ТАРИХИ КАРТАЛАР

     «Карта» грек сөзінен аударғанда «хат жазуға арналған папирус парағы» деген мағынаны білдіреді. Карта жасау мен оны құрастырудың өзіндік тарихы бар. Мәселен, тұңғыш сурет-карталар алғашқы қауымдық құрылыс кезінде пайда болса, ал бүгінге дейін жеткен карталар Ежелгі Шығыс пен Ежелгі Қытай халықтарына тән.             Карта географиялық, саяси, тарихи, экономикалық болып бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, біз саяси карта арқылы әр елдің орналасқан жері мен астанасын, аумақтық көлемі мен территориялық шектестігін білуімізге болады. Ал, географиялық карталардың ішінде физикалық, пайдалы қазбалар жөніндегі , саяси-экономикалық және кескін карта  тәрізді түрлері бар. Соның ішінде, тарихи карталар   – тарихты оқытудың негізгі құралы болып табылады.

     Тарихқа көз жүгіртсек, ежелгі жер иеленушілер өзінің қарамағындағы жер мен аймақты , шекараны картаға түсіріп белгілеген. Бірақ адамдар             жер шарын картада бейнелеуде елеулі қиындыққа ұшырады. Оның себебі             жер домалақ шар тәрізді  болғандықтан оның қашықтығын нақты есептеу          аса қиынға соқты. Осы тұрғыда жүргізілген зерттеулер барысында             жердің «шар» тәріздес екенін  алғаш рет гректер анықтаған. Мәселен, грек тарихшысы Геродот  алғаш рет жер шарының кескін картасын  жобалап жасады. Ол картада Ежелгі Грекия жері қамтылған болатын. Сондай-ақ, келесі бір грек ойшылы Птолемей б.з.б. ІІ ғасырда «География» кітабын жазып, әлемдегі 26 мемлекеттің аумағы қамтылған карта құрастырған. Алайда, ол кезде мемлекеттердің жер көлемін  дәл анықтап, өлшейтін техникалық құралдар болмағандықтан, карталар да жобаланған мөлшерде жасалды. Десек те, мөлшермен жасалған  Птолемей картасындағы Еуразия, Африка құрлықтарының бедері қазіргі кескініне біршама жақын келеді. Бастапқыда картаны ең көп пайдаланған мемлекет – Ежелгі Рим болды. Өйткені, бұған Римнің теңіздер мен түрлі су жолдарының торабында орналасуы зор әсерін тигізген болатын.

     Шығыста алғаш рет Қытайлар құрастырған картада көрші елдердің теңіз арқылы сауда жасауы кеңінен көрсетілді. Сонымен қатар, карта жасау  ісі ежелгі мәдениет ошақтарының бірі – Орта Азия жерінде де жақсы дамыды. Мәселен, әл-Идриси, Ибн Хаукал тәрізді ұлы ойшылдар мен әйгілі саяхатшылар дүние жүзі және Орта Азия картасының нұсқасын құрастырып қолжазбаға енгізді. Сондай-ақ, әл-Хорезмидің «Жер бейнесі» кітабында карта тарихы мен оны жасау жайында көптеген қызықты мәліметтер кездеседі. Бұл еңбегінде әл-Хорезми грек ойшылы Птолемейдің       4 картасынан суреттер беріп, оларды қайта толықтырғаны байқалады. Сонымен бірге, Х ғасырдағы көрнекті ғалым Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрік» жинағында Орта Азияның картасы жасалынып, онда қазақ жері де белгіленген болатын.

     ХІІІ ғасырда Еуропа саяхатшылары Плано Карпини мен Вильгельм Рубрук өздерінің қазақ жеріне саяхаты барысында тарихи-географиялық жағдайды қағазға түсірді. Олар Каспий теңізі жағалауын, Тарбағатай таулары мен Жоңғар Алатауын зерттеген. Ал, ХVІ ғасырдан               бастап Қазақстанға экспедицияны орыстар жіберді. Соның нәтижесінде, С.Ремезовтың «Сібірдің сызба кітабы» деп аталатын бірінші орыс        атласында қазақ жерінің басым бөлігі түсірілген. Зерттеуші орыс-қазақ        арасындағы алғашқы елшіліктердің естелік деректерін пайдаланды. Сондай-ақ, С.Ремезовтан басқа швед офицері И.Г.Ренат Жоңғария ханының құпия тапсырмасымен қазақ жерінің картасын жасады. Дегенмен, қазақ жерін географиялық тұрғыдан зерттеп, сызба карталарға түсіру әсіресе ХІХ ғасырда дами түсті. Осы кезде қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов Ыстықкөлді алғаш рет топографиялық картаға түсіріп, Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Шығыс Түркістан картасын жасау негізінде  артына мол географиялық мұра қалдырды.

    Карта – жер көлемінің кішірейтілген нұсқасы болғандықтан, ондағы нысандарды біз шартты белгілер арқылы білеміз. Мәселен, саяси карталарда әлем мемлекеттері түрлі-түсті бояумен көрсетілсе, тарихи карталарда өткен оқиғалар мен басқыншылық жорықтар бейнеленеді. Сондықтан, тарих сабағында қандай да бір тарихи тақырыптарды өту барысында карта пайдаланудың маңызы өте зор екенін әрқашан естен шығармауымыз керек.