Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Орта Азия мен Қазақстандағы саяси қауіпсіздік проблемалары

29836

Қорқыт Ата атындағы

 Қызылорда мемлекеттік университетінің

 “Саясаттану және әлеуметтану” кафедрасының меңгерушісі

с. ғ. к. Е. М. Әбенов

Соңғы он жылда экстремистік ұйымдар әрекеттері күнделікті өмірімізге дендеп ене бастады. Кейінгі жылдардағы болған оқиғалар әлем қауымдастығына экстремистік әрекеттердің қаншалықты төтен және қатыгез құбылыс екендігін көрсетіп берді.

Жалпы “экстремизм” терроризмге қарағанда әлдеқайда кең ұғым.

Қазіргі кезде дүние жүзінде 500-ден астам экстремистік бағыттағы ұйымдар мен топтар әрекет етуде. Жаңадан пайда бола бастаған экстремистік топтар қазіргі адамның ішкі психологиялық сұраныстарын дәл басып, қажеттіліктерін қанағаттандырудың жолдарын таба білген.  Сондықтан болу керек, олардың ішінде агрессиялық, харизмалық, радикалдық, экстремистік ағымдағы ілімдер көптеп ұшырасады.

Біз мысал ретінде Орталық Азияда әрекет жасайтын экстремистік ұйымдардың бірнешеуін қарастырайық.

1987 жылы Шайх Ахмет Ясин негізін салған Хамас (Ислам қарсылық көрсету қозғалысы, Палестина) ұйымының мақсаты – бүкіл Палестинаны азат ету. Хамас өзіне жауынгерлерді университеттерден, мектептерден, мешіттерден жинайды. Олар ислам үшін қаза табуды жұмаққа барудың төте жолы деп санайды.

 Хезболлах (Алла партиясы, Ливан) ХХ ғасырдың 80-жылдарында пайда болды. Ол шеит ағымындағы ислам фундаменталистерінi» ұйымы. Оны құру кезінде олар сионизм мен имперализмге қарсы жихад жариялады. Күрестің мақсаты- Ливаннан басқыншыларды қуып шығу. Алғашқы террорлық қимылдар 1983 жылы болған. Онда Ливандағы американ және Француз жауынгерлердің казармалары қопарылды.

Қазір Орталық Азиядағы радикалды топтардың ең ұшар басында “Хизб ут-Тахрир” ұйымы отыр.

Осы ұйымның тарихына қысқаша тоқтала кетейік. Ұйым 1953 жылы Иерусалимде құрылды. Құрушысы-Иерусалим аппеляциялық сотының судьясы Такиуддин ан-Набахи болған. Ол өлген соң, 1979 жылдан бері ұйымға Иорданияда тұратын палестиналық Абдул Кадим Залум жетекшілік етеді. Ұйымның басты мақсаты ислам діні негізіндегі әлемдік халифат құру.

“Хизб-ут-Тахрир-аль-Ислам”, басқаша айтқанда “Исламдық азат ету партиясының” өз алдында қойған мақсаттары мен міндеттерін қысқаша қарастыра кетелік.

Олардың көздеген басты идеясы дүниежүзілік біртұтас және біртекті, қоғамдағы билікті зайырлы діни басшылар іске асыратын Халифат құру болып табылады екен. Сөйтіп, осы мұсылмандық мемлекеттің билеушісі теократ Халиф болуы тиіс. Ал оның қарамағына тұрғындардың басым көпшілігі мұсылмандық ағымды ұстанатын әлемдегі барлық мемлекеттер, аймақтар “уалаяттар” түрінде енуге міндетті болмақ.

Бұл діни партияның түпкілікті және басты мақсаты мынадай төрт принципке негізделген:

1)  ең жоғарғы билік құдіреті Алла тағалаға ғана тән, сондықтан оны іске асыру ісінде Шариатқа ғана жүгіну керек;

2)  жалпы билік мұсылмандар қауымына, яғни Халифті сайлау құқығы бар Уммаға ғана тиесілі;

3)  Халифті сайлау міндетті болып саналады;

4)  Халиф өз алдында Құдайы Заң талаптарына сай, билікке қатысты шешімдер қабылдау хұзіретіне ие бола алады.

Аталмыш діни партияның саяси және идеологиялық негізінің теориясын Набхоний өзінің “Низомул Ислам” (Исламның жүйесі (Ережесі), “Давлат-ул-Ислам” (Ислам мемлекеті), “Халифалик” (Халифат) атты еңбектерінде нақтылаған және олар әлі күнге дейін кейбір діни ұйымдардың қолданысынан түскен жоқ. Осы партияның идеясы көптеген мұсылман ағымындағы елдерде – Мысырда, Иранда, Иракта, Алжирде, Суданда, Йеменде, Пәкстанда, Ауғанстанда кеңінен таралды. Оның себебі, аталмыш партияның ұсынған идеясы осы елдердің экономикалық және халықаралық қатынастағы үлес салмағының төмендігінен болса керек.

Қазіргі уақытта “Хизб-ут-Тахрир” (Бостандық партиясы) өз әрекеттерін Орта Азиялық мемлекеттерде, Қытайдағы Синьцзян-ұйғыр автономиясында, Әзірбайжан жерінде белсенді жүргізуде. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, олардың ұялары Ресейдің мұсылмандық ұстанымдағы республикаларында қанат жаюда. Сонымен бірге атылмыш ұйым шешен сепаратистерін белсенді түрде жан-жақты қолдап және оларға қажетті жалдамалыларды жинау ісімен айналысады.

ТМД елдерінің діни ахуалы шиеленісе бастаған, экономикалық және саяси реформаларының жаңа қалыптастырыла бастаған кезеңінде “Хизб-ут-Тахрир” діни партиясы да жай қарап жатқан жоқ. Олардың жасырын миссионерлік іс-әрекетінің нәтижесінде 1992 жылдан бастап Өзбекстанда осы діни ұйымның алғашқы ұжымдық ошақтары пайда бола бастады. Кейіннен оның өз алдына үлкен саяси күшке айналғанын білеміз. Мысалы, агрессиялық мақсаттағы “Өзбекстан ислам қозғалысы” атты партияның құрылуы. Хизб-ут-Тахрир ұйымы өз әрекеттерін бейбіт, үгіт-насихат арқылы жүргізсе, ал “Өзбекстан ислам қозғалысы” партиясы қарулы көтеріліс арқылы төңкеріс жасап, Ислам Каримовтың билігін жоюды мақсат етеді.

Қазіргі кезеңде “тахриршылардың” тарапынан ашық ұйымдастырылған қарулы “ғазауатқа” шақыру “рәсімі” әзірге байқалмайды. Оның себебі, діни партия жетекшілерінің пікірлері бойынша, сенімдегілердің көпшілігі әлі де қосымша даярлықтан өтіп, жаңаша тұрғыдан тәрбиеленіп, басқаша айтқанда, саналары толығымен қайыра қалыптастырылып, қажетті уақытта нақтылы нұсқауларды мүлтіксіз орындауға әзір тұратындай шыңдалулары керек.

Бұл тұрғыдан қарастырсақ, “Хизб-ут-Тахрир” діни партиясының іс-әрекеттік стратегиясын “панисламистік” шеңберден көруімізге болады. Теориялық тұрғыда партия күрес жүргізудің күш қолданбау принципін ұстана отырып, өз идеяларын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан территорияларында діни сенімдік деңгейі салыстырмалы түрде жоғарғы тұрғындар арасында тарату арқылы сандық үстемдікке жетуді көздеуде. Ондағы мақсат-сандық үстемдікке жеткеннен кейін саяси билікті талап ету. Сонымен қатар, мамандардың пайымдауынша, халықаралық ахуалдың шиеленісу жағдайында бұл діни партия экстремистік бағытқа ауытқып кетуге де даяр екен.

Аталмыш діни партия елімізде жаңа діни ағымдық ілімнің бірі бола тұра, соңғы кезеңдері көңіл алаңдатарлық әрекеттерімен көзге түскенін білеміз. Оның үстіне, діни партияның белсенділері өз идеяларын насихаттау кеңістігін ұлғайту мақсатында діни әдебиеттерді тарату ісін барынша өрістетуде. Сонымен қатар діни-мәдени орталықтар мен шағын шарушылық ұйымдарын өз мүдделеріне пайдалануға ұмтылуда.

“Хизб-ут-Тахрир” ұйымы өз идеяларын Орта Азия аймағына, әсіресе, Қырғызстанның Жалал-Абад  және Ош облыстарына, Өзбекстанның бірқатар аудандарына таратуда. Өйткені, бұл аймақта тұратын халықтың тұрмыс жағдайы төмен. Сол себепті, рухани кедейленген аймақтың халқын алдап-арбап, өз қатарларына тарту ұйым мүшелері үшін аса қиынға түсіп отырған жоқ. Өзбекстан мен Қырғызстан қыр астында ғана тұр.

“Хизб-ут-Тахрир” ұйымының идеяларын таратушылар Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен де жиі кездесіп жүр. Әсіресе, халқы көп Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында жиі бой көрсетіп қалады.

“Хизб-ут-Тахрир” ұйымының Қазақстанға қаншалықты ықпалы бар дегенге келетін болсақ, әзірге бұл ұйым біздің кей аймақтарымызға қауіп төндіргенімен Өзбекстан мен Қырғызстандағыдай белсенді қимылы байқалмайды.

Қазақстандық саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша:

“-Кез келген радикалды топтың артында қай елдің болмасын барлау қызметі тұратыны анық. Бұл жерде АҚШ-тікі немесе “ана бір мемлекеттікі” деп нақты айта алмаймын. Бірақ “Хизб-ут-Тахрир” белгілі бір дәрежеде бір мемлекеттің қолдау көрсетіп отырғаны анық. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде ұйымның мүшелері делініп бірнеше адам ұсталды. Түркістандағы ұсталған үш адамның ұйымға қатыстылығы анықталмай, қайта босатылды. Мен бұл ұйымның нақты бір идеясын таратып, газетін шығарып жатқанын естіген емеспін. Ал, кез келген жерде үнқағазын тарату кішігірім топтардың да қолынан келетін нәрсе. Ұйымның белді мүшелері ұсталмай, таяқтың ұшы тек үнқағаз таратып жүргендерге тиіп жатыр. Діни басқарма дұрыс жұмыс істесе, халық мұндай радикалды топтарға мойын бұрмайды”.

