Лондондағы осы сөзінен кейін, бір аптадан соң, Н.Назарбаев Мәскеу мемлекеттік
университетінің мінберінен Еуразиялық одаққа бірігу қажеттігін мәлімдейді және
Достастықтың зиялы элитасын, ТМД құрылғаннан кейінгі екі жылда бір орында
табандап қалған, көпқырлы ықпалдастыққа тың серпін беруге шақырады.
Арада алты жыл өткен соң, 2000 жылдың 10 қазанында, Қазақстан, Ресей, Беларусь,
Қырғызстан мен Тәжікстан Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құрды. Кейін бұл
идея Кедендік одақта да, Еуразиялық экономикалық одақта да әрі қарай
дамыды.