Қазақ хандығының тарихы.

Би

Батыр

Бай

Бұрындық  хан

Қасым   хан   

Хақназар хан

Есім хан

Тәуке хан

1.Қазақ хандығындағы әлеуметтік топтар. Қазақ хандығындағы ең жоғарғы мемлекет билеушісі-хан болған. Хандық–белгілі бір аумақты билеуші ханның қол астындағы мемлекет. Хандықтың сол жерді   мекендейтін   халқы және көшіп-қонатын жері  болған. Хан  билігі  атадан  балаға мұра ретінде қалдырылды. Хан өзі билеген (басқарған) елдегі    өте    маңызды    саяси    және    экономикалық мәселелерді шешкен. Өз атынан бұйрықтар шығарған. Ол басқа көршілес мемлекеттермен қарым-қатынас  жасаған.   Сауда  келісімін,   бітім шарттар жасасқан.  Соғыс жариялауға өз еркі болды. Хан соғыс жағдайында қолбасшы  болады. Ханның туы және ханды қорғайтын, онымен бірге жорыққа шығатын жасақ әскері болған. Шапқыншылық кезінде халық жасағы жиналатын. Оны хан немесе елге беделді батырлар мен билер басқарған. Қазақ хандары халқының көшіп-қонатын жерлерін белгілеген. Оның рұқсатынсыз көшіп-қону жүргізілмейтін. Хан сот билігінде  өзі  жеке  дара басқарған. Ру арасындағы дау-жандалдарды шешкен. Халық оған  түрлі   алым-салықтар  төлеген.

  Қазақ хандығы көптеген ұлыстарға бөлінген, әр ұлыста жүз мыңнан астам адам болған. Оларды Шыңғыс хан ұрпақтарынан тараған сұлтандар басқарған. Егер сұлтанға тіл тигізсе, осы үшін 26 ұсақ мал, түйе мөлшерінде құн төлеу заң бойынша бекітілген. Сұлтандардың ерекше құқықтары болды. Ол хан тағына сайлана алатын. Оларды билер соты соттай алмайтын, тек қана хан соты ғана соттай алатын. Жоңғар шапқыншылығы тұсында көптеген сұлтандар ұрыс алаңында ерлік көрсетті. Олардың арасынан батырлар да шықты.

  Би-қазақ хандығындағы аса құрметті атақтың бірі. Билер сот билігі қызметінің білгірлері болатын. Би-ру-тайпаларды басқарды. Олар өз ру-тайпасынының мүддесін қорғайтын. Билер «билер кеңесіне» мүше болды. Өмір тәжірибесі мол, сот мәселесін жетік білетін, әділ, дана,шешен, тапқыр адамдар ғана би бола алатын.

 Батыр-ержүрек, батыл, қаһарман жауынгер деген мағынаны білдіреді. Батыр атағы әркімге мұрагерлікпен берілмейтін. Батыр болу үшін шайқастарда «ержүрек», «тапқырлық» көрсетумен қатар, соғыс тәсілін жетік меңгеріп, ерекше жеке ерлік көрсеткен адамды атаған.

Бай–дәулетті адам, оның мыңдаған малы болған.

  Хандықтағы қарапайым адамдардың көпшілігі көшпелі малшылар мен егінші шаруалар болатын. Олардың иелігінде аздаған малы мен мүлкі болды. Олар ру басшыларына жұмыс істеген, түрлі салықтар төлейтін, міндеткерліктер атқарған. Қарапайым шаруалар, малшылар соғыс кезінде жасақшы да болған. Құлдар-егістік егіп, үй жұмыстарын істеген тәуелді адамдар. Олардың отбасы,   мүлкі  болмаған. Олар  көбінесе тұтқынға түскен  адамдар. Олар қожаларының малын баққан.

2.Аңызға айналған қазақ хандары.

Бұрындық хан ( 1480-1511жж.) Керей мен Жәнібектен кейін хан болды. Ол Шығыс пен Батыс арасында сауда жолында орналасқан Сығанақ, Созақ, Отырар, Түркістан, т.б. қалаларын Қазақ хандығына қарату үшін күресті. Бірақ, Сырдария бойындағы қалалар үшін соғыс Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен отыз жылдан аса уақытқа созылды. Екі жақ кезек жеңіске жетумен болды.Көп жылғы соғыстан кейін Бұрындық Сырдария бойындағы қалаларды қайтадан Қазақ хандығына  қайтарып алды. Қазақ хандығы Сығанақ, Созақ, Сауран қалалары мен Түркістан аймағының  солтүстік бөлігі иелегінде  қалды. Сөйтіп, Қазақ хандығы өз иеліктерін ұлғайтты, хандықтың нығаюына үлесін қосты.

