Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ еліндегі ислам білім беру институтының эволюциясы

29875
Қазақ еліндегі ислам білім беру институтының эволюциясы - e-history.kz

 Қазақ даласына ислам дінінің еніп, тарала бастаған уақытына он екі ғасырдай болды. Осы уақыт аралығында ислам білім беру жүйесі өзіндік эволюциядан өтті. Атап айтсақ, ислам діні алғашқы кезеңдерде дін уағыздаушы дәуріштердің-миссионерлердің қызметтері арқылы таралды. Дегенмен ортағасырларда қалыптасқан мемлекеттердің саяси жағдайына байланысты қазақ даласындағы мемлекеттер мен оның билеушілері сол кездері өте беделді және аймағында ықпалды мұсылман елдерімен ынтымақтасуға мүдделі болды. Осы жағдайдың өзі қазақ даласында ислам дінінің кең таралуына ықпал етті. Сондай-ақ, елдердің саяси-әлеуметтік, мәдени өмірінде маңызды роль атқарған «Жібек жолы» бұл үдерістің аз уақытта жүзеге асуына өз септігін тигізді. Дегенмен, бұл кезеңде ислам діні негізінен қазақ елінің оңтүстік аймақтарында кең таралғанын атап өту қажет. Ал ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардан бастап ислам білім беру жүйесі әлеуметтік институт ретінде жүйелі түрде қалыптаса бастады. Бұл, бір жағынан, орыстың отаршылдық саясатымен де байланысты болды. ХІХ ғасырдың ортасында Қазақстан территориясында мұсылман мектептері мен медреселері ашыла бастады. 1870 ж. 16 наурыздағы ережеге сәйкес мұсылман оқу орындарына қатаң бақылау орнатылып, Н.И. Ильминскийдің жүйесі енгізілді. Бұл ереже бойынша мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқыту міндетті болды және мектеп пен медреселерді ашуға орыс тілді мұғалімдер  болған жағдайда ғана рұқсат берілді. Патша үкіметі шет аймақтарды саяси-экономикалық түрде отарлауды «идеологиялық түрде игеру» жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асыру қажет деп шешті. Ол үшін Ильминскийдің оқу-білім жүйесі, дін арқылы бірте-бірте орыстандыру саясатын қолдануға болатындығын түсінді. Сонымен қатар бір жағынан мұсылман халықтарына христиан дінін қабылдатуда мұсылман мектептерін пайдаланудан артық нәрсе жоқтығын, бұл істе татарларды қолдану аса тиімді екендігін білді. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы Ішкі Ресейдегі татарлар православия дініне тартылып, шоқындырылып, аты-жөндері орысша өзгертіліп, оларға шет аймақтардан әкімшілік қызметтер ұсынылды немесе әдейі оқытушы ретінде Халық ағарту министрлігінің қарамағындағы мұсылман  оқу  орындарына  жіберілді.  Ауылды жерлердегі мектептер көшіп жүргендіктен сабақ жаз айларында киіз үйлерде, ал қыста жер үйлерде оқытылған. Оқу мерзімі 5-8 жылға созылып, 8 бен 17 жас аралығындағы балалар дәріс алған. Бұл оқу орындарындағы басты пән құранды жатқа үйрету болғандықтан «Иман шарт», «Шариғат ул иман» сияқты діни кітаптар оқытылды. Сонымен қатар көрсетілген мерзім аралығында  шәкірттер жазуды, оқуды, есеп шығаруды  меңгеруге тиісті болды. Ауылды жердегі мектептердегі шәкірттердің саны 10-12 ғана, тіпті одан да аз болып, оларға жергілікті молда дәріс беретін болса, ал қалалық мектептерде 50-60-тай бала оқып, оларды Ішкі Ресейден келген татар  және башқұрт молдалары оқытқан. 

