Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанда әлеуметтік құқықтық мемлекет институттары қызметін жетілдіру үдерісі

29621

Қазақ елінің өз тәуелсіздігін алып, егемендігіне қол жеткізгеніне биыл жиырма бір жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында еліміз қиын да, қыстаулы кезеңдерді, жетістіктер мен алға ілгерушіліктерді бастан кешірді. Алғашқы күннен бастап еліміз зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет құру бағытын таңдап алып, азаматтық қоғам инстутуттарын дамытуды басты мақсат етіп қойды. Қазақстан Республикасының қазіргі 1995 жылы қабылданған Конституциясы бойынша әлеуметтік және құқықтық мемлекетті құрудың алғышарттары мен негізгі принциптері белгіленген: «1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».

Қазақстан Республикасының мемлекеттік даму бағыты ретінде Ата Заңымызда бекітілген әлеуметтік және құқықтық мемлекетті қалыптастыру негізгі қағидаларды жүзеге асыруды талап етеді. Олардың қатарында биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлінуіне ерекше назар аудару қажет. Онда әлеуметтік құқықтық мемлекеттің басқа талаптары да қамтылған. Шындығында, заңның үстемдігі, адам құқығы мен бостандығын жоғары құндылық ретінде бағалау, мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі және оны жүзеге асыру талаптары заң шығарушы және атқарушы биліктің басты міндеттері. Ал, заң мен басқа да нормативті – заңдық актілердің орындалуын қадағалау сот билігінің міндеті. Биліктің бөлінуінің әрекетшілдігі және тиімділігі заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының өзара әрекетінде айқын көрінеді. Бұл екі билік тармақтары ара – қатынасының мүлтіксіз деңгейіне жету мүмкін емес, арадағы қайшылық демократия институттарын жетілдіріп, құқықтық мемлекетке ұмтылудың бастау көзі болып табылады. Бұл жағдайда белгілі – бір заңдылық туындайды. Қоғамды демократияландырудың өзегі болып табылатын заң шығарушы билікті, парламентаризмді дамыту атқарушы биліктің әрекетін шектейді, оның тетіктерін жетілдіру қоғамды демократияландыру деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Әлеуметтік және құқықтық мемлекетті қалыптастыру елімізде парламентаризмді, парламентті, оның қызметін жетілдірумен қатар жүргізіліп отыр.

Сот билігі адамдардың құқығы мен бостандығын қорғауы және осы арқылы қоғамда тұрақтандырушы рөл атқаруы қажет. Ол үшін сот билігі тәуелсіз болуы қажет. Бұл мәселені АҚШ-та соттарды заңгерлер мен халық өкідері қатысуымен алдын – ала таңдау арқылы ұзақ мерзімге немесе өмірлік тағайындау арқылы шешкен. Мұндай тағайындаудан кейін соттар сот кодексін бұзған жағдайда ғана қызметінен босатылады. Мұндай жүйе соттарды шешім қабылдауда барынша тәуелсіз болуына мүмкіндік береді. Тәуелсіздіктің екінші негізі – материалды тұрғыдан қамтамасыз етілу. Төменгі деңгейдегі соттардың өзі жергілікті билік тарапынан қаржыланбауы қажет. Материалды жағдайдың жоғарылығы сот қызметінің беделін арттырып, қоғамда соттарды теріс ойдан сақтандырады. Мұның бәрі сот билігіне қоғам алдында жауапкершілікке ие білікті заңгерлерлің келуін қамтамасыз етеді. Аталған мәселелер елімізде тек соңғы уақыттарда ғана қауымдастық алдында кеңінен талданып, соттардың материалды жағдайын жоғарылату, соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету өзінің оң шешімін табуда.

Әлеуметтік құқықтық мемлекеттің маңызды белгілерінің бірі – заңды негіздерге сүйене отырып шешім қабылдайтын тәуелсіз сот жүйесінің болуы. Биліктің бір тармағы болып табылатын тәуелсіз сот билігінсіз әлеуметтік құқықтық мемлекеттің болуы мүмкін емес. Сот жүйесінің тәуелсіздігі, ең алдымен, соттардың құқықтық статусымен, сонымен бірге, олардың обьективті әділдігімен анықталады. Елбасы Н. Назарбаев еліміздегі сот жүйесін жетілдіру мәселесін әрдайым басты назарда ұстау қажеттігін ескертеді. Атап айтсақ,__

өзінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту мәселесіне арнайы тоқталып, соттардың жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру, арбитраждық аралық соттар жүйесін нығайту, судьялар жасағын қалыптастырудың тәртібін қайта қарау туралы өкілетті орындарға өз тапсырмаларын берді .

