«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ұлытау әлемі

1166 0
Ұлытау әлемі
Тау шыңына жетсеңіз де, әрі қарай көтеріле беріңіз, тоқтамаңыз... Тибет Ламалары

Әр адамның өмірінде шешуін таппаған түйткілді мәселелер, өмір жолында кезігетін қиындықтар болып тұрады. Ол – өмірдің заңы. Мұндай жағдайлар жұмыста да, отбасында да, күнделікті өмірде де кездесіп жатады. Сол кезде «Неге мұндай жағдай менің басымнан өтіп жатыр? Мен кіммін? Нені қалаймын және қайда барамын?» деген толассыз сауалдар санаңды мазалары хақ. Өмірдің мән-мағынасын, өзіңді іздеу, эволюция басталады. Даму жолдары мен дүниетанымдағы тірлікті, өмірің мен өмірлік кармаңды іздестіре бастайсың. Осындай кезде адам әрдайым өмірлік күш-қуатын толықтырып, әулиелермен байланысқа түсетін, құдіреттің сарқылмас бастауы болатын, бабалардан жеткен киелі орындарды іздей бастайды.

2018 жылы Жапонияға барған сапарымда өзім үшін жапондықтар киелі санайтын Фудзияма тауын аштым. Фудзияма – жапон халқының ерекше қастерлейтiн, ұлттық символына айналған тау. Жапондықтар оны ұлт, намыс, үйлесім, тазалық тәрізді іргелі түсініктерімен байланыстырады. Ең бастысы, Отан ұғымымен тікелей байланысты. Бұрынд әр самурайға Фудзияма тауына шығу парыз болып саналатын. Кез келген жапондықтың санасында туған үйі, отаны, бабаларының жері осы таумен байланысты, олар үшін бүкіл әлем осы таудың айналасына шоғырланған.

Қазақ үшін де Ұлытаудың орны ерекше. Ұлттың тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы Ұлытаудан бастау алады..

Рухани әлемнің кіндігі, Ұлытаудың жүрегі – Ақмешіт әулие (Әулиетау). Бұл тауды тәңір өзі таңдаған. Аңыз бойынша, Әулиетау шыңы – аспанға жақын, аспан мен жердің бір-бірімен кездесетін орны. Сондықтан да, ежелден тау киелі жер, құдай мен әруақтың мекені, тұрақты әрекет үстіндегі киелі күштердің ордасы, салт-дәстүрдің адам табиғатпен нәзік деңгейде байланысқа түсетін қасиетті орны болып саналған. Сол себептен де Ұлытауға тәу етушілер қатары ешқашан толастаған емес және толастамайды да. Жапондықтардың синтоизм жақтаушылары тәрізді қазақтар үшін де Тау – Аспан мен Жерді байланыстыратын көпір. Ежелден біздің ата-бабаларымыз Әулиетаудың басына шығып, Жаратушыға жақындауға болады деген наным-сенімде болған. Сондықтан да бұл тау алабы Ұлытау аталған. «Ұлы»  сөзі тек Жаратушыға лайық. Теңі, теңдесі жоқ жаратушыны «Ұлы» деп мойындаған.

Бұл тауға мен жылда шығамын. Көп адамдар сияқты таудың күш-қуат беріп, тазартатын, емдеп, қорғайтын қасиетіне сенемін. Қазақ халқы әрқашан жігерін жанып, күш-қуатын толықтырып, тағзым ету үшін киелі орындарға барып тұрған. Бұл жыл сайынғы дәрігерлік тексеруден өту іспеттес. Тауда сіз табиғатпен байланысқа түсіп, тілдесіп, өмірде кездесетін көптеген сауалдарға жауап іздеп, тіршілікте кездесетін проблемаларымызды шешудің жолдарын таба аласыз.

Сондықтан да, құрметті оқырман, бүкіл пендешілік тіршілікті, айналаңыздағы қарбаласты, проблеманы, ақпараттық шуды бір сәтке тастап, Қазақстанның тарихи және географиялық орталығы, қазақ халқының алтын бесігі – Ұлытауға келіңіз. Ол үшін картадан Қарағанды облысындағы Жезқазған қаласын тауып, солтүстікке қарай 130 шақырым орналасқан аудан орталығы – Ұлытауға барасыз.

