Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Саяси технологияларды оқыту барысындағы студенттердің саяси сауаттану мәселелері

29832

Қазақстан Республикасына саяси ғылым, саясаттану ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында келді. Кеңестік дәуірде мойындалмай, зерттелмей келген бұл ғылым саласы Отандық ғылымға тосын, тың мәселелерді тудырды, зор мүмкіндіктер берді.

ХХІ ғасыр жоғары технологиялар ғасыры. Саяси басқару саласында да арнайы саяси технологиялар көптеп қолданылады. Өйткені, кез келген саяси мазмұндағы міндетті шешу бірізділікті, шешім қабылдау жүйесін қалыптастыруды,  арнайы саяси технологиялар қолдануды қажет етеді. Дәстүр бойынша, саяси технологиялар деп – нақты субъектінің мақсаттары мен міндеттерін оңтайлы және тиімді жүзеге асыруға бағытталған, бірізділікпен қолданылатын процедуралар, қызмет әдістері мен тәсілдер жиынтығын айтады.

Саяси технологиялардың сан алуан түрлері саяси маркетинг, саяси жарнама, қоғаммен байланыс орнату (паблик рилейшнз), саяси консалтинг салаларында жүзеге асырылады. Саяси технологиялардың кеңінен қолданылуы – азаматтық қоғамның ілгерлеуінің, демократиялық институттардың және саяси сананың даму деңгейінің көрінісі. Өйткені саяси технологиялар тек демократиялық және ашық қоғамға ғана тән. Саяси технологиялардың ішінде сайлау саласында қолданылатын технологиялардың да маңызы ерекше. Сайлау технологиялары – бұқара сайлаушылардың санасында электоралды мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған бірізді іс-әрекеттер. Бұқараның электоралдық мінез-құлқына ықпал ету және оларды нақты үміткерге дауыс беруге итермелеу мақсатында ықпал ету тәсілдерінің жиынтығы. Сайлау технологияларының негізгі ерекшелігі – сайлаушылардың мінез-құлқын реттеуші әлеуметтік-психологиялық тетіктерді қосуға бағытталуы. Сайлау технологиялары кәсіпқойлар қолында күшті қаруға айналады. Сайлау технологияларын сауатты қолдану арқылы сайлауда жеңіске жетіп, саяси билікке ие болуға болады.

Тәуелсіздік алғалы қазақстандық саяси ғылым қалыптасып, орнығып, дамып келеді. Осы салада мамандарға, зерттеуші ғалымдарға, жалпы саяси ғылымға қызығушылық танытатын оқырмандарға саяси ғылымға жаңадан енген терминдерді түсіндіретін, қысқаша сипаттама беретін арнайы сөздіктер керек-ақ.

Осы жылдар ішінде Қазақстандық саяси ғылымда жарық көрген бұндай сөздіктер саусақпен санарлық. Мысалы: Қазақстан Даму Институты шығарған орыс тіліндегі «Политологический энциклопедический словарь» (1998), С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті шығарған «Әлеуметтану және саясаттану бойынша» орысша-қазақша қысқаша түсіндірме сөздік (2006) және Жүйелі зерттеулер институты дайындаған «Саяси түсіндірме сөздік» (2007). Бұл еңбектердің сөз жоқ, отандық саяси ғылымға қосқан үлесі зор.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік Басқару Академиясы 2004 жылы «Политические технологии в системе государственного управления Казахстана» атты нормативті-құқықтық актілер мен оқу-әдістемелік материалдар жинағын және «Политические технологии в Республике Казахстан» атты ғылыми мақалалар жинағын жариялаған болатын.

