Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Киім атауларының мәдениеттанымдық сипатының тілдік көріністері

30128

Демек, мәдениет, ұлттық менталитет құндылықтары мен оның құдіреті тілінде бейнеленеді. Тіл мен мәдениет сабақтастығы тіл білімінің өзекті салаларының бірі ретінде В.Фон Гумбольт, А.А.Потебня, А.Вежбицкая, В.Воробьев, В.Маслова, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева т.б. ғалымдардың еңбегінде қарастырылып келеді.

Ұлттық тіл мен мәдениетті сабақтастықта зерттеуші ғалымдар төмендегідей түсініктер береді: «Тіл мен мәдениет – қоғамның, оның әлеуметтік дамуының жемісі. Тіл халықтың рухани және материалдық байлығын игерудің құралы, мәдени байлық тілде көрініс табады, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, баға жетпес ескерткіш те болып саналады» /1, 411/-деген ғалым пікірі өте орынды.

Осындай ескерткіштің бірі – ұлттық сана мен талғам негізінде қалыптасқан мәдениетті бейнелейтін, адамзат баласы үшін ең қажетті материалдық дүниенің бір саласы – киім-кешек. Бұл жөнінде «талғам мен салтанаты жарасқан қазақтың киімін ұлттық мәдениеттің жарқын көрінісі» /2,222/-деуге болады. Ендеше, материалдық мәдениетті бейнелейтін киім атаулары оның тіл дүниесінен айқын көрініп, тілдік деректер арқылы ғана айғақталады.

Этнограф – ғалым Ө.Жәнібеков ұлттық киімімізге: «Қазақы киім – өзіне тән ерекшеліктерін сақтап бізге жеткен заттық – тұрмыстық мәдениеттің бірден-бір көрінісі» /3, 20/ - деп баға берсе,  орыс мәдениетін зерттеуші ғалымдар: «Каждая национальная культура содержит кроме специфический-национальных и интернациональные черты» /4/ - деп түйіндейді.

Осыған байланысты қоғамдағы материалдық құндылықтардың бірі болып саналатын киім-кешек түрлері ұлттық мәдениеттің жарқын көрінісі екендігін мына деректерден тағы да көруге болады: «Көне дүние ұғымдар адамның басы аспан әлемімен байланыстырылып, басқа киетін бас киімдер де қастерленіп, түрлі әлеуметтік, таптық, рулық т.б. жоғарғы дәрежелік айыру белгілерді басқа, бас киімге тағатын дәстүр қалыптасты. Көне космогониялық түсініктер бойынша адам басының аспан әлемімен байланысын білдіретін дәреже белгісі ретінде қолданылатын зат – аспанды мекен ететін құстың қанаты, қауырсыны. Өте ерте заманнан бері көшпелі халықтарда өте жоғары дәрежелі үстем тап өкілдері – хандар, патшалар, қолбасшылар, әскербасылар бас киімдеріне, құс қауырсындарын таққан. Орта ғасырда шығыста кең қолданыста болған, алтынмен, асыл тастармен әшекейленген мұндай айыру белгісін «жыға» деп атаған. Көшпелілердің хандары, атақты батырлары да, оның ішінде қазақтың да батырлары мен хандары алтындап «жыға» тағатын. Мысалы, тілімізде мынадай деректер кездеседі:

  Алтын жыға басында

  Баланың келді қасына (Орақ, Мамай).

  Тілләдән тақтым жығаны,

Алтындаттым доғаны (Хикаят Көрұғлы).

Жыға ретінде қолданылатын қауырсындардың алтынмен, тастармен әшекейленген түбі ине түрінде жасалып бас киімге шаншылады. Бұқар жыраудан мынадай дерек келтіруге болады:

Айбатты бұл күн Абылай,

Төбеде жыға шаншылып,

Әрі-бері жүреді (Бұқар жырау) 

Жығалар бас киімнің маңдайына, не желке тұсына немесе екі шеке тұсына шаншылады. Жығаның қауырсындары біреу, екеу, үшеу болып келуі мүмкін. Атақ дәрежесіне қарай жыға бас киімде біреу не екі жыға бірдей тағылады. Кейде жығалар түгелдей алтыннан құйылып, асыл тастармен әшекейленген қауырсын түрінде де жасалады. Өзбектерде күйеу жігітті «хан» деп атап, оған алтын жыға тағу салты осы күндерде де сақталған.

«Дәрежесін танымау», «дәрежесі төмендеу» деген түсінікті білдіретін ана тіліміздегі «жыға танымау», «бастан жыға қисайды» деген фразеологиялық тіркестер жығамен дәреже белгілеу қазақтарға да терең сіңген дәстүр екенін дәлелдейді» /5, 137/.

