Жарияланымдар

Жалпақшешейліктің қажеті жоқ

04 Желтоқсан 2018
821
0
Жалпақшешейліктің қажеті жоқ
NDH порталының редакциясы барлық қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтай отырып, Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабынан үзінді жариялайды

Ұлтты жобалап-жоспарлайтын балаң уақыт артта қалды. Мәселе тарихтың жиырмасыншы ғасырында тоталитарлы мемлекеттің мұнымен кінәлі болуында ғана емес, сонымен бірге іргелі деректерді түсінетін мезгілдің жеткенінде де болу керек.

Ұлт дегеніміз – ол жанды организм, оның даму барысы, әлеуметтік-биологиялық және мәдени мүмкіндіктермен шектеліп отырады. Ұлтты саңырауқұлақша қаулатып өсірудің пайдасы жоқ, олай ету мүмкін де емес. Оның үстіне, әрбір ұлттың кереметтігі сол, әдеттегі қалыптасқан мүмкіндіктерден мойын оздырып отыруға бейім болады.

Демек, біреудің тойып секіргені біреудің тоңып секіруіне себепші болады дегендей, қалыптасқан үрдіс бойынша ұлттың табиғи секемшілдігін жасырып-жабатын да әдет бар.

Алайда ұлт мәселесіне қатысты жалпы үрдісті танып-түсіну, сөз жоқ, қажет. Мұнсыз мемлекеттік дамудың жалпы логикасын бажайлау мүмкін емес.

Осы орайда мәдени стратегия мәселелеріне бұл кітапта неге көбірек ден қойылатыны айқындала түседі. Түптеп келгенде ұлттық-мемлекеттік саясаттың базалық негізі өзін-өзі тану мәселесі болып шығады.

Мойындауға тура келеді, бір жағынан ішкі әр тектілік, келесі жағынан сыртқы мәдени ықпал қазақ ұлтының мәдени біртұтастығын көңілдегідей етуге дес бермей отырғаны рас.                                                                      

Мұндайда әрекетсіздік бел алса, онда тарихтың тегеуріні біздің тоз-тозымызды шығарады. Себебі қазақ ұлтының ішіндегі әр текті «мәдени аралдардың» өзінше толқып, басқа тартылыс орталықтарына қарай ойысуы табиғи құбылысқа айналмақ. Бұл проблеманың мән-маңызын елемеуге болмайды, дегенмен де бұл мәселені мәдени таным тұрғысынан парықтау менің міндетіме жатпайды. Оны менен гөрі кәнігі мамандар жеріне жеткізіп атқара жатар, мен өз тарапымнан саясаткер ретінде пайымдағандарымды ортаға салуды жөн көріп отырмын.

Біз жағымды немесе жағымсыз ықпалдарына қарамастан, әр текті мәдениет тасқынында өзімізді құлықсыз тұтынушы ретінде сезінеміз. Бұл жерде мейлінше кең ауқымда жүріп жатқан ақиқат ахуалға қатысты да осыны айтуға болады. Алайда, осынау кең ауқымды ақиқаттан басқа біздің өзіміздің ұлттық мақсат-мүддеміз де бар ғой. Саясаткер үшін бұл мейлінше мәнді айырмашылықтар. Сонда қайсысы мәндірек – ахуалдың ағымында кету ме немесе өзіміздің қасиетті де стратегиялық мақсат-мүддемізді нысана ету ме?

Өкінішке қарай, мәселенің бұлайша қойылуы дұрыс емес және бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, басқа да көптеген біліктілер тарапынан осылай сараланып жүр. Мұндай сұрақтар, әдетте, «сансыраған санадан» бастау алады. Бұл ретте қазақтың қазіргі ұлттық санасының жай-күйін қайдағы бір ақиқат ахуал деген алыпқашпа қауесетпен шендестіріп, сол ұлттық сананы ішкі және сыртқы күштердің қыспағында қалдыру үрдісі байқалады. сөйтіп ілгері дамуға тұғыр болатын ұлттық сананың ұстанымды ерекшеліктері қаперден тыс қалып жүр.

Ұлттық санадағы бұл сияқты орнықсыздық пен тұрақсыздық нақтылы әрекет үстіндегі саясаткерлерді біраз мәселелермен беттестіреді. Бұл орайда, бері қойғанда елеулі-елеулі үш проблема төбе көрсетеді.

