Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тектілік феномені (тарихи-этнографиялық пайым)

29774

20-19.09.2013

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы, жаман деместен,

Жанына жұртын жияды...

Бекасыл әулие (1822-1915)

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қайт­сем Қазақ елін мәңгілік мемлекетке айналдырам?!» дейтін аса ұлы мемлекетшіл мүдде жо­лында тынымсыз ізденіс үс­тін­де жүрген халқымыздың аяулы пер­зенті һәм Ұлт Көшбас­шы­сы. Мәңгілік ел болуды көздеге­н мемлекет алдымен өз тамырының тереңнен тартатынын және ата-бабасының тектілік философиясын өмірге өзге жұрттан ертерек енгізгенін есінен бір сәтке шығармауы тиіс. Тектіліктің бастау бұлағы мен алатын негізгі нәрі ғасырлар сынынан сүрінбей өт­кен қазақтың теңдессіз дәс­түрі мен ғибратты ғұрпында жа­тыр. Оның үстіне ел тәуелсізді­гін мәң­гі­лік ету қашанда ұлттан шық­қан талғампаз текті тұлға­лар­ға байланысты және қоғам тек­ті­лік феноменін жан-жақты сараламайынша мемлекетте ары таза ұлттық элита қалып­та­суы қиын.

Сөз басы

Отан тарихы ғылымында зерт­теушілердің дендеп бойлай ал­май жүрген ділгірлігінің бірі – тек­ті­лік феномені. Тектілік пен оның эволюциясы сыры толық ашыл­ма­ған ең күрделі мәселелердің бірі және оның құпиясының ғы­лым­да жұмбақ күйінде жатқан қыр­ла­ры жеткілікті. Тәуелсіздікке де­йін қазақ тарихын негізінен жергілікті ұлттың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, этногенезисін же­тік білмейтін өзге жұрт өкілдері жазғандықтан, аталған тақырып тесіле зерттеліп, тереңірек ашыл­мады. Басқа жұрттың дәс­тү­рі­нен өзгешелеу көрінетін қа­зақ қоғамының қат­парларына жат­жұрттық зерттеушілердің тү­сі­нік, парасат-пайымы жете бер­меді. Шындығына келгенде, ұлт­сыз­дандыру саясатын абайлап, жы­­мыс­қы­лық­пен жүзеге асы­руға кіріскен кеңестік-комму­нис­­тік режим тұсында ұлттық дәс­­түр, ұлттық мәдениет, ұлттық құн­дылық сияқты мәселелер­ге нақ­­ты ғылыми тұрғыда көңіл бө­лу мүм­кін бе еді?! Оның бергі жа­­ғын­­да, азаттық алғанымызға ши­рек ғасырға жақындаса да, ұлттық құн­дылықтарға бодандық дә­уір­­де қалыптасқан стереотиптерден алшақтап кеткеніміз шамалы. Мұның сырын зиялылар бізде кейбір посткеңестік ке­ңістіктегі елдердегідей неоко­лонизация (отаршылдықтан ары­лу) саяса­ты­ның жүрмеуімен бай­­ла­ныс­ты­рады. Күні бүгінге де­йін «қа­­зақ­­­тар «ақ жұмыртқа, са­ры уыз» қыз­дарын қалың малға бо­ла қау­са­ған шалға сатқан» деген са­на­­мыз­ға сіңген сыңаржақ түсі­нік­тен то­­лық арылғанымыз жоқ. Ұлы қай­нар­дан сусындаған дана халықтың ая­лап өсірген бойжеткенін «теңін тапса тегін бергенін», сонда да тегін сұрауды ұмытпағанын Кеңестер билігі байқамаған сыңай танытты. Дәс­түрлі қазақ қоғамында нәзік жандыларға деген көзқарастың ықылым заманнан түзу болғанын дәлелдейтін деректер жеткілікті. Аруларын аяламаған халық Асыл жар – ердің дәулеті; Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас; Ердің жақсысы елімен ойласады, әйелдің жақсысы ерімен ойласады; Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді, жаман әйел жақсы еркекті жүдетеді; Ерге жаққан әйел елге де жағады; Ерін баққан әйел елін де бағады деген мәтелдерді шығармас еді. Орыс отаршылдары жүргізген ұлтсыздандыру саясатының жарқын мысалы қазақ әйелдерін үнемі күң ретінде жүргендей насихаттап, таптық принциптерге иек артқан маркстік-лениндік кеңес тарихнамасы ғасырлар бойы сыннан өткен ұлттық құндылықтардың ішкі қуа­тын, қадір-қасиетін өңін айналдыра көрсетіп, феодалдық қо­­ғамның сарқыншақтары деп сы­нағаны белгілі. Сөйтіп, ұлтты төл мәдениетінен жеріндірді. Сол мақсатта ХХ ғасырдың ба­сын­да­ғы қазақ зиялыларының шы­ғар­ма­ла­рын коммунистік билік өз идео­ло­гиясының алаңына айналдырды.

