағамдардың ішінде қымыз бен шұбаттың алатын орны  бөлек. Олар сусын,  тамақ,  және емдік қасиеті де бар. Емдеу мекемелерінде қымыз бен шұбат белгілі бір ауруларға қарсы кеңінен пайдаланылады.

            Көшпенділердің  маңызды тағамы-ет. Қазақта жылқы етінің маңызды орны  бар. Жылқы етінен қазы, қарта, жал, жая, шұжық сияқты алуан түрлі маңызды тағамдар дайындалады.         Қазақтың қадірлі сусынының бірі – шай. Қара шайды сүтпен де, сүтсіз де ішеді.  Ертеде қазақтар мас қылатын ішімдікті ішпеген.

1.Наурыз–шығыс халықтарының мейрамы, жыл басы мерекесі. Шығыс елдері наурызды бірлік пен татулық, көктем мен жаңа жыл мерекесі деп тойлаған. Әр халық наурызды асыға күткен.

Наурыз – парсы тілінен аударғанда «нау – жаңа, руз –күн, яғни жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қазақтар 22-наурыз күнін жаңа жыл, ырыс, береке-байлық, мереке, жыл басы деп санаған. Наурыз айында күн жылынып, қар еріп, жылғалардан су ағып, жан-жануарлар да көктемнің жақындағанын сезеді. Шаруалар алты ай қыс бойы баққан малдарын көктеуге шығарып, жайып, демалғандай сезінеді. Ағаштар бүршік атып, шөптер қар астынан шығып, күн сәулесі әлемге нұрын шашып тұрған кез.

Ата-бабаларымыз бұл күнді «жыл басы», «ұлыстың ұлы күні» деп санаған. Наурыз күні – күн мен түн теңеседі. Ұлыс күні ешкім бір-бірін ренжітпейді, ренжімейді, дауыс көтеріп қатты сөйлемейді.

Халқымыз жаңа жылды 22 наурыз күні жаңа шыққан күнді қарсы алады.  Олардың түсінігінше Қызыр ата сағат 3-те даланы аралап, «Самарқанның көк тасын жібітетін, яғни күннің әлемге жылулық әкелетін сәті болса керек.

Қызыр түні қазақтар төрге қос шырақ жағып қойған. Наурызға дейін үй ішін, бүкіл жиһаз-мүліктің шаңын қағып, ыдыстарды жуып тазартқан. «Қызыр ата жаңа жылда таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деп ойлаған. «Жыл бойы ақ мол, жауын-шашын көп болсын» деп Қызыр түні үйді тағамға (бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері, күріш), ыдыстарды аққа (сүт, айран, шұбат, шалап, уыз, қатық, т.б.) және кәусар бұлақ суына толтырған. Наурыз күні кәрі-жас ауыл-ауылды, үй-үйді аралап, бір-бірін көріп,  амандасқанда:

Жасың құтты болсын!

Өмір жасың ұзақ болсын! Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

 Ұлыс берекелі болсын!

Пәле-жала жерге енсін! –деп құттықтаған.

Ұлыс күні ел мейрамдап, ет асып, қазан-қазан наурыз көже дайындайды. Наурыз көже жеті түрлі дәмнен – су, соғымнан қалған сүр ет, сүт, құрт, бидай (тары, күріш), тұз, ұннан жасалады. Ол бақыт, сәттілік, денсаулық пен байлықты білдіреді. Жеті саны – жеті қат көк, жеті қазына, аптаның жеті күні және жеті ата сияқты мағынаны білдірген. Әр үйде жеті түрлі тағам (дәм) қойылып дастарқан жайылған. Дастарқан бауырсақ, құрт-ірімшік, жент-май, талқан-тарыға және т.б. толы болады. Ежелгі дәстүр бойынша ас ішер алдында және ас ішіліп болған соң үйдегі балалар қонақтардың қолына су құйған. Наурыз көжені тойып ішіп, «жыл бойы тоқшылық, молшылық болсын» деп ауыл ақсақалдары көпшілікке, жұртшылыққа ауыл адамдарына, үй-иесіне ұзақ өмір, денсаулық, жақсылық тілеп, ақ батасын берген.

Наурыз мерекесі ел бірлігін күшейткен. Тіпті, бұл күні жауласып жатқан жақтар соғысын тоқтатып, келісімге келетін. Бауырлас ел, ағайын-туыстар реніштерін кешіріп, ақ дастарқаннан дәм татып, татуласқан. Мереке күндері түрлі ұлттық ойындар өткізілген.

Жиналған жұрт алдында ақындар өлең айтып, айтыс ұйымдастырған. Ауыл сыртында алтыбақан құрылған. Ауыл жастары алтыбақан басында бас қосып, ән салып, күй тыңдап, көңіл-көтерген, атқан таңды қарсы алған.

 

Елімізде 1988 жылдан бастап, көп жылдар бойы ұмыт болған Наурыз мерекесі – Ұлыстың ұлы күні мерекеленеді. Наурыз мерекесін Орта Азия, Иран, Үндістан, Ресей және басқа ел халықтары  да мерекелейді. Наурыз мейрамы – халықтың ежелгі салт-дәстүрі. Наурыз күні халықтар арасында бірлік, тыныштық, бейбітшілік орнайды. Бүгінгі күні бұл қадірлі мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі.