Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тума талант (И.Мұхамеджановтың шығармашылығына алғашқы қадам)

30116

Кезінде әр түрлі себептермен таланты тасада қалып қойған тұлғалардың бірі – ақын, халық ауыз әдебиетін зерттеуші, ұстаз, журналист Ибраһим (Қырғызбек) Мұхамеджанов. Ол қазақ әдебиеті тарихында қыз бен жігіттің жұмбақ айтысының негізін қалаған, кезінде Ұлбике Жанкелдіқызымен (1825-1849 жж.) айтысқан Күдеріқожа Көшекұлының (1820-1858 жж.) төртінші ұрпағы. Ал Күдеріқожа Көшекұлы туралы халық ақыны Қ.Баймағанбетов «Сымбатты сұлу Сырдың сүлейлері»  атты энографиялық поэмасында (Пернедегі термелер, 1965):

  Күлдірлеп Күдері өтті Таспаменен,

  Айтысқан талай жайсаң қасқаменен.

  Айтысып Ұлбикемен үздік шыққан,

  Тең таппай теңесуге басқаменен.

Күдеріден Нарбота, одан Нұреке, одан Мұхамеджан (Қарамолда) одан Әбиболла, Халиолла (Қалтай), Ибраһим (Қырғызбек) тарайды.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады»,  - деген қазақтың ешбір дау айтуға тұрмайтын тарихи тағылымының мысалын Мұхамеджан әулетінен көруге болады. Жоғарыда аттары аталған Қарамолданың үш ұлына да Алла талантты аямай берген. Ал көлеңкеде қалып, еңбектері еленбей келгені -Ибраһим (Қырғызбек) Мұхамеджанов. Біз оның қолдағы бар, мағынасы мен мәніне, тағылымына еш шүбә келтіруге болмайтын ескерусіз қалған еңбектерін елге жеткізуді мақсат тұттық.

1999 жылдың желтоқсанындағы «Жұлдыз» журналының редакторы М.Мағауинге жазған өтініш хатында:

- Патша алдында сөйлесем,

  Патша кеспес тілімді,

  Әкім алдында сөйлесем,

  Әкім таппас мінімді.

  Ағайынның ішінде

  Итке берсін күнімді, –деп торыға жазыпты. Осы өлеңнің екі жолынан қолда бар алтынды қадірлей алмайтындығымызды елестетеміз. 

Ибраһим Мұхамеджановқа кейбір пендесымақтардың қойып жүрген жасанды тосқауылдарын сезінген ақын Тыныштықбай Мұрынбаев:

    «Өзің барда өзімдей нақ қасыңда

    Бұл мақтаудың білемін жақпасын да...

    Таудың тасын талқандап аққан өзен,

    Мүмкін бе екен тебіреніп ақпасына?!

 

    ... Шымыр-шымыр қайнаған терең дарын,

    Асау арна осының көрем бәрін.

    Сенің мына қасиетіңді көре алмаған,

    Көрдім небір көр кеуде, керең барын,» – деп тебірене жазыпты.

И.Мұхамеджанов қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұрынғы С.М. Киров атындағы ҚМУ) журналистика факультетінде оқып жүріп, республикалық «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінде Надежда Лушникова, Қибат Иманғалиев, Танаш Дәуренбеков, Сырбай Мәуленов, Сағи Жиенбаев, Әди Шәріпов шығармаларына әдеби-сын, рецензиялар жазған.  Алматының «Жетісу» облыстық газетінде  бірнеше очерктері, қазақ ақындар айтысының 1964 жылы шыққан алғашқы томына сын-пікір жазып жариялаған. Сөйтіп, университет қабырғасында жүріп-ақ, ақындық, зерттеушілік талантымен таныла бастады. Осыны білген Жамбыл, Шымкент, Қызылорда ақын-жазушыларының Оңтүстік өлкелік консультанты ақын Асқар Тоқмағанбетов Ибраһим Мұхамеджановты өзіне серік етті. Универсиетті бітіргеннен кейін 1965 жылдан бастап «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінде әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады. Сол жылдары оның қолынан ақын А.Тоқмағанбетовтің қолдауымен қармақшылық Ә.Әлиасқаровтың, жаңақорғандық Базарбай Исаевтың, жалағаштық Тыныштықбай Мұрынбаевтың өлеңдер жинағы Қазақстан Жазушылар Одағының баспасына ұсынылған. Сөйтіп, жергілікті таланттардың облыс шеңберінде қалмай, республикаға танымал болуына өзіндік үлесін қосады. 1969 жылдардан бастап табиғи талантымен таныла бастаған И.Мұхамеджанов сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетіне оқытушылыққа шақырылады.

