Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тұман тайпалары қазған «Тұман» арық

29139
Тұман тайпалары қазған «Тұман» арық - e-history.kz

«Төменарыктың» алғашқы атауы «Туманарық». Арықты қазған Сығанақ қалашығының маңында ХІV-ХV ғғ. макендеген «Тумандар» тайпалары болған.  Орыс зерттеушілері оны «тюмень», ал жергілікті қазақтар «төмен» арық деп атаған.

Қазақ жеріндегі Оңтүстік Қазақстандағы орта ғасырлық қалалардың суландыру жүйесін зерттеу мәселесі археологтардың  күн тәртібіндегі басты проблемасының бірі. Бұл мәселе Кеңес дәуірінің яғни ХХ ғасырдың 70-жылдарында қолға алынған еді. Ол Отырар қаласына археологиялық зерттеу жұмыстарының басталуына байланысты Оңтүстік Қазақстан комплекстік археологиялық экспедициясының құрылуы (ОҚҚАЭ) оның құрамында «Отырар қаласын суландыру жүйесін» тексеру бөлімі құрылым, қаланың сумен қалай қамтамасыз етілуі және оның аумағында егін шаруашылығының қандай дәрежеде болғандығы тексерілген еді. Бұл жұмыс ойдағыдай аяқталып, бөлімнің жетекшісі болған В.А. Грошев өзінің жай ізденушілік жұмысынан бастап, докторлық диссертациялық жұмысына дейін жеткізіп, Отырардың суландыру жүйесінен ғылыми монографияға дейін шығарған [1]. Міне, бұл жағдай ортағасырлық қалалардың суландыру жүйелерінің өз кезінде қандай маңызды ролінің болғандығын көрсетіп отыр. Ал мұны тексерудің бүгінгі күндегі өскелең талапқа да қажеттілігін көрсетуде.

Отырарға қазба жұмысының басталуын алғаш ғылыми жоба жасап оны ұзақ жылдарға бағдарламасын жасаған халқымыздың тұңғыш маман археологы, тарих ғылымдарының докторы К.А. Ақышев еді. Ол өздерінің «Көне Отырар» кітабының кіріспесінде ортағасырлық қалаларды суландырудың барысында, жалпы халқымыздың Оңтүстік аймақта экономикасының, мәдениетінің дамуында Сырдарияның ролінің қандай зор болғандығын, Нил өзенінің Египеттегі ролімен бірдей болғандығын атап өткен [2].

Ғалымның Сырдарияны Нілге теңеуі шын мәнінде оның біздің халқымыздың өсіп дамуына тигізген тарихи маңызының адам айтып жеткізгісіз орасан болғандығын көреміз. Ендігі егемендігін алған еліміз сырдың суын өздерінің игілігіне ойдағыдай жаратады деп сенеміз. Ылайым солай болса екен.

Сырдың суын орта ғасырға дейінгі оның жағалауында өмір сүрген арғы ата-бабаларымыз сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының да өмір сүруіне нәрін берген. Олардың біртіндеп өркендеп орта ғасырлық дәрежеге көтеріліп, бүгінгі халықымыздың халық болып қалыптасуына зор әсерін тигізген. Біз сол ұзақ тарихи жолдардың қалай болғандығын біліп отырсақ, сырдың суын қастерлеп оны жөнсіз ысырапқа ұшыратпай пайдаланамыз.

Сырдың суын оның екі жағасында орналасқан Отырар және оның  серіктес қалалары Алтын төбе, Құйрық төбе, Пышақшы төбе, Ботай төбе, Оқсыз, Абыз төбе сияқты тағы басқа төбе болып қалған қалалар пайдаланса, оның орта және төменгі ағымындағы Сауран, Сығанақ, Женд, Баршынкенд т.б. көптеген қалаларда пайдаланған. Біздің алдымызға қойып отырған мақсатымыз Сығанақ қаласының суландыру жүйесінің қандай дәрежеде дамығандығына  көңіл бөлу болып отыр. Өйткені орта ғасырлық қалалардың ішінде көрнекті қалалардың бірі Сығанақ қаласы болып табылады. Бұл қаланың атақты қалалардың бірі екендігін К.А. Ақышев та айтқан. Оның айтуына бойынша орта ғасырлық  қалалардың ішінде № 1 қала Отырар болса, № 2 қала ол Сығанақ дей келіп, ендігі ұзақ жылдарға зерттеу жұмысын осы қалаға жүргізу керек деп жазады [2, 207-б].

