«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Татар хандығы

1267 0
Татар хандығы
10-13 ғасырға дейін ұлы даланың шығысындағы барша ат үстіндегі көшпенділер «татар» деп аталды.

Татарлар  құдырет күшімен шығыстағы көшпенділерді құзырына қаратты, сол заманда татардың шығысында қидандар (қарақытайлар)  күшейіп төрт төңірегіне жорықтар жасай бастады... 

Татарлар туралы ең алғашқы деректер Орхон-Енисей бітіктастарында  кездеседі.  Ол заманда татарлар Һинган тауларының шығысын мекендеген. Түріктер оларды күшпен бағындырып тұдындарын жіберіп басқарып отырған. Таң деректерінде оларды шығай (室韦) деп атаған.  Олар қидандармен тұқымдас халық болған, солтүстігі шығай, оңтүстігі қидан атанған. Әр екеуініңде тегі сәнбей тайпаларынан шыққан деп қарайды зерттеушілер. 10-11 ғасырларда осы хандық құрамында қазақтың қоңырат, жалайыр, меркіт, найман, керей, оңғыт қатарлы ру-тайпалары өмір сүрді. Олар жалпылай татар атанды. Дегенмен қытай деректерінде室韦 яғни шығай атанды, мәнісі орман адамдары дегенді білдіреді. Шығай туралы ең алғашқы деректер эрамыздың 487 жылы «Уей тарихында» қысқаша баяндалған: «Шығайлар терістікке қарай 6000 шақырым жерге орналасқан, жол ортада қидандар елі бар, одан терістікке он күн жүргенде бұлақтар кездеседі, терістікке тағы үш күн жүргенде Гай суы (Қазіргі Хайлар өзені), одан терістікте асқар таулар бар, ол өте биік. Тағы үш күн жүргенде сулар қатады, тағы да терістікке бес күн жүргенде сол елге жетуге болады. Өзен солтүстіктен бері ағады да төрт тарапқа тармақталады. Жері өте құнарлы, тілі мен салты қытан, татаптармен ұқсас. Бидай егеді, балық аулайды, сиыр мен жылқы бағады бірақ қой өсірмейді. Қыста қорғандарда, жазда шөп күркелерде отырады. Жерінде сусар терісі көп. Аңның мүйізінен садақ жасайды, жебелері ұзын болады. Әйелдері шаштарын өреді. Елінде тонаушылық жоқ, бірді тонаса үш еселеп қайтарады, кісі өлтірсе 300 жылқы құн төлейді. Ер-әйелі болып ақ бұғының терісінен киінгенде ұнатады. Арақ ашытады.  Әйелдері інжу-маржан қадап киінгенде ұнатады, киетін киімі, аяқ киімі қымбатқа түседі, оған қолы жетпегендер ұзатыла алмайды. Әке шешесі өлсе ұл-қызы үш жыл жылайды, мәйітін ағашқа шығарып қояды» (1)

                                    

Деректерге қарасақ, шығайларға қатысты деректерден олардың шаш қою салты тұңғұстармен қидандарға ұқсайды, өлікті далаға тастау салты қазіргі моңғолдарға ұқсайды. Олардың өмір сүрген өлкесі Манчжурия табиғаты суық, аса қатал болғанымен тауы орманды, топырағы құнарлы келеді. Аң-құсы да мол болғандықтан ондағы халық аңшылық пен балықшылықты негізгі күн көріс көзіне айналдырған. Жастайынан жыртқыш аңдармен сайысып үйренетіндіктен олар аса жауынгер келеді. Таң  деректері бойынша шығайлар жалпы 30 мың отбасы, 150 мың халық санына ие болған. 552 жылы түрік қағанаты құрылып түріктер төрт тарапқа жорық жасап шығайларды бағындырған, бірақ түріктер оларды татар деп атаған.