  Педагогикалық институтта талантты жастарға ұшқыр қиялдарын, сезімтал жырларын өлеңмен өрнектеуде де көп көмегін тигізді. Осы уақытта бабасы Күдері ақынның шығармашылығына арнаған зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Республикалық «Жұлдыз» журналында (№2, 2000ж) «Құнанбайды таныған би немесе Күдеріқожаның шешендік сөздері», аталмыш журналдың 2000 жылғы №12 санында  «Ұлбике мен Күдері айтысының» Сыр бойындағы Мұқамедияр аузынан 1945-1947 жылдары жазылып алынған, бұрын еш жерде жарық көрмеген нұсқасын, «Ақмешіт ақшамы» газетінде (5, 19 қараша, 1999 ж) Ұлбике мен Күдерінің айтысына арналған зерттеуін жариялады.

   «Құнанбай таныған би немесе Күдеріқожаның шешендік сөздері» деген мақаласында  зерттеуші И. Мұхамеджанов бұрын оқушы қауымға белгісіз болып келген кейбір тың деректерді келтіреді.

Күдеріқожа Көшекұлы бірде он бес жасқа толмаған кезінің өзінде шабындық жерге таласып жатқан тобырдың үстінен түсіп, оларға билік айтады. Арты төбелеске айналуға жақындаған жасы ұлғайған адамдардың іс-әрекетін соншалықты ерсі көрген Күдері:

  Өзімнің атым – Күдері,

  Ер Көшектің баласы.

  Талассаң бағың кетеді,

  Таласпасаңдар не етеді?

Бірлік қылсаң не етеді,

  Анау тұрған шабындық,

  Баршаңызға жетеді.

  Дүние шіркін жалған ғой,

  Бастарыңнан әлі–ақ өтеді,- депті.

Өзінен біраз жас алшақтығы бар дауласып жатқандар осы сөзден кейін бір пәтуаға келіпті. Бұл оқиғаны естіген әкесі Көшек баласына: - Әлі де оқуыңды жалғастыр, билікті шариғат жолымен де, қазақтың  байырғы қалыптасқан дәстүрімен де шешіп, бітім айтуды меңгер, - деп оқуға жіберіп, оны бітіртіп ел билігіне араластырған екен.

  Зерттеуші ғалым И.Мұхамеджановтың дәлелдегеніндей, Күдеріқожа  24 жасқа келгенше қазақтың құрметті, сыйлы биіне айналып, Арқа, Қыр, Сыр, Батыс, Шығыс өлкелерінің талай дауларына араласып, әділ билігі  мен қазылығы арқасында елді тамсандырыпты. Мысалы, 1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы  аға сұлтандыққа сайланарда Орта жүз билері қым-қиғаш сөз таластырып,  Құнанбайды сайлау-сайламасы екіталай болып, дау туады. Сонда Күдеріқожа Орта жүздің барлық билеріне арнап:

  Атаңнан артық туса ту ұстарсың,

  Ез болсаң тезегіңді уыстарсың.

  Біріңді бірің түртіп не қыласың,

  Түбі бір исі қазақ туысқансың.

  Құнанбай Орта жүздің тұзы емес пе?

  Көнеден арнасы бар із емес пе?

  Қарадан хан да болса реті бар,

  Салмаңдар қыл кеңірдек, қу өңешке.

  Сәукеш су ағар әрі жүйесімен,

  Жарасар көштің сәні түйесімен.

  Кімің бар Құнанбайдан озып туған,

  Айырма елді нағыз иесінен.

Арғымақ қанша шапса арымаған,

  Қиыннан жол табады дарын адам.

  Сыртынан алтын - сары, мыс та  сары,

  Жақсыны жарымжандық танымаған,

- деп өлеңдетіп келіп, әрі қарай тақпақтай жөнеліпті:

  Тұз болмаса ет бұзылады,

  Дін болмаса ниет бұзылады.

  Ел – ерімен көркем,

  Жер көгімен көркем.

  Ақылы асқанды хан тұтын,

  Білімі асқанды пір тұтын.

Жақсыңды қадірле,

  Жаманды тәрбиеле, қазағым.