Қалаға 2003 жылдан бастап Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан құрылған Сығанақ археологиялық экспедициясы (САЭ) ғылыми-зерттеу жұмысын бастаған. Ол туралы баспасөз беттерінде ғылыми мақалаларда жарияланған [3].  Жұмыс жалғастырылуда.

Ал біз мақалада қаланың суландуру жүйесіне көңіл бөлуді қарастырып отырмыз. Бұл мәселеге көңіл бөліп отырсақ, әртүрлі пікірлер мен көзқарастар болған тәрізді. Сондықтан оларды дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін жазба деректермен салыстыра отырып оларды далалық зерттеуге дейін қарастыруды жөн көрдік.

Бірінші басты көңіл бөлетін мәселе сығанақ қаласының «Төмен арықтан» алынған суы арқылы суландырғаны туралы ХVІ ғасырдың басындағы жазба деректердегі Мұхаммед Шайбани ханның хатшысы болған Фазлаллах ибн Рузбиханның жазуында кездеседі. Ол Сығанақ қласының тұрған жерінің адам өмір сүруіне лайықтылығын және орта ғасырлық қалалардың ішінде терістік жаққа орналасқан Дешті Қыпшақпен сауда байланысының күшті екендігін, қыпшақтардың астанасы болғандығын айта келіп қалаға және оның аймағындағы егістіктер Сейхуннан (Сырдария) тартылған каналдармен суландырылған (оросительные каналы ее обработанных полей все выведены из реки Сейхун [4]. Бірақта Рузбихан каналдың атын жазбаған, дегенмен сол кезде қаланың және оның аймағындағы егістік жерлер Сырдариядан тартылған каналмен суландырылған. Рузбихан каналдың атына мән бермеген.

Әрине Рузбихан Сейхуннан тартылған арықтың Төмен арық екендігіне көңіл бөлмеген. Бірақта арықтың аты сол кезде белгілі болған, ол яғни «Төмен арық па» жоқ әлде «Тұман арық» болды ма сонда аталғандығына ешбір күмән болуы мүмкін емес. Шамамен сол кезде «Тұман» арық аталған болу керек. Бұлай дейтін себебіміз ХІV ғасырда жазылған жазба деректерде бұл арықтың «Тұман арық» деген хабарды кездестіреміз [5].

Бұл хабарда Әмір Темірдің Сығанақ қаласынының көрнекті ислам дінінің уағыздаушы өкілі Шейх Сирадж-ад-динаға «Тұман арықтың» бойынан бір төбе (участок) жер беруге өкім шығарған.

Бұл мезгілде Сығанақ қаласының Әмір Темірдің қарамағанда болғандығын байқатады. Сонымен қатар бұл кезде Әмір Темір өзіне опасыздық жасаған Тоқтамыс ханды құғындап жүрген. Ол туралы тарихта жеткілікті жазылған.

Екіншіден «Тұман арық» деген сөзді ХІХ ғасырдың аяғына қалада болған Түркістан аймағының өлкетанушысы Е.Т.Смирнов өзінің «Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы ескерткіштері» атты еңбегінде Сығанақ қаласының және оныңғ аумағының Сырдариядан тартылған «Тюмень-арык» арқылы алынатын сумен суландырылғанын жазып қалдырған [6]. 

Смирновтың мақаласын пайдаланып 1899 жылы Перовск уезінің басшысы В.А. Каллаур Сығанақ қаласына біраз зерттеу жұмысын жүргізген. Ол өзінің ғылыми мақаласында Сығанақ қаласының және Асанас т.б. қалалардың топографиялық құрылысы жайлы мәліметтер жариялайды. Ғалымның басты істеген қызметі Сығанақтың жалпы көрініс сызбасын және қаланың шығыс қақпасының алдындығы 120 м жердегі мешітпен сағананың құрылыс жүйесінің жобасын жасаған. Каллаурда Төмен арық туралы хабар береді.

