«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Тәуелсіздік құндылықтары

5750 0
Тәуелсіздік құндылықтары

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

488605b76e661d74486a3b476fc5cb39.jpg

Ту — Қазақстан Республикасының мемлекеттік негізгі рәміздерінің бірі. Мемлекеттік Ту «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңмен бекітілген. Мемлекеттік Ту көгілдір түсті, тік бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекітілген тұста — ұлттық оюмен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек — алтын түсті. Тудың ені ұзындығының жартысына тең.


Сол жағында алтын түсті ұлттық оюы, ортасында алтын күн және қалықтаған қыраны бар көгілдір ту — еркіндіктің, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен егемендігінің белгісі.
Ежелгі түркі тілінде «көк» сөзі аспан деген ұғымды білдіреді. Көк түс түркі халықтары үшін қасиетті ұғым. Бірыңғай көгілдір түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестетеді және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын, аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбітшіліктің, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған.

Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді. Күн — қозғалыс, даму, өсіп-өркендеудің және өмірдің белгісі. Күн — уақыт, заман бейнесі.

Қанатын жайған қыран құс — барлық нәрсенің бастауындай, билік, айбындылық, тәуелсіздік, болашаққа ұмтылыстың бейнесі. Ұлан-байтақ кеңістікте қалықтаған қыран ҚР-ның еркіндік сүйгіш асқақ рухын, қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін паш етеді.

Сол жағында Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрін бейнелейтін ұлттық ою-өрнек берілген.Суретші-авторы Шәкен Ниязбеков.

68e3f5fe49b8776a3bdf8acbb2000630.JPG

ҚР Мемлекеттік рәміздерін қабылдау күні


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

b2af483881f97ed22795bb3f595dbd48.gif

Елтаңба – Қазақстан Республикасының негізгі мемелекеттік рәміздерінің бірі. Мемлекеттік Елтаңба «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңмен бекітілген. Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясында шанырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде көне түркілердің қасиетті белгісі бес бұрышты жұлдыз бейнеленген, ал төменгі жағында алтын түспен жазылған «Қазақстан» сөзі бар. Мемлекеттік Елтаңба бейнесінде алтын және көк-көгілдір түстері қолданылған. Шаңырақ – мемлекеттің түп негізі, отбасының бейнесі. 

 Шаңырақ – Күн шеңбері. Мемлекеттік Елтаңбадағы шаңырақ бейнесі бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүретін Қазақстан халқының өсіп- өркендеуін, рухани байлығын, сан қырлы бет-бейнесін айқындайды. 

 «Тұлпар – дала дүлдүлі ...», ер азаматтың сәйгүлігі, желдей ескен жүйрік аты, жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсіздікке, бостандыққа, берік және гүлденген мемлекетке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың,жақсылыққа құштарлықтың көрінісі. 

 Бес бұрышты жұлдыз еліміздің барлық бес құрлықтағы мемлекеттер мен халықтардың қауымдастығына қосылуға құлшынысын білдіреді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлихан.

739408952ace2c18606facbb8b0fab14.JPG

ҚР Мемлекеттік Елтаңбаның сызбанұсқасы


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

6bce3aba4058a42c9f3c28174ce87e58.JPG

Әнұран — Қазақстан Республикасының мемлекеттік негізгі рәміздерінің бірі. Мемлекеттің Елтаңбасы мен Туының музыкалық эквиваленті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңмен бекітілген. Қазақстан Респубикасының Мемлекеттік Әнұраны — татулық пен достықтың киелі бесігі, отан-ананы, тарихи оқиғалардың тезінен өтіп шыңдалған қаһарман халқымызды ерлікке, елдікке, бірлікке, бауырластыққа үндейтін асқақ әуенді ұран, сазды жыр. 

Әнұран Қазақстан Республикасы Президентінің салтанатты ант беруі сәтінде, Қазақстан Республикасы Палаталары депутаттарының сессияларын ашу және жабу, Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне арналған салтанатты жиналыстар мен отырыстарды ашу және өзге-де салтанатты шараларды өткізу кезінде; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары және қоғамдық бірлестіктері мен басқа да ұйымдары өткізетін салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде; елге ресми сапармен келген шет елдік жоғары мәртебелі қонақтарды (мемлекет, үкімет басшыларын) күтіп алу және шығарып салу рәсімдерінде, шет ел мемлекетінің әнұраны орындалғаннан кейін және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңда көрсетілген өзге-де жағдайларда орындалады. Алғашқы әнұранның авторлары: М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Дәрібаева. Әуені М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Л.Хамиди жазған бұрынғы мемлекеттік әнұран пайдаланды. 

Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны1992 және 2006 жылдары екі рет бекітілді. Соңғысы қазақ халқына кеңінен танымал 1956 ж. жазылған"Менің Қазақстаным». Әні Шәмші Қалдаяқовтыкі, сөзі Жұмекен Нәжімеденовтікі болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік әнұран жоғары мәртебесін беру және салтанатты шырқалуы үшін оның бастапқы мәтініне түзетулер енгізді.

2d15d0177c2bfc6d6fb565e86729278d.JPG

Мемлекет басшысының Әнұран мәтінінің жобасына енгізген түзетулері

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English