Түрік қағанаты заманындағы татарлар

«Табғаш, түбіт, апар, Рум, қырқыз,  үш құрықан, отұз татар, қытан, татабы бұңша бодұн келіпен сығтаміш, иоғұламыш... Табғаш бодұн яғ ерміш, иірія Бәз қаған, тоқұз оғұз бодұны яғ ерміш, қаңым , қаған бұнша... қырық артұқы, иеті иол сүледіш. Теңірі ярұлқадық үшін, еллік елсіретміш, қағанлық қағансыратмыш. Яғығ бәз қылмыш, тізелігіг сүкүрміш, басығығ иүкүнтүрміш.»(2)

Деректер бойынша түріктер оларға үш тұдынын жіберіп басқарып отырған. 630 жылы Шығыс түрік жойылған соң татарлар Таңдықтарға бағынуға мәжбүр болады. 679 жылы түрік қағанаты қайта құрылып түріктер бұрынғы өздеріне бағынышты елдерді қайтадан бағындыра бастайды. Қидандар мен татарлар қайта бағынады. Бұнда 30 татар деп атағанына қарағанда татарлар 30 рулы ел екені байқалады, ал таң деректеріне қарағанда оларда бастысы 25 тайпа болған.

Ұйғұр қағанаты заманындағы татарлар

«Доңыз жылы (747 жыл) оларды жауладым, Тай Білгі тұтықты ябғұ атады, содан кейін әкем қаған өлді. Қара халық бағынды, жеңдім. Тұттым, онда Бүкегүкте жеттім. Кешке күн бата соғыстым, онда жеңдім. Жарықта қашып, түнде жиналды. Бүкегүкте сегіз оғыз, тоғыз татар қалмаған, екінші рет тағы күн туа соғыстым. Құлым, күңім, халықтың тәңірі жер күш берді. Онда жеңдім, жазықты атаулыны тәңірі ұстап берді. Қара халықты жоқ қылмадым, үйін, барағын, жылқысын алмадым. Енді халқым соңымнан ер дедім, қойып кеттім. Қудым, Бұрғуда жеттім, онда жеңдім. Төртінші айдың тоғызы жаңасында соғыстым, жеңдім. Жылқысын, барымтасын, қызын, әйелін әкелдім. Бесінші айда қайта келді, сегіз оғыз, тоғыз татар қалмай келді. Селеңгіден илұн қолдан шып басына дейін шеріктер қойдым. Кұргұн сақшын шып басымен жүре келді, Селеңгіге дейін шеріктер қойды. Бесінші айдың жиырма тоғызында соғыстым, онда жеңдім. Екі ай күттім келмеді, сегізінші ай бір жаңасы әскеріммен жортайын дедім. Ту ұстаушы Тасқар ерікті Желме ере келді. Жау келер деді, жаудың алды жорытып келді. 8-ай 2-жаңасы Шығылтар көлдің қарсы жағында соғыстым, сонда шаншыдым. Сонда жорттым, сол айдың 15 күні кейре басы үш бүркүде татармен бірлесе атты тоғыттым. Сонда бір халық ішке енді, сыңары кірді... Сол жылы күзде жорытып татарды жапырдым... Әкем аттысы тоғыз татар... Бұйрық... Тоғыз байырқу, басмыл, тоғыз татар бұнча бодұн, тоғыз татар... »(3)
Эрамыздың 742 жылы түрік қағанаты құлап оның орынына ұйғұр қағанаты құрылады, ұйғұрдың тұңғыш қағаны Мойынчор (атағы: Ел етміш білге қаған) бұрынғы түріктермен, олардың тайпасы шектермен, қырғыздармен соғысады, сонымен қатар наймандарджың бабалары сегіз оғыздармен тоғыз татарларменде соғысады, тоғыз татар аталғанына қарағанда бұл кезде татар тайпалар одағында тоғыз тайпа болған. Бұрынғыдай күш қуаты әлсірегені туралы ақпарат жоқ. Деседе татарлар сол мекенінде отыра берген.Таста татарлармен бірлесе соғыстым дегеніне қарағанда кейбір тайпаларды бағындырғанда татарлармен одақтасқан сыңыйлы.