Мұсылман мектептері оқу орындарының бастапқы сатысы болды. Бастауыш мектептен білім алған балалар оқуларын медреседе жалғастыра алды. Медреселерде ірі Бұқара, Стамбұл, Қазан, Уфа, Орынбор, Троцкі, Омбы сияқты ірі  қалалардан оқып келген оқытушылар дәріс берді. Шәкірттерге араб тілі, дін, риторика, шығыс әдебиетімен қатар физика, химия, астрономия, ботаника, алгебра, геометрия сияқты пәндер тереңдете оқытылды [1,54-б.]. Медреселерде ересек балалар оқыған және олар емтихансыз қабылданған. Оқу  қыркүйек айында басталып, мамыр айында аяқталды. Сабақтар аптасына 3-4 рет өткізілді, ал қалған күндері шәкірттер жеке дайындалуға тиіс болды. Ораза кезінде медреседегі сабақтар бір айға тоқтатылды. Жазғы демалыс уақытында шәкірттер  үйлеріне қайтып, ауыл балаларын  оқытумен  айналысқан. Мұсылман мектептері мен медреселерін Орынбор мүфтилігі де тікелей қадағалап отырды.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында түркі халықтары арасында жәдитшілдік қозғалыс барысы жандана түсті. Бастапқыда Қырым, Еділ бойы татарларының арасында қалыптасқан бұл қозғалыс кейіннен Орта Азиядағы барлық түркі халықтары арасында жалғасын тапты. Жәдидшілдіктің ірі өкілдері И.Гаспралы, Ш.Маржани, А.Ибрагимов, М.Абдурашидханов, М.Бехбуди, Ф.Ходжаев, т.б. қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынға алды және өздерінің ағартушылық бағыттағы күрес барысын патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағыттады. Жәдидтік қозғалыстың жандануы «жаңа әдісті» мұсылмандық медресе, мектептердің көптеп ашылуына алып келді.

1906 жылы ашылған Уфадағы «Ғалия» медресесі де қазақ балаларының оқитын орындарының біріне айналды. Ол жоғары мұсылман оқу орны ретінде татар, башқұрт және Ресейдегі басқа мұсылман халықтарын ағарту саласында үлкен рөл атқарды. Медресеге орта сыныптық «рушдиядан» өткендер сынақ тапсыру жолымен қабылданған. Төменгі басқыш «ибтидаияда» үш жыл, орта «рушдияда» үш жыл, жоғарғы «Ғалияда» алты жыл,  жиыны  он екі жыл оқыған. 1916 жылы медреседе Торғай облысынан Сұлтан Шоқаев, Ғұмырғали Наизин, Досғали Есентаев, Әлмұхамед Жүндібаев оқыған. Бұл медреседен қазақтың алдыңғы қатарлы зиялылары Ж. Тілепбергенов, М. Жұмабаев,  Б. Майлин, Т. Жомартбаев, Б. Серкебаев, барлығы 50-ден астам азаматтар білім алған. «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ шәкірттері жиі-жиі бас қосып, мұқтаж шәкірттерге көмек көрсету, ағарту мәселелері жөнінде ақылдасып отырды. 
Қазақстанда атап айтқанда, Верныйда Ғабдулвалиевтер, Ақсуда «Мамания», Қапалда «Якобия», Зайсанда «Қазақия» және «Ғизатия», Қарғалыда «Әмирия» және тағы басқа медреселер ашылды. Бұл оқу орындарының шәкірттері жылдан-жылға көбейіп отырған. «Мамания» медресесі 1899 жылы Ақсуда бой көтерді. Бастапқы кезде медреседегі оқу араб жазуы негізінде діни бағытта ғана оқытылды. Ал 1904 жылдан бастап Сейітбаттал мен Есенғұл Тұрысбековтер медресені жаңа әдісті оқу орны ретінде қайта құрып, қажетті мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етіп отырған. «Мамания» медресесін оқып шыққандар кейіннен Уфа, Орынбор сияқты ірі қалаларда оқуларын  жалғастырған.