Сөздің қысқасы, мыңның біріне ұя салатын текті­лік құ­былыстың тәрбиеге көн­бей­тінін, ол атаның қаны, ананың сүтімен дарып, сүйекке бітетін асыл қасиет екенін қазақ халқы алыстан аңғарды. Сайып келгенде, ұлттың тектік қорын (генофондын) күшейту мақсатында жеті атаны сақтау, құдандалы болу, атастыру, қалың мал, полигамия (көп әйел алу), әмеңгерлік, т.с.с. ата дәстүрлерді сары майдай сақтап, шынжырлы-текті тұ­қымдардың тамырын үзіп алмай, ұрпақтарға сабақтастыруда бай тәжірибе жинақтады. Дәстүр­лі қазақ қоғамында қалыптасқан некелік-отбасылық қатынастың негізгі өзегі бозбала мен бой­жеткеннің арасындағы тамыры жоқ арзан сезім емес, жарық дүниеге ақыл-ойы зерек, дені сау, аяқ-қолы балғадай текті ұрпақ әкелу философиясымен байланысып жатыр. Өйткені қай кезде де ұрпақтың денсаулығы мен зердесі мемлекеттің ең үлкен қазынасы екені сөзсіз.

1.«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер...».

«Ең мықты заңдар халықтың дәстүрлері»

(Конфуций)

Ортағасырлық жазба де­рек­­терде бірде Жәнібек хан ғұ­ла­­ма ға­лым, шипагерліктен қара­ үзіп шыққан Өтейбойдақ Ті­леу­­қа­­был­­ұлы­нан: «Қандай ау­ру­ды ем­деу қиын?», - деп сұ­ра­ғанда емші: «Тұ­қым қуалай­тын ау­руды емдеу қиын», - деп жа­уап береді. «Оның алдын алу­ға бо­ла ма?» - деген ханның екінші сұ­­рағына Өтейбойдақ: «Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар өз­ара қыз алыспау керек. Же­ті қазақ үшін қасиетті сан», - деген екен. Аты аңызға айналған емшінің айтқанына тоқтаған Жәнібек хан жеті атаға дейін үйленуге тыйым салып: «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесіл­сін!» (Тілеуқабылұлы Ө. Шипагерлік баян. Араб қарпінен көшіргендер –
К.Елемес, Д.Мәсімхан. – Алматы: Жалын, 1996.15,43-б.) деген жар­лық шығарады. Көшпелі қазақтардың ел билеу заңы Жеті жарғы бо­йынша да жеті ата ішінде қан араластыру өлімге не ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады. М.Қозыбаевтың пікірінше, «тоқсан тоғыз қырылып, тоқсан тоғыз тірілген ол (қазақ-Ж.Ж.) халықтың асыл тұқымын қалай сақтау заңын игерді. Жеті атаға дейін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді» (Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. Алматы: Қазақстан, 1994. 59-б.).

Медицина не дейді?

