Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазіргі заманғы теорияда адамзат мәдениеті "үлкен", "кіші" деп бөлінбейді

29515

Бақытжан САТЕРШИНОВ, философия ғылымдарының докторы: 

– Бақытжан мырза, сіздің «Тарихи сана – тәуелсіздіктің рухани тірегі» атты монографияңызды оқып шықтық. Халқымыздың, әлсіз де болса, бар тарихи санасының қалыптасуына әсер еткен көне қайнар бастауларға барлау жасап, бүгінгі күн тұрғысынан зерделепсіз. Мұнда, әрине, біз жүріп өткен ұзақ жолдың басында тұрған көшпенділік құбылысының тарихи-мәдени тек (архетип) ретіндегі маңызы орасан. Бүгінгі таңда ауызға алынса болды, жабайылықтың белгісі ретінде ойға оралатын осы бір ескі феномен туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз. 
Сұрағыңыз өте орынды. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде, әсіресе шаруашылығында көшпенділік басым болды ма, әлде отырықшылық басым болды ма деген даулы пікірталас тарихшылар арасында да, қоғамтанушылар арасында да біраздан бері саябырламай келеді. Әрине, табиғатында таза көшпенділік немесе таза отырықшылық деген болмайды. Дегенмен, шаруашылық жүргізу мен өмір сүру тәртібіне байланысты бұл екі құбылыстың бірінің басым болуына орай аталмыш дилемманың (Батыс пен Шығыс, қала мен дала тәрізді) өмірде бар екені даусыз. Өмір сүру қамының бұл қос үрдісі материалдық мәдениетпен қатар, әрбір ұлттың салт-дәстүрі, дүниетанымы мен философиясы, әдебиеті мен өнері сияқты рухани мәдениетіне де әсерін тигізіп, өзіндік ізін қалдырады. Яғни, бұлардың әрқайсысы өзіндік рухани-адамгершілік тұғырларды, әлеуметтік-мәдени құндылықтар мен мәдени-тарихи ерекшеліктерді өндіріп-өңдеп шығарады.
Көшпенділердің киім-кешек, тұрғын үйлері мен тұрмыста қолданатын құрал-жабдықтары көші-қонға бейім жиналмалы, құрастырмалы болды. Жылқыны қолға үйрету, садақ, шалбар, киіз үй және т.б. көшпенділердің ойлап тапқан туындылары екенінен оқырман хабардар шығар. Көшпенділікке ең бейімделген төрт түлік мал – қой мен ешкі, жылқы мен түйе болды, сиыр соншалықты транспортабелді болмады. Қазақтың ауыз әдебиетіндегі жырларда бүлдіршін балаларды: «қозым», «құлыным», «ботам», – деп еркелетеді де, «бұзауым» немесе «торпағым» деп айтпайды. Ал жылқы болса, бұл – қозғалыс, көшпенді үнемі ат үстінде, аспан мен жердің ортасында өмір сүреді. Қазақ тілінде жылқы түрлерінің атауының өзі 50-ден асып жығылады.
Әрине, біздің жердің табиғи жағдайларына қарай жайылымдық мал шаруашылығымен қатар, темір қорытумен, қалалармен, қолөнермен, егін шаруашылығымен, оның ішінде суармалы (ирригациялық) өнермен сипатталатын технологиялық және мәдени жетістіктер де болды. Бұл қазақ тарихында отырықшылық басым болды деген қағиданы жақтаушыларға қол болуы мүмкін. Алайда, отырықшылыққа тән бұл құбылыстар негізгі басымдылық – көшпенділіктің маргиналды аумақтарында, оның сауда және егін өнімдерімен айырбас жасалатын шеткері аймақтарында ғана орын алды. Ал жалпыхалықтық сананы, оның ішінде Еуразиялық ұлы дала халықтарының осы дәстүрін жиырмасыншы ғасырға дейін бұзбай алып келген қазақ халқының тарихи санасын көшпенділікке тән құндылықтар айқындады. Мәдениеттің қазіргі заманғы теорияларында адамзат мәдениеті «үлкен», «кіші» деп бөлінбейді, олардың әрқайсысы өзінше маңызды. Қазіргі кезде еуроорталықтық типтегі дүниетанымдық теориялар жалпы әлемдік әмбебаптық болудан қалды, тығырық пайда болды. Батыста да, Шығыста да өркениеттер әрқилы жолдармен жүретін эволюцияның плюрализмі туралы, даму типтерінің көпнұсқалылығы, көпөрістілігі туралы идеялар пайда болды. Өркениеттік парадигма бірнеше мың жылдық тарихы бар көшпенділік құбылысын еуроорталықтық көзқарасқа тән нәсілдік әдіснамадан ада күйінде зерттеуге мүмкіндік береді. 