Қоғамдық қызметтің түрлі салаларын басқару, еліміздің саяси және әлеуметтік-мәдени процестеріне қатысуын тану үшін «Саясаттану» пәнінің мәні зор. Оқытудың жаңа технологияларында, әсіресе, интерактивті түрде пәнаралық байланыстың негізінде саясат пен саясаттанудың дамуындағы негізгі кезеңдерді; саясаттанудың түсініктік-категориялық аппаратын; түрлі салаларда саяси қимылдар жүргізудің механизмдері; Қазақстан Республикасы саяси жүйесінің ерекшеліктерін тануға болады. Аталмыш пән арқылы саясаттың біртұтас қоғамдық құрылым ретіндегі мәні ашылады, саяси қатынастардағы ішкі және сыртқы байланыстар айқындалады, саяси дамудың негізгі заңдылықтары анықталады, еліміздің саяси дамуындағы негізгі бағыттар, механизмдер мен басымдықтары айшықтала түседі. Жалпы саясаттану ең алдымен философия, сосын тарих ғылымдарымен тығыз байланыста. Сондықтан пәнді игеруде философиялық-тарихи және теориялық бөлімдерінің маңыздылығы жоғары. Ал тәжірибелік бөлігінде саясаттың әлеуметтік-психологиялық аспектілері мен саяси технологияларына ерекше мән беріледі. Бұл әсіресе, түрлі деңгейдегі іскерлік ойын түрлерін жүргізуде өте қолайлы шара болып табылмақ.

Мәселен, «Саясаттану» пәнін оқытуда және студенттердің білімін жетілдірудегі өзіндік жұмыстарды орындауда және пәнаралық байланыстар негізінде алғашқы дерек көздерін пайдалану төмендегідей жетістіктерге әкеледі:

- өткен дәуірлер мен қазіргі заманның танымал ойшылдарының саяси тұжырымдамаларын білу;

- әлемдік және қазақстандық саяси ойлардың дамуындағы негізгі заңдылықтарды игеру;

- Қазақстан, Европалық және Шығыс саяси ойларының ерекшеліктерін айқындау;

- негізгі саяси дүниетаным, әсіресе, қазіргі саяси ойлар мен оның дамуындағы кезеңдердің жалпы сипаттамасын игеру;

- қазіргі саясаттануға енген өткен кезең саяси ойшылдарының идеяларымен танысу;

- саясаттанудың негізгі категориялары және оның өзара байланыстарын игеру;

- қоғамның және саяси процестің саяси жүйе құрылымын ұғыну.

«Саяси технология» пәні мамандыққа сәйкес білімді игеруде және оны тәжірибеде қолдауға үйретуде ерекше рөл атқарады.

Қазіргі күнгі саясат пен саясаттанушылар бұрындары инженерлік пәндерде пайдаланған ұғымдарды қолданады, олар «технологиялар», «механизмдер», «билікті өңдеу технологиясы», «қазіргі күнгі саяси технологиялар», «басқару механизмі», «ақпараттық технологиялар», «лоббистік қызмет технологиясы», «парламентаризм технологиялары», «басшы имиджін құру технологиясы», «сайлау технологиялары» және т.б.

«Саяси технология» термині қазіргі күні философиялық және саясаттық әдебиеттерде, публицистикада кеңінен пайдалануда. Саяси технология – билікті құру технологиясы. Билікке күрес дегеніміз -  көптеген саяси технологияларды бір қалыпта ұстау және пайдалану, яғни билеуге және бір қалыпта ұстауға бағытталған саяси, рухани билік, адамдардың білімі мен жүрегіне билік, қоғамдық ойларын жаулап алу. 

Саяси технологиялар дегеніміз – билік технологиясын өңдеу, билікке күрес, көптеген саяси технологияларды ұстау әрі пайдалану, рухани билікті, адамдардың білімі мен жүрегін қоғамдық ортақ ойлармен жаулап алу – саяси технологияларды құрайды. 

Саяси өмір процесін жоғарлатуға талпынғандар өз білімдерінің деңгейі туралы профессионал саясаткерлер мен қатардағы ғалымдар, студенттер мен сайлаушылар үшін сайлау кампанияларының технологиясын ұғу, әрі маңызды.

Саяси технологиялар тәжірибе жүзіндегі саяси қызметті теориялық саясаттану біліміне аударады, сонымен қатар саяси заңдылықтардың  өлшемін, принциптерін, межесі мен факторларын және тағы да басқа мақсатқа жету жолында пайдаланады, нақты осында саяси орталық технологияландырылған процесс негізі құралады.


Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Тарих, саясаттану және әлеуметтану»  кафедрасының аға оқытушысы, саяси ғылымдардың кандидаты

Сахиев Саулет Ерназарұлы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?