Демек, ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК-ны толық зерттемесе де, жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерттің етек алатынын же­тік білген. Тұқымқуалаушылық­тың заң­дары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Бүгінде сирек кездесетін сырқаттар негізінен генетикалық аурулар екендігі анықталып, ме­дициналық тілмен айтқанда, ор­фандық аурулар проблемасын дәрігерлер соңғы жылдары дабыл қағып көтере бастады. Әсіресе, мутацияға ұшыраған нәрестелер санының көбеюі қоғамды алаң­датып отыр. Дамыған елдерде адамның тұқым қуалайтын 50-55 түрлі ауруларына тест жасайтын генетикалық консультациялар­дың жұмыс істеуінің өзі көп нәр­сені аңғартады. Бүгінгі таңда ерекше назар аударарлық нәрсе АҚШ және Батыс Еуропаның онға жуық мемлекеті заңдастырып үлгерген бір жыныстылардың некесі, киеңкілер мен қызтекелер деген сорақылықты және өзге де ұлттық ділімізге жат көріністерді мамандар түптеп келгенде қан тазалығын сақтамаудың салдарымен байланыстырып жүр. Өйткені еуропалық мәдениетте тек туралы түсінік жоқ, оларда отбасы ұғымы ғана бар. Соңғы жылдары шетелдіктердің өзгеден гөрі қазақ балаларын көптеп асырап алуының да негізгі сыры тектік қорымыздың тазалығымен астасып жатыр. Алаш баласының некелік-отбасылық түсінігіне мүлде жат, небір азғындықты білдіретін анайы көріністер адамзат тарихында жеткілікті. Бұған дейін де аталған тақырып жергілікті зиялылардың (Набиоллаұлы Ж. «Жеті ата» // Егемен Қазақстан, 2013, 16 мамыр) зерттеулерінде көтерілгендіктен, біз дәйегімізге дәлел болмақ бір-екі мысалмен ғана шектелмекпіз. Мысалы, көне заман өркениетінің ошағы әйгілі Мысыр елінде б.д.д. 59 жылы ХІ Птолемей перғауын бақилық бол­ғаннан кейін тақ мұрагерлігіне 16 жасар қызы Клеопатра мен 13 жасар ұлы Птолемей қалған еді. Осы елдің Птолемей перғауындар әулетінің соңғы патшайымы, әлем тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра сол замандағы Мысыр ғұрпына орай, өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққаны белгілі. Жалпы бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне ғалымдардың айтуынша, туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған. Осыған ұқсас тағы бір мысал. 1917 жылы тақтан құлатылған Ресей патшасы ІІ Николайдың баласы гемофилия (қан тоқтамайтын ауру) сырқатымен ауырып, соны гипноз арқылы емдеп жазған Валентин Распутин патша сарайында үлкен беделге ие болған. Тарихшылар баланың мұндай ауруға душар болу себебін, ақсүйек әулет Романовтардың өзара қыз алыса бергендігімен байланыстырады. Адам түгілі текті жануарлар өз қанына ешқашан шаппайтынын білген дана халқымыз мұндайға барғандарды «жатынына шапқан жаман айғырға» теңеген.

Генофондтағы тағы бір түйткілге мамандар алаңдауда. Еуропа елдерінде тұқымның тексізденіп бара жатқанын байқаған генетик ғалымдар үш атадан үзілмей аралас некеден туған ұрпақтың белсіздікке ұшырайтынын анықтауда. Мұның сырын зерттеушілер – белсіз еркектер өздерінің қай ұлт­қа жататындығын білмегендігімен бай­ланыстырады. Бұл биология ғылымындағы жылқы мен есектің буданынан қашырдың дүниеге келетінін, қашырдан кейін еш ұр­пақ болмайтынын еске түсіреді. Түйіп айтқанда, қандас жақын адамдардың қойындасуы мен аралас неке еуропалықтарды тұйыққа тіреуде. Соңғысы қазіргі қазақ қоғамы үшін де өте өзекті мәселеге айнала бастады. Өйтке­ні жатжұрттықтардың етегінен ұстаған кәсіби білікті, көп тілді, көрікті қаракөздеріміздің саны жылдан-жылға өсуде. Сайып келгенде, әлемдік жаһандану бізге де ауыз салып, аралас неке қоғамға сыналай енуде. Мұндайда «жақсыны жатқа жібермеген» бабалар ұстанымы еске түседі. Сөзімізді тұжырсақ, қазақтың бе­кер­ден-бекерге жеті атаны сұ­ра­майтындығы, мұның шын мә­нінде генетикалық қорғаныс екендігі тиянақталады.

Экзогамия дегеніміз не?

