Торжество исторической справедливости

Тәуелсіздікті жариялау және егемен мемлекет құру стратегиясы

I бөлім. 1.ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІК САЛТАНАТЫ

Күні батқан КСРО және Қазақстан



1980-ші жылдардың соңы мен 1990-шы жылдардың басында КСРО аса қиын жүйелік дағдарыстарды бастан кешіп жатты. Мемлекеттің соңғы басшысы, қайта құрудың сәулетшісі Михаил Горбачевқа мұраға қалған көнерген және қабілетсіз кеңестік мемлекеттік машина сыр бере бастаған еді. КСРО ауыр да жүйелі дағдарысты бастан кешіп жатты. Негізінен ол жаңа билік шамасы жетпеген бағзы ішкі проблемалардан туындады, ал қолайсыз сыртқы факторлар бұл құбылысты күшейте түсті.

Өнеркәсіп өндірісі күрт қысқарып, ұзаққа созылған шахтерлер ереуілінен кейін көмір өндіру айтарлықтай азайып, елдегі мұнай өндірісі апатты деңгейге дейін төмендеді.



Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының арзандауы экономикалық ахуалды одан әрі қиындата түсті. 1990 жылы төлем балансының керіс сальдосы 17 миллиард доллардан асты. Елдің валюта резерві сарқылып, ол шетелдік несиелер есебінен ғана өмір сүріп жатты. Шетелдік әріптестер кеңес басшылығына өтелмеген борыштары туралы жиі ескерте бастаған, сондай-ақ әлемде Кеңес Одағының көп ұзамай банкротқа ұшырайтынына сенімділердің қатары да көбейе түскен кез еді.

Мемлекет бюджет тапшылығын жабу үшін баспа станогын бар қуатымен іске қосуға мәжбүр болды және сол арқылы айналымдағы қаржы массасын көбейтіп, ақыры оны бақылай алмай қалды.

РУБЛЬ ҚҰНСЫЗДАНЫП, ДҮКЕН СӨРЕЛЕРІ БОС ЖАТТЫ, КӨПТЕГЕН АЙМАҚТАРДА НЕГІЗГІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАЛОНМЕН БЕРІЛЕ БАСТАДЫ, АЛАЙДА ҰЗЫН-СОНАР АЗЫҚ-ТҮЛІК КЕЗЕГІНЕН ОЛ ДА ҚҰТҚАРА АЛМАЙТЫН. АЛЫП ЕЛГЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚАТЕРІ ТӨНДІ.

Осының бәрі – әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеліп соқты. Оның үстіне құйылған заңсыз қаржы ағымымен күшейген көлеңкелі экономика жаңадан пайда болған бизнесті тұншықтыруға ұмтылған ұйымдасқан қылмыс қатарын көбейте түскен еді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕРБЕСТІККЕ ЖЕТУІН МАҚСАТ ЕТЕ ОТЫРЫП, НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ КСРО-ДАН БӨЛІНУГЕ АСЫҚПАДЫ ӘРІ ОДАҚТАС РЕСПУБЛИКАЛАР АРАСЫНДА ОНДАҒАН ЖЫЛДАР БОЙЫ ҚАЛЫПТАСҚАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТЫ БІРДЕН ҮЗУ ЖОСПАРЫНА ҚАРСЫ ӘРЕКЕТ ЖАСАДЫ.

Энергожүйелер, темір және автомобиль жолдарының тораптары, алып Одақтың әр қиырындағы бір-біріне тәуелді кәсіпорындар – осының бәрінің кеңес үкіметі жылдарында өзара байланғаны соншалық, олардың қатынасын бірден үзудің зардабы орасан болар еді. Оның үстіне бірде-бір республика қысқа мерзімнің ішінде өзінің әскери қауіпсіздігі мәселесін шеше алмайтын.

«Жаңа Одақтық келісімнің жобасын қолдағанда мен осындай дәйектерді басшылыққа алдым. Жоба қабылданған жағдайда, КСРО – Тәуелсіз Мемлекеттер Одағы (ТМО) болып қайта құрылар еді. Бұрынғы кеңестік республикалар экономикалық дербестікке қол жеткізіп, өздерінің саяси өкілеттілігін айтарлықтай кеңейтетін, ал жалпыодақтық орталық бірыңғай сыртқы саясат пен ортақ қауіпсіздікке жауап беретін еді», - Нұрсұлтан Назарбаев