Бірақ ол арықты Арыс өзенінен алған деп қателеседі. Арықты қазуға он мың адам қатынасқан сондықтан Тюмен (Тумен – С. Ж.) арық деп аталған дейді [7].

Түрікше әскери он мыңдық адамды басқару «тумен» деп аталған. Сондықтанда орыс ғалымдары «Тумен» сөзіндегі «у» әрпін «ю» мен шатастырып тюмень деп жазып жүрген. Ал қазірге кезде қазақша «Төмен арық» болып аталып жүр.

Қаллаурдың бұл арықтың Арыс өзенінен тартылған деп айтуына өзінше анқтама береді. Ол кезде Сырдарияның ескі арнасы «Ешкі өлмес» қамалының жанынан Қызыл-құм арқылы аққан дейді. Ол арна бүгінгі күні Өгіз жылғасы деп аталады. Ал ескі арнада көптеген төбе болып жатқан қалалар орналасқан дейді [7, 9-б]. Алайда ғалымдар мұны мақұл көрмейді. Бұл пікір археологиялық жағынан зерттеуді қажет етеді.

Енді бүгінгі «Төмен арық» деп аталып жүрген арықтың Әмір Темірдің «Туман арықтан» берген жер үлесіне байланысты «Туман» деген тайпаның түркі тайпалардың арасында болғандығы олардың осы Сырдың орталық ағысында өмір сүргендіктері туралы пікірге тоқталып өтелік. Өйткені бұл арықты сол тумандықтар қазып солардың атымен аталды ма деген ой туындайды. ХV-ХVІІІ ғғ. Қазақ хандығы жайлы жазба деректерде «тұман» тайпасы туралы үш жерде кездеседі. Бірінші деректе «из группы туман» десе, екінші «из племени тубай туман» Дарвиш-бахадүр қазақтардың Шайбани ханға қарсы тұрушылар болған [5, 16-17-б]. Ал үшінші деректер «из племени людей туман Қылыш-бахадүр» Әбілхайыр ханға қарсы күрестегі тайпалардың қатарында жүрген [5, 97 б]. Деректерге қарағанда уақиға Сығанақ қаласының аумағында болған. Ал орта ғасыр тарихының білікті маманы Т.И. Сұлтановтың хабарына қарағанда Арал бойындағы тайпалардың ішінде Әбілхайыр ханның хан болып көтерілуіне жақтас болған 54-тайпаның тізімінің ішінде 42-ші болып «тубай-туман» тұрса, ал 43-ші тізімде «туман», ал 44-ші тізімде «туман-минг» болып жазылған [8].

Бұған қарағанда «туман» тайпасының үш рудан тұрғанын байқау қиын емес. Бұл тайпалардың барлығы Сығанақтың аймағында болған. «Шайбани хан» шежіресінде, [5, 97-б] Әбілхайыр хан қаза болғаннан кейін тайпалардың ыдырап Қылыш-бахадурдың қазақ хандығы жағына шыққандығын көрсетеді.

Келтіріліп отырған жазба деректерге қарағанда Төмен арық емес тұмандықтар қазған «тұман арығы» болуы әбден ықтимал.

Орыс деректерінде Сығанақ қаласының Сырдарияның бірде сол жағында тұрғандығы көрсетілсе, екінші бір деректе оң жағында екендігі жазылған. Мұның біріншісі ХVІ ғасырдың ортасында жазылған [9], ал екінші деректе қала Сырдың оң жағында тұрғандығын орыстың тұңғыш картографы 1701 жылы Сібірдің сызба кітабына кіргізген. Онда қаланың тұрған жері де көрсетілген [10]. Сондықтан да соңғы кезде қаланың Сырдың сол жағында тұрғандығын кейбір зерттеушілердің қуаттап жүруі шындыққа жанаспайды [11].