– Біздің дәстүрлі мәдениетімізге исламның әсері қай деңгейде болды деп ойлайсыз? 
– Қазақ мәдениетінің дәстүрлі түркілік түбіріне, дүниетанымы мен мәдениетіне ислам дінінің әсері мол болды, тіпті шешуші ықпал етті деуге болады. Еуразиялық дала мен Орталық Азияға ислам VIII ғасырдан бастап ене бастады. 751 жылғы Тараз маңындағы Атлах шайқасы, шын мәнінде екі өркениеттің – ислам өркениеті мен буддистік-конфуциандық қытай өркениетінің тайталасы болды. Орхон-Енесай ескерткіштерінде жазылғандай, өз рухани құндылықтарын қытайлықтардан қызғыштай қорыған түркілер бір ұлтқа немесе ұлысқа емес, бүкіл адамзатқа арналған мұсылмандық құндылықтарының енуіне қарсылық көрсеткен жоқ. Керісінше, VIII-XII ғасырлар аралығында Қазақстан аса дамыған ортағасырлық араб-парсы-түркі өркениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Ортағасырларда түркі көшпенділігі мен ханафиттік мәзхабтағы ислам тамаша үйлесімге келіп, рухани-әлеуметтік синтез ретінде қалыптасып болды. Түркілер өз тілін, келбетін жойған жоқ, көшпенділікке тән тамаша сипаттар сақтала берді, ислам нұрына бөленген соң, ол енді «өркениетті көшпенділікке» айналды. Сыр бойын жайлаған оғыздардың ұрпақтары исламның жасыл туы мен түркілік құндылықтарды Батысқа, Еуропаға жеткізді, ортаазиялық түркі ойшылдары – Имам Бухари, әл-Матуриди, Қожа Ахмет Иасауи және басқа да исламның ғұламаларына айналды. 
Алтын Орданың жаппай исламдануы XIV ғасырдың бірінші жартысындағы Өзбек хан Мұхаммедтің билеген тұсына тап келеді. Қазақтар әуел бастан мұсылман дінін берік ұстанды. Исламдық құндылықтардың қазақтың салт-санасына ғасырлар бойы сіңіп, хадистің ғұрыпқа, сүннеттің салтқа айналып, біте қайнасып кеткені дәлелді қажет етпейді. 
– Ресей арқылы келген батыс мәдениетінің ықпалы жайында не айтуға болады?
– XV ғасырдан бастап жалпы Батыстың тек ұлы даладан ғана емес, бүкіл Шығыстан үстемдігі басталады. Алтын Орда дәуірін түркілік мәдениеттің жеткен шыңы, қазақ пен ноғайлының алтын заманы деп бағалауға болады «Қазақ» этнонимінің өзі далалық еркіндік пен ру-тайпалық демократияны сақтауды білдіреді. Ұлтты құрайтын тұрақты этностық гомогендік бірлікті білдіретін «қазақылық» феномені XVII ғасырдың орта тұсынан бастап ресейлік патшалық отаршылық арқылы және ХХ ғасырда кеңестік тоталитарлық жүйе арқылы кезеңді түрде кері ықпалға ұшырады. Ал қазір ұлттық мәдениет батыстық бұқаралық мәдениетпен сипатталатын вестернизация үлгісімен өзгерістерге ұшырауда. Нарықтық қатынастар қалыптастыратын индустриалды қоғам талаптары мен заңдылықтарына жауап беретін құндылықтар тамырдан ажырап босаған сана мен өмір салаларына дендеп енуде. Ауызекі мәдениеттен жазба және кітап мәдениетіне көшу, одан экрандық виртуалды мәдениетке өту, әліпбидің қысқа уақыт ішінде бірнеше мәрте ауысуы да өзіндік әсерін тигізеді. Қазіргі «жаңарту» (модернизация) мен «жаһандану» (глобализация) ұрандары да Батысқа көзсіз еліктеп, оның соңынан жүруді насихаттайтын тәрізді. Бұл жағдайларда қазіргі заманғы технологияны игерумен қатар, тарих тағылымына сүйеніп, ұлттық рухани бастаулар мен дәстүрлі мәдениеттің нәрлі тамырынан сусындап, «Мен» дегізерлік төлтумалылықты нығайтқан абзал. 