Сонымен, қазақ халқы жеті ата­ға дейін қыз алыспайтын дәстүр­ді өте қатаң ұстанған экзогамис­тер­ге (грек тілінде «экзо» - бірдеңе­ден тыс, «гомос» - неке) жатады. Де­мек, экзогамия – аталас бір рудың ішінде еркек пен әйелдің некелесуі­не рұқсат етпеу дәстүрі. Мұны сол заманнан қазірге жеткен «Руын жасырған – құл», «Тегін құл мен қу жасырады», «Дөңгелектің шегі жоқ, көргенсіздің тегі жоқ», «Жабы­дан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды», «Тегін білмеген теріс бағады», «Тексізді төрге шы­ғар­ма» деген мақал-мәтелдер дә­лел­дей­ді. Бабаларымыз жеті атасына қа­рап кімнің кім екенін анық­тау­мен шектелмей, «қызды жеті өзен­нен өткізіп ал» деген қағидаға баса мән берген. Аса көрнекті этно­граф Жағда Бабалықұлы осы орай­да мынадай бір қызықты дерек келт­і­ре­ді. – Қазақтар тектілік танымды тек бес-он жыл ішінде емес, ұлт бо­лып қалыптасып, тай­палық бөліс­тер­ден бері дарыт­қан. Сондықтан қазақтар ішінде кем-кетік адамдар аз кезігеді. Қазақтарда тектілікті дәріптеудегі бұлжымас қағида – некелесу барысында тегіне қарау. Ежелден, мей­лі ұл, мейлі қыз жағы болсын, ба­лалары мақұлдасу­дың алдында тегін анықтайды. «Ол қандай жердің балалары, әкесі қандай, оның арғы тегі қандай» деп қуалайды. Міне, тектілікті дәріптеу. Өр Алтайда өмір сүрген Бөстек деген сал Алтай өңіріне барып Мәмидің қызына құдала­сып келгенде басқалардың: «өр Алтайда қыз құрығандай, келінді төмен­гі Алтайдан іздегеніңіз не» дегендеріне Бөстек: «Текті атаның баласынан текті ұрпақ көремін бе деп отырмын» (Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме (Көрнекті ақын, қаламгер Қасымхан Бегмановтың абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Ба­балықұлымен сыр-сұхбаты). – А., 2010. 99-б.) , – деп жауап берген екен. Отандық этнограф ғалым­дар жеті атаға жіктеу, қан тазалы­ғын сақтау, біле білсек, бүкіл жер беті халықтары ішінде тек қазаққа ғана тән салт-дәстүр екенін анықтауда. Бұл жөнінде зерттеушілік ғұмы­рын қазақтың этнологиясына ар­на­ған белгілі ғалым А.Сейдім­бектің пі­кір-тұжырымы назар аударар­лық: «Жеті атаға дейін қыз алыс­пау дәстүрін ұстанатын қазақ­тан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық», «Бұл үрдісті қалыптастыруда олар мей­­лінше мол өмірлік тәжірибе жи­нақ­тап, эмпирикалық жолмен-ақ өздерінің эвгеникалық (тек­­ті­­лікке ұмтылу) зердесін таңға­лар­лық биікке көтере алған», «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қатал­дықпен қадағалап отырған. Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Ма­мырдың аралары төрт-бес ата болғанына қарамастан, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі елдіктің шырқын бұзатын ауыр қылмысқа баланып, қатал жазаға ұшырайтыны да содан» (Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. – Астана, 2008.170,171,174-б.). Түптеп келгенде, жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуға үзілді-кесілді тыйым салудың арқасын­да қазақ тұқымның бұзылуынан, тектік-генетикалық қасиеттердің жойылуынан, ұрпақтың азғын­дауынан сақтандырылған. Бұл салт-дәстүрдің адам дамуының та­ри­хындағы биологиялық және әлеуметтік мәні өте зор. Жұбай­бек Жұмаханұлы айтқандай, тіпті мұның өзі табиғат заңына сай. Өйткені бүкіл әлемді құрайтын химиялық элементтер қасиеттері бойынша орналастырғанда жеті период, жеті негізгі топқа бөліне­ді. Қасиеттерінің жақындықтары бойынша осылай орналасқан элементтер неғұрлым бір-бірімен алшақ тұрғандарымен қосылғанда ғана мызғымас берік келеді. Тіпті қасиеттері өте ұқсас элементтер бір-бірімен мүлде қосылыспай­ды да. Ата-бабаларымыз осындай табиғат заңдылығын білген (Жұмаханұлы Ж. Балалардың жеті атасын білуге мән берейік // Қазақ тарихы.1994.№2.55б.). Қош, сонымен «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің салдары» т.б. деген мақалдар мен қанатты сөздердің бәрі тегімізді тануға байланысты айтылған. Ұлт денсаулығы алдымен қан та­залығынан басталатынын ескерсек, мұндай әлемді таңғалдыр­ған өрелі салт ұстанған қазақтың төлтума мәдениетін ұлттық бренд десек артық айтқанымыз емес. Осы тұрғыда қазақ халқы клас­си­калық ұлтқа жатады. Өйт­кені ұлтымыздың қаны саф ал­тындай таза, соған сәйкес жа­ны да таза.