9- ғасырдағы татар хандығы туралы деректер

840 жылы ұйғұр қағанаты қарақастар жағынан аударылды, осы аласапыран соғыста 15 ұлысты бастағандар батысқа қарлық жеріне көшті, тағы бір қауым ел гансуға кетті. Таң дерегінше бірталай ұйғұрларды  шығайлар тұтқындап әкеткен, қарақастар 80 мың әскермен барып шығайды шауып ұйғұрларды сахараға қайта алып кеткен. Онан оның қағаны батысқа қашып, ұйғұрлар ботадай боздайды. Бұндағы шығай деп отырғаны көшпенділерше айтқанда татарлар.

Ежелгі моңғолдардың шығу тегіне қатысты аңыздардада татарлар ежелден моңғолдармен ата жау ретінде сипатталады. Бұл аңыздар мен айтылымдардың шығуына 10-12 ғасырдағы сахарадағы татар өктемдігі  терең әсер еткені байқалады. Татарға деген өшпенділіктен туындаған сияқты. Ол туралы «Ергенеқон» аңызында да моңғолдардың ата-бабаларын татарлар қырғынға ұшыратқан делінеді. Олар Ергенеқонда 450 жыл тұрып қайтып келіп татарлардан кегін алған деседі.

«Ол уақытта моғолдың патшасы Бөртешина деген қият нәсілінен, құралас руынан шыққан адам еді. Ол көршілес елдерге елші жіберіп, өздерінің Еркіне қоннан шығып келгендерін мағлұм қылды. Бұларды бағзылары жақсы көрді, бағзылары жаман көрді. Татар халқы жаман көріп жау болды, татар мен моғол қол жасап, әскер шығарып соғысты. Моғолдар жеңіп, үлкендерін қылыштан өткізіп, кішілерін пенде қылды, төрт жүз елу жылдан кейін өштерін қайтарды. Сөйтіп ата қонысын қайтарып алып, сонда отырды. Ол жерде отырған түрік елдерінің ішінде татардан көп ел жоқ еді. Еркіне қоннан шығып, татарларды қырып, ата жұртында отырған соң, олар сол жердегі халыққа бас болды. Кейбір елдер моғолдарды паналап, моғол болмасада, моғолмыз деп,оларға қосылып кетті»(4)

Татармен моңғолдың жауласуының тағы бір себебі екі түрлі өркениеттің қақтығысында жатқан болуы да мүмкін. Татарлар бастабында көшпенді емес аңшы халық болды, ал моңғолдардың бабалары қият, қияттар түбі түрік негізді жұрт саналады. Кейінгі араб және Еуропа жиһангездерінің жазбаларында айтылатын моңғолдардың салт санасы жоғарыдағы шығай яғни татардан мүлде басқаша сипатталады. Дегенмен 200 жылға жуық татардың басымдылығы себепті татардың тілі мен салты сахарадағы өзге тайпаларға өте күшті ықпал жасағаны байқалады.

«Татар - мүркеттің бір атасы. Олар ғи мен қиданның солтүстік шығысында бөлек халық ретінде өмір сүрді. Кейінірек қиданның шапқыншылығы салдарынан бір бөлігі қидандарға, бір бөлігі бохайлықтарды сағалады да, біраз бөлімі барқынтауды сағалап өздерін татар атады. Олардың бұл атауы таң әулетінің соңғы дәуірінде орта жазықтықтарға мәлім бола бастады. Оларда Мей Шяңуын, Үге Шяңуын деген ұлыстар бар еді. Олар шянтұң жылдарында Шөже шексімнің жорықшылары қатарында Паң шиұнның үстінен жүрді. Кейінірек Ли Гочаң және оның ұлы Ли ки иұң ұлы қорғаннан өтіп, Хуаң Чауды жеңді де, елін Иүнжоу, Дәйжоу өңіріне жылжытып отрғызды. Кейінірек Ли гочаң және Ли кі иүңдар Хаклен тактан жеңіліп, татарға қашып барды. Олар атқа мықты, мерген халық. Тұйе мен жылқыны көбірек малданады. Олардың ұлыс Бектерінің, тайпаларының атын бірден айтып беруге шарасызбын. 923-925-жылдары тұтық Шетмүнпу сарайға Хышидан көп мәрте қол тапсыра келіп, түйе, жылқы сияқты малдарын тартулады. Миңзұң әскерінің айбатын асыру үшін татарларды қидандардың шекарасына басып кіруге үндеді әрі Сужоудың дуанбасы Шиюе жиңжұңды Иұнжоу шекарасіндағы татарларға олжадан сауға ретінде 250 қидан қалқанын және жүздеген жақ оқты тартулауға арнайы елші жіберді. 932-жылы олардың еке деген ұлыс бегі 400 дей адаммен келіп берілді. 960-954-жылдарға дейін олармен барыс-келіс үзілген жоқ.»(5)