Қандай да бір ұлт болмасын оның даму тарихында мәдениеттің екі түрі (рухани және материалдық) де бір-бірімен байланыста, жапсарлас дамиды. Бұл жөнінде А.Ж.Мұхатаева зерттеу еңбегінде былай дейді: «Между материальной и духовной культурой определенного этноса нет строгого водораздела, делящего их на диаметрально противоположенное категории и понятия. Наоборот, материальная и духовная сферы жизни этноса тесно взаимосвязаны между собою, они взаимообусловлены в своем порождении и постоянно эволюционном развитии» /6, 21/.

Ата-бабаларымыздың көшпелілер мәдениетінен бастау алып бүгінгі ұрпаққа қанық бояуымен ұлттық бедерін сақтап келген қазақ киімі әр қоғамның талабына сай әлеуметтік қызметін сақтай білді. Сонымен қатар әрбір әлеуметтік топтың ұлттық киімдерді тұтыну қажеттілігіне сай талғамы да өсіп отырды.

Жалпы этностық мәдениет туралы акдемик В.В. Виноградов мынадай пікір білдіреді: «Те или иные знаки культуры – это не просто материальные предметы, явления и события «Вообще» а сущности, отражающие или выражающие факты данной этнической культуры» /7, 27/. Жалпы, қазақ халқында әлеуметтік топтардың (байлар, кедей-шаруалар, қожа-молдалар, бақсы-балгерлер, аңшы-саятшылар) киіну үлгілерінде бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктер болған.

Этнографиялық және тілдік деректерге сүйенсек, әр тап өкілдері киімдерінің (әлеуметтік орнына, қызмет кәсібіне қарай) өзіндік қасиетке ие болғандығын дәлелдейді.

Дәулеті асқан бай адамдар шет елдерден (Қытай, Самарқан, т.б.) қымбат маталар алдырып, киім тіктірген. Киімге тағылған әшекейлер ерте замандарда адамдардың қоғамдағы орнын көрсеткен. Байлардың киімінде кесте де, асыл тас та көп болған.

Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында белгілі-бір әлеуметтік топтардың киім киісі былай суреттеледі: «Ақылбайдың ер-тұрманы қалың күміс. Басында құндыз бөркі бар, үстінде көк мауыты бешпет, омыраулары толған күміс түйме. Белінде алтын жалатқан, қымбат тасты, кәмәр белдік. Шапқылап бара жатқан баланың киім, тұрман сәні аса бір ардақты, жалғыз қыз сәніндей» /8, 141 /, немесе «Базаралы бөлме ішін енді барып қараса елден келген болыс-билердің саптама етіктері, қасқыр ішіктері, жалпақ төбелі үлкен тымақтары осында бір қабырғада үюлі, сүйееулі тұр екен. Етік, тымақ бейнелері Тобықты үлгісіне ұқсамайды. Кейбір етіктер жармақоныш, кейбірінікі қаздиған биік өкше, кейбірі мол пішілген тымақтардың төбесі өрескел жалпақ келген» /8, 163/.

Монғолиядағы қазақтардың салт-дәстүрлері туралы Б.Кәмалашұлы этнологиялық зерттеуінде мынадай әлеуметтік негізде қызықты деректер келтіреді: «Аққу жынды бақсылар аққу терісінен киім киіп жүретін болған. Аққу киімді бақсы-диуана, аққу терісінен кеудеше киген, аққудың терісінен үшкір төбелі тымағы бар адам бала емдеген. Монғолиядағы қазақтар дүниежүзі қазақтары арасындағы құсбегі ер киімін ұлттық күйінде сақтап қалған халық. Бүркіт салғанда құсбегілер шолақ ішік немесе шапан киіп, тері шалбармен шалбарланып алады. Бұл киіміді де сәндеп, ою-өрнек бастырады» / 9, 258/.

Сондай-ақ, Б.Қыдырбекұлы «Түгел сөздің түбі бір» деген еңбегінде бақсылар мен серілердің, диуана мен әулиенің, хан мен уәзірдің киімдеріне байланысты көптеген деректер келтіреді: «Дастар – бас киім, қымбат матадан орап жасаған, арнаулы киім. Сәлде емес, сәлде қолдан оралады, ал дастар жасаулы дайын күйінде тұрады. Мысалы,Қожа пұлын жіберер дастарына, кісе, дастар жарасар бастарына».

«Женде – бақсылар мен серілердіңсыртынан киетін, түрлі-түсті кездемеден құрап тігілген киімі. Осы мақаланың авторы 1946 жылы Жетісудағы атақты Қалдыбек Қалендар – бақсының жендесін көргенді. Екі жеңі қысқа, жағасыз, екі иығына үкі тағып, омырауына неше түрлі жартысына күміс қапталған домалақ моншақ-түймелермен шеттіктеп тастаған, түрлі әлем-жәлем жапсырған, шекпен тәріздес киім... «басында күле, үстінде женде,қолында аса» (Батырлар жыры).

«Мұрақ – салтанатқа, тойға киетін қайырмасының екі жағы иіріліп қошқар мүйізденіп келген, хан мен уәзірлері киген қалпақ. Әншейінде киюге қолайсыздау да, қолапайсыздау да. «Хандар киер мұрақты, қарашы киер құрақты» , «Қалпақ абзалы – мұрақ, көрпе абзалы – құрақ» (Мақал-мәтел)/10,48;56/.

Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» атты еңбегінде бай мен кедейдің киімінің ерекшелігі байқалады: «Кедей адамдар ішікті қоян, тарақ құйрық (сарышұнақ) сияқты арзан терілерден де жасаған. Бірақ олардың сапасы оншама болмайды. Сондықтан «бір жылға қоян терісі де шыдайды»деуде де мән бар», «Тымақ – қысқы бас киім. Оны кедейлер – сеңсеңнен, байлар – түлкіден жасайды. Түлкі терісінен жасалған тымақ – ең сәнді, бағалы тымақ саналады», «Кедей шаруалардың ерте заманнан бері іш киім үшін пайдаланатын матасы – бөз.Дәйім менің кигенім бөз көйлегім, Жаман жақсы болса да өз көйлегім, дегендегі «бөз» осы мата», «Алпамыс батыр» жырында Ұлтанқұлды ... «көн шалбары көтіне қатқан» деп сипаттауына қарағанда, ертедегі қазақтар шалбарды көн теріден де істеген сияқты» (С.Мұқанов).

«Жаздық сыртқы киім – түйенің не қойдың жүнінен тоқылған шекпен. Түйе жүнінен тоқылған шекпен дәулетті адамдардың ғана қолына түсетін болған. Ал шамасы келмеген кедейлер шекпенді қой жүнінен тоқып киген» /11,62/.

Әсіресе, әлеуметтік уәжділік сал-серілердің киімдерінде ерекше байқалады. Сал-серілердің шапандары ерекше жібек, парша сияқты маталардан тігіледі. Ерте кезде олар киім тігуге Бұқарадан әкелінген маталарды пайдаланды. Шапандардың екі өңіріне алтын жіптен жасалған оқа салып әшекейлеген. Сал-серілер болса, өздерінің талғамы бойынша тапсырыс беріп, әртүрлі ою-өрнектер салып кестелеткен. Киімдері кең етіп, жағасыз, түймесіз, астарсыз етіп тігілген. Сал-серілер киген кейбір шапандардың оң жақ жеңінің астынан үлкен жырық немесе қол сыятындай дөңгелек тесік қалдырып тігілген, әрі бір жеңінен екінші жеңі ұзын. Бұл домбыра тартуға ыңғайлы болуы үшін керек. Ақын, әнші, жыршы сияқты өнер иелерінен олардың өзгешелігі – олардың киім киісі.

«Салдардың киген киімдері кең киіліп, шалбарының балағы бір кісі кіріп шығардай болады. Барқыт шапан кисе, бір жақ өңіріне жібек салдырады, сегіз сайлы қалпағының әр сайы әр түстен болады. Бірі ақ, бірі көк болса, бір сайына құрым шоқпыт, оның сыртын айналдыра қымбат құндыз ұстатып, жағасына қара ешкі терісін салады. Жұрт күлу үшін киімнің әр жеріне әдейілептүлкі, мәлін, жылан терісі секілді көзге тосын көрінер нәрселер тағып, екі иығына екі аяқтарын моншақ қосып қадап қояды» /12/.

Демек, ата дәстүріне құрметпен қараған, өзінің тұрмыс деңгейі мен ұлттық ерекшелігіне, әдет-ғұрпы мен ұстанған мұраттарына сай ұлттық киімнің халқымыздың мәдени-тарихи өмірінде айрықша орын алатыны даусыз.

Алмауытова Әсия Базарбайқызы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Атабаева М.С. Қазақстан Республикасы ғаламдық мәдениетаралық кеңістікте //  Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, 1-бөлім. –А., 2003.

2. Манкеева Ж.А. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. –А., Ғылым, 1997.

3. Жәнібеков Ө. Қазақ киімі. –А., 1996.

4. Верешагин В.Г., Костомаров В.Г. Язык и культура. Изд. Московского ун-та, 1973.

5. Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер (Батырлардың қару-жарағы. Әскери өнері, салт-дәстүрлері). –А., 1996.

6. Мухатаева А.Ж. Этнолингвистические изучение лексики казахского эпоса: /Сфера материальной культуры / Дисс. к.ф.н. –А., 1989.

7. Виноградов В.С. Лексические вопросы перевода художественной прозы. –М., МГУ, 1978.

8. Әуезов М. Абай жолы, 1-т.  –А., 1987.

9. Кәмалашұлы Б. Монғолиядағы қазақтардың салт-дәстүрлері (этнологиялық зерттеулер). –Өлгей, 1995.

10. Қыдырбекұлы Б. Түгел сөздің түбі бір. –А., Қазақ университеті, 1993.

11. Қалиев С., Оразаев., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. –А., 1994.

12. Диваев Әбубәкір. Қазақ Ғылым Академиясының Орталық кітапханасында сақталған қолжазбасынан. Қазақ ССР-і ҒА-ның ОҒК-сы. 701-папка, 6-дәптер). 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?