Арбаға тоқпақ көргенді жекпе,

  Соқпақ көргенді жек.

Күдеріқожаның өлеңмен айтқан басалқы сөзі мен суырыпсалмалық шешендігіне риза болған халық Құнанбайды аға сұлтандыққа сайлайды. Осы уақытта 32 жастағы Күдеріқожа Құнанбайдан 16 жас кіші екен.

  Қазақтың шежіресін терең білетін, жатқа айтатын зерттеуші ғалым И.Мұхамеджанов ғылыми конференцияларда, семинарларда, отырыс-жиындарда уытты әзіл-сықақ өлеңдерімен елді таңғалдыратын. Сөзіміздің дәлелі үшін 1995 жылы «Түркістан» газетінде жарияланған «Бас пен өңеш» атты өлеңін келтірсек те жеткілікті. Бұл өлең Өңештің айдаһар боп ауыздан шығып кетіп, Баспен  айтысуына құрылған. Айтыс барысында сол қоғамдағы көптеген келеңсіз жалған білімділік пен үлкен лауазымға ие болғандар, парақорлық, екіжүзділік, ынсапсыздық сияқты мәселелер көтеріліп, өткір сынға алынады. Өңешпен айтысқан Бастың атынан автор:

  Артық жоқ, адал еңбек, адал малдан,

  Дүнием сол бөбектерім асыр салған.

  Жадырып бір күлгені бөбегімнің,

  Мың есе артық қымбат жиһаздардан.

  Жанымды жәннат етіп жарқыратқан,

  Қай мүлкің артық маған сүйген жардан, - деген шындыққа негізделген тұжырымын айтады.  Аталмыш сатиралық өлеңде күнделікті күйбең тірліктен де асатын қазақтың тек әлеуметтік жағдайын ғана қамтитын мәселелер ғана емес, қазір риясыз шындыққа айналған, тәуелсіздік мәселелері де көтерілген. Кеңес идеологиясының ислам дініне қарсы саясатын Баспен айтысқан Өңештің атынан:

  Молда да мешіттегі сенен артық,

  Кітапсыз құран оқып, ақша тапқан.

  Адамды айбынтарлық күшің болса,

  Болмаса дәулет болса, шалқып жатқан.

  Досыңа, туысыңа, бастығыңа,  

  Дүниеде әңгүдік жоқ сенен асқан, -  деп сынайды.

Зерттеуші И. Мұхамеджанов бұрын оқушы қауымға белгісіз болып келген кейбір тың деректерді алға тартып, Өңештің атынан  Бастың жалғыздығын бетке ұстап:

  Кім қорлық көрді әйел, бала жоқтан,

  Бойдақ та сенен артық жалғыз жортқан. 

Мелшиіп, мекеменің кеңсесінде,

Мешкейсің қалам ұстап, қалам жұтқан, -

дей келе, айтыста Бастың атынан Ар, Ұят, Намыс, Ақыл, Білім, Еңбек, Қанағат сияқты адам бойындағы бүкіл асыл қасиеттерді білдіретін ұғымдарға өлеңмен жауап береді. Көлемі жағынан бұл шығарма шағын болғанымен, айтар ойы мен алған міндеттері жағынан қомақты дүниелерден артық әсерге қалдырады. Осы шығарманы зерделеп оқып көрсеңіздер біздің ойымызға кәміл иланатындарыңызға сеніміміз мол.

  Зерттеуші ғалым, ұстаз, ақын И. Мұхамеджанов өскен ортасын, дос- жарандарын, ағайын-туыстарын ардақтап өткен жан. Қадірін білмегендерді де қастерлеп өтті, жазғырған жоқ. «Бауырларыма» деген өлеңінде:

  Мен Қалекең емеспін,

  Әлемді шарлап өнері.

  Мен Әбіраш емеспін,

  Сүйкімді, сұлу өлеңі.

  Мендегі арман зерттеп,

  Елестету көнені, - деген ұстанымымен өмір кешті. Одан тайған жоқ, ренжіген де жоқ, мақсатына жету үшін тынымсыз еңбек етті. 

