Қазақ халқының шешендік өнері

Жиренше шешен

Әйтеке Байбекұлы

Төле би

Қазыбек би

Шешендік өнер. Шешен – көпшілік алдында сөз сөйлеуші адам дегенді білдіреді.

Қазақ халқының бір көріп, естігенін лезде жаттап алатын, басқаға жеңіл де жедел түсіндіре алатын қасиеттеріне бөтен елдің саяхатшылары мен жолаушылары қайран қалған. «Халық шешендігіне» халық арасында кең тараған, жүздеген адамның өңдеуінен өткен нақыл сөздер, тақпаққа айналған мәтелдер жатады.

Жалпы шешен адам өз дәуірінің озат ойшылы, оқыған, оқымаса да көкейге тоқыған, білімді, саналы, мәдениетті адамдары болса керек.

Қазақ шешендік өнері ауыздан-ауызға көшіп, түрлі айтушының еркімен өңделіп, өзгеріп, толықтырылып, бүкіл халықтық мұраға айналған. Қазақ шешендерінің сөзі көлемі шағын, ықшамды, әсерлі, тапқыр, батыл, мәнділігімен ерекшеленеді. Қазақ шешен, билерінің (Төле, Қазбек, Әйтеке, Майқы билер, Жиренше, Асан қайғы, Сырым, Бөлтірік шешендер) мұралары жасқа да, үлкенге де үлгі-өнеге. Халқымыздың мереке, ас-тойлары шешендердің жарыса сөйлейтін, шыңдалып, шынығатын орны болған. Бір ауылға әнші, жыршы, күйші келіп қалса, бір үйде домбыраның, қобыз бен сырнайдың үні шықса болды, сол үйге ауыл адамдары жиналатын. Алдымен ауылдың жастары өнер көрсетеді, содан кейін келген қонақтың өнерін тамашалайды. Аяғында әркім өз білгенін ортаға салып отырған. Бұның өзі өнер таратудың, білім алмасудың халықтық жолының бір тәсілі еді. Шешендік өнерді үйрену үлкен өнеге саналды. Шешендік сөздер мазмұны терең, тілі көркем, ақылға қонымды, әсерлі келген.

  Қазақ жастары жалпы бір өнермен шектелмей, бірнеше өнерді қатар меңгерген. Ақындар жыршы да, күйші де, әнші де болған. Кейбіреулері қол ептілігін, білек күшін, ат ойынын да қатар атқара білетін «сегіз қырлы, бір сырлы» келген. Мәселен, Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса сияқты өнерлі адамдар. Әдетте, осындай ақындардың, сал-серілердің ауылға келуі той-думан, мәдени оқиғаға айналған.

Қазақ шешендік өнерінің маңызы ерекше. Кезіңде шешендердің басым көпшілігі ел билеушілер, билер болған. Заманында шешендік өнер көпшілік жағдайда әншілік, ақындық, күйшілік сияқты өнер деп танылмаған. Шешендік өнер кейбір таңдаулы адамдар мен «жайсаңдардың» жеке бастарының қасиеті деп бағаланған. Шешендер тіпті, ақындар сияқты арнайы өнер жарысына түспеген. Олар белгілі бір даулы мәселені шешу барысында шешендігін таныта білген. Шешендік-тапқырлық сөздер, айтысқан, дауласқан мәселелерге байланысты шыққан. Шешендер айтысқан даулы мәселеге екінің бірі кірісіп, араласа алмаған. Қалай десек те, ел билеушілер мен рубасылары шешендік өнерді оның нағыз иесі халықтан бөліп әкете алмаған. Халық арасынан шыққан шешендер әдеби тіліміздің, осы өнердің дамуына  ықпал жасаған. 

Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға көшіп, жинақталған шешендік сөз – халықтың тарихы, тіл байлығы, ақыл-ойы, шебер сөйлеу мәнері, даналығының үлгісі. Шешендік өнердің танымдық және тәрбиелік мәні зор.

Шешендік өнер адамды көркем сөйлеу шеберлігіне үйретіп қана қоймайды, сонымен қатар оның тапқырлыққа, адамгершілікке баулитын тәрбиелік мәні де зор. Шешендіктің күнделікті өмірлік қажеттіліктерде аса маңызды екені даусыз. Шешендік өнер жүйелі ойлауға, нақты да дәлелді сөйлеуге баулиды.

   Шешендердің туындылары–отаншылдыққа, бірлікке, достыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа, адамгершілікке шақыратын маңызды еңбектер.   