Ж.Бабалықұлының деректеріне сенсек, Оңтүстік Кореяның ғалымдары дүниежүзіндегі ха­лық­тардың қанының құрамын тексеріпті. Сонда ең таза қан, қа­зақ­тың қаны деп тауыпты. Жеті атаны ұстанады екен деген. Осында қа­зақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш ру­дың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Бұл – жеті атаның қасиеті. Жеті атаны ұстайтын қазақтан өзге ел жоқ. Мына ұйғыр халқы неме­ресін алады. Өзбек немересін алады. Татарың мен түрікменде немересін алады. Немере дегені­міз – туыс. Немерені алғанымен адамның қа­ны бұзылады да, түрлі аурулар кө­бейеді. Нәсіл өзгереді (Бегма­нов Қ. Көрсетілген еңбек. 98-б.).Тә­жік депутаттары да бұл мәселені ен­ді-енді мемлекеттік деңгейге кө­те­ріп жатыр.

Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, тектіліктің тамырын те­рең түсіну үшін алдымен қазақтың же­ті ата тарататын дәстүрі мен ата-тек шежіресін мұқият зерделеген жөн. Қазақ генетикасы өзге ұлт­­тар­ға ұқсамайтын өзіндік ерекшелі­гі­­мен дараланатын бай өрелі ілім бо­­лып қалыптасты. Ата-бабаларымыз ис­ламның да (араб мәдениетінің де) тек өзінің табиғатына үйле­сімді қағидаларын қабылдады, мәселен, шариғаттағы көпәйелалушы­лық­ты өміріне енгізгенімен, араб­тар сияқты немере қарындасын әйел қылған жоқ. Ғасырлар бойы қазақ қоғамына билік жүргізген Шыңғыс ұрпақтары, яғни төрелердің жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыса беретін дәстүрінен де бойын аулақ ұстады. Өзге жұртта кездеспейтін өте ерекше этникалық жүйенің тек дәстүрлі қазақ қоғамымен байланыстылығына ерекше мән берген Ә. Кекілбаев мұны «көш­пе­лі тұрмыс пен көшпелі эконо­мика үшін ауадай қажет туыс­қан­дық психология, соған негізделген этика мен моральдан» (Ә.Кекілбаев.Үш пайғамбар, 134-135-б.) ту­ын­даған құбылыс деп қорытты.

2. «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған,

Қарғадан қарға туар қарқылдаған...»

Бай баласы байға ұқсар,

Байлаулы тұрған тайға ұқсар.

Би баласы биге ұқсар,

Алты қанат үйге ұқсар.

Хан баласы ханға ұқсар,

Биік-биік шыңға ұқсар.

Құл баласы құлға ұқсар,

Мал таптаған гүлге ұқсар.

Сыпыра жырау

( ХІІІ-ХҮ ғасырлар)

Текті де терең тамырлы бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән беріп, тектілік қасиетті ерек­ше классикалық биік деңгейге көтерді. Тектің һәм ұрпақтың тағдыры – ұлттың тағдыры. Ата қазақ келешек ұрпағының кемел болуы үшін өзіне талапты биік қойған. Зерделі, тапқыр, жігерлі, қайратты, ақылды, білімді т.б. болып өсуді ер жігіттің басындағы асыл қасиеттерге теңеген. Қазақта біреудің баласы жақсы өнегелі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», - дейді. Кеңес қо­ғамында Ы.Алтынсариннің Асан мен Үсені кеңінен насихатталып, таптық күресті ту еткен коммунистер ұлтты тексіздендіруде жарлы баласы «сұңғыла», бай баласы «миғұла» деген түсінікті санаға сіңіруге барын салды.

Ғаламтордағы уикипедия ашық энциклопедиясының мәліме­тін­де «тектіліктің – адам бойындағы асыл қасиеттердің парасатты­лық­тың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалып­тас­пайтынын, ата-бабалардан бе­рі­­летін дүниетанымдық, діл­дік, пси­­хологиялық т.б. бейім­ді­лік­те­рі болуға тиістілігін көр­сетеді. На­ғыз тектілік сыпайы­лық­тан, ке­шірімпаздықтан, ме­йір­­бан­дық­тан көрініп, осы ізгі ниет­пен ешкімді төмендетпей, шет­тет­пей биіктетуге мүмкіндік береді. Халқы­­ның, Отанының мүддесін жоғары, қоя білген адамдардың қатары кө­бейген сайын тектіліктің де қа­дірі артып, қоғамдағы қай­шы­лықтар шешімі жеңілдейді» (kk.wikipedia.org/wiki/Тектілік) делінген. Сондықтан табиғи дарынды әлеуетті күш қашанда мемлекет үшін баға жетпес ұлттық құнды­лық. Халықтың көшін бастайтын ел ұстарлары мен игі-жақсылары жоғалса, ұлт та ұнжырғасы түсіп, тұлғасыз-тұлдыр ұлтқа айналады. Тамырынан айырылған теректей текті ұлдарынан айырылған ұлттың ұшпаққа шыға алмасы ақиқат. Қалың тобыр арасынан да­ра көрінетін текті тұлға – бір қап арпа ішіндегі жалғыз бидай секілді айшықталып тұрады.

Тектілік тақырыбы сөз болған жерде ұлттың рухани қазынасы, дәстүрлі қазақ қоғамындағы таң­даулы топ – асыл текті ақ­сүйек­тер саналған төрелер мен қожа­лар­ды айналып өту мүмкін емес. Текті атаның ұрпақтары ретінде зор беделге ие болған олар өзара қыз алысып, эндогамиялық некелерді қатаң сақтады. Жалпы төре тұқымында ертеден келе жатқан салт әрбір адам сауатты болуға және «жеті жұрттың тілін білуге тиісті» болған. Тарихқа жүгінсек, хан тұқымы деп аталатын қуатты топ қазақ топырағында қайталанбас дара тұлғалар тудырғаны рас. Бір ғажабы олар, кейін қазақ қоғамымен біте-қайнасып, сіңісіп кетті және тарихи әдебиетте Шыңғыс ханның жеке басы мен Шыңғыстың «алтын тұқымына» (Владимирцов Б.Я. Общественный строй монголов: Монгольский кочевой феодализм. Л., 1938.С.17, 144-147) табыну біршама жақсы көрсетілген. Түйіп айтқанда, тек төре тұқымын дәріптеу көтеріл­ген мәселенің барлық қырын ашу­ға мүмкіндік бермесі хақ.

Халық ауыз әдебиеті не дейді?

Жылдар бойы үстем таптың өкі­лі саналған «бай» туралы тү­сі­нігіміздің солғын тартқаны сон­дай, соңғы кезге дейін қазақтың ба­тырлар жырындағы бас кейіпкерлер, яғни ел қорғайтын ұлы мақсаттағы ерлер негізінен бай­дың не ханның ұлы болып келе­тіндігіне мүлде мән бергеніміз жоқ.

Батырлар жырының сюжетіне тән негізгі ерекшелік – алдында мыңғырған малы бар әрі ақыл-парасатымен халқына өте сыйлы, кемеліне келген жанның фәни дүниеде бір перзентке зар болып (Қобыланды батырды әкесі Тоқтарбайдың, Алпамысты әкесі Байбөрінің, Қамбар батырды әкесі Әлімбай ханның т.б.), «Тәңір мен пірге сыйынып», «әулие қоймай қыдырып», ғұмыр бойы аңсаған шаранасын қартайған шағында зарығып көруге құрылуы – тектіден тұяқ көруді аңсаған халықтың арман-тілегінен туған тәсіл екенін атап өткен жөн.