Сонымен қатар Асқар Әбдіқадыр «Төменарықтың» атының шығуына өзінше пікірін қосады. Ол бұл арықтың басқа арықтарға қарағанда арықтардың ішіндегі ең үлкені, ең тереңі демек ең төмені де осы арық болғанын тарихи жазбалар жоққа шығармайды, сондықтан бұл арықты қазіргідей «Төменарық» деп атау әбден орынды дейді. Жерімізде қанша жергілікті атаулардың адам танымастай болып өзгеріп кеткендерін қалпына келтіре алмай жүрміз. Сондықтан бұл арық төмен аталуы мүмкін емес, ешбір мағынаны бермейді, бұл «туманның» орысша «тюмень» аталуынан қазақшаға төмен болып алынуы. Сол себепті тарихи жазба деректерді  ескере отырып арықтың ұмытылған тарихи атауы «Туманарық»деп атауымыз керек.

Сығанақ қаласын оңтүстік жағынан су тартылған Туманарық пен суландырса, солтүстік шығыс жағынан Қаратаудан аққан бұлақ суларымен суландырған. Бұл туралыда қаланың қаланың көрнекті діни адамдарына берілген куәліктерде Қаратаудан шығатын Мыңбұлақ, Шолақ, Арыстанды, Қызылтал, Келте шалғия сияқты бұлақтардың суын пайдаланып жер айдап өнім алуға хұқық берілген [5, 313-320-бб]. Және бір ескертілген жағдай олардан ешбір алым-салық алынбауы ескертіліп, той-думан, діни мейрам күндері олардың жақсы дәрежеде күтілуі және ораза, айт күндері сойылып таратылатын малдың жақсы жерлері жамбас, жілік сүйектерін алуы (беру) қажет екендіктеріне толық мүмкіндік берілген. Қаланың «төменарықтан» су алатынын А. Якубовскийде өзінің «Сығанақ қаласының бұзындылары» деген атақты ғылыми еңбегінде [12] ерекше тоқталып кеткен. Қала аймағындағы «Қарлұқ арығы» қазір «Бұлдырық арығы» аталатын арық және Көктас бұлағынан келетін «Меш» арығынан екі жұп жер суымен бірге Сұлтан Һисамиддин әулиетіне тиісті болған. Бұл хабардан қаланың аумағындағы сулы жерлер діни лауазымды адамдарға бөлініп берілген [13].

А.Якубовский жергілікті сунақтармен байланыс жасап, олардан Ескі Төменарықтың станциясынан су шығаратын құдығынан (водокачки) бір шақырым жерден шығып Ақтөбеге дейін жетіп, одан екіге бөлінетінін, бір тармағы Көккесенеге қарай ақса, екіншісі оңтүстік батысқа қарай Сығанаққа бағыт алатынын жазады [12, 158-б]. Ғалым Тұманарықтан басқа қаланың аумағын суландыруға Бозғыл өзектен шығатын екінші бір үлкен арық туралы жергілікті адамдардан біледі. Ол Бозғыл өзек арығының Бозғыл өзек көлінен шығатынын, көлге судың Сыр тасыған кезде құйылып одан арық арқылы қалаға су тартылатынын жазады. Ал көл Төменарық пен Жаңақорғанның арасында Көлден Сығанаққа дейін 30 верст [12, 159-б]. Алайда бұл арықта су тек Сыр тасыған кезде сәуір, мамыр, маусым айларында ғана болады. Жер суландыруға ең қажетті кез. Бұл кезде егіншілер егістіктерін жетілдіріп алады.

Сонымен қорытындылайтын болсақ Сығанақтың суландыру жүйесі Отырар қаласының суландыру жүйесіне қарағанда өте күрделі болған. Себебі Отырар Сыр мен Арыс өзендерінің қиылысында және өте жақын тұрған. Ал Сығанақ Сыр бойынан 20-30 шақырым алыс тұрған. Дегенмен зерттеушілер қаланың Сырдан қашықтығын әрқалай жазады. Бұл археологиялық зерттеу кезінде анықталады. Мұндай қашықтыққа қарамастан сығанақтықтар судың басты қорын Сырдариядан алған. Жазба деректермен ғылыми пікірлерде бұл туралы ойдағыдай пікір тудырмайды. Екінші арықтың Сырдан қашан тартылғандығы туралы ешбір дерек айтылмайды. Бұл мәселеде археологиялық жұмыс жүргізілмей анықталуы мүмкін емес. Ол үшін қаланың алғашқы тұрғындарының өмірі қашан басталды? Мұны анықтасақ, сонда арықтың қашан тартылған кезін шамамен қай мезгілде қазылғанын білуге болады. Бүгінгі таңда сөз болып отырған пікірлер қалаға судың Сырдан тек соңғы ортағасырдың алғашқы кезіндегі (ХІV ғ.) тартылғандығы жайлы ғана сөз болып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Грошев В.А. Ирригация Южного Казахстана в средние века. – А.,1985.