Қазақ халқы сөз қадірін білген халық. Шешендік сөздер ауызекі айтылып, ауызша таралған, халық жадында сақталған. Сөйтіп, бізге ауыздан-ауызға өңдеу мен жөндеуден өтіп, қысқарып, бастапқы қалпында емес кейінгі ұрпаққа жеткен. Халықтың ойынан шыққан баталы сөз, ақылды ойлар, көркемде қисынды сөздер халықпен бірге жасап, үнемі жасарып, жаңарып отырған. Шешендік сөздердің ауқымы кең, мазмұнына қарай әр түрлі мәселелерді-адамдар арасындағы қарым-қатынасты, халықтың көзқарасын, дүние танымын, ел-елдің арасында жүргізілетін келісім сөздер, халықтың атақ-абыройын қорғайтын сөздерге дейін қарастырды.

   Шешендік сөздердің шеберлігі сөз сайысында, елдің тағдыры сарапқа түсетін соғыс-бітім келісімдерде, халықтың көп жиналатын астар мен  тойларда алқа топтың алдында бағаланған. Елімізде Жиренше шешен, Аяз би, Алдар көсе, Төе би, Қазыбек би, Әйтеке билердің шешендік өнерлері кең тараған.

    Жиренше шешен-(1406-1473) халық арасына атақ-даңқы кеңінен таралған айтулы шешен.              

    Қазақ хандығын құрған Жәнібек хан (15-16 ғасырлар) тұсында өмір сүрген, ақыл мен парасаттың үлгісі болған, шешен адам.

      Жиренше шешен кедей отбасынан шыққан. Ол ханның кеңесшісі, ақылшысы болған, Қазақ хандығын құруда ханға пайдалы кеңестер берген. Жиренше шешеннің атынан айтылған халықтың есінде сақталған аңыз-әңгімелер мен шешендік сөздер ел аузындағы мұралар. Жиренше шешен жайлы аңыздарда оның әйелі Қарашаш та ақылды әрі тапқыр ретінде көрініс тапқан.

     Жиренше шешен жайлы аңыз-әңгімелер қарақалпақ, қырғыз, түрікмен сияқты түркі тілдес халық ауыз әдебиетінде де бар. Жиренше шешен туралы әңгімелерді үш салаға бөліп қарастырады. Біріншісінде, Жәнібек ханның уәзірі, ақылшысы, досы ретінде, екіншісінде  ханның кемшіліктерін бетіне айтатын, ақыл- парасатымен өзін оған мойындата білген әділ адам болса, үшіншісінде, әйелі Қарашаш және басқа қарапайым халық өкілдерімен өзара қарым-қатынасы туралы бейнеленіп суреттеледі.

   Жиренше шешен қазақ әдебиетінде Алдар көсе, Қожанасыр сияқты аңызға айналған бейне.

   Жиренше шешен жайында Қазақ Совет Энциклопедиясында былай делінген: «Жиренше шешен-қазақ ауыз әдебиетіндегі кейіпкер, ақыл-парасаттың, тапқырлықтың символы. Қазақ аңыздары бойынша Жиренше шешен-тарихта болған Жәнібек (Әз-Жәнібек) ханның тұсында өмір сүрген кісі. Алайда Жиренше шешен туралы нақты тарихи деректер аз. Ол жөніндегі шығармалардың дені көп халыққа ортақ сюжеттерге негіз болған. Қазақтан өзге, түркі, моңғол және үнді-еуропа халықтарының фольклорында Жиренше шешен туралы шығармалар кездеседі. Қазақ фольклорында Жиренше жайлы ертегі, әңгіме бір топ...» (Қ.С.Э.4-том.).

  Белгілі қазақ шешендері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би-дау жанжалды шешетін, ел бірлігі мен жердің тұтастығын ойлаған билер болған. Әз-Тәуке хан тұсында "билер кеңесі" бекіткен "Жеті жарғы" әдет-құқықтық заң жасалған. Сол кезде осы билердің атақ-даңқтары шыққан. Олар келешекке үміт артып, халықтың тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін ақылы мен күш-жігерін, өмірлік мол тәжірибиелерін аямай көп жұмыстар атқарды.    Шешендер халқының бақытты шақтарын, қуанышы мен күйінішін жырлаған, туған елге қатер төнген сәтте, ел намысын көтерген, халықтың көкейіндегісін айтып, әділет жоқшысы болған. Қалмақ ханының қарақшылық шабуылдарына қарсы қазақ халқының ұзақ жылдарға созылған азаттық күресімен байланысты, көптеген батырлар жырларын, шешендік сөздерді тудырғаны, таратқаны мәлім.