Қазіргі Қазақстан жағдайында әлеуметік құқықтық мемлекетті қалыптастыру мен азаматтық қоғам талаптарын қабылдау процестері қатар жүріп отыр. Сондықтан 2006 жылдың 25 масымында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасының және 2011-2020 жылдарға арналған құқықтық саясатты дамыту тұжырымдаманың бекітілуі бұл бағдарды ілгерітушілік болып табылады[3] . Бұл құжат билік органдарының белсенділігімен бекітілді, өйткені қазіргі күннің өзінде қоғам азаматтарының енжарлығы анық байқалады. Тәуелсіз даму жылдарында Қазақстанда жаңа саяси-құқықтық режим қалыптасып қана қойған жоқ, сондай-ақ босап қалған әлеуметтік кеңістікте көптеген ұйымдар мен ассоциациялар құрылды. Бірақ, демократиялық қоғамға тән азаматтық қатынастар жүйесі қалыптасты деуге әлі де ерте. Қазақстан азаматтық қоғамының көптеген құрылымдарының тәуелсіздігі сөз жүзінде қалып отыр, өйткені идеологиялық, материалдық, ұйымдастырушылық тұрғыдан әлі де билікке тәуелді. Бұл азаматтық қоғам институттарының іс әрекетін қамтамасыз етуші нормативті негіздің әлсіздігімен байланысты.

Демократиялық институттарды қалыптастыруды халықтың әлеуметтік қабылдауы әрдайым артта қалып отыр. Саяси реформалар жылдарында еліміз демократия институттарының формалды негіздерін қалыптастыра алды, бірақ оларды шынайы мазмұнмен толықтыру үшін, жаңа азаматтық, саяси-құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін уақыт керек секілді. Қазақстандық қоғам демократиялық өзгерістерді жеткіліксіз құрылмаған, субъективті тасымалдаушысы жоқ жаңадан қалыптасқан саяси ағымдармен бастады. Әлеуметтік және саяси мүдделер нақтыланған жоқ, әр түрлі топтар мен қабаттардың талаптарын білдіретін тетіктер болмады. Азаматтардың аздаған ерікті ассоциациялары мен одақтары әлеуметтік жатсынуды, халықтың маргиналдылығын және кедейлікті, әлеуметтік бейтараптылықты жеңуге мүмкіндігі болмады. Азаматтық қоғам институттары халық пен саяси жүйе арасын байланыстыра алмады, олар мемлекетпен ара-қатынаста, саяси шешімдерді қабылдауда, түрлі әлеуметтік салалардағы заңдар, саяси бағдарлар мен технологияларды жасауда серіктестік қызметін атқара алмады. Сонымен бірге, ең басты мәселенің бірі азаматтық қоғам субъектісінің, яғни белсенді, өзінің азаматтық, саяси, әлеуметтік құқығын білетін, өз мүдделерін конституциялық-құқықтық негізде қорғай алатын азаматтың қалыптаспауы. Мұндай жағдайда қоғамның әлеуметтік, саяси, құқықтық және басқа салаларында мемлекет шешуші рөл атқарады. Сондай-ақ, мемлекттік саясаттың маңызды басымдығы елді демократияландыру барысында халықтың азаматтық белсенділігінің өсуі үшін, азаматтық қоғамның құқықтық және әлеуметтік-мәдени алғышарттары қалыптасуы үшін негізгі шарты ретінде қалып отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда азаматтардың ерікті бірлестіктері мен қауымдастықтары көптеп құрылды, бірақ олар өз жиынтығымен азаматтық қоғам жүйесін құрған жоқ. Мұндай жағдайда Қазақстан өтпелі посткоммунистік қоғам болып табылады. Оның ерекшелігі батыстық қоғам институттарына ұқсас әлеуметтік-саяси институттардың болуы, бірақ бұл институттар батыстағыдай өз қызметтерін әлі атқарып отырған жоқ. Азаматтық қоғамның жетілмегені оның әлеуметтік-мәдени алғышарттарының толық қалыптаспағанымен байланысты. Қазіргі Қазақстан жағдайында жоғарыдан төменге бағытталған қатынастар азаматтық қатынастар мен байланыстарға үстемдік етіп отыр. Әзірге еліміз халқының басым бөлігіне азаматтық қоғам институттарына жаттанған қатынас тән, ол кез-келген қоғамдық іс-әрекетте, ортақ мүдделер мен мақсаттарға біріккен кез-келген қоғамдастыққа қатысында көрінеді.

