Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздіктің өтпелі кезеңіндегі мәдени-рухани өмірдің сипаты

29657

ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басы – жетпіс жыл бойы дүниені шиеленісте ұстап келген кеңестік империяның тарих сахнасынан кетіп, тағдыры мен келешегінің тізгінін өз қолына алған жас мемлекеттердің шаңырақ көтерген тұсы. Қазақстанның өзіндік конституциялық заңнамасын қалыптастырудың басы – уақыт жағынан Кеңестер Одағының ыдырауына сәйкес келді. Тәуелсіздікке қарай барар жолдағы алғашқы қадам 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі қабылдаған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясы болды.

Саяси жағдайдың дамуының жалпы бағытын дұрыс пайымдаған мемлекет басшылығы осы жылғы 1-ші желтоқсанда бірауыздан Н.Ә. Назарбаевты Президент сайлаған халықтың болашаққа деген сенімі нығайып, үлкен үмітпен өркениет көшіне бет түзеді. Ал, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң қабылданды. Бұл ғасырлар бойы көптеген ұрпақтың аңсаған арманының, талпынған мақсатының жүзеге асуы еді. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарын оңды, солды байқап, өткенді зерделеп, бүгінгіні жан-жақты талдау арқылы келешектің бағытын анықтаудан бастау қажет болды.

Тәуелсіздікке қол жетісімен алғашқы кезектегі маңызды мәселелерді шешу талап етілді. 1992 жылдың басында «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты мемлекет басшылығының орташа мерзімдегі тұңғыш жоспары өмірге келді. Аталған тарихи маңызы бар құжатта оның мақсаты: «...Бүгінде біздің қозғалысымыздың бағытын көруге, оқиғаны болжап білуге, түпкі мақсатқа қол жеткізуге әркімнің сенімді болуына мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын да нақты тұжырымдамасы сондықтан да қажет» деген сөздермен айшықталған [1, 34 б.].

Бірінші кезекте мемлекет ретінде қалыптасуымыз қажеттілігін көрсетті. Бұл дегеніңіз биліктің мемлекеттік институттарын құрудың, жалпы халықаралық аренада танылуға жетудің, әртүрлі дүниежүзілік ұйымдарға кірудің қажеттігі. Қазір, өткенге барлай отырып, бұл жоспар көбіне-көп тірі қалудың стратегиясы ретінде өз мақсатын орындап шықты деп нақты айта аламыз. Ол стратегияның түйінді идеялық мәні «жақсы тұрмыс – баршамыз үшін» деген ұғым болды.

Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде сол қиын-қыстау шақта еліміздің келешегін межелеудің қиындығын еске түсіре отырып, «...1992 жылдың аяғында менің бұл стратегия тек үлкен жолдың басы ғана деп мәлімдеуіме сенетіндер аз болды. Дағдарыстың нағыз қызған шағында стратегия әрбір адамның тең мүмкіндіктерді өз еркімен таңдауына және өздерінің экономикалық, әлеуметтік және саяси мүддесін жүзеге асыру үшін экономикалық тұрғыдан өзін өзі пайымдауына жол ашатын көп қатпарлы нарықтық экономикасы бар кәдімгі демократиялық қоғамды құруға арналған бағытын айқындады» деп аталмыш құжаттың тарих сынынан сүрінбей өтудегі маңызын алға тартты [2, 23 б.].

Күшті президенттік билікке негізделген егемен мемлекеттің дамуы стратегиялық мақсат ретінде айқындалды. Жас республикаға мемлекеттік нобайын айқын белгілеп алу қажет болды. Уақыттан ұтылып қалмауды және дағдарыстың әрі қарай тереңдей түсу қаупін ескере келіп, Президенттік билік кезек күттірмейтін мәселелерді шешу үшін бүгінде өзін ақтаған маңызды қадамдар жасады. Сол кезеңде негізгі міндеттерді шешуді көздеген жаңа министрліктер құрылды. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет қарулы күштер, дипломатиялық және кедендік қызметтер секілді мемлекеттік институттар құрылды. Мемлекеттік шекараны айқындап, нығайту жөнінде шаралар қабылданды. Мұның бәрі ірі қаржы ресурстары мен батыл әрекеттерді талап етті. Осындай мемлекеттік ауқымды істердің қатарында елдің мәдени дамуы да үкіметтің кезек күттірмейтін маңызды мәселелерінің бірі еді.