  Әйтеке Байбекұлы (1644 -1700)-атақты би, мемлекет қайраткері.   

  Әйтеке би-қазақ халқының бірлігі мен ынтымағын нығайтуда зор еңбек жасаған атақты би,  мемлекет қайраткері. Оның шешендік өнерінің дамуына әкесі Байбек пен Қосуақ бидің әсері ерекше болған.

 Әйтеке би халқымызға танымал әйгілі басқа билермен бірге Тәукені хан сайлауға атсалысады. 1684 жылы Тәуке хан, Төле, Қазыбек, Әйтеке және басқа билердің қатысуымен «Жеті жарғы» дайындалады.

  Мәртөбе мен Күлтөбедегі жиында алты алашты аузына қаратқан үш би: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би жоңғар шапқыншыларынан елін, жерін қорғауға белсене араласады. Олар бірі жең, бірі жаға, бірі аға, бірі іні болды. Өзара келісім мен теңдік нәтижесінде азаттыққа, теңдікке жетуге үйретті.                   

  Төле би (1663-1756)-мемлекет және қоғам қайраткері, атақты шешен.

  Төле би заманында сауатты, шешендік өнерден тәлім алған адам. Жас кезінен ел арасында әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен танымал болған. Ол жасынан өлең шығарып, қанатты сөздермен сөйлеуді әдетке айналдырған.Төле би өз халқының салт-дәстүрі мен ғұрпын, өлең-жырларын жете білген. Сол кездегі ақындар, билер мен өнерлі адамдармен байланыста болған. Төле би шешен, ойшыл дана деген аса құрметке ие болған. Төле бидің қазақтың басқа билерімен бірге атақты «Жеті жарғы» атты әдет-ғұрып заңын жасауға қатысқандығы оның тарихтағы үлкен еңбектерінің бірі.

  Қазыбек би (1663-1765) – мемлекет және қоғам қайраткері, атақты шешен, «Жеті жарғы» заңын шығарушылардың бірі, сенімді ақылшы. Қазыбектің әкесі Келдібек, ал атасы Абыз атанған Шаншар деген адамдар. Бұлар өз кезінде елге белгілі шешен сөзді, білгірлер болған. Қазыбектің анасы Тоқмейіл тапқыр, сөзге шешен адам болған. Кішкентайынан анасынан естіген-жинағандарын жадында сақтап, бала биден дана биге айналып, «Қаз дауысты Қазыбек би» деген атаққа ие болады. Тәуке хан тұсында Қазыбек би ел басқару ісіне араласып, оның ішкі-сыртқы саясатына елеулі ықпал жасаған.

Даудың бірі Қаздауысты Қазыбек бидің қалмақ ханына айтқан сөзі ел жадында сақталған.

«- Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім?-депті хан.

- Атым-Қазыбек, әкем-Келдібек: халқым-қазақ, руым-қаракесек,-деп жауап беріпті.

- Дауысың қаздың даусындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы,-депті хан. Сонда Қазыбек:

«- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жәй жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы??? келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір балқытқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз. Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрсатын жеріңді айт!-депті. Сонда Қоңтәжі не дерін білмей, сасып қалыпты».

Қазыбек би қалмаққа үш рет елші болып барған екен, соның бірінде қазақ елін шауып, тозығын жеткізуге дайындалып жатқан қалмақ ханы Қазыбек бидің сөзінен кейін райынан қайтып, кері қайтқан екен.

  Үш қыранның асқан көрегендігі мен азаттығы әр жағынан жарқырап көрінді. Олардың тәуелсіз ел болу үшін жұмсаған қажыр-қайраты жас ұрпаққа үлгі емес пе?

  Шешендік өнердің халқымыздың дарынды ақын-жазушыларына тигізген әсері де ерекше. Халықтың шешендік өнері М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, Қ. Аманжолов т.б. ақын-жазушылардың шығармаларында көрініс тапқан.

  Батыр, билердің, шешендердің өткір де әділ, ұтқыр сөздері келешек жастарға үлгі-өнеге. Олар өздерінің туындыларында елін бірлікке, достыққа шақырады, әділдікке, адамгершілікке баулиды.