Бұндағы мүркет тұңғыс текті халық, олар 9-10 ғасырда күшейіп өз алдына мемлекет құрған. Қытайлықтардың  татарларды олармен шатастырғаны оларға болған бағыныштылығымен қатысты деуге болады. Татарлар ежелден Һинган тауының шығысын мекендеген, ал олардың Моңғол даласына келе бастауы деректе көрсетілгендей қидандардың шапқыншылығымен байланысты. 9 – ғасырдың соңында қидандар күшейіп өзге тайпаларға тізе батыра бастады, сол себепті татарлар бері көшіп Ордостың солтүстігіне келіп мекендеген. Олар сонда келген соң олардың ізін басып тағыда бір қауым ел келсе керек. Әбілғазы дерегіндегі татармен моғолдың соғысыда осы кездегі жер таласынан туындаған соғыс болуы мүмкін. Кейінгі Шыңғысхан тайпасының тілінің түркі- моңғол аралас тіліне айналуыда осы моңғол тілдес татар үстемдігінің үлкен әсері деуге болады. Ляо тарихы Юань кезінде жазылғандығы себепті ондағы татар атауы бұрмаланып «цзубу» түрінде берілген. 918 жылы қидан мемлекеті құрылғанына екі жіл толғанда Цзубу билеушісі елші жібергені айтылады.  Бұған қарағанда татарлар бұдан кемі 20-30 жыл ілгері  Моңғол даласына табан аударған көрінеді. Олай болғанда Енесейден келіп қағанат құрған қарақастардың билігі айналасы 50-60 жылдан аспаған сыңайлы. 840 жылы ұлы көштен кейін сахарадағы елдің үлкен бөлігі көшіп кетті де Сібіриядан келген тайпалар оның бостығын толықтай толтыра алмаған  көрінеді, сол себепті де татарлар 880-890 жылдары батысқа көшкен. Ергенеқоңнан келгендерде онан ертеде Моңғол даласының солтүстік шығысына Байқалдың теріскейінен келген деуге болады.

 924 жылы қидан патшасы Абауке қалың қолымен Моңғол даласына жорық жасап татарларды жеңеді, ежелгі ұйғұр қаласына ат ізін қалдырады, жорықтағы жеңісін үш тілде ойып жаздырады. Содан кейін татарлар қидандарға вассалдық тауелді елге айналады. Осыдан былайғы деректерде цзубулар  туралы олардың қидан ордасына келген елшілері туралы ғана деректер сақталған. Десе де татармен қиданның ежелден тұзы жараспаған, татарлар үнемі бүлік шығарып бағыныштылықтан шығып кетіп отырған.

Төменде «Ляоши» кітабындағы тиісті деректердің тақырыпқа қатыстыларын келтірейік:

«1012 жылы «Хуагэ цзубу билеушісі Убаның елін талқандады».

1014 жылы «цзубу билеушісі Уба патша сарайына сәлем беріп, зиярат жасай келді, Уба ван деп ұлықталды».

1027 жылы «цзубу тайпалары жаппай көтеріліс жасады... олар бағындырылды».

1038 жылы «цзубу билеушісі Туньтугусы патша сарайына аман сәлем жасап, зиярат ете келді».

1043 жылы «цзубу даваны Туньтугусы өз бауыры Сагэлиді патша сарайына аман-сәлем ету мақсатында тарту-таралғымен жіберді».

