Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтардағы жануарларға байланысты наным-сенімдер

29687

Оросханұлы Бекболат

Қазақтардағы жануарларға байланысты наным-сенімдер

Қазақстан Республикасы халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын түгендеу және толықтыру мақсатында ел ішіндегі көнеден келе жатқан мұрамызды жинап, халқымыздың тарихы үшін маңызды материалдарды жоғалып кетуден сақтап қалуды міндет етіп отыр.

Осы міндет үдесінен шығу мақсатында соңғы жылдары көптеген игі істер атқарылуда, қаншама жаңа ғылыми жобалар бекітіліп олардың негізінде жаңа көзқарастағы, тәуелсіз ой пікірді қамтыған ғылыми еңбектер жарияланды.

Адамзат тарихындағы көшпелілік өмір салтының ең ұзаққа созылған, әрі ұзақ уақыт сақталған жері  - Еуразияның ұшы-қиырсыз көлбей созылған ұлаңғайыр даласы болды. Бұл далада қазіргі түркі халықтарының ата-тектері ғұмыр кешіп, ешкімге ұқсамайтын өзгеше төл мәдениетін қалыптастырып, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдырды. Көшпелілік өмір салттың ең соңғы мұрагері – Қазақ халқы болды. Сондықтан да болар, есте жоқ ескі замандардағы көне әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, ырым, жосын-жоралар қазақтардың дүниетанымында терең сақталып, осы күні де күнделікті тіршілік салттарында көрініс беріп жатады[1, 3-б.].

Ежелгі қазақ жерін қоныс еткен түркі тілдес тайпалардан сақталған, өзгеріп жаңа мән-мағынаға ие болған, сөйтіп осы тайпалардан сұрыпталып шыққан қазақ халқының бүгінгі рухани болмысының сол бір алыста, артта қалған замандармен сабақтастығын дәлелдейтін – салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар және наным-сенімдер аз емес[2, 40-б.].

Ежелгі қазақ даласын мекендеген түркі тілдес тайпалардың адамдарына тән салт-сана, ырым, жол-жоралғы, дәстүрлердің арасында адамдардың малға, үй хайуанаттарына көзқарасы негізінде туғандарыда бар. Қазақстан ғалымдары бірлесіп шығарған - «Хозяйство казахов на рубеже ХІХ – ХХ веков» атты ғылыми зерттеуінде: «Басқа халықтардағы сияқты, қазақтарда да нақты еңбек қызметі ежелгі заманнан бастап әр түрлі нанымдар мен әдет-ғұрыптарға тығыз байланысты болған. Жылқыға – Қамбар ата немесе Жылқышы ата, қойға – Шопан ата, түйеге – Ойсылқара, сиырға – Зеңгі баба, ешкіге – Сексек ата қамқоршы деп саналған»[3, 127-б.] - деп атап өтеді. Мал пірлеріне байланысты: «...Бәрі де бір кезде болған атақты бақташылар, олардың кейбіреулерінің қабірі Сырдария мен Жетісу өлкесінде осы күнге дейін сақталған» - деп алғашқы қазақ этнографиясына қатысты зерттеулердің авторы Х. Арғынбаев ағамыз сонау 1956 жылы өз еңбегінде атап өткен болатын[4, 160-б.]. Ерте заманда қарапайым халық адамға малдың аз, көп бітуін мал иелеріне Шопан ата, Зеңгі баба, Қамбар ата, Сексек ата, Ойсылқара сияқты мал пірлерінің ықылас-пейілінің түсуіне байланысты деп есептеген. Малдың пірлері былайша айтқанда, мал өсірушілер мен оны күтушілер қысылғанда табыну дәстүрге айналған. Көшпелі халық қысылған кезде болсын, мейлі ауыр мезеттерде мал пірлеріне жалынып, жақсылық сұраған[5, 127-б.].  Сондықтан мал қадірін біліп өскен халық малдың басынан ұруды, малды аяқпен тебуді, құт қашыратын, мал басын өсірмейтін өрескелдік санаған. «Обал болады, ырыстан айырыласын» деп ондай істерге тыйым салып отырған. Береке, байлықтың көзі малды өсіргенде, оны орынды жарата білу керектігіне де халық қатты көңіл аударған. Шық бермес шіріген байдың суырға айналғаны, азған адамның маймыл болып кеткені туралы аңыздар ежелгі қазақ жерінде дүниеге келген. Осы жерді жайлаған түркі тілдес халықтардың наным-сенімдері жөнінде бұдан басқа да шындыққа негізделген аңыз әңгіме ретінде кездесетін мағлұматтар өте көп.

Малды қадірлейтін халық малды құрбандыққа шалу, әртүрлі аурудан емдеу үшін малдың терісін, өкпесін, етін, майын қолдану жұрт арасына кең тараған[1, 52-б.]. Шоқан еңбектерінде малға байланысты ырым-жоралғылар туралы ондаған түрін келтіреді[6].

Солардың ішінде қазақтар мал сүйектерінің кейбіреулерін де киелі санап оларды бал ашу үшін қолданған. Мәселен жауырын сүйекке қарап болжау жасайды. Асықтыда ойын үшін емес болжам жасау үшін пайдаланған[1, 52-б.].

Отпен тазарту «аластау» түріндегі ертедегі отқа табыну қазақтар өмірінің әртүрлі қырларынан байқалды. Малға байланысты қырынан қарастырсақ көктем кезінде қыстаудан көшкенде және күзде оған қайтып оралғанда қыстау мен малды от арқылы «тазару» салты міндетті түрде сақталды. Қысқы қыстаудан көшкен кезде барлық мал екі оттың арасынан айдап өтілетін[7, 401-б.].

Жазғы көші-қон кезінде әрбір ауыл көш керуенді салтанатты түрде ресімдеуге ерекше көңіл бөлді. Бұл үшін көш басындағы түйеге қырғауылдың ұзын қанаттарынан төрт айыр қарқара орнатты. Халықтың түсінігі бойынша, қырғауылдың әдемі қауырсындары бөгде адамдардың назарын аударып, көш керуенді көз тиюден және жол бойындағы әртүрлі қолайсыз жағдайлардан сақтайтын болған.

Жазғы жайлауға жеткеннен кейін қазақтар бие сауып, қымыз ашыту үшін бие байлайтын.  Бұл жағынан алғанда ауыл шеңберінде «қазық майлау» немесе «қымыз мұрындық» дейтін шағын той өткізілетін. Бұл салттың мағынасы құлындар мен олардың енелері аман, қымыз мол болсын деген тілекке саятын еді.

Қазақтар тіл тию мен көз тиюге, яғни адамдардың мақтаған сөздері мен сүйсіне қараған көзқарасы «қорғансыз құрбандарға» теріс әсер етіп, олардың өлуіне әкеп соғуы мүмкін деген жорамалға да ежелден сеніп келген. Сондықтан халық жаман сөзден (сұқ) және көз тиюден қорғану құралдарын қолданды. Мәселен, бас киімнің төбесіне бөгде адамдардың «көзінен» қағатын үкі қадап қойды. Сал-серілер мен асқан арулардың бас киіміндегі үкі де соның ишарасы болуы ықтимал. Жаңа туған бота да сырт көзден мұқият жасырылған. Жас ботаға да үкі таққан[7, 402-б.]. Үкінің қауырсыны, тұяғы жын-періден сақтайды деген де сенім бар. Қазақтар кірпі тікенектерін бесікке байлап сәбиді жын-періден сақтайды[1, 54-б.]. Қабанның осы аймақтағы ертедегі нанымдардың жұрнақтарымен байланысты екені анық[7, 485-б.].

Қазақтардың түсінігі бойынша, көшпелі мал шаруашылығына байланысты кейбір заттардың бұрынғы қожайынының «құтын» (бақытын, байлығын, игілігін) алып кететін ерекше күші болған. Сондықтан ат сатқанда – жүгенін, түйе сатқанда – мұрындығын, сиыр сатқанда бас жібін бермеген. Сондай-ақ құлын байлайтын ноқта, қозы байлайтын көген және т. б. басқа біреуге берілмеуге тиіс болған.

Жақсы айғырды немесе «мал басы» деп саналатын биені үйірінен айыру кезінде жасалатын салт та «құтты» сақтауға байланысты, олардың жалынан бір уыс қыл кесіп алынып, оған сол аттың сілекейін жаққан, сөйтіп оны байлық белгісі – «құт» ретінде сақтаған.

Исламға дейінгі сенімге сәйкес, көшпелі тұрмыстың кейбір еңбек құралдары мен заттары қасиетті деп саналған. Мысалы, жылқы ұстайтын құрық, құлын байлайтын желі, қозы байлайтын көген, жүген, ноқта және т. б. сондай болған, оларды басуға немесе олардан аттап өтуге болмайтын еді.

Қазақтар арасында діни сипаттағы «құрбандық шалу» рәсімі кең қолданылды. Құрбандық шалу соғыстың аяқталуы, ұлының шайқас алаңынан аман оралуы, шаңыраққа ұл перзенттің келуі, өлімнен аман қалу, тасаттық беру, сүйек жаңғырту т. б. салт-жоралғыларға байланысты жүзеге асырылды. Құрбандыққа мүмкіндігінше «боз қасқа» (қой), «ақбоз ат» (жылқы) шалу кең қолданылды[7, 403-б.].

Мәдениеттің тотемдік баспалдағынан дүние жүзінде белгілі мәдениеттердің барлығы бірдей өткен[8]. Қазақ мәдениетінің архетипі – көне түркі мәдениетінде де тотемдік көзқарастар молынан кезігіп отырады. Көне түркілердің өздерінің шығу тегін көк бөрімен байланыстыруы қазақ ақын-жырауларының аузына «бөрілі менің байрағым...» деген жолдар салса, қарапайым халық арасында сол Көкбөрі рухына арналып жасалатын бәйге түрі – көкпар тарту жүргізілген. Тотемнің сарқыншақтары дамыған діндерде де (адал және арам жануарлар туралы түсініктер) сақталған[9, 590-б.]. Қазақтар арасында қасқыр мен жылқы культі болғаны туралы көптеген еңбектерде жазылып жүр. Сырдария аймағында ертедегі уақыттан бері қойға табыну белгілері аңғарылатыны туралы біршама жазылған. Түрлі халықтарда фарн таяу уақытқа дейін асқан береке-байлық, бақыт, денсаулық, қаскөй күштерден қорғанысы және үй ішінің гүлденуі рөлін атқарып келгені мәлім[7, 481-б.]. Қойға табыну Оғыздар мен түрікмендерде кең тараған. Оғыз тайпаларының шығу тегін «қоймен» байланыстығын зерттеушілер рудың немесе тайпаның қамқоршысы ретінде қойды құрметтеуімен түсіндіреді[10, 137-138-б.б.]. Қой шаман ғұрыптарында құрбандыққа шалынатын жануар ретінде пайдаланылған. Бауыздалған қойдың қанымен шамандар науқасты емдеген[11, 129-130-б.б.]. Қой қазақтардың діни көзқарастарында маңызды рөл атқарды, оларда қой құрбандыққа шалынатын жануар әрі киелі ырыс ретінде бағаланған[6].

Ислам дініне кіргізу барысында исламға дейінгі жергілікті қамқоршы құдайлардың жаңа атпен аталуы сирек кездеспейді, олардың құрметтелу себептерін түсіндіретін аңыздар сол аттармен байланыстырылған. Суфизмді осылайша тарату қой малының пірі Шопан-ата Қ. А. Йассауи шәкірттерінің бірі болуына әкеп соққан. Ол кереметтің күшімен Маңғыстауға келген атақты әулиенің таяғын тауып алыпты мыс. Сол жерге Шопан-ата есімін сақтап қалған зират тұрғызылған. Сиыр малының пірі Зеңгі баба Қ. А. Йассауидің ізбасарларының бірі – Хакім атаның шәкірті, әйгілі түрік шейхының есіміне, дәлірек айтқанда, лақап атына ие болған. Түйе малының пірінің аты Ойсылқара – өте әйгілі тұлға, ертедегі ислам қайраткері Уайс әл-Каранидің бұрмаланған есімі, бұл тұлғаның тарихи анықтығына күмән келтіргенімен, ол туралы аңыздар барлық мұсылман елдеріне мәлім[12, 80-100-б.б.].

Қазақтарда тұрмыстық және ғұрыптық мәдениет дәстүрлері күнделікті өмірде көрініп отырды. Жоғарыдағы айтылғандардан қазақтарда ғұрыптық мәдениет халық өмірінің барлық дерлік жақтарын қамтығаны, онда зор маңыз атқарғаны көрінеді.

Белгілі жазушы, ғалым А. С. Сейдімбек ағамыздың «Сөз жоқ, Қазақ халқының ғасырлар қойнауынан бастау алатын тек-тамыры, мәдени-рухани болмысы жалпы адамзаттық мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылады»[13, 7-б.] - деп орынды атап көрсеткендей, осы бір әлемдік мәдениеттің ұлы көшінің қатарынан қазақ өркениеті де өзіне лайықты орнын таба білуі керек. Сол үшін рухани мәдениетіміздің жоғалып бара жатқан жұрнақтарының бірі жануарлар культіне қатысты наным-сенімдерді, әдет-ғұрыптарды жүйелеп зерттеу кезек күттірмес мәселе.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Мәжінбеков С. Қазақтардың жан туралы ұғымы.//Адам әлемі 4(26)-2005.-3-б.

2.  Маданов Х. Қазақ мәдениетінің тарихы. – Алматы: «Қаржы-қаражат», 1998 – 336 бет. 40-б.

3.  Хозяйство казахов на рубеже ХІХ – ХХ веков. Материалы к исторко-этнографическому атласу. Алма-ата, 1980, 127-б.

4.  Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайындағы этнографиялық очерк. – Алматы, -1956. -160-б.

5.  Әлзақов А. Мал шаруашылығындағы халықтық дәстүр қалыптары: тағылым.// Егемен Қазақстан, -1997 -15 қаңтар.

6.  Валиханов Ч. Ч. Избранные произведения. А., 1985, 154-б.

7.  Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. - Алматы: «Атамұра», 2002. – 768 бет. 

8.  Тейлор Э. Первобытная культура. – М., 1990; Фрейд З. Тотем и табу. – Тбилиси, 1991.

9.  Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2005. – 656-б. -589-590-б.б.

10.   Агаджанов С. Г. Очерки истории огузов и туркмен Средней Азии ІХ – ХІІ в.в. Ашхабад, 1969, 137-138-б.

11.   Домусульманские верования и обряды в Средней Азии. М., 1975, 126, 129-130-б.

12.   Снесарев Г. П. Хорезмские легенды как источник по истории религиозных культов Средней Азии. М.,1983, 80-100-б.

13.   Тарақты Ақселеу. Көшпелілер тарихы. – Алматы, 1998, 7-б.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?