Өзіңіздің тағдыршешті шешімдер қабылданған, ежелгі киелі орынға аттанғандығыңызды ұмытпаңыз. Мұны құр дырдулы қызығушылық үшін жасамаңыз. Турист ретінде емес, зиярат етуге баратындай жиналыңыз. Әйтеуір барып келу керек деген ойдан аулақ болыңыз. Егер сеніміңіз болмаса, мүлдем бармағаныңыз абзал. Әулиетауға саяхат – бұл өзіңізге, өзіңіздің жүрегіңізге деген саяхат. Ақылыңыз бен жан-дүниеңізді айқара ашуға және Таудан даритын ізгі ниетті тауып, қабылдауға әзір болыңыз. Алдыңызға ешқандай жоғары міндет қоймаңыз, рухани сезімге, өсуге және өзіңнің МЕНІҢМЕН кездесуге, өз-өзіңізді жеңе білуге, рухани тазаруға және өзгеруге ниеттеніңіз.

Әулиетауға жиі шығатындар ғажайып энергия кейбір адамдарды тауға жібергісі келмейді деп те айтып жатады. Кей кездері «қазір жүгіріп шығамын, оның несі қиын?» деп ойлаған өз-өзіне сенімді жастар, тіпті спортшылар түрлі себептермен жарты жолдан қайтып кетіп те жатады.

Міне, қазір мен Ұлытау ауылының шетінде оның кіндігі, бастау алатын тамыры «әлемнің орталығы» болып саналатын, киелі тауға қарап тұрмын. Тауға жақындағанда өміріңде бір өзгеріс болатындай сезінесің. Тау биігіне көтерілген сайын жұмбаққа толы тылсым табиғаттың қыр-сырына тереңірек үңіле түскің келеді. Ерекше бір толқыныс сезім пайда болады.

Жердің адам сенгісіз тылсым бөлігі. Беймәлім күштер мекені. Бұл ежелден адам баласы Құдайға тағзым етіп, құпия ілімді меңгеру үшін таңдап алынған орын. Данышпан білімпаздар жан дүниеңізді ашып, жақындаған сәтте таудың шексіздігін сезінесіз деген сенімде. Сондықтан мен де тауға таза жүрекпен, таза ниетпен шығамын.

Көптеген зиярат етушілер тау басына шыққанда наным-сенімдеріне қарамастан, таудың керемет әсерін сезінеді. Өзім де тау етегінде-ақ тау құдіретін талай рет сезінген жанмын. Тіпті бойыңда физикалық және рухани деңгейде адам сенбес ғажап нәрселер болып жатады. Кейбір адамдар бәзбіреулермен сөйлесіп, есіней береді, біреуге сыйынады, күліп те жатады. Көпшілігі үндемейді, өйткені бойын бір ғаламат сезім жайлайды. Бұл тау да өзінің тылсым құбылыстарымен де ерекшеленеді.

Ықылым заманда тауға белгілі бір дайындық болмаса, шығуға рұқсат етпеген. Жоғарыға шығу қандай да бір әрекеттерді талап етеді. Бұрынғы адамдар энергияның осы күші мен олардың адамдарға әсері жайлы білген. Зиярат етушілер тылсым күштермен байланысқа шыға алатындай жағдайға жету үшін рухани дайындық жасаған. Ал бүгінде жергілікті бақсы Бақберген атаның арнайы сеанстарына қатысып, онымен бірге тауға шықсаңыз, бұл жай-күйге жету мүмкіндігіне сіз де ие боласыз.         