1044 жылы «цзубу билушісі Уба өз ұлын кепілге жіберді».

1045 жылы «цзубу даваны Туньтугусы көптеген рулардың билеушілерін ертіп патша сарайына аман-сәлем жасап, зиярат ете келді».

1047 жылы «цзубу даваны Туньтугусы патша сарайына аман-сәлем жасап, зиярат етіп мол тарту-таралғы әкелді».

1051 жылы «цзубу билеушісі Ходоланың інісі Водэ патша сарайына тарту-таралғы әкеліп, сәлем берді».

1051 жылы «цзубу билеушісі Чуанчжигэ Балисы патша сарайына зиярат ете келді. Цзубу билеушісі Ходэла патша сарайына өз елшілерін жіберді».

1053 жылы «цзубу даваны Туньтугусы түрлі рулардың билеушілерін бастап патша сарайына аман-сәлем жасап, зиярат етіп, жылқы және түйе тарту етті».....

1066 жылы «цзубу билеушісі патша ордасына сәлем бере келді».

1069 жылы «цзубу билеушісі бүлік шығарды, оларды бағындырды».

1070 жылы «Си бэй лу Чжао таo cы бүлік шығарған цзубу билеушісін қолға түсіріп алып келді. Тізе бүккен цзубу билеушісі Туму Тунгуа келді».

1081 жылы «цзубу және Юйгунань тарту-таралғы алып келді»(6)

阻卜Цзубу көне қытай тілінде сүбүк деп оқылады. Сүбүк - Моңғолиядағы Түркі тілдес тайпалар одағының аты, Сүбүкті көне Ғұндардың Шүйбу тайпасымен байланыстыратындарда бар. Не десекте олар кейінгі Керей, Найман қатарлы елдердің жалпы атауы болуға тиіс. 918 жылы Қидандарға Сүбүктер жағынан елші барады,  924 жылы Абауке оларға жаза жорығын жасайды,  онан кейінде қақтығыс толастамайды, 994 жылы Хұйзұң патша ұғулармен Сүбүктерге жорыққа аттанады. 1003 жылы Орталық  Монғолияда Сүбүктермен қидандар арасында тағы көлемді соғыс болып 20 мыңдай Сүбүк жасағы соғысқа қатысады. 1012 жылы Сүбүктер тағыда көтеріліп күшті одақ құрадыда олар «Сүбүк хан ордасы» аталады. 

Жоғарыдағы деректе татарлардың Ұба, Тонтогіс, Ходола, Чаншіге,  Тұм тұнға қарарлы билеушілерінің аты аталған, оның ішінде Тонтогіс даван яғыни ұлы хан лауазымына ие адам болған.

Татарлар туралы басқада деректер бар:

«Татарлар тоғыз оғыздардың бір түрі».(Құдұд әл-Әләм) (7)

«Құдұд әл-Әләм» ( Әлем шегаралары) атты шығарма 10 ғасырдың кейінгі ширегінде жазылған, онда тоғыз оғыздар деп Жетісумен Тәңіртаудың терістігіндегі тайпаларды атаған, бұлар 840 жылы жаппай осылай көшкен ұйғұр қағанатының тайпалары болатын. Ал Моңғол даласы яғни түркінің ата жұртындағы тайпаларды татарлар деп атаған, әрі олардыда түркілердің бір бұтағы деп санаған. Оның себебі татар хандығына қарасты әрі Моңғолияның бергі жағындағы әліде сол жақта мекендеп отырған түркі тайпаларын меңзесе керек.