Қазақстан егеменді мемлекет ретінде 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасынан еншісіне (1991 жылдың бастапқы уақытын қоса алғанда) 9701 көпшілікке арналған кітапхана, 9350 клубтық мекеме, 96 мұражай (филиалдарды қосқанда), 40 кәсіптік театр, 25 концерттік ұйым, 10531 ақылы кинокөрсеткіш, 154 мәдениет және демалыс парктері, 24 мәдениет пен өнердің жоғары және орта-арнаулы білім ошақтары, 605 музыкалық, көркемөнер, хореографиялық және балалардың өнер мектептері мұралыққа қалдырылған болатын [3, 38 б.].

Мемлекеттің кеңестік жүйесі құлағаннан кейін, егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдары еліміздің дамуының әр саласында, соның ішінде, мәдениет саласында айтулы дағдарыстар белең алды.

Барлық осындай қарама-қайшылыққа толы үдерістер Қазақстанның мәдени ахуалының одан әрі өркендеуіне кері әсерін тигізіп жатты. Мұның барлығы мәдениет мекемелерінің қаражатпен аз қамтамасыз етілуінен, сондай-ақ, осы салада жұмыс жасайтын мамандардың төлемақысының азаюынан байқалды.

90 жылдардың бастапқы уақыттарында, тәуелсіздіктің өтпелі кезеңінде еліміздің мәдени-рухани ахуалын жақсартуға бағытталған шаралардың барлығы кеңестік кезеңдердегі қалыптасқан нормативтік-құқықтық актілер мен ережелерді негізге ала жүргізілді. Ал, тәуелсіз даму жолындағы жағдайларда мұндай заңнамалық актілер мен нормативтік ережелер жарамсыз екендігі байқалды. Осыдан кейін мұның бәрі елдің мәдени-рухани келбетін дамытуға жаңаша жолды таңдауға итермеледі.

1992 жылдан бастап, мәдени құрылыс аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен бірқатар жұмыстар жүргізіле бастады. Мәдениет министрлігіне бағынған мәдениет және өнер ошақтарына республикалық театрлар, концерттік мекемелер, кітапханалар, мұражайлар, білім беру орындары, материалдық-техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету мекемелері жұмыс жасады. Мәдениет саласын қазіргі заман талаптарына сай дамыту жұмыстарына Қазақстан Республикасының Президенті жүргізген мемлекеттік саясат аясында, Ұлттық Кеңеспен бекітілген әлеуметтік-мәдени даму Концепциясында, сондай-ақ, республикамыздың Мәдениет министрлігінің «Бүгінгі таңдағы мәдени саясат» Концепциясында қолдау жасалды [4, 39 б.]. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1993 жылы елдің мәдени-әлеуметтік деңгейін көтеру жөнінде мемлекеттік саясатты заңды түрде бекітті. Конституцияның 24, 27 баптарына сәйкесті, барлық азаматтардың көркемдік, ғылыми және техникалық шығармашылықпен шұғылдануы еркіндігі кепілдікке алынды.

Мемлекеттік мәдени саясаттың басты мәселесі ретінде адамдардың рухани байлығын арттыру, еңбек пен халық тұрмысының биік мәдениетін қалыптастыру, жеке тұлғаның зиялылығын жан-жақты дамыту, халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастың беріктігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, Қазақстанда тұратын халықтардың көпғасырлық мұрасын сақтау, мәдениетті биік сатыларға жеткізу үшін мемлекеттік деңгейде моральдық және материалдық қолдау жасау мәселелері қойылды.