– Үш ғасырлық бодандық зардабын тарихи тұрғыдан қалай бағалауға болады?
– Бірнеше ғасырларды қамтыған бодандық нәтижесінде рухани күйзеліс орын алды. Тоталитарлық қоғамда барлық ізгі рухани белсенділіктер басылып қалатын жағдай қалыптасады. Кеңес дәуірінде қазақтар қырғын ашаршылықты, жаппай қуғын-сүргінді және сұрапыл соғысты бастан өткізді, Қазақстанды халықтар лабораториясына айналдыру саясатының салдарынан олар өз жерінде азшылық болып қалды. Соның зардабынан көпэтносты Қазақстанның қазіргі жағдайында ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты қалыптастыру ең көкейтесті мәселенің бірі болып отыр. Отаршылдық пен тоталитаризмнің жымысқы саясатының барысында ұлттық тарихтағы өркениеттік, мемлекеттік дәстүр жоққа шығарылды. Қоғамдық және мәдени дамудың батыстық үлгіден түбірлі айырмашылықтары ескерілмеді. Қазақ халқының әлеуметтік және мәдени тарихына деген нигилистік көзқарас қалыптасты. 
Құлдық санадан арылып, шынайы еркіндікке қол жеткізу қазіргі жаhандастырудың қатаң бәсекелестігі жағдайында саяси, әлеуметтік-экономикалық дербестікпен қатар, рухани тәуелсіздікке ие болуды да қажет етеді. Мәңгүрттік және маргиналдық жағдайдан арылу үшін ұлт тәрізді күрделі жүйенің қалыпты өмірқамын қамтамасыз ететін төлтума тарих пен мәдениеттің өзегін құрайтын ұлттық дүниетанымды, рухани қайнарларды қайта қалпына келтіру керек. Ұлттық мәдениеттің негізін құрайтын іргелі құндылықтарды – адамдарды рухани тұрғыда оятатын ана тілі мен дәстүрді жаңғыртумен қатар, халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру, тарихи өзіндік сананы қалыптастыру қажет. 
– Қазіргі жаһандану дәуіріндегі халқымыздың тарихи санасы не күйде?
– Әрине, тәуелсіздіктің біздің халқымыз үшін орасан зор маңызы бар. Алайда осы 20 жылдың ішінде ұлтты бірегейлендіруге септігін тигізетін біртұтас ұлттық және тарихи өзіндік сана қалыптасты деп айтуға келмейді. Елімізді мекендейтін басқа ұлттарды айтпағанның өзінде, оларға үлгі, қамқор болатын жөні бар қазақтардың өздерінде бірегейлік болмай отыр. Өз дәстүрі мен тілінен, өз мәдениеті мен тарихынан жеритіндер мен шалақазақтардың тұтас бір буыны қалыптасты. Басқа елдің тәжірибесін қайталау, өзге құндылықтарға еліктеу басым болып отыр. Тарихи өзіндік сананың орнына жатқа жалтаңдайтын уланған сана, кеңестік дәуірден қалған жағымпаз санадағы құлдық вирустың қалдықтары сақталып келеді. Әркім, мейлі ол ұлт немесе халық, ақыры соңында жекелеген адам болсын, өзіне тән ерекшеліктерімен (мінез-құлқымен, ділімен және дінімен) дараланбай ма, танылмай ма?! Міне, осының бәрі қазіргі қазақтың дамуына кедергі болып отыр. Яғни қазаққа «мен» дегізерлік өзіне оралу, бірлік пен бірегейлік, имандылық пен салауаттылық жетіспей тұр.

– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Серік ҮСЕНҰЛЫ 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?