Ертеде зиярат етушілер таудағы гранит бүкіл ауруыңды алып қалады, ал аспаннан, яғни, Ғарыштан денеңізді аурудан, тіл-көзден, пәле-жаладан тазартатын энергия ағыны келеді-міс деп, тауға жалаңаяқ шыққан екен. Табиғат, яғни, тауға барар жолдағы ландшафтың өзі сізді дайындайды. Тауға көтерілу кезеңдері адам өмірінің кезеңдері іспеттес. Тауға сапар Ембұлақ қайнарынан басталады, оны жергілікті жұрт Гүлсара ана деп те атайды. Гүлсара ана бізге дейін ғұмыр кешкен, осы қасиетті бұлақтың қорықшысы, шипагер болған екен. Бұлақ иесінен іштей рұқсат сұрап, суын ішеміз, дұға оқып, Алла Тағаладан зиярат етуге рұқсат сұраймыз. Кейбір зиярат етушілер тау шырақшасы Бақберген атадан рұқсат алып жатады. Бақсының айтуынша, рұқсатты іштей де сұрауға болады.

Бақберген Аяшев – Ұлытау ауылының тұрғыны, жергілікті бақсы. Ол адамдарды емдеп, тіл-көзден тазартады, қорғаныш қояды, зікірдің көмегімен жолыңды ашады, сонымен қатар ата-бабаларыңның рухын шақырады. Емшілік сертификаттары, дипломдары, куәліктері бар. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Халық емшілері қауымдастығының Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының медалімен марапатталған. Бақсы: «Сізді мен емес, өзіңіздің ата-бабаларыңыз, жергілікті аруақтар, әулиелер, Құдай емдейді. Менің міндетім – сіз бен аруақтар арасында байланыс орнату», – дейді.

Бақберген ата жиырма жылдан астам уақыт бойы емшілікпен айналысып келеді. Адамдар Ұлытауға Қазақстанның түпкір-түпкірінен, көршілес Ресейден және Өзбекстаннан ағылып келіп жатады. Емделген адамдардың тарихы бірнеше томды құраған болар еді. Бақсыға үмітін үзген, онкологиялық ауруы, психикалық ауытқуы бар, диагнозы нақтыланбаған науқастар келіп емделіп жатады. «Сәтті емдеудің кепілі – Құдайға және бабаларыңның аруағына сену, – дейді Бақберген ата, – күш-қуатым мен білімімнің сыры – киелі Әулиетаудың мәңгілік энергиясы».

Бағдарымыз басталатын Ембұлақ қайнары – тіршілік көзі, көптеген ұлы өзендердің бастауы. Бұл жердегі жүрер жолыңыз жазықтау болып келеді. Егер бұлақты адам өмірімен салыстырсақ, бұл сіздің – ұрық кезіңіз, жазық жол – сіздің ананың құрсағындағы шағыңыз. Өзеннен өткен сәт бұл – дүние есігін ашуыңыз. Бұл жолда да сіздің бұралаңы көп өміріңіздей, бұталар, ағаштар кездесіп, күрделене түседі. Таудың етегіне келіп, жоғары қарай көтерілесіз, бұл жастық шағыңыз іспеттес. Тауға шығу сәтіңіз қиындай түседі. Өтуі ең қиын жерге де жетесіз. Тау сізді кедергілерімен сынай түседі. Аяғыңыз ауыр тартып, әр қадамыңызды қиындықпен басасыз. Тіпті тау басына шыға алмаймын деген ой да келеді. Бірақ, сүрлеу – өмір жолы және одан қалай болған да өту керек деген ой күш беріп, жолыңызды жалғастыра бересіз. Кейбір адамдар жиі тоқтап, демалып, ұзақ отырады, ал басқалары тауға шығудан бас тартып, қайтып кетіп те жатады. Барлығы да адам өміріндегі сияқты. Өйткені адамның өмірінде де мамандық таңдап, білім алып, отбасын құрып, мақсатқа жету керек болатын сәттер болады емес пе?!