Бұрынғы Қазақ КСР-і кезіндегі қолданыста болған «Тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау әрі қорғау» жөніндегі Заңның (1978 жылғы) орнына жаңадан «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және сақтау» Заңының қабылдануы маңызды рөл атқарды. Бұл Заң елімізде болып жатқан түбегейлі өзгерістердің, нарықтық қарым-қатынастардың өркендеуінің, меншік, жер, жекешелендіру туралы жаңа Заңның қабылдануының, ескерткіштерді сақтау жөніндегі бұрынғы Заңның аясындағы мемлекеттің монополия жүйесін және қоғамдық-экономикалық қарым-қатынастарды өзгертудің негізінде пайда болды. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі әрі тоталитарлық жүйенің құлауына байланысты біздің республикамызда да белсенді үрдіс басталып, тарихи оқиғалар мен жекелеген тұлғаларды, оның ішінде, В.И. Ленин мен оның жақтаушылары Ф.Э. Дзержинский, С.М. Киров, М.И. Калинин және тағы басқаларына жаңа көзқарас қалыптасты. Сонымен қатар, ескерткіштердің бұзылуы, тіпті жойылып кету қауіптері де туындады. Осындай жағдайлардың бәрі мәдени мұраларды қорғауға байланысты жаңа заңды қабылдауға мұрындық болды.

Бұрынғылармен салыстырғанда, жаңа Заңның ерекшелігі, мұнда материалдық ескерткіштер секілді рухани мәдениеттің де түрлеріне толық классификация берілді. Тарихи-мәдени мұраларды Қазақстан халықтарының рухани-мәдени ахуалын дамыту мақсатында, сонымен қатар, ғылыми әрі, тәрбиелік мақсатта пайдалану заңды түрде бекітілді. Әсіресе, қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында тұратын басқа халықтардың мәдени деңгейін көтеру үшін республикадан тыс жерлерден тарихи отанына жинақталынып әкелінген мәдени құндылықтарды қолдану Заңда ерекше орын алды. Сондай-ақ, Заңның 42 бабында жауапты қызметкерлер мен жекелеген азаматтардың мәдени-тарихи мұраларды қорғау және пайдалануда тәртіпбұзушылыққа жол бермеу шаралары ерекше көрсетілген.

Азаматтардың құқықтық негіздері де мәдениет саласында өзінің өркендеу жолын тауып, 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған мемлекеттік Конституцияның 19 бабында әр азаматқа шығармашылықпен айналысу барысында ана тілі мен мәдениетін қолдану еркіндігінің құқығы қорғалды. Сонымен қатар, Конституция шығармашылықпен айналысуға және сөз бостандығына кепілдік беріп және онда әлеуметтік жағдайларға, ұлтқа, дінге, туыстық ерекшеліктерге байланысты кері әрекеттер мен заңсыздыққа жол берілмейтіндігі айтылды [5].

Осы орайда ерекше айта кететін жайлардың бірі, әлеуметтік сфераның басқа салалары сияқты құқықтық салада да қарқынды серпілістер бой алды. 1991-1995 жылдары мәдениет әлемінде «Тарихи-мәдени мұраларды пайдалану және қолдану» атты бір ғана заң қабылданды. «Мәдениет туралы» Заң жобасы тек 1991 жылы ғана қаралып, бірнеше рет республиканың Жоғарғы Кеңесіне қарауға жіберіліп, бірақ әр жолы заң жобасы түрлі себептердің әсерінен аяқсыз қалдырылды. Оның соңғы нұсқасы 1996 жылдың 24 желтоқсанында бекітілді. Сол себептен де заң актілерінің іргетасының дұрыс қаланбауы елдің мәдени әлеуметіне әсер етіп, оны жалпы мемлекеттік сипаты жоқ, уақытша әрі аясы тар министрліктің нормативтік актілеріне тәуелді етті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мәдениеттің дамуындағы ерекшеліктер елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жайларға тікелей қатысты болды. Елдің егемендікке алып, дербестікке қол жеткізуі қазақстандықтардың рухани өміріне де айтарлықтай әсерін тигізбей қоймады. Осы кезеңдерде мәдени саланың демократизациялану үрдістері күшіне енді. Көп ұлтты Қазақстанда тұратын қазақтар мен басқа этностардың ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, мәдениетімізді қайта жаңғыртуға байланысты белсенді де қарқынды серпілістер басталды.