Саясаттанушы Шәріпбек Әмірбектің пайымдауынша:

“-Әзірге Қазақстанға “Хизб-ут-Тахрир” ұйымы тарапынан нақты қауіп жоқ. Оңтүстікте үнқағаз таратқандар ұсталып жатыр. Дегенмен, соңғы кезде ұйымның насихаты күшейіп кетті. Әсіресе Өзбекстан мен Қырғызстанда ықпалды. АҚШ-тың бұл ұйымды “қара тізімге” кіргізбей отырған себебі, олар әлі “әл-Қаида”, болмаса басқа да террористік топтар сияқты жарылыстар жасаған жоқ. Тек уағыз, насихат таратумен шектелуде. Сол себепті АҚШ әзірге “сабыр сақтап” отыр. Кез келген радикалды топтың тізгіні белгілі бір мемлекеттің барлау қызметінің қолында болатыны белгілі. Ол, тіпті, Араб елдерінің бірі болуы да мүмкін. Әйтпесе, неге Өзбекстанда бұл ұйым кең тараған? Тағы бір себеп, Өзбекстанның сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарын қолдамайтын араб елдеріндегі диаспорасының ықпалы да шығар. Сондай-ақ, АҚШ-тың да “Хизб-ут-Тахрирге” “туыстығы” болуы әбден мүмкін”.

Тек, Өзбекстанға жақын Оңтүстік Қазақстан облысы аймағынан ұйымның үнқағаздарын таратып жүрген адамдар жиі ұсталды. Бұл өңірде ұйымның мүшелігіне өтіп алғандар да жоқ емес.

Былтырғы жылы Шымкент қаласындағы орталық базардан бір күннің ішінде ұйымның 300-ден астам үнқағазы жиналып, көзі жойылды. Ұстағанның қолында кеткені қаншама? Әзірге, Қазақстанда “Хизб-ут-Тахрир” ұйымының қармағына түскендердің санының қанша екені жөнінде нақты мәлімет жоқ. Өзбекстан мен Қырғызстанға “халифатшылар” айтарлықтай қауіп төндіріп тұрғанын, бұл екі елдің де бізбен көршілес екенін ескерсек, ұйымның мүшелері Қазақстанда да жоқ деп ешкім айта алмас.

Өзбекстанның сыртқы істер министрлігінің өкілі Бақтияр Исломов: “Хизб-ут-Тахрир” партиясы көбіне-көп Орталық Азия елдерінде экстремистік жұмыстар жүргізуде” –деп еді. Дегенмен, ұйым тек Орталық Азияда ғана емес, Еуропаға да “жетіп” үлгеріпті.

Бұл не деген қармауы кең ұйым ? Мұндай кең ауқымға таралуы үшін аса көп қаржы керек. Оны қайдан алады? Мұндай сұрақтардың тууы заңды.

Жақында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының бастығы генерал-майор С. Қ. Абсаметов терроризмге қарсы күрестің жаңа әдіс-тәсілдеріне қатысты докторлық диссертация қорғаған болатын. Ол өз еңбегінде Қазақстан және шет елдерде болған террорлық әрекеттер негізінде  бұл құбылысты жан-жақты талдаған.

Оның айтуынша қазіргі таңда Орталық Азияда “Хизб-ут-Тахрирмен”  қатар “Джамат-Таблиги”, “Ваххабизм” сияқты ешбір дәстүрге жанаспайтын ағымдарды ұстанушылардың саны күн өткен сайын өсіп келе жатыр.

Қорытындылай келгенде халықаралық терроризм мен экстремизмнің пайда болуы мен өрши түсуінің себептерін діннен, әсіресе мұсылмандық ілімдерден іздену діннің рухани қайнар көздерінің мәніне қатысты біліксіздік немесе белгілі бір саяси мүдделердің сойылын соғушылық сияқты пиғылдағы топтардың әрекеті болып шығатыны байқалады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Раушанбек Әбсаттаров., Әлия Отыншиева “Терроризм тамыры қайда және оны қалай қырқамыз?” Ақиқат, № 7, 2003 3-бет.

2.  Сапиулла Абдулпаттаев “Халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткіге қарсы күрес”. Ақиқат, № 4, 2003 15-бет.

3.  Сауытбек Әбдірахманов “2001, 11 қыркүйек” “Егемен Қазақстан” 2002 жыл, 11 қыркүйек.

4.  Серік Жұмабайұлы 2003 жыл, 29 қазан

5.  “Егемен Қазақстан”, “Лаңкестік заман қасіреті”.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?