Өмірінің соңғы жылдары Облыстық білім беру басқармасының Білім жетілдіру институтында әдіскерлік қызметте болып, талай облыс мұғалімдеріне тартымды, тағылымы мол, терең дәрістер оқыды. Біздің қолымызда облыс аудандарының мектептеріндегі ғалым И.Мұхамеджановтан дәріс  алған мұғалімдердің ой-пікірлері жеткілікті. Соның кейбіреулерінен мысал келтірейік, Арал ауданынан 38 жыл ұстаздық еткен мұғалім  Үкән Сағындықов:

    Тағылымың - тәртіп-өнеге,

    Бірдейсің жаңа, көнеге.

    Тереңде жатыр тынысың,

    Көзін ашардай соқырдың.

    Белін жазардай бүкірдің

    Жоқ қылғандай құнысын,

    Сөзіңнен әсер аламыз,

    Қабылдаңыз бұны шын.

    Көрмесем де бұрында,

    Көпшілік түйген ұғымда,

    Бір тектінің ұлысың, - деп өзінің риясыз ризашылығын білдіріпті. Бұндай шын жүректен шыққан лебіздерге толы өлеңмен жазылған тілектер баршылық. Облыстың барлық аудандарынан келген ізгі тілектер - кезінде зерттеуші ғұлама ғалым, суырып салма ақын, шежіреші И.Мұхамеджановтың Сыр еліне мәшһүр болғандығының дәлелі.

Өмірінің соңғы жылдары И.Мұхамеджанов өзінің жақын ағаларына, інілеріне, туыс-бауырларына көптеген өлеңмен жазылған тілектерін арнады. Солардың бірі Сыр бойына белгілі журналист Орман аға Нұрқабаевқа арнаған бірнеше өлеңдері. Ұлы М.Әуезовтің қожаның Бақсайыс руынан екенін бетке ұстаған И.Мұхамеджанов О.Нұрқабаевқа:

    Ұлы Мұхтар Әуезов,

    Қыз алыспас бауырың.

    Сен -Ақмешіт, ол - Семей,

    Бөлек өскен ауылың...

    Жер жүзіне паш етті.

    Исі қазақ қауымын

    Құра білді сауығын,

    Ғылым, өнермен байытты

    Қазақтың жаңа дәуірін.

    Мұхтармен тектес асылдың

    Өзіңсің бірі тәуірім.

    Менімен тектес нәсілің,

    Түбің бірге бауырым, - дей келе оның нәзік жаны мен жүрек қылын шертіп, өзінің інілік ойын білдіреді.

Ғалым-ұстаз И.Мұхамеджанов «Ақмешіт ақшамы» (29.09. 2000 ж) газетінде «Өлмесе екен дұшпаным, өмірлі болшы жауларым» деген атпен бірнеше ғазал өлеңдерін жариялады. Дұшпаны мен жауларына да жамандық тілемеген кең пейілді адал жүректі ақын:

    Алла тілек зарларым,

    Дұшпаным мен жауларым,

    Аман жүрсе екен алдымда,

    Жоғалтпай ұят-арларын.

    Сақтап иман намысын,

    Өсіре берсін балдарын, - деп жырлайды.

Алланың құзырымен тірі пенденің барлығының да қайтпас сапарға кететінін кейбіреулердің  дүние қуып, сенімсіздікке баратындарына тосқауыл қою үшін  ақын:

    Баз біреулер оздырып жүр айласын,

    Айласымен тауып жатыр пайдасын.

    Айла, қулық, сұмдыққа да ажал бар,

    Шіркін шындық түйреп өтсе найзасын, - дей келе шындықтың кімді болса да шыңыраудан жетелейтіндігіне сендіреді.

Ия, И.Мұхамеджанов есімі  қорғамаған ғалым, жарияланбаған жазушы ретінде бүгінге дейін «көмескілеу» болып келді. Өз сөзімен ақ адал көңілін адал жүрегін:

  Бәрінен де керегі,

  Дұшпанымның зерегі.

  Білімді болса тереңі

  Өнерлі болса өрені

  Жан ауыртып сын айтса,

  Шын досым сол келелі, - деп жайып салған ақын мұраларын зерттеудің алғашқы қадамы басталған сыңайлы. Кейбір деректерге қарағанда, И.Мұхамеджанов бір роман, бес поэма, бес айтыс, екі ғылыми зерттеу, бір топтама өлеңдер және бата кеңес жинағын жазып бітірген. Бұлардың ішінде шағын таралыммен жарық көргені «Еңбекпен есейген ұстаз» деп аталатын поэмасы.

Құдайбергенова Күнімжан Тыныштықбекқызы гуманитарлық ғылымдар магистрі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ, «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері


 

   

 

         


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?