2 Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Древний Отрар. - А., 1972.

3 Жолдасбаев С. Перспективы охраны и изучения средневекового городища Сыганак //Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдараламасы бойынша 2005 жылғы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. – Алматы, 2005. – С. 254-257.

4 Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман наме ий Бухара. Перевод, предисловие и примечания Р.П.Джалиловой. Под ред. А.К.Арендса. – М., 1976. 116 с.

5 Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІІ веков. - А.,1969. 317 с.

6 Смирнов Е.Т. Древности на среднем и нижнем течении р.Сырдарьи //Протоколы Турк.кружка любит.археологии, 1897 (1896-1897), 2 протокол от 17.ІІ.1897, 1-14-бб.

7 Каллаур В.А. Древние города Саганак (Сунак), Ашнас или Эшнас (Асанас) в Перовском уезде, разрушенные Чингиз ханом в 1219г// Протоколы Турк.кружка любит.археологии, 1900 (1899-1900), 5, протокол №1 от 7.ІІ.1900, 9-11-бб

8 Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в ХV-ХVІІІвв. М.,1982, 15-16-бб.

9 Книга Большому Чертежу (Памятник 17в). Подготовлен к печати и ред. К.Н.Сербиной. - М.-Л.,1950. - 229 с.

10 Чертежная книга Сибири, составленная тобольским сыном боярским Семеном Ремезовым в 1710г. - СПб.,1882.

11 Әбдіқадыр Асқар. Төменарық атауы қайдан шыққан //Сыр бойы. – 2002-9 мамыр.

12 Якубовский А.Ю. Развалины Сыганака (Сугнака). Сообщения ГАИМК, 1926. –Вып. 2. – С. 123-159.

13 Шахизында Қарақожаұлы. Сунак ата «Һисамиддин). - Астана, «Нұржол», 2003. 67-б.

Түйін

Мақала ортағасырлық Сығанақ қаласының суландыру тарихына арналған. Деректердегі кездесетін көзқарастары саралау, авторға кейбір арықтардың атауын анықтауға мүмкіндік берді. «Тюменарык» атауының Тюмень де, тумень не, немесе қазақша төмен де емес екендігі анықталынды. Оның алғашқы атауы «Туманарық». Арықты қазған Сығанақ қалашығының маңында ХІV-ХV ғғ. макендеген «Тумандар» тайпалары болған. Сондықтан да арық «Туман арық» деген атауға ие болған. Орыс зерттеушілері оны «тюмень» деп атаса, ал жергілікті қазақтар «төмен» арық деп атаған.

Резюме

Статья посвящена истории орошения средневекового городища Сыганак. Анализ имеющихся в источниках мнений позволил автору установить исконное название некоторых арыков. Выяснилось, что название «Тюменарык», оказывается было не Тюмень и не тумень, и не төмен (на казахском языке). Его первоначальное название было «Туманарык», т.к. в те времена, примерно в ХІV-ХV вв, вокруг городища Сыгнак жило племя «Туманцы», которые копали арык. Поэтому этот арык и получил свое название «Туман арык». Русские исследователи называли его «тюмень», а местные казахи «төмен» арыком.

Summary

This article is devoted to the history of medieval hillfort Syganak irrigation. An analysis of the available sources of opinions allowed the author to name some of the irrigation ditches. It turned out that the name " Tumanaryk", is it not, nor tumen′, Tyumen and tômen (in Kazakh). Its original name was "Tumanaryk", because in those days, some ХІV-ХV centuries, around the site of the Tumancy tribe lived Syganak, who dug aryk. Therefore the aryk and got its name "Fog aryk". Russian explorers called it "Tyumen", while the local Kazakhs "tômen" arykom.

                                                                                                                             ЖОЛДАСБАЕВ С.,

                                                                                                      Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Археология                                                                                                                ғылыми-зерттеу орталығының директоры,                                                                                                             т. ғ. д., профессор


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?