  Қасым   хан   (1511-1518 ж.ж.)   елді   басқарды. Ол   қазақ   халқының дәстүрлерін қадірлеген, атақты   батыр, сұлтан, атты әскер қолбасшысы болған. Қасым   хан   тұсында   Қазақ   хандығы   өркендеп   дамып, орталықтан басқаратын күшті мемлекетке айналды. Қасым хан кезінде хандықтың   шекарасы   кеңейіп, кең байтақ аумақты қамтыды. Халқы миллионнан асты. Атты әскері үш жүз мыңға жетті. Қасым хан мемлекетте тәртіпті нығайтты. Осы кезде «Қасым ханның қасқа жолы» атты қазақтың құқықтық заңдар жинағы өмірге келді. Ел ішіндегі    тұрақтылық  орнады. Мал басы өсіп, қолөнер мен егіншіліктің, сауданың  дамуына   мүмкіншілік туды. Қасым хан жүздер ішіндегі бірлікті нығайтуды көздеді. Қазақ хандығы басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатты. Олар Қасым хан кезінде қазақ хандығымен   тату   болып,   өзара   елшілік   байланысты   нығайтуға ұмтылған.  Қасым  хан  билігі  тұсында  жоңғарлар  қазақ жеріне  жорыққа шығудан қорықты. Қасым  хан  Мәскеумен өзара дипломатиялық қатынас жасаған.  Қасым хан тұсында Батыс Еуропа елдері Қазақ хандығының қуаты мен беделін таныған. Қасым хан 1518 жылдары дүние салған.

Хақназар хан (1538-1580) Қасым ханнан кейін қазақ хандығын қалпына келтіріп, нығайтты. Оның тұсында Жайықтың сол жағалауындағы көшпелі ұлыстарды бағындырды. Жетісу мен Тянь Шаньға дейінгі  құнарлы, жайлымды жерге көзі түскен моңғол ханымен жоңғарларға қарсы батыл қимыл жасап, жауға тойтарыс берді. Елде алауыздықты бәсеңдетіп, мал мен егін шаруашылығын, сауданың дамуына жағдай жасады. Хақназар хан Ноғай ордасымен, Башқұрт елі, Орта Азия халықтарымен, Сібір хандығымен және басқалармен қарым-қатынас орнатты. Орыс мемлекеті мен Орта Азия халықтарымен байланыс жасап, сауда-саттықты жақсартты. 

Өзінің ішкі және сыртқа саясатында әкесі Қасым ханның жолын жалғастырды. Хақназар хан қазақ руларының ескі қонысын сақтап қалып, қазақ хандықтарын біріктіріп, көрші мемлекеттермен байланыс жасап, Қазақ хандығын нығайтуға, халықаралық жағдайын жақсартуға, ықпалын арттыруға ат салысты.

    Есім хан (1598-1628жж) хан болған. Ол Тәуекел ханның інісі. Тәуекел ханның тұсында Бұхар ханымен жиі шапқыншылық соғыстар болып тұрған. Бұхара қала бекінісіндегі ұрыстардың бірінде Тәуекел ауыр жараланады. Ташкентте қайтыс болады. Есім сұлтан оның орнына хан болады. Ол Бұхар ханымен бітім-шартын жасайды. Көрші жатқан Орта Азия қалаларымен бейбіт байланыс жасаудың қажеттілігін түсінеді. Есім ханның негізгі мақсаты - қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құру болды. Ол «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын заң жинағын құрастырды. Қасым хан тұсында дайындалған «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі ережелерді сол дәуірге сай толықтырды. Мемлекет билігіне, құқықтық жүйені реттеуге, ежелгі қазақ халқының әдеп-ғұрпы мен ереже-тәртіптеріне маңызды өзгерістер енгізілді.

Есім хан өз қоластына Қазақ хандығын біріктіруге күш салады. Есім хан Қазақ хандығында билік жасап тұрған кезде өзінің білікті саясатшы, соғыс тәсілін жақсы меңгерген қолбасшы, әрі мемлекет қайраткері екенін көрсете білді.

Тәуке хан (1626-1718)-Қазақ ханы.

   Тәуке хан тұсында қазақ хандығының бірлік-берекесі күшейе түседі. Тәуке хан уақытша болса да жүздер арасындағы тартыстарды тоқтатып, елде тыныштық орнатты. Тәуке өз заманының күшті әміршісі, табанды, білімді әрі шешен адам болды. Оның билігі Қазақтың үш жүзіне жүрді. Ол даналығымен, әділдігімен барша жұртты өзіне бағындыра білді. Тәуке хан елдің тыныс-тіршілігін жақсы білетін, өмір тәжірибесі мол, көреген адам болған. Ол әр түрлі қазақ руларымен байланыс жасап, дала заңын жақсы білген. Тәуке билігі тұсында қазақ хандығы бір орталыққа бағынған мемлекет болды.

   Тәуке хан қазақ-жоңғар қатынастарын жақсы меңгерген дипломат болды. Ол жоңғарларға қарсы соғыс қимылының ортасында болып, көзімен көріп, шайқастың қиын жақтарын бәрінен де жақсы білген. Тәуке хан Орта Азия елдерімен сауда жасауға ұмтылды. Сонымен қатар орыс-қазақ қатынастарын жақсартуға және көрші мемлекеттер арасында бейбіт қатынасты сақтауға тырысты. Ресей мен Қазақ хандығы арасында елшіліктер алмасып, сауда байланыстары нығайды. Тәуке хан-елдің беделін арттыру және мемлекетті нығайту үшін де қажетті шаралар жасады.