Әркімнің  оған жету жолы да әр түрлі. Жолдың қиын сәттерінен өткен соң, аздаған еңістіктері бар, жазық жер басталады. Бұл шамамен адам өмірінің 35-45 жас аралығы. Көпшілігі бұл жерде Құдайдың құдірет күшін сезінеді. Біреу қолыңнан жетектегендей болады, жүру де оңайырақ. Бірақ босаңсымаңыз, алаңдамаңыз. Тек ғана алға қойған мақсатыңызды жетуді ғана ойлаңыз. Сосын жаңа биіктіктер басталады, бірақ бұл өткен биіктерден жеңілдеу. Бұл адамның отбасының, туған-туыстарының және қызметі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі артатын кезеңіне сәйкес. Ауыр күш екінші орынға түсіп, басқа бір, жаңа дүние пайда болды. Жай-күйді білдіру қиындау. Пендешіліктен алыстауды ұғыну мен сезіну, шындықтың қандай да бір энергиясымен арпалысу сәті.

Ақырында сүрлеу солға қарай, Ұлытау тау сілемінің шыңы – Әулиеата жаққа бұрылған сәтте тау биігіне де жетіп қаласыз. Мұны өмірде дүниені танып, Құдіреттің болуын және өзіңнің Жаратушы жолына түсуің керек екенін саналы түрде ұғынған сәтіңмен салыстыруға болады.

Бұл жерден тау шыңына дейінгі жерде жолыңызда бір-бірінен белгілі бір қашықтықта орналасқан, жеті әулиенің моласын кездестіресіз. Осы аралықтағы қашықтық сіздің санаңызға ой салар сәт тәрізді. Жол бойы сіз ойыңыздағы өзгерістерді сезініп, көзге көрінбес шекаралардан өтесіз.

Егер бұл төңіректің белгілі бір ағымы бар екенін сезіп, биікке жетелер ағымен үйлесімде болсаңыз, тау сізге көптеген мүмкіншіліктер беретіндігіне көз жеткізесіз. Ең алдымен, тыйым салынған әрекеттерге жол бермеңіз. Аз сөйлеп, Жаратқанмен, аруақтардың рухтарымен тілдесуге ден қойыңыз. Өміріңізді ұмыт қалған кинотаспасы сияқты көз алдыңыздан өткізуге тырысыңыз. Ойланбаған және аңдаусыз әрекеттерден сақ болыңыз. Егер түкке тұрмайтын нәрсені айтпай, селфи түсірмей, жан-жаққа жүгірмей, асықпай жүрсеңіз, бойыңызда әлдебір байсалдылық, мағыналылық пайда болады. Өзіңмен-өзің қалған сәтте адамда ой туындап, бойында сезім пайда болады. Кейбіреулерінің дайындығы соншалықты, тіпті оларға уәхи жіберіліп, дауыстар ести бастайды. Бірақ бұл жағдай тек шынайы дайындалғандардың ғана басынан өтетін жайт. Барлығы адамның сеніміне қарай болады. Тылсым дүниені сезінбей, тау да тылсым бола алмайды.

Тау шыңына жетіп, айналаға қараған сәтте өзіңізге әлем сыйланғанын сезінесіз. Төңіректің барлығы алақандағыдай көрінеді және оның барлығы сізге ғана тиесілі. Шексіз кеңістік. Барлық тарапқа жолдар ашық. Таңдау өзіңізде. Тибет Ламалары: «Тауға шыққан сәтте әрі қарай да жүре беріңіз, тоқтамаңыз...», – дейді. Осылайша шыңға қарай ұмтыла бересіз. Құдай заңдарын оқы, құдіретті дүниетанымыңды дамыт, өзіңмен жұмыс жаса, осылайша бойыңдағы ауруды жең, өмірлік энергияңды арттыр.

  Жапонияда Фудзи тауына шығу рухтары мықтылардың ғана қолынан келеді дейді. Тауға жай ғана шыға салуға болмайды. Бұл айрықша сүрлеу – киелі шыңға жеткізетін құпия жол, рухани жол, кармалық міндеттерді шешу жолы, өзгеру жолы, шешімдер қабылдау жолы екенін ұғыну қажет.