Мәдениет тәуелсіздіктің өтпелі кезеңіндегі экономикалық дағдарыстың, әлеуметтік-саяси тұрақсыздықтың (саяси және әлеуметтік өзгерістер) сынынан өтті. Бюджеттік қаражатпен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі салдарынан мәдени ошақтар өздерінің жұмыс аясын азайтты (әсіресе, гастрольдік және көрме жұмыстары көп зардап шекті), бұрынғы тегін қызмет көрсету орындарының орнына ақылы қызмет орындары ауысты, кітапхана, мұражай, мұрағат қорлары кеми түсті. Мәдениет саласында шығармашылықпен жұмыс жасайтындар тобы уақытылы толықтырылып отырылмады. Мәдениет пен өнер саласында жұмыс жасайтындардың көпшілігі кедейшілікте ғұмыр кешті. Қазақстанның өз ішіндегі және БҰҰ-мен мәдени-рухани қарым-қатынастар тоқтатылды. Осындай келеңсіздіктер салдарынан, мәдени тұрғыдағы қарама-қайшылықтар жалғасып, шетелдік мәдениеттің нашар үлгілеріне еліктегіштердің көбеюі белең алды.

Концерттік-музыкалық шаралардың өзі бір-бірімен өзара қарым-қатынасы әлсіз екі топ: мемлекеттік және жекеменшіктік мекемелер болып екіге бөлінді. Осындай келеңсіздіктер әсерінен ұжымдық ұйымдардан гөрі жекелеген өнерпаздар жоғары бағаланды. Олардың арасында саналы түрдегі байланыс болмады. Мұндай шараларға тосқауыл құру үшін мәдениет саласындағы саясатты қайта қарау керек болды.

Сондай-ақ, Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың рухани деңгейін көтеру жұмыстары да уақытылы дұрыс жолға қойылды. Бұл орайда 90 жылдары барлық ұлтқа ортақ мерекеге айналған «Наурыз мейрамының» өткізілуін ерекше атап өтуге болады. Бұл мереке Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың жоғары белсенділігімен жер-жерлерде жылма-жыл тойланды. Наурыз олар үшін татулық пен бірліктің, өзара келісім мен түсіністіктің жарқын мерекесіне айналды.

Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – 1992 жылы қыркүйекте өтілген Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы. Оған әлем елдерінің атақты жазушылары, ақындары, ғалымдары, қоғам және дін қайраткерлері қатыстырылды. Бұл акция қазақтың ұлттық мәдениетін шетелдерге танытудың, әлемдік мәдениет кеңістігіне шығарудың басы болды.

Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы Алматы қаласында өткен болатын. Құрылтайға 33 алыс және таяу шетелдерден 800-астам өкіл қатысты, олар Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Монғолия, Қытай, Австрия, сондай-ақ, Қазақстанның барлық облыстарынан келді.

Қазақстан жерінде түрлі іс-шаралардың, іскерлік кездесулердің өтілуі барысында әлем жұртшылығының тәуелсіз Қазақстанға деген қызығушылығы байқала бастады. Осындай жүргізіліп жатқан маңызды шаралардың арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастық назарына ілігіп, бірқатар беделі үстем халықаралық ұйымдарға мүше болып үлгерді.


Ә.Е. Карбозов


ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕР:

1 Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. – Алматы, 1996. – 34 б.

2 Ғабитов Т.Х. Қазақ мәдениетінің типологиясы. – Алматы, 1998. – 23 б.

3 Мүтәліпов Ж. Мәдени диалог және өркениеттер тоғысы. – Алматы, 2002. – 38 б.

4 Баймағамбетов С.З. Cоциально-культурная политика. – Астана, 2001. – 39 б.

5 Стратегический план Минкультуры и информации на 2009-2011 годы, утвержденная постанавлением Правительства РК от 23 декабря 2008 г. №1204. 2 с. // Казахстан-Европейский Союз: результаты и горизонты сотрудничества. МИД РК. – Астана, 2007. – С. 208-213.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?