БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ – БЕЙБІТШІЛІКТІ ҚАСТЕРЛЕЙ БІЛДІК

ҚОҒАМ МЕН САЯСАТ: ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЖОЛЫНДА

I БӨЛІМ. 4.БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ – БЕЙБІТШІЛІКТІ ҚАСТЕРЛЕЙ БІЛДІК

Ұлтаралық келісімнің дара үлгісінің қалыптасуы. Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылуы



нұрсұлтан назарбаев

КСРО ыдыраған алмағайып кезеңде Қазақстан өзінің ішкі саясатының – бейбітшілік, келісім және бірлік – деген негізгі үш принципін қалыптастырды. Қазір айтуға жеңіл болғанмен, сол күрделі кезеңде оны жүзеге асыру әлдеқайда қиын болатын.


Алайда нәтиже көзге ұрып тұр: Қазақстан 126 ұлт өкілінің берекелі ортақ шаңырағына, туған Отанына айналды.


1991–1995 ЖЫЛДАРЫ

Әділет министрлігі азаматтық қоғамды дамытуға ықпал ететін 500-ден астам қоғамдық ұйымды тіркеді.

Саяси партиялар, бұқаралық қозғалыстар, кәсіптік одақтар, әйелдер, ардагерлер ұйымдары, мүгедектер ұйымдары, жастар мен балалардың бірлестіктері, ғылыми, техникалық, мәдени-ағартушылық, мәдени-спорттық және басқа да ерікті қоғамдар, шығармашылық одақтар, қоғамдастықтар мен азаматтық қоғамның басқа да институттары қоғамдық бірлестіктерге жатқызылды.


1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы көші-қон ағысының күшеюі барлық жаңа тәуелсіз мемлекеттерге ортақ құбылыс болды.

1990 жылдардың бірінші жартысындағы Қазақстаннан жаппай көшудің сан алуан факторлары бар еді.

Көптеген адамдар тарихи Отанына - Ресей, Украина мен Беларусь, Германияға және басқа да елдерге оралуға тырысты. Еліміздің тұрғындар саны айтарлықтай азайып, ауылдар мен моноқалалар қаңырап қалды. Осының бәрі Қазақстанның адами және экономикалық әлеуетін әлсіретіп, оның болашағына қатер төндірді.

Ол кездегі қазақстандық көші-қон әртүрлі бағытта болды.

Елден көптеген тұрғындар үдере көшіп жатқанда шетелдерде тұратын қазақтар, керісінше, тарихи отанына орала бастады. Шетелдегі қазақ диаспораларының сан мыңдаған өкілдері елдегі экономикалық дағдарыс пен тұрмыстың төмендігіне қарамастан, тәуелсіз Қазақстанға ағыла бастады. Олардың арасында белгілі ғалымдар, жазушылар, әртістер, суретшілер, қоғам қайраткерлері бар еді. Тек қана стихиялы емес, сондай-ақ тәртіппен жүргізілген бұл үдеріс ел үшін ауыр соққан көші-қон зардаптарының орнын толтыра алатыны белгілі болды.

Қазақстан мемлекеттік репатриация саясатын жалғасты түрде жүргізген әлемдегі санаулы елдердің біріне айналды.

Стратегия-92-де кезінде Қазақстаннан амалсыз көшіп кетуге мәжбүр болған қандастарымыздың тарихи отанына оралуына жағдай жасау туралы айтылған еді. 1992 жылдың 26 маусымында қабылданған «Иммиграция туралы» заң тарихи отанына оралғандарға репатриант мәртебесін беретін. Билік өз шешімі арқылы олардың орналасуына тиісті аймақтарды бөліп, материалдық-қаржылық көмек жасады. 1991–1994 жылдар аралығында Қазақстанға 122 мың қазақ, оның ішінде бұрынғы одақтас республикалардан – 57 мың, Моңғолиядан – 21 мың , Ираннан – 3,7 мың, Түркиядан - 1,9 мың адам қоныс аударды. Қазақтардың атамекеніне бет алған тарихи көшін біз бейнелі түрде «Нұрлы көш» деп атадық.