Алда Әулиетау шыңы мұндалайды, артта қолшамдардың жарығы. Шың биіктей-биіктей, аспанға көтерілгендей әсер береді. Қараңғы қоюлана түсіп, алға қойған мақсат қол жетпестей көрінеді. Тағы жиырма минут өтті. Міне, енді тау шыңына да жеттік. Соңғы әулиелер Тана ана мен Қали атаға арнап құран бағыштаймыз. Үмітің ақталғандай сезімдесің. Жеңілдік, өзіңді ұшқан құстай сезіну. «Біз мұны жасадық!» деген көңіл-күй. Бірақ бұл әлі қасиетті жолдың соңы емес. Әлі алда түн, сосын таңсәрі, таудан түсу де маңызды шара. Шатырлар орнатамыз. Шағын алау жағамыз. Киелі тақырыпта ұзақ әңгіме-дүкен құрамыз. Тауға кешқұрым шыққанда жаңа шыққан күнді көруді ғана мақсат етпейсің, түнгі аяндарды да күтесің.

Түнде аспандағы жарқырап жайнап тұрған сансыз жұлдыздар таңның арайлы шапағымен жоғалады. Тамаша жым-жырт тыныштық. Әлдебір көкжиек ашылады. Бұл жерде мәңгілік заңдары әрекет етеді. Өткеннің энергиясын сақтаған, орасан зор берекелі тыныштық кеңістігі. Адамдар өзін әдеттегі тіршілікке қарағанда басқаша сезінеді. Ғибадат етушілердің бір бөлігі таңғы намазын оқып жатса, енді біреулері дұға жасап отыр, ал басқалары болса, Күннен қуат алу үшін күннің шығуын асыға күтуде.

Ғарыштық энергияның күшті қабылдаушысы. Тылсым тау, дүниетаным құпияларының сырын ашатын, түрлі энергетикалық ағындар. Бұл жерде жарасым, үйлесім үстемдік етуде. Түнгі қорқыныш сезімі кетіп, әлдебір таңғажайып көңіл-күй пайда болады. Бүкіл Ғалам таңғаларлық ғажайыпты күтіп тұрғандай. Бұл жерде өткізген бірнеше сағат ішінде адам өмір бойы көрмеген нәрсені бастан кешіреді. Соңғы жылдары мұнда адамдар көптеп келуде, тау биігі туристерді таңғалдырып жатса, зиярат етушілердің бойында құрметтеу сезімі пайда болып жатады. Бұл жерде шынайы және параллельді әлем арасында нәзік шекара өтеді. Ішкі үйлесімге және дүниетанымның құпия сырларын ашып, өзіңнің жаныңа үңілуге ойша ниеттеніңіз. Құбылысты, қиял көрінісін сезініп, киелі және рухани ілімге қол жеткізгіміз келеді. Сырлы нұрға бөленген адамның айқын есту қасиеті ашылады. Ішкі түйсік тылсым күштермен барынша қарым-қатынас сәтін пайдалануды ойға салады. Көбі стандарттан тыс шешімге келіп, тұрмыс пен жұмыстағы проблемаға жауап тапқанын мойындап жатады.

Әлдебір құдіретті күштің сиқырында отырғандай әсерде боласың. Сезімің қайта-қайта өзгереді. Біресе қанат байлап ұшқың келсе, біресе үнсіз қаласың. Зиярат етушілер арасында қатты әсерленетіндер өте сирек кездеседі. Өз басым терең медитациямен байланысты тылсым сезімді бірнеше рет бастан кешкенмін. Бірнеше рет өткім келген, бірақ өте алмаған, өтуге мүмкіндік бермеген, жасау мүмкін емес болған, әлдебір нәзік арқауды сезіндім. Естігенімнің барлығына айғайлап айтқым келеді, бірақ біреу тыйым салынғандай, аузым байланып, тіл қата алмадым, қарсы шығуға да дәрменсіз болдым. Аяқ астынан көзіме жас келеді. Бәлкім, санамыз басымдылық көрсетіп, тау рухымен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік бермейтін болар? Естігенімді жазып алу керек еді, бірақ есімде ештеңе жоқ. Бір түс жатқандай әсерде болдым.