Мұсылманша оқитын оқушылардың саны жыл сайын артып отырды. Патша шенеуніктері панисламизм пен пантүркизм идеяларын насихаттауы мүмкін деген қорқынышпен жаңа әдісті мектептердің оқу жүйесіне енгізілгеніне қарсы болды. Сондықтан мұсылман медреселері мен мектептерінің оқу бағдарламалары қатаң тексеріліп, дәріс беретін мұғалімдер құпия түрде бақылауға алып, олардың іс-әрекеті турасында арнайы іс ашылған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында ашылған мұсылман мектеп-медреселері мен ағартушылық қоғамдарының ағарту саласына қосқан маңызы зор. Бұл оқу орындарынан білім алған қазақ шәкірттердің кейбіреулері шет мемлекеттерде білімдерін жалғастырып, ғылым жолына түссе, ал біреулері қазақ қоғамының қызметіне белсене араласып, қазақ газет-журналдарын, оқулықтарын шығаруға белсене араласты. Осы оқу орындарын бітіргендер қазақ зиялыларының қатарын толықтырып, мемлекеттік орындарда қызмет етті.

Кеңестік кезеңде ислам білім беру жүйесі тоқырауға ұшырады деп мойындауға болады. Кеңестік идеология дінді мемлекеттен толық бөлуді мақсат етіп қойып, жүзеге асыруға тырысты. Дегенмен, мемлекет өмірінен тыс, стихиялы түрде ислам қағидалары мен талаптары туралы білім ишандар мен ахундардың ілімдерінде насихатталып, таратылып отырғаны белгілі. Мысалы, қазақ еліндегі ислам дінінің алғашқы орталығы саналатын Сыр өңірінде Қалтай ахун, Ақмырза ахун, Марал ишан секілді көптеген кісілердің еңбектері кең таралған. Дегенмен, олардың көпшілігі репрессияның құрбандарына айналды.

Тәуелсіздік  жылдарында қазақ елі өз ұлттық мұраларын жаңғыртуды басты мақсат етіп қойды. Осы аралықта ислам дініне деген оң көзқарас қалыптасып, «Нұр-Мүбарак» университеті секілді көптеген ислам білім беру орталықтары ашылды. Оларда дәріс беруші ғалымдар негізінен араб елдерінен, Египеттен шақырылды. Көптеген жастар Түркия, Пәкістан, Египет секілді мұсылман елдерінде білім алып, елімізде қызмет жасауда. Дегенмен, олардың алған діни білімдерінің біздің ұлттық санамыз бен дәстүрімізге қайшы келген жағдайлары да кездесуде. Сонымен бірге, олармен бірге еліміздің заңына қайшы келетін басқа теріс ағымдар да тамырын жайып, қоғамда кейбір тұрақсыздықтардың орын алуына әкелуде. Осы тұрғыдан, елімізде ислам білім беру институтын жүйелеу, реттеу, Ата заңымыз негізіндегі бағдарын жасау қажеттілігі туындауда. Осы мақсатта «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде жоғарыда аталған діни ғұламаларымыздың -  ахундар мен ишандарымыздың еңбектерін, ілімдерін жаңғыртып, исламдық білім беру барысында қолдану қажет секілді. Сонда ғана қоғамымызда кейінгі уақыттарда орын алып отырған келеңсіз оқиғалардан арылып, дәстүріміз ұлттық санамызға сай келетін ислам құндылықтарын жаңғыртуға мүмкіндік туары анық.

Әпенов болат Мейрамұлы,

философия ғылымдарының кандидаты,

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университеті «Дінтану» зерттеу

орталығының аға ғылыми қызметкері


Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Миропиев М.А. О положении русских инородцев. –СПб., 1901. С. 54. 

2.Қойгелдиев М. Жетісудағы Ресей билігі (ХІХ ғ. – 1917 ж.). Астана, 2004. 

3.Адамбосынов Қ. Қазақстан медреселеріндегі ұлт тарихы // Қазақ ордасы.

2003. №1.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?