Әлеуметтік және құқықтық мемлекет идеясы бойынша адам өмірінің құндылығы және оның өмірінің кепілінің шартын қалыптастыру мемлекеттің міндетіне берілуі қажет. Бұл өз кезегінде жеке адам мен қоғамның құндылықты бағдарының жаңа жүйесін жасауды қажет етеді, оның шеңберінде жеке адам құндылығына, оның еркіндігі мен дербестігіне оның құқығы мен өз мүддесін өзі анықтау мүмкіндігіне басымдық беріледі. Өркениетті қоғамның, құқықтың мемлекеттің міндеті мен мәні оны процесті қамтамасыз ету, ережелер шеңберінен тыс индивид әрекеттерін шектеу болып табылады. Бұған құқықтық сананың жетілген формалары болғанда ғана қол жеткізуге болады. Әлеуметтік және құқықтық мемлекетті қалыптастыру Конституцияда бекітілген Қазақстан Республикасының алдына қойған маңызды мақсаты. Оған жету азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырмай, қоғам өмірінің көптеген салаларында етек жайып отырған құқықтық нигилизм әсерін жоймай мүмкін емес. Құқықтық нигилизм биліктің көптеген құрылымдарының іс әрекетінде көрініс беріп отыр, бұл өз кезеңінде құқыққа деген теріс көзқарас қалыптастырып отыр.

Қазақстанда биік құндылығы ретінде адам туралы идеяны бекіту процесі дүниежүзілік-тарихи процестің бір бөлігін көрсетеді. Осы салада жиналған дүниежүзілік тәжірибеде Қазақстандағы биік құндылық ретінде адам статусын заңмен бекіту кезінде зерттеліп, қолданылды. Осы идеяның нығаюы адамзат қоғамының барлық тарихымен бірге жүрді және әртүрлі сатыларда пайда болған құжаттарда көрініс тапты. Қазақстандағы адамның құқығы мен бостандығын заңмен бекіту ұлттық және халықаралық бай тәжірибеге сүйене отырып, жүргізілді. Н.Ә. Назарбаев былай деп көрсетеді: «Біз – өзінің жеке тарихы бар еуразиялық елміз. Ол өзіне түрлі өркениет жетістіктерін сіңіреді. Біздің алдымызда не мынау, не басқа деген сұрақ тұрмайтын болады. Біз диалектикалы боламыз және іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеген өркениеттің барлық жетістіктерін аламыз» . Бұл ереже әлемдік масштабта орын алған адам статусын, оның құқығы мен бостандықтарын биік құндылықтар ретінде заңмен бекіту тәжірибесін шығармашылықпен пайдалануға толығымен қатысты. Бұл тәжірибені үйрену жәнешығармашылықпен пайдалану үздік актілерді көшіре салуға әкелмейтінін айту керек. Халықаралық тәжірибе – бұл Конституция нормалары, шығармашылығы, ол тиісті елдерде және жалпы дүниежүзінде оларды қолдану мен үздіксіз байланыстан алынған Конституциялық нормалар. Оның үстіне, басқаның тәжірибесін пайдалану, оны шығармашылықпен пайдаланудың ішкі алғышарттарын жасаумен байланысты процесс. Жаңа мемлекеттік құрылыс бекітілді. Оның негізі – құқықтары мен бостандықтары бар адам болып табылады, оның негізінде адамды биік құндылық ретінде бекіту идеясының алғышарты жатыр. Әлеуметтік құқықтық мемлекетте жеке басының бостандығы барлығы үшін тең сипатта болады және мемлекеттік-құқықтық құралдармен және нысандармен қорғалады. Қазіргі уақытта құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам концепциясы орайлас дамуда. Ал олардың құрылымы мен дамуы адам құқығы мен бостандықтарын жүзеге асырудың басты шарты болып табылады. Әлеуметтік құқықтық мемлекет пен адам құқығының өзара байланыстылығы және өзара негізділігі құқықтық мемлекеттің басты бір мақсаты – адам мен азаматтың құқықтарын қамтамасыз ету болып табылатындығында айқын көрініс тапқан.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: ЮРИСТ, 2008. – 50 б.

2. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты – Елбасының Қазақстан халқына жолдауы.// Егемен Қазақстан газеті. -2012. - 28 қаңтар. 2012 ж.

3. Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы. – Астана: 2006. – 20 б.

4. Назарбаев Н.Ә. «Казахстан-2030». Послание Президента страны народу Казахстана // Казахстанская правда. - 1997. – 11 қазан.

Әпенов Б.М.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?