Іздеген сауалыңызға таудан жауап таптыңыз ба, жоқ па – барлығы адамның өзіне ғана байланысты. Дегенмен, таңғы сеанстан кейін басқа адамға айналып, ақылдырақ және сабырлылырақ болғаныңызды сезінесіз. Егер ішкі жаныңызға тереңірек үңілсеңіз, ойыңыздың барысы қаншалықты өзгергендігін, бастапқы мақсаттарыңыз бен ережелеріңіздің жоқ болып кеткендігін байқайсыз. Өзіңізді сенімді сезінесіз. Бұл сенімділік сізді қанаттандырады. Иә, бұл – ұлы таулар! Ол құдіретті қайнар көздей әрекет етеді.

Бір күні зиярат етуші бір кавказдық Ұлытаудың шағын тұрқын көріп, «Бұл не тау ма, ұлысы қайда? Бұл жай ғана қырқа. Тау деп біздің Кавказдың тауларын айт!» депті. Сонда Бақберген ата: «Құдайға жақындататын қырқаның барлығы Ұлы Тау» деп жауап беріпті.

Таудан түсіп келе жатқанда міндетті түрде Зердеш баба (Зарастустра) үңгіріне кіріңіз. Мүмкін жолыңыз болып, тау сіздің көне заман даналығының сырына үңілуге мүмкіндік берер. Егер осы үңгір қанша данагөй келіп-кеткенін санай алса ғой, шіркін!

Бабаларымыз  таулар мен шөлдерді және үңгірлерді Алла тағаланың сыйы санап, тағзым ететін орын деп таңдап алған соң, бірнеше ғасыр бойы осы араға өздерінің әдет-ғұрыптарын орындауға, пендешілік қарбаластан оңашаланып,  дүниетаным құпиясын тану және медиациялық күйге түсу үшін келіп тұрған.

Зердеш баба – әлемдік дінге қатты ықпал еткен, зороастризмнің негізін қалаушы. Оны замандастары Дала пайғамбары деп атаған. Адамзат тарихындағы бір құдайды  уағыздаған ең алғашқы пайғамбарлардың бірі, ойшыл ғұлама. Әрине, бұлай болудың да жөні бар, ол көшпенді ортадан шыққан, тәңірлік рухта тәлім-тәрбие алған жан. «Тәңірлік атауымен отанында кеңінен таралып, ең ежелгі дін, Парсы елінің байырғы тұрғындарының ділін ескере отырып, зорастризм деп атала бастады», – дейді ғалым Мэри Бойс. Дін саласындағы танымал, ұлыбританиялық беделді ғалым өз еңбектерінде: «Зорастризмнің бастауын Еділдің шығысындағы қазақ даласынан іздеу керек» деп жазады. Діни тәрбие тұрғысынан зарастустра ілімінің ерекшелігі – Жаратқанға ғұрыптар мен құрбандықтар арқылы емес емес, қайырымды істер мен мейірімділік арқылы жетуге болады. Зороастризм адамзат баласына «ізгілікті ойға беріл», «ізгілікті сөз айт» және «ізгілікті іс тындыр» деп үш шарт қояды.

Жақсылықпен жамандық, қайырымдылық пен зұлымдық, сараңдық пен жомарттық, ерлік пен ездік т.б. сондай сан алуан қайшылықты қасиеттері бар адамның өзіндік санасы мен қоғамдық сана белсенділігін оятуда, ұрпақты имандылыкқа тәрбиелеуде аталған ілімнің атқарар қызметі аз емес.

Аңыз бойынша, болашақ Пайғамбар жиырма жасында пендешілік өмірін тастап, ақиқатты табу мақсатында жер-жерді шарлап, тақуалық жолға түскен. Әлемді Жаратушының аян беруімен отыз жасынан бастап Ұлы Шындықты насихаттай бастайды. «Ұлытау» аңызы бойынша, Әулиетау – Зердеш бабаға Жаратушыдан аян түскен және құдай жолына түсуге шақырған жер.

