«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жошы ұлысы һәм Қыпшақ мемлекеті

3320 0
Жошы ұлысы һәм Қыпшақ мемлекеті
Жошы ұлысы немесе Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жеткен

Ұлытау – қазақ үшін айрықша қасиетке ие, құтты мекен. Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен немесе суының молдығынан емес, ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан «Ұлытау» атанған киелі мекен.  Дәл осы жерде болашақ қазақ мемлекетінің негізі қаланды. Сол қазақ мемлекетін бұрын соңды болмаған деңгейге көтерген айбарлы Абы­лай да осы топырақта ақ киізге отырып үш жүздің ханы болды Сол секілді қазақтың хандық дәстүрінің соңғы буыны Кенесарының салтанаты түрде тәж кию салтанаты өткен жер де осы қасиетті Ұлытау даласы еді.  

Бұл жерде барлық қазақ хандарының атасы саналатын Жошы ханның және аты алғашқы түркі тайпаларының басын қосып ел еткен Алаша ханның мазары бар. Едіге мен Тоқтамыс ханның зираты жатыр. Рас болса, Ахназар ханның жатқан жері де осында. Домбауыл, Хан ордасы, Алтыншоқы, Басқамыр, Аяққамыр, Болғанана, Теректі әулие және Ерден мазары бар. Ұлытау ауданы бойынша 680 тарихи-археологиялық және архитектуралық ескерткіштер орналасқан. Яғни Ұлытау еуразия төріндегі ең маңызды оқиғалар болған тарихи орын.

Жошы ұлысы – қазақ хандығы һәм қыпшақ мемлекеті

Жошы ұлысы – дүниенің төрт бұрышына билігін жүргізген Шыңғыс ханның өз иелігіндегі жерлерін төрт ұлына бөліп бергенде Жошының үлесіне тиген аса үлкен территориялық аумақ. Зерттеушілердің айтуынша,  Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 пайызы кірген екен. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген. Осылайша, Жошы ұлысы немесе Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жеткен.

Қыпшақ даласында құрылған Жошы ұлысы кейіннен Алтын Ордаға айналды. Оның дәуірі шамамен екі жарым ғасырға созылды. Яғни Жошы әкесі Шыңғыс хан секілді әлем тархында 250 жылдық тарихы бар Алтын Орда атты ұлы империяның негізін қалап кетті. Жошы қыпшақ даласына келіп өз ұлысын құрғанымен моңғолдық дәстүрден жүрген жоқ. Жергілікті қыпшақ халықтарының ділі мен дініне еркіндік берді. Көп ұзамай Жошының ұрпағы жергілікті ха­лықтың салт-дәстүрі мен тұр­мысына қарай икемделіп, бір жолата сіңісіп кетті. Белгілі тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлының еңбектеріне сенсек: олар үшінші ұрпағынан бастап қазаққа айналған: «Яғни, сол кездің өзінде мұсылмандықты қа­был­дап, қыпшақ тілінде сөйлеуге көшкен» деп жазады ол.

Жошы – аз ғұмырына қарамастан 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалды бағындырған әйгілі қолбасшы, әрі батыр. Сан елдерді бағындырған әскери стратег, ірі тактик. Ол алғаш 1207 жылы Орман жұртын қан төгіссіз бағындырды. 1211-1216 жылдары Алтын еліне қарсы, 1219-1224 жылдары Хорезм жорығына қатысып Сыр бойындағы 26 ірі қала, қамалды басып алды. 1223-1224 жылдары Самарқан, Үргеніш үшін болған ірі шайқастарға қатысты. Соғыстан кейін әкесінің ұсынысымен Қыпшақ даласын үлесіне алып, осында өз ұлысын құрды. Бұл тарихта «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ хандығы» деп аталады.

Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетті. Алтын Орда Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары болып бөлініп кетеді. Хорезм Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кірді. 

 

Жошы хан дүниеден өткеннен кейін оның ізін екінші ұлы Бату хан жалғастырды. Осы кезеңнен бастап Жошы ұлысы тарихта Алтын орда деген атаумен жазыла бастады. Алтын Орда деген атаумен тарихта қалған ұлы империяның алғашқы билеушісі әрі иісі қазақ хандарының атасы (қазақтың хан ұр­пақтары­ның барлығы да Жошы әулетінен тарайды) Жошы 46 жасында дүние­ден өткен. Мазары Жезқазған қаласы­нан 45 шақырым жердегі Кеңгір өзенінің сол жағалауында жатыр.

Алтын орда атауы қайдан шықты?

Алтын орда деген деген атау ресми атау болмаса керек. Тарихшылардың пайымынша, Жошы ұлысы о баста "Ұлық ұлыс" деп аталған. Бату ханның болашақ астанасының орнын белгілеу үшін алтын түсті шатырлар құрғызғанға ұқсайды. Яғни, «Алтын Орда» сөзі алтын түсті орда немесе патша сарайынан шыққан. Ал моңғол деректерінде бұл атау Шыңғыс хан билеген төрт тараптың белгі түсіне байланысты қойылған делінеді. Яғни солтүстік тараптың түсі - қара, шығыс - көк, оңтүстік - қызыл, батыс - ақ, ал сары түс - орталықтың түсі болған. Тарихшы Жақсылық Сәбитов те Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деген атаулар - ешқандай да мемлекеттің аттары емес екенін айтады: «Ол Жошы ұлысын басқарған хандардың әр кездегі резиденцияларының түсі, атауы. Хан егер астанада болса, дипломаттарды, әмір-кінәздерді алтын киіз үйде қабылдаған. Сол резиденциясын «Алтын Орда» дескен. Ал жазғы жайлауда болса, ақ шатырда қарсы алған. Ханның бұл ставкасы «Ақ Орда" аталған», - дейді тарихшы. 

Этникалық құрамы

Алтын Орда халқының басым бөлігі жоғарыда айтып өткеніміздей түркі тайпалары (негізінен қыпшақтар) болған. Егіншілік пен қалалық мәдениетке жақын аумақтарында Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрса, далалық яғн көшпелі өмірге ыңғайлы өңірлерінде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей тағы да басқа тайпалар мекендеген. Сол секілді монғол тайпалары да аз болмаған. Бұлардың барлығы да  жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кеткен. Хандық халқы алғашқы кезеңде қыпшақ, моңғол тілінде сөйлесе, кейіннен ескі татар тілінде қарым-қатынас құрған деген деректер бар.

Зерттеулер не дейді?

Рас, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы негізін салған Алтын орданың тікелей мұрагері – қазақ деген пікірді растайтын деректер өте көп. Жошы мазыран ұлысқа қарасты 26 тайпаның таңбалары табылды. Ғалымдардың барлығы да осы 26 таңбаның түгелі бүгінгі қазақ руларына тиесілі белгілер екенін айтады. Әрі олардың ішінде қазіргі моңғол ұлтына жататын рулардың бірде-біреуі­нің белгісі кездеспейді. Керек болса, археологиялық қазба жұмыстары мен генетикалық зерттеу жұмыстары да осы пікірді толықтай қуаттап отыр: Ресейлік антрополог Л.Т. Яблонский 30 жыл бойы Алтын Орданың көшпенділерінің бассүйегін, қаңқасын зерттей келе, ортағасырларда өмір сүрген алтынордалықтардың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасаған. Сондай-ақ палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі де Алтын Орда аристократтарына гендік, қандық тұрғыдан тағы да қазақтар ғана жақын" деген естелігі тағы бар. Баязит Юнусбаев,  Оразақ Смағұлов бастаған генетик ғалымдар қазақтарда бар антрополиялық типтің ХІІІ ғасырда қалыптасқанын айтып та, жазып да дәлелдеп келеді. О. Смағұловтың айтуынша, қазақтарға тән генетикалық коктейль XIII ғасырда екі популяцияның – жергілікті түркі-қыпшақ және шығыс Азиядан келген моңғол түрік популяциясының  араласуынан пайда болған. Сол секілді қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» деген деректерді Шоқан Уәлихановтың естеліктерінен де кездестіруге болады. Яғни бұл бүгін ғана белгілі болып отырған әңгіме емес деген сөз. Яғни, кешегі Алтын Орданың бүгінгі мұрагері татар да емес, басқа да емес – қазақ қана деген сөз. Әрі бұл толықтай дәлелденген, талас тудырмайтын ақиқат.

Жошы хан қай жылы туған?

Бір қызығы, сол Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның өмірге келген уақыты әлі нақты емес. Ресми деректерде Жошының 1187-1127 жылдары аралығында өмір сүргені айтылады. Тағы бір деректерде 1181 жылы туған деп көрсетіледі. Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, моңғолтанушы Зардыхан Қинаятұлының зерттеулерінде Жошының 1179 жылы туғаны айтылады. Әрі бұл пікірін нақты деректермен дәлелдеуге тырысқан. «Мен зерттеуші ретінде осы мәселе төңірегінде көп іздендім. Жошының туған жылын айғақтай алатын нақты дерек қалдырған жалғыз еңбек – Саган Сэцэннің 1663 жылы жазылған «Эрдэнийн товч» (Асыл түйін) тарихы. Автор онда «Тэмужин сарғыш ит жылы (1178) 17 жасында Бөртемен бас қосқан екен» деп жазыпты. Тэмужин Бөртенің төркінінен келген қара бұлғын ішікті кереит Тоғорылдың иығына жапқан оқиғасы да, Бөртеден айрылып қалғаны да осы 1178 жыл. Тэмужин Бөртені құтқаруға көмектесуін сұрап Тоғорылға барғанында «Былтыр менің иығыма қара бұлғын ішігіңді әкеліп жапқаныңда ішігіңнің қарымтасына бытыраған жұртыңды біріктіріп берейін дегенім бар еді. Сол айтқаным айтқан» деп Жамуха досына елші жіберіп, дереу қол жинап аттанғанына қарағанда, Тоғорыл-Жамуха-Тэмужин үштік одағы Бөртені құтқару үшін меркітті шапқан әйгілі Бугур кегер оқиғасы 1179 жылы болған. Шайқас күздің ортаңғы айында өткен. Күздің орта айы дегеніміз – қазан. Ал Тэмужин соғыс алаңында Бөртені «айдың жарығынан танығанына» қарағанда бұл қазан айының орта шені болмақ. Бөрте осы жолы жау қолынан құтқарылып, ауылына қайтып келе жатқан жолында Жошыны дүниеге әкелді. Бұл – 1179 жылдың қазан айы» деп жазады  өзінің «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» деп аталатын монографиялық еңбегінде.

Жалпы тарихи деректерде Жошы ханның туған жылы ғана емес өмір жолы туралы да деректер өте аз. Тек Қадырғали Жалайыр секілді ортағасырлық бірлі-жарым тарихшылардың еңбектері болмаса Жошы туралы еңбек жоққа тән. Кейін Шоқан Уәлиханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдардың жаңаша зерттеу еңбектерінде ғана біраз дүние жазылып қалған. Алайда бұлардың барлығы да Жошының туған жылын көп қаузамаған. «Оның да өзіндік себебі бар» дейді З. Қинаятұлы. Шыңғыс хан, қаған інілері Өгөдей, Мөңке, Құбылай, өзінің әйгілі ұлы Баты ханмен салыстырғанда Жошы жайлы жазылған материалдар тым көп емес. Себебі Моңғолдар Жошыны жаттан туылған деп есептеген. Ғалым осы себепті Жошы туралы өз заманында аса көп жазылмаған дейді. «Жошы Құбылай сияқты Қытайды, Баты хан сияқты Еуразия державасын билеген жоқ. Оның аз жылдық ғұмыры Қыпшақ (қазақ) даласында өтті. Әмір Темір, Шахрух туралы Мауереннахрлықтар, Баты хан туралы орыстар жазғаны сияқты Жошы жайлы әуелі біздің қазақтар жазуы тиіс еді. Өкінішке қарай, ешкім жазбады. Тек бұл тақырыпқа Татарстандағы қазандық тарихшылар ғана назар аударып жатыр» деп кейістік білдіргені бар.

Құпиясы көп қаза

Айтпақшы, Жошының өлімі де құпия. Бүгінде көптеген зерттеушілер неміс бароны, тарихшы Тизенгаузеннің «Жошы хан әкесінен тура 6 ай бұрын 1227 жылдың 19 ақпаны мен 20 наурызы арасында мерт болды» деген дерегін негіз етіп жатады. Сонымен қатар, тарихшылардың көбі оны қастандықпен өлтірілген деп біледі. Солай жазып та жүр. Зардыхан Қинаятұлының айтуынша, бұл да жаңсақ пікір. Шыңғысханға Жошы өлді деген суық хабар 1225 жылы жеткен. Бұл кез Шыңғыстың Си Ся жорығына дайындалып жатқан сәті болса керек. Ғалымның есебінше, бұл 1225 жылдың күз айында болған оқиға. Өйткені, Шыңғыс хан Си Ся жорығына 1226 жылдың күз айы аттанған. «Осындай нақты деректерге сүйенген Джамал Карши, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген моңғол тарихшысы Гомбожав және басқадай көптеген ғалымдар Жошы 1225 жылы күзде 46 жасында дүниеден өтті деген қорытындыға келген. Біздің ойымызша бұл бірден-бір дұрыс есеп», – дейді ол.

Жошы хан кесенесінде кім жерленген

Бір қызығы, З. Қинаятұлы өмірінің соңына дейін Жошының Ұлытаудағы мазарға жерленбегенін айтып өтті. Қазақ тілді БАҚ құралдарының біріне берген сұқбаттарының бірінде Жошының мазарына қатысты былай жауап берген екен: «Жошының қазақ топырағында жерленгендігінде сөз жоқ. Мазарға келсек, ол Жошы ханға арналып тұрғызылғанына біз күмән келтірмейміз. Бірақ онда Жошы ханның сүйегі жоқ. Біріншіден, қағанның өзі және ұрпақтары о дүниеде де жауының көзіне түсіп қалмас үшін барлығы мұқият жасырын болсын деген Шыңғыс ханның өз өсиеті бар. Жошы өлгенде қаған тірі болатын. Әкесінің көзі тірісінде Жошы ханға мазар тұрғызылуы мүмкін емес. Тіптен атасынан 19-20 жыл кейін дүние салған кіші держава билеушісі Баты ханның өзі қайда жерленгені қазірге дейін белгісіз. Екіншіден, мазардан 1946 жылы Марғұландар тапқан сүйек 70-72 жас шамасындағы ер адамға тән. Ал Жошы 46 жасында о дүниелік болған. Үшіншіден, мазардың жер асты және жер үсті архитектуралық конструкциясы, қолданған құрылыс материалы ХV-ХVІ ғасырларға жатады. Сондықтан В. Бартольд айтқандай мазарды Жошының мұсылманданған хан ұрпақтарының бейітсіз қалған хан бабасына (Жошыға) арнап кейінірек тұрғызылған болуы әбден мүмкін». 

Тағы бір айта кетерлігі, Әлкей Марғұланның еңбегімен жақсы таныс зерттеушілер қабірде қазба барысында орта жастағы ер адамның табылғанын айтады. Айтуларынша, кесененің ішіне қазба жұмысын жүргізгенде екі қа­бір анықталыпты. Олардың бірінен табылған шегеленген табыттан үстің­гі жақ сүйегі жоқ адамның бас сүйегі шыққан. Әрі қолсыз жерленген. Көне аңыздарда Жошы хан қабірге бір қолсыз жерленген десе, келесі аңызда бұл кесенеде Жошының тек бір қолы немесе «Жошы ханның шынашағы» қо­йыл­ған деген мәліметтер айтылады. Екіншісінен әйел адамның денесі болған. Ә.Марғұланның пайымынша, кесене 1228 жылы Жошының жылдығы қарсаңында тұрғызылған.  Бұл кесе­не­дегі қабірлер Жошы хан мен оның әйелдерінің біріне тиесілі. Кейбір деректерде, Мазарда Жошы ханмен бірге бәйбішесі Бектумыш ана жерленгені айтылады. Сонымен бірген зираттан жабайы жануар сүйектері, түйенің бас сүйегі, былғары, мата және ту бөлшектері табылған.

Зерттеу барысында тағы бір кереғар дерекке тап болдық. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары одақ ғалымдары  Алаша хан кесенесі Жошы хан мазарына радиокөміртекті талдау жүргізген сыңайлы. Кейінірек археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Зерттеу жұмыстарына Әлкей Марғұлан ғана емес Қаныш Сәтпаев та қатысқан. Монғолоидтық нәсілге жататын бір адам денесі мен бірге бірен-саран заттар­дың табылғаны айтылады. Жәдігерлердің арасында найза бары жазылады. Барлық зерттеу деректері мен материалдары КГБ-ның  мұрағатында сақтаулы. Ол әлі ашылған жоқ.

Осы жерде Алаша хан мазары туралы да айта кетуді жөн көріп отырмыз.  Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар елуінші жылдардың басында ашқан екен. Зерттеуге куә болған кісі­лердің «айтуынша» ол жерден адам сүйектерімен қатар көптеген алтын дүниелер табылған. Өкініштісі, көп ұзамай бұл адамдардың басым көшілігі әр түрлі себептермен қайтыс болған-мыс. Құпия осылай ашылмай қалған.

Алаша ханның мазары деп жүргеніміз атақты Шыңғыс ханның зираты деген пікірле де айтылып жүр. Қаныш Сәтпаев бастаған біраз адам осындай болжам жасаған. Бір қызығы, «Бұл жерде шындығында Ақназар хан жатыр, оны одақ жасырып айтпай отыр» деп Өзбекәлі Жәнібеков айтып кетіпті деген әңгімелер де бар жұрт арасында. Сол секілді Ұлытау жерінде Бумын қағанның да ескерткіштері бар көрінеді.  

Бүркіт НҰРАСЫЛ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

 


 

 

 

 

 


 

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English