«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ұлт тұлғаларын ұлықтай алдық па?

553 0
Ұлт тұлғаларын ұлықтай алдық па?
ХХ ғасырдың сұрапыл сүргіні хақында талай айтылып, жазылып, зерттеліп жатыр. Алайда большевиктік биліктің қазақ ұлтына әкелген зардаптары туралы шындықтың беті әлі де толық ашылмаған

Осы тұста «бүгінгі таңда қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау, ұлықтауымыз үшін не істеуіміз керек?» деген заңды сұрақ туады. Әрине, біріншіден-жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарламалар әзірлеу; екіншіден- заңнамаларымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында біртіндеп және кезең-кезеңмен кейін қарастырылатын заңнамаларды қайта қарау маңызды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын мүмкіндігінше барынша ұлықталуын қамтамасыз ету.

Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап бұл тақырып мемлекеттік тұрғыда көтеріліп, 1992 жылдың 7 желтоқсанында ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Комиссияның Қаулысымен 20-30 жылдардағы қазақ қасіретінің себепкері болған Қазақ Өлкелік Комитетінің жасаған әрекеттерін біршама әшкерелеген шешімдер шығарған болатын. Сондай-ақ одан әрі еліміздің ғылыми мекемелері мен ұйымдарына 20-30 жылдардың күрделі оқиғаларына талдау жасай отырып, зерттеу мәселелерін кеңейтуге ұсыныс жасалды. Сол жылдардан бері бұл саладағы күрделі зерттеулер үкімет тарапынан қаржыландырылып, қазақ қасіреті туралы құжаттық жинақтар, монографиялар, оқу құралдары т.б. жарияланды.

Жоғарғы Кеңес жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты әділеттілікті қалпына келтіруге және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында 1993 жылдың 14-сәуірінде «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңын қабылдаған болатын. Алайда 2009 жылдың 29-сәуірінде «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты аталған заңнан 28-бап алынып тасталды. Осының негізінде аталған комиссия өз жұмысын тоқтатты.

Дегенмен, 1993-2009 жылдар аралығында ауқымды істер атқарылды. ІІХК, МҚХК, МҚМ шешімдерімен сотталған және еш сотсыз атылғандар туралы біршама мәліметтер жария болды. Аталған заңнның негізінде ақталған қайраткерлерімізге көше, ауыл, мектеп аты берілді, атқарған қызметтері тарихи-саяси әділ бағасын алып, тағы басқа бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Алайда әлі де құпиясын бүгіп көптеген іс-құжаттар концептуалды тұрғыда ғылыми сараптауға алынбай, ашылмай жатқаны аян. Оған дәлел ретінде айтып кететін болсақ кезіндегі ІІХК көптеген құжаттарын Кеңес Одағының заңы бойынша тоқсан жылға дейін ашуға рұқсат етілмейді-міс.

Сондай-ақ 2009 жылы елімізде Президенттің жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік құпиялар туралы» заң қабылданған. Осы заңдық актінің негізінде ҰҚК органдары 2014 жылғы 25 маусымда ҚР ІІМ органдарына тапсырылған архив құжаттары «олардың жасаған қылмыстарында жеткілікті дәрежеде дәлелдер бар деп анықтап, ақтауға жатпайтын тұлғалардың қылмыстық істері» әлі де шындықтың құпиясын ашпай отыр. Ұлыларымызды ақтау, ұлықтауға тікелей қатысы бар кеңестік кезеңдегі құпия қорлар ашылмай тұр.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандары болған ақталмағандардың санатына, мыңдаған азаматтарымыз жатады. Қолданыстағы заңымыздағы негізгі проблема-біржақты тәсіл орын алғандығы. 20-30 жылдары жүзеге асырылған тоталитаризмнің зұлматына қарсылықтарды контрреволюция, ұлтшылдық, фашистік-тыңшылық, кула-көтерілісшілер, панисламистер, антисоветтік топтар, халық жаулары т.б. айыптар тағылып, сталиндік жүйенің құрбандарына айналдырған болатын.

Әлбетте кеңес басшылығының адамзатқа қарсы қылмыстарына ресми баға берілмеген, тиісінше бұл саяси компаниялардың құрбандары саяси және құқықтық түрде ақталмады да.

Бүгінгі таңда сол саяси қуғын-сүргін құрбандарының қандай санаттары ақталды? Қандай санаттары ақталмады? Соның ішінде қуғын-сүргін құрбандарының қандай санаты Қазақстанға тән болғаны айқындалмай, талдау жасалмай отыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының саны мен құрамын анықтау мақсатты ғылыми-зерттеу жұмыстарын талап етеді. Тоталитарлық режимнің негізсіз қуғын-сүргінге ұшырағандарын ақтау бойынша жұмыстар мақсатты және бағдарламалық негізде жасалуы керек.

Өткен советтік елес, әлі де ашылмаған құпиялары, беймәлімдіктері, жабық мұрағаттарымен торуылдауда. Тарихи сананы жаңғыртудың бір жолы-тарихты қастерлеу, ондағы тұлғаларды мақтан ету һәм ұлықтау деп білеміз. Ұлт тарихына өшпестей із қалдырған тұлғаларымызды ұлықтаудың өзі ұлттық сананы жаңғыртудың, патриотизмге тәрбиелеудің, қоғамның ұйымшылдығын нығайтудың сара жолы екендігі анық.

«Өткен тарихынды білмей, болашаққа дұрыс бағдар жасай алмайсың»-деп айтқандай біздің қайраткерлеріміздің қалай Отан үшін күрескенін біліп қана қоймай, оны ұлықтап, халқымыздың жадына мәңгі қалдыруға ат салысуымыз қажет. Ғасырлар бойы мемлекеттік қудалаудың әрқилы кезеңдерін бастан кешкен, жазалаушы отрядтар аяусыз қырып-жойған, өздерінің туып-өскен жерлерінен, Отанынан қуылған, бұрын-соңды болмаған жасанды ашарлықтың құрбаны болған, соның салдарынан тұтастай халықтың жартысынан астамы адам төзгісіз әрі жантүршігерлік аштықтан қырылып қалған жергілікті қазақ халқына қатысты әлі күнге дейін бірде бір арнайы мемлекеттік акт қабылданбаған екен.

Осындай және басқа да шараларды орындасақ, тәуелсіздік алған Қазақстан, қазіргі қазақ халқы осы тәуелсіздік үшін, біздің бостандығымыз үшін, ұлан-байтақ жерімізді сақтап қалуы үшің ғасырлар бойы күресіп қаза болған, сотталған, елден қуылған, ешқандай кінәсіз миллиондап аштықтан өлтірілген ата-бабаларымыздың алдында парызымызды орындаған болар едік.

Қайыркен ӘДИЕТ,

Л.Н. Гумилев атығдағы ЕҰУ PhD докторанты

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English