Біздіңше, осы тұста мәселенің мәнін тереңірек ашу үшін сәл аялдайтын бекет бар. Хисса-дастандардан көрі шынайы өмірде жағдай басқашалау. Олай дейтініміз, Жаратушыға қанша жалбарынғанымен Мырза Құдай ті­лекті бермесе, тектіден де тұқым үзілетіндігін дәлелдейтін деректер жеткілікті. «Пәленшенің ұрпағы жоқ», «Түгеншенің тұқымы осымен бітті» деген сөз қазақтың ең ауыр қасіреті болатын. «Ат тұяғын басар тайдың болмауы» қазақ түсінігінде рухани қайғы. Ұлы адам да пенде. Тектіден тұяқ қалмаудың сыры не­де? Ұлыларда неге ұл болмайды? Өмірден бір перзентке зар болып өткен саңлақтар (Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Ж.Досмұхамедов, Д.Қонаев т.б.) қан­шама?! Бұл – жаратылыстың адам санасы жете қоймайтын көп тылсымдарының бірі һәм пенделерге жұмбақ тектілік феноменінің ашылмаған құпиясы. Бір кем дүние. Осы орайда, пайғамбарлық қасиет қонған жанның соңынан ұрпақ ермейді деген аңыз-әфсана бар екені еске түседі. Қазақ мұндайда «тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген. Сайып келгенде, мұның бәрі тектіден тұқым қалудың оңай нәрсе емес екенін аңғартады.

Бағанағы ой-сорабын әрі қарай жалғасақ, халық арасына кең та­раған қазақ ертегілеріндегі негізгі кейіпкерлердің шыққан тегінің де өнегелі тұқым болып көрсетілуі кездейсоқ емес. Мәселен, бастауыш сынып оқушысынан бастап, жақсы білетін ертегілеріміздің бірі «Ер Төстіктің» ақылды, тапқыр, батыл, т.с.с. болып ержеткендігін сипаттағанда әкесі Ерназар байдан да табиғи жаратылыс жағынан оған көптеген қасиеттер дарығанын ойлап жатпадық. Мұқым қазаққа мәшһүр «Аяз би» ертегісі бүгін біз көтеріп отырған тақырыптың тамыры ғасырлар тереңіне кететініне жарқын мысал. Ертегінің желісі ертеде Мадан деген хан болыпты деп басталады, ол өзінің қырық уәзірі арқылы таптырған Жер бетіндегі ең Жаман (болашақ Аяз би) адамның сыншылық қасиетіне тәнті болып, оған менің өзімді сынашы, мен неше атамнан бері хан екенмін? - дейді. Жаман:

- Жақсы! – деп, тақта отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке қарап тұрып:

- Тақсыр ханым! Ақыл-ойың ешкімнен кем емес, бірақ хандық қара басыңда, қарадан туып хан болғансыз, атаңда хандық жоқ,- дейді. Жаман сөзін бітірмей, хан сөзін бөліп:

- Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда да, алты атамды қайда жібересің? – деп зекіреді. Жаман саспайды.

- Жоқ, тақсыр! Сіздің қара ба­сыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайдың баласысыз, - дейді. Хан не дерін білмей, халыққа қарап, анасын алдырып, шындықты айтуын сұрайды. Анасы болған жайдың ақиқатын айтып, оның шын мәнінде ханның ұлы емес екенін, өзіне дейінгі он тоғыз әйелді әкесі Зәрлі ханның кілең қыз туғаны үшін жарып өлтіргендігін, құрсағына көтергені қыз екенін тәуіптер арқылы білгесін, шыбын жанын сақтау мақсатында өзімен бір мезгілде ұл көтерген сарайда­ғы наубайшының әйелімен жасырын келісіп, кейін күні жеткесін нә­рестелерді алмастырып, содан бе­рі екеуінің бұл жөнінде ешкім­­ге тіс жармағандарын тәптіш­тей­­ді. Хан:

- Апырмай, менің наубайдың баласы екенімді қайдан білдіңіз? – дейді. Сонда Жаман:

- Мен Жаман-жақсы болсам да, үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузыңызға түспей, нан, көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің шонжарлы, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым, - дейді.

Келтірілген мысалдар жас ұр­пақ бойына ұлттық құндылықтар халқымыздың бай ауыз әдебиеті арқылы ғасырлар бойы үзіліссіз сіңіріліп келгенін дәйектейді. Со­­нымен, қазақ халқының шығармашылық дәстүрі ертегілер, ба­тыр­лар жыры, аңыз әңгіме­лер, ли­ро-эпостық жырлардың т.б. маз­­мұ­нын жан-жақты саралау тектілік феноменінің ұлт тамы­ры­на бағ­зы замандарда-ақ байлан­ға­­­нын айшықтайды.

Жаңабек Жақсығалиев,

тарих ғылымдарының кандидаты


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?