Бұндай пікірді Махмұд Қашқаридан да көруге болады:

«Татар түркі тайпасы. Өтүкен – татар даласындағы бір жердің аты. Румға бәрінен жақын орналасқан тайпа бажанақ (печенег),  онан кейін қыпшақ , оғыз, иемек, башқұрт, басмыл, қай, ябғу, татар, қырғыз тайпалары» (8)

Тарихи жазбалармен түрік мәңгі тастарындағы мәліметтер бойынша Өтукен түркі текті халықтардың ұйытқы қонысы, ол араға бағызы ғұндар, түріктер, ұйғұрлар орда тіккен, 10 ғасырда осы жерді татарлар иеленгені айтылып отыр. Ал моңғол тілдес татарларды түркі санатына қосуға келсек ол заманда түбі бір Алтай халқы болған түркі мен моңғолдың көп айырмасы болмағаны анық, сондай ақ моңғол тілдес халықтардың ең ірісі қидандардыда түркіге қосады.

Қидандарда татарларда моңғол тілдес халықтар екенін айытық. Сонымен қатар олармен араласып кеткен түркі тектілердеде қисап болмаса керек.

«Түрік – бұлардың аты-жөні көне кітаптарда көп ұшырайды, кейін бұлардың елі Ұйғұрлардың шабуылына ұшырап торғайдай тозды, қазыр бұлар бәрінен әлсіз ел...916 жылы Түрік пен Тұйғұннан елшілік келді...» (9)

Бұлар 6-ғасырда дүниені дүбірлеткен көктүріктердің жұрнағы, 863 жылғы қырғыннан аман шыққандар. Кейін осы түрік тайпасы тарихтан өшеді, олар мекендеген алапты татарлар басып алған тұғын, олар татарларға араласып кетеді. Олар ғана емес ұйғұр қағанаты құлағаннан кейінгі ұлы көштен кейін Байқалдан бері көшкен байырқылармен татарлар араласып кетеді, олар «барқы татар» атанады. Ал Һинганның арғы бетінде қалған татарларды қытайлар жалғасты шығайлар деп атай берген.

Татарлар туралы ең көлемді мәліметтер шыңғысхан империясынан кейін жарыққа шыққан, Моңғол империясы құрылардан бұрын және кейін барша қытай, араб, еуропа халықтары моңғол даласындағы халықтарды татарлар деп атады.

«Олардың аттары ежелгі дәуірлерден әлемге әйгілі болған. Олардан көптеген үрім- бұтақтар тараған. Бұл тайпа адам саны жағынан  барлығы 70 000 үйден асатын. Олардың қонысы мен тұратын жұртының орындары Қытай уәлаятының шегараларына жақын жерлерде әр әулет пен тармақтар үшін анық белгіленіп айқындалған еді. Олардың негізгі тұрақтау орыны (ата жұрты) Бұйыр науыр деген жерде болатын.

Көп уақыт бойы олар Қытай патшаларына мойынсұнатын және оларға салық төлеп келген ел еді. Олардың арасынан кейбірі әркез көтеріліс жасап (Қытайға) қарсы шығатын. Ал Қытай патшалары оларды басу үшін әскер жасактап, оларды қайта мойынсұндыратын еді. Тағы да олар өзара бір-бірімен жанжалдасып, жауласатын еді, (соның салдарынан) көптеген жылдар бойы ол тайпалар арасында соғыс жалғасып, ұрыстар орын алып тұратын.

Бұл (татар) қауым курдтер (күрдтер), чулар (шулар) мен фn (франктар) сияқты өзара келісе алмаушылық пен көргенсіздік салдарын алып тұратын болмашы себептер үшін (оңды-солды) пышақ жұмсап таба мен семсерлесуден аты шыққан. Ол кезде оларда қазіргі кездегі мұғулар арасындағы жасақ (заңы әлі) жоқ еді. Олардың табиғи болмысында (ол кезде жек көрушілік пен ашуланшақтық және көре алмаушылық (күндестік сиякты мінездер) басым болатын. Олар соншалық саны көп кезінде ауыз біршілікке ие болып, өзара алауыздыққа салынбағанда, қытайлықтар, әлде басқа да бірде-бір халық, тіпті бірде-бір мақұлық оларға төтеп беруге күші жетпес-ті. Дегенмен (осы айтылғандай) олардың арасындағы орын алған алауыздық пен ұрыс-керістің өзінде де олар ерте заманда-ақ ұлылығымен, құдіреттілігімен, абыройымен (ерекшеленіп) уақыттың басым көпшілігінде тайпалар мен аймақтардың көп бөлігінің бағындырушысы әрі басқарушылары болған.