2011 жылы белгілі қазақстандық археолог, т.ғ.д., профессор Виктор Федорович Зайберт Әулиетауды мен оның етегін зерттеп, Ұлытау қола дәуірінің, яғни, б.з.д. ІІ мың жылдықтың өзінде-ақ киелі орын болған деген қорытындыға келді. Ұлытаудың түркілер заманында және одан кейінгі кезеңдерде де қасиетті мекен болғаны дәлелді қажет етпейді. Көшпенділердің ауыз әдебиеті киелі мекен жайлы аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды ықылым заманнан рухани асыл қазына ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, біздің заманымызға жеткізген. Біз үшін Зердеш бабаның заманында, қола дәуірінің кезеңінде бұл жердің зиярат етушілердің сыйыну мекен болғаны маңыздырақ. Әрине болашақ дала Пайғамбарының осы жерден алғаш аян алғаны анық.

2014 жылы Иранға барған сапарымда бірнеше зороастризм орталықтарын араладым. Сол кезде мен «Зороастризмнің Даладан бастау алғанын, оған Жаратқаннан аян сол жерде түскенін және өз ілімін сол жақтан әкелгендігін білесіздер ме?»,-деп сұрақ қойдым. Ирандықтар Зороастризмнің Ұлы Тұран жазығынан, яғни солтүстік өңірлерден келгенін растады. Ежелгі парсылар әрдайым Оңтүстік Сібір мен Қазақстанды өздерінің солтүстік аумағы деп санаған. Түптеп келгенде, археологиялық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес бұл шындыққа жанасады.

Егер б.з.д. ІІ мың жылдықта Иранда мекендеген арийлік тайпалардың орал тауларынан келгенін және кейіннен атажұрты – Орал маңына, Оңтүстік Сібірге келіп кетіп жүргенін көптеген ғалымдардың мойындағанын ескерсек, онда Зердеш бабаның баруға ниет еткен жолы «тапталған сүрлеу» болғандығы анық. Оған аян берілгеннен кейін, ежелгі Иран жеріне аттанып, сол жердегі жергілікті билеушілердің қолдауымен Заратуштра ілімі танылып, таралады. Ол әр құдайға табынатын жекелеген тайпаларды Жаратушы бір құдайға иландыруды көздеді. Сондықтан да заратуштра ілімі деп аталған болар.

Рухани тұрғыдан қарағанда зиярат етушіліктің ең бірінші міндеті – өмірдің мәнін, айқын мақсатыңды түсіну. Егер зиярат еткеннен кейін, әлемдегі бір адам рухани тазаратын болса, бұл ұлы іс. Бұл сапарда өткеніңізбен, өзіңізбен, Жаратқанмен сырласып, өзіңізге есеп беріп, рухани және физикалық тұрғыда тазарасыз. Таудың күш-қуаты ойыңызды, санаңызды өзгертеді. Бәлкім, бұдан кейін игілікті істер істеп, өміріңізді өзгертерсіз. Жасаған зияратыңыздың көп адамға әсер етері сөзсіз. Бақытты болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ екенін түсіне бастайсыз. Өмірдегі ең маңызды нәрсе – өзің үшін ғана өмір сүру емес екенін түсінесіз. Табиғатты қорғау, әлемді қорғау – міне, осы ең маңыздысы. Үйде шықпай,  мұны сезіну, оған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан аз уақыт болса да, дүние тіршілігін тастап, зиярат ету қажет. Бұдан кейін әлемге, айналаңыздағының барлығына сүйіспеншілікпен қарай бастайсыз. Ал сүйіспеншілік дұрыс шешімдерге жеткізеді. Әрине, тау дарытқан ілімнің қаншалықты әсер ететіндігі адамның өзіне байланысты. Кейбіреулер таудың мәнін біраз уақыт еткен соң түсіне бастайды. Ал басқасы, керісінше, таудың құдіретін біртіндеп ұмытады. Қалай болса да, аңғар бойынан: «Қайтып келуге көмектесемін!» деген дауыс естілетіндей. Иә, әрине, келесі жылы да мәңгі тау биігіне жету үшін Ұлытау әлеміне айналып соғамын.

 

Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ, «Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі»

РМҚК директоры, өлкетанушы

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English