Біріншіден, ұлттың стратегиялық мүддесі үшін ахуалдарды өрбітудің қандай сценарийі сай келеді? Екіншіден, нақтылы тарихи үрдістің өзегінде ілгері даму үшін тағы да қандай жолдар бар? Үшіншіден, қалаған жолдың жүзеге асуының нақтылы мүмкіндігі қандай?

Демек, жөнімен қойылар сұрақтың қисыны басқаша болса керек: «Кез-келген ақиқат ахуалға орай қазақтың ұлттық біртектестігін әрі сақтай білуге, әрі дамытып отыруға қалай қолжеткізуге болады?». Рас, бұл мейлінше ауқымды міндет. Алайда, мәселенің түйіні «тарих тегеурінінің» қыспағында ұлт пен мемлекет туралы болып отырғанда, қойылар сұрақтың да шек-шекарасын айқындап алу қажет. Себебі, бұл мәселе жеңіл-желпі қарауды немесе қателесуді көтермейді. Олай болса, қойылар сұрақ пен жауапкершілік тепе-тең түсіп жатуы керек. Бұрынғылар айтқандай: «Родос осы жер болса, сол жерден секір».

Бүгінгі қазақ гуманизмі үшін ұлттық біртектестік пен уақыттың тегеурінді талабы шендескен аралықтағы мейлінше күрделі өрістен жол тауып шығудан артық мәнді мәселе жоқ. Бұл саяси ғана емес, сонымен бірге ғылыми да проблема. Сондықтан да ғалымдардан асырып, ой өрбіту саясаткер үшін абырой әпере қоятын іс емес. Мен бұл орайда маңдай тіреп отырған мәселені шығармашылық мәтін үлгісінде емес, нақтылы әрекетике көшу тұрғысында ғана сөз етіп, кейбір проблемалардың сұлбасын көлденең тартып көрмекшімін.

Бүгінгі дүние дидарынан қазақ ұлтының өзіндік орнын сезіну ахуалы таза эклектикалық қалпымен көзге ұрады. Бірден мейлінше ауқымды теорияға құлаш ұрып, әлемдік үрдіс аясынан қазақы біртектестікті іздестіру мүддесі байқалады.

Қазір постиндустриялық қоғам, өркениеттердің тоғысуы, либерализмнің жетістіктері, неоконсерватизм сияқты мейлінше ауқымды өзгерістер не тарихи, не географиялық тосқауыл көрместен қазақ ұлтына телінуде. Тап бір, бүгінгі таңда біз үшін неоконсерватизмнен мәндірек проблема қалмаған сияқты! Былайша айтқанда, қазақ ұлтына қатысты проблемалардың аясы талғамсыз кеңейіп бара жатқаны байқалады.

Келесі бір әлдеқайда кеңірек етек алған ахуал ретінде әспеттелген, бірақ ескірген идеологиясымақпен қазақ тарихын тұйықтай бастаған талпыныстарды айтуға болады. Қазақ проблемасын, әсіресе қазақтың этностығын көшпелілер қоғамындағы қалыптар мен құндылықтар тұрғысынан саралау қазақ ұлтына қатысты проблемалардың өрісін тарылту болып шығар еді. Егер шартты түрде болса да, бүгінгі күннің өктемдігін сілкіп тастағанның өзінде қазақ ұлтының еш уақытта өзімен-өзі шектелмегенін көреміз. Тағдыр мен Тәңірдің құзырында болған қазақтар алуан түрлі ықпалға құшағын аша отырып, өзінің ұлттық қасиетін сақтай білген, ол қасиеті әсте көшпелілікпен, болмаса дәстүршілдікпен шектелген емес. Дәстүршілдікті күйттеушілер тарихтың құйтырқылығын ескере бермейді, дәстүрге балап жүрген қасиеттеріміздің талайы бір кездері жағымсыз жаңалықтар болған...

Егер «ақиқаттың аясында» болғымыз келсе, онда қазақтың өткені мен бүгіні туралы тым жалпақшешейліктің де, тым томаға-тұйықтықтың да қажеті жоқ.

Бұл жерде бері қойғанда, мынадай мәселе қаперде болу керек. Ең алдымен, төл тарихтың тіні деген мәселе. Бүгінгі таңда ұлттық тарих сөз болғанда – дәстүрлі көшпелілер қоғамы, Ресей империясының аясында болған кезең, ең соңында қазақ ұлтының тәуелсіздік жағдайындағы кезең деп саралау әуезе болған.

Толығырақ: 

Н.Ә.Назарбаев. «Тарих толқынында» 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

«Болашақ» бағдарламасына 25 жыл толды. Бұл бағдарламаға қатысыңыз бар ма?