Және (татарлар) билік, күш-құдіретке және сый-құрметке ие болғандықтарынан, өзге түркі рулары өздерінің түрлі атаулары мен дәрежелері болғанына қарамай, олардың (татарлардың) атымен танымал болып, барлығы «татар» деп аталып кетті.

Бұған дейін татарлардың (бұрын ие болған) құдіреттілігі мен күшінің ықпалынан осындай жағдай болған. Сол себептен қазірге дейін Қытай, Үнді, Синд аймақтарында, Шын мен Машында, қырғыз, килар, башқұрт елінде, Дешті Қыпшақ пен солтүстік аймақтарда, араб қауымында, Шамда, Мысырда, Мағрибта барша түркі тайпаларын татарлар деп атайды» (10)

Бұнда айтылып отырған татар тайпасы 12 ғасырдың соңы мен 13 ғасырдың басындағы татарлар. 70 мың шаңырақ сол қазіргі Шығыс моңғолия, қытайдағы Ішкі моңғолияның шығыс аймақтарында өмір сүрген Құлын көл  бойы хандарының жәйләуі болса керек. Ол заманда қидандардың орнын басып бүкіл Солтүстік қытайды бағындырған шүршіттер «Алтын патшалығы» деген патшалық құрған. Сахарада тайпалар 6 тайпалар одағына бұтарланған, ең құдыреттісі әрі ең шығыстағысы осы татарлар. Батысқа қарай керейлер мен наймандар, олардың теріскейінде меркіттер мен моңғол тайпалары тұрған. Алтын патшалығы сахарадағы тайпалардың басы бірігуінен қатты қауыптеніп үнемі оларды бір- біріне айдап салып отырған. Татарлар арқылы басқа тайпаларды шаужайлап отырған.

«Айтуларынша, татар, дүрбен, салжуыт, қатаған тайпалары бірігіп жиналған заманда, олар бірнеше өзеннің төменгі сағасын бойлап тұратын болды. Ол өзендердің түйіскен жерінде Анкура муран  (Ангара өзені) өзені пайда болады. Бұл өзен аса үлкен. Ол жерде усугу мұңқун аталатын бір мұғул тайпасы өмір сүреді. Олардың өмір сүрген шекаралары қазіргі кезде...98 қатысты болып табылады. Ол өзен Қатқас (әлде Қытқас) деп аталатын қаланың жанында орналасқан, онда ол өзен Кімір (Кемер) өзенімен қосылады. Ол қала қырғыздар уәлаятына жатады.» (11)

Бұндағы дүрбен, қатаған, салжығұт тайпалары моңғолдарға тиеселі тайпалар, қамағ моңғолдар әлсіреп олар кейін үш топқа бөлінеді: Бір тобы Жамұқаның бастауында Тұғырыл хан болған керей хандығына; Енді бір тобы Тарғұтай қырылдақтың бастауында дербес; Үшінші тобы осы рулар, олар татарлармен одақтасып 1206 жылға дейін Шыңғысханмен қарсыласады.

«Айтуларынша, бұл өзен бір уәлаятқа (қарай) ағады. Оған жақын маңайда теңіз бар, (оның айналасының бәрі күміс. Ол уәлаяттың атаулары: Алакчин (Алақшын), Адутан, Мәңгу, Балауынан. Айтуларынша, ол өңірдің жылқысының бәрі ала болып келеді. Әрбір аттың денесі төрт жылдык туйелей және (ол жердің халқының) құрал-саймандары мен ыдыс-аяғы түгел күмістен. Тағы (ол аймақта) құстар өте көп.

