Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлы істердің бастауы

28805

халык

Бүгінгі таңда еліміздің тарихын тәуелсіздік талаптарына сәйкес, жаңа заман биігінде қайта қарастыру қажеттілігі туып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тарих – кім-кімнен де жоғары ұғым», деген ойын Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин 5 маусымдағы кеңейтілген мәжі­лісте: «Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға тиіс. Біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығаруымыз керек. Осы тұжырымдама бүкіләлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиіс», деген пайымдарымен жалғастырып, жедел іске кірісу қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды тапсырды. Мұнда Қазақстан тарихнамасының әдістемелік-методологиялық негізін жасау, тарих ғылымын әлемдік тарихпен сабақтастыру, жаһан­­­дық үрдістердегі Қазақстанның орнын нақты көрсе­ту, мемлекетаралық байланыс жүйесі мен дәуір­леу проблемасы, сондай-ақ, мемлекеттілік, номадизм, дінтану және жалпы тарихи мұралардың жиын­ты­ғынан жауһар іздеу борышы бой көрсетеді. Яғни, Мемлекеттік хатшының: «Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлт­тық тарихтан басталады», – деуі тарихшыларды жаңа арнада кешенді зерттеулер жүргізуге міндеттейді.

Айта кету керек, отандық тарих ғылымының басты мәселесі – жинақталған білімнің фрагментарлығы болып табылады. Сондықтан, тарихшылар алдындағы басты міндет ұлттық тарихымыздың толыққанды бейнесін жасау болып отыр. Ал, ұлттық идеялар мен этникалық ұқсастықтың даму жағдайы мемлекеттігіміздің даму ырғағы мен тарихын зерттеу­де терең, жан-жақты, саудаға салынбаған абстрактылы және қарапайым қадамдарды қолдануды қажет етеді. Бұл орайда, Мемлекеттік хатшының қазақ халқының этногенезінің өзі ұлттық тарихқа жаңаша көзқарас қосатынын айтуы орынды деп білеміз.

Қазіргі таңда, Қазақстанда этностық өзіндік танымды көкейкестілендіру бір мезетте толерант­тылықты дамытудағы мәдени интеграциялар идеясымен байланыста тарихты зерттеудің аса маңызды және қажетті бағыты болып табылады. Сонымен қатар, ғылыми қауымдастыққа ұлтаралық және конфессияаралық диалогтарға, діни жағдайларға, діни факторлардың қоғамға тигізетін әсерлі тетіктерін іздестіруге үлкен назар аудару қажеттігі көрінуде. Бұл мәселелер де аралас салалардың кең спектрін біріктіруге келіп тіреледі.

Оқулықтар ой ашар дәрежеде болуға тиісті. Қазір­гі оқулықтарымыз баяу болса да этноцентризм мен еуро­центризм қағидаларынан арылып келеді. Са­па­лы оқулық үнемі ізденісті қажет етеді. Осыған орай, орта мектептер мен ЖОО-да тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мем­­лекеттік стандартын жасау талаптары көңілден шығады.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін отандық тарихты шынайы да жан-жақты зерттеу ісінде сала мамандары алдынан үлкен мүмкіндіктер ашылды. Президенттің тікелей араласуымен «Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы», «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына» бағдарламалары қабылданды. Нәтижесінде, бұрын жарияланбаған талай мұрағаттық материалдар, Шығыс қолжазбалары табылды. Шетелдік кітапханалар мен музейлерде, мұрағаттарда сақталған жазба деректерге кешенді зерттеулер жүргізілді, ғылыми аудармалар мен сараптамалар жасалды. Мысалы, Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатынан табылған құнды құжаттар қазақ хандарының кеңсесі және дипломатиялық байланыстары болғанын, елші алмастырып отырғандарын дәлелдеп берді.

Тағы бір мысал, швейцариялық саяхатшы Анри Мозердің (1844-1923) архивінен табылған Шығыс жазбалары, фотосуреттер, этнографиялық және нумизматикалық артефактілер қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуге ғана емес, Қазақстанның Орталық Азиямен, Ресей, Қытай, Иран және Үндістан елдерімен өзара қарым-қатынасы болғанын нақты деректермен дәйектей алатындығымен құнды.

Өлкетану – ортақ тарихымыздың қымбат қазына­сы. Қазақ елінің түйінді мәселелері шешілген, Абы­лайдың ақ ордасы қонған Ақмола-Көкшетаудай тәлім ортасының тағылымын жете зерттемейінше, қазір­гі Қазақстанның толық тарихын жасау мүмкін емес. Солтүстік өңір, оның ХХ ғасырдағы болмысы қазақ халқының тарихына, аумақтық тұтастығын қалып­тастыруға қатысты оқиғаларда көрнекті орын алады. Оған дәлел, өткен ғасырдың 50-60-жылдарындағы ел тұтастығын қорғаудағы ақмолалық қоғам қайраткерлерінің іс-әрекеті, осы мәселеге қатысты 1979 жылғы жастар қозғалысы, алмағайып кезең болған 90-жылдардағы қазақ халқының ұлттық-мемлекеттік санасының өсуі дер едік.

Солтүстік өңір тарихы, әсіресе, ХІХ-ХХ ғасыр тарихы жаңа пайымдауларды қажет етеді, өйткені, бұл өңірде Ресей империясының отарлау кезеңдеріне қатысты мәселелердің кейбір қырлары әлі де толықтай ашылған жоқ. Мысалы, тың игеруге байланысты біздің өңірде орын алған полиэтностық үрдістерге тиісті талдаулар жасалынбай келеді. Кезінде, жоғарыда аталған мәселелер жөнінде жергілікті тарихшы-ғалымдардың, соның ішінде университетіміздің профессоры Кәдіржан Әбуовтің зерттеу мақалалары облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрді. Кейін бұл жұмыстар бірқатар қиындықтарға байланысты жалғасын таппай қалды. Оның үстіне, күн тәртібінде өткір тұрған діни конфессиялар қызметі, оралман ағайындардың қоғам өміріне әлеуметтік-мәдени кірігуі, тағы басқа оқиғалар қажетті деңгейде зерттелмей, тарихи тұрғыдан бағаланбауда.

Ұлттық тарихты өзінің деңгейіне көтеру үшін, тарихты ұлттық сананы, ұлттық танымды қайта қалыптастыру құралына айналдыратын болсақ, өлке, аймақ, жергілікті тарихи тұлғалар тағылымына жете назар аударуымыз керек. Өйткені, мәдени-рухани саладағы шешілмей жатқан көптеген түйіндердің түп-тамырлары осы кезеңдерде жатқандығы күмәнсіз.

Қазіргі таңда ғылымды бір орталықта ғана дамыту ешқандай нәтиже бермейтіні анық. Әсіресе, өлке тарихын жергілікті тарихшы-ғалымдар зерттесе, ұтарымыз көбейеді. Бұл орайда, Павлодар мемлекеттік университетінің, Семей, Шығыс және Батыс Қазақстан тарихшы-ғалымдарының еңбегі үлгі тұтарлықтай. Көкшетау мемлекеттік университетінің ізденістері де назар саларлықтай дегім келеді. Тарих факультеті қайтадан ашылған бертінгі жылдары салмақты монографиялық зерттеу­лер, оқу және оқу-әдістемелік құралдар, қазақ, орыс тілдеріндегі Ақмола облысының энциклопедиясы, орыс тіліндегі Шоқан Уәлиханов энциклопедиясы (қазақ тіліндегісі жуық арада қолға тимек) жарық көріп, электронды дәрістердің ықпалы арта түсуде. Осы орайда, Ақмола облысының әкімдігі өлке тарихына, тарихи тұлғаларға арналған зерттеулерді, атап айтқанда, Ақмола облысының энциклопедиясын, ұлы бабамыз Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына арналып дайындалып жатқан энциклопе­дия­ны қаржыландырып, ғалымдарымызды марапат-сыйлықтан шет қалдырмайтынын айту қажет. Факультет жанынан аймақтық зерттеу институты құрылып, облыстық мұрағатта тарих кафедрасының филиалы жұмыс істейді.

Бүгінгідей мемлекет құрудың жаңа белесіне көтерілген уақытта, Елбасы: «Бүкілқазақтандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс», деп баса атап көрсетіп отырған тұста ірі концептуалдық тұжырымдаманың негізі қаланды. Баршамыздың шабыттана, шаттана жұмыс істейтін күніміз туды. Тарих – жетістіктерімен ғана емес, қатал сабақтарымен зерделеніп, үнемі жаңғырып отыруға тиісті кезеңдер мен дәуірлер тізбесі. Тарихи сананы қалыптастыратын да тарихтың өзі. Ұлттық тарихымыз – ұлттық мақтанышты күшейтудің, отаншылдықты, елжандылықты арттырудың қуатты тетігі. Ал, отаншылдық сезім ұлы істердің бастауы екендігі талассыз. Тарихшылардың уақыт жүктеген тапсырмасы да осы. Бұл жаңа толқынға айрықша қаратып айтылған сөз екендігі де даусыз.

Ақбота БЕКСЕЙІТОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік

университеті тарих факультетінің деканы,

профессор.

КӨКШЕТАУ.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?