Атани бики (Cұрғақтан бике) үш әмірді: (яғни) гучугур руынан Тунликты (Түңлік, Тоңлык), караут руынан Бакжуды және ...9 руынан Муңкур Житаны (Мұңқұр жита) мың ер кісімен бірге кемеге қосып (мінгізіп сол өңірге) олар (өзен) жағалауына өте көп күміс алып келді, бірақ оны кемеге тией алған жоқ. Ол (өңірге аттанған) әскер құрамынан үш жүзден аса адам қайта оралган жок. Қалғандары ауаның шіріктігінен (сасықтығынан), ылғалды буланулардың әсерінен (ауырып, қайта оралғаннан соң) қайтыс болды. aineрдің үшеуі де аман-есен қайтып оралды, содан көп жылдар бойы өмір сүрді.» (12)

Бұл өзен қара мөрен, ол Тынық мұхитқа барып құяды, бұндағы Алақшын туралы дерекке негізделіп Шакарым қажы кіші жүздегі алшындардың тегін осылармен байланыстырған. Алақшын аңшылар, аулаушылар деген мағынаны білдірсе керек. Күмісті моңғол тілінде меңгу дейді, бұндағы Мәңгу сол күміс көп шыққанына байланысты айтылса керек, кейінгі қытай деректерінде осы Мәңгу елі шүршіттерге қарсы көтеріліс жасап тұтастай қырылып кеткен, кейін сол лақапты Шыңғысхан өз ұлысының аты ретінде алып шүршіттерді шошытқан деген .

Татар тайпалары

«Өзінің (әрқайсысының) әскері мен патшасы бар, атақты да даңқты татар рулары - алтау. Олардың таратылуы: тутуқлиуг татар (тұтұғұл-татар), алчи татар (алшы-татар), чаған татар (шаған-татар), куйин татар (қойын-татар), тарат татар, барқуй татар (барқы-татар). Тутуқлиут (тұтұ-ғұл) қауымы - татар қауымдарының ең құрметтісі.

Мынадай әдет бар: бұл рудан (тұтұғұлдан) шыққан кез келген адам, егер еркек болса, оны «тутуқлитай» (тұтұғұлтай) деп атайды. Егер оның жынысы әйел болса, оны «тутуқлличин» (тұтұғұлшын дейді). Алшы-татар руынан шыққандарды алчитай (алшытай) және (әйелдерін) алчийин (алшын дейді). Куйин татар (қойын-татар) руынан шыққанды «куйитай» (қойытай) және (әйелдерін) куйичин (қойышын), тарат руынан шыққандарды тарати және (әйелдерін) тараучин (тараушын деп атайды).

Бұл қауымдарда бір-бірімен шайқастар мен теке-тірестер көп болған, олар әрдайым бірін-бірі өлтірумен, талан-таражға салумен, тонаумен әлек болған. Ойтсе де олар мен мұғулдар тайпасы арасында жанжал туып, соғыс басталса, сол жағдайға байланысты әп-сәтте (татар рулары) бірігетін еді.» (13)

Бұл деректе татарлардың  алты руының аты аталған, бұндағы алшы татар мен жоғарыдағы деректе айтылған Алақшын мен қатысты болуы мүмкін, алықшы моңғолша алушы, аулаушы деген сөзбен қатысты. Алшыны алшын депте айтуға болады алшы татарлардан бір тобы кейін Бату ханға беріліп кейін Алтын ордадағы белді рулардың біріне айналған. Кейінгі Кіші жүздің ноқта ағасы алшын осы алшы татарлармен қатысты болуы мүмкін. Қойын татар мағынасы орман татары деген сөз, олар әсілі Һинган тауында аңшылық істесе керек. Шаған татар ақ татар деген сөз, кейде ақ татар деп оңғыттар мен қоңыраттардыда айытқан, ал моңғолдардың өзге тайпаларын ˮқара татар ˮ деп атаған. Ал барқы татарлар татарлардан бұрын моңғол даласына Сіберден келген ежелгі байырқылар, татарлармен араласып кеткендері барқы татар атанған.

жалғасы бар...

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Уей тарихы. Шығай тарауы
  2. Күлтегін бітіктасы
  3. Мойынчор бітіктасы
  4. Әбілғазы Баһадүр хан. Түрік шежіресі
  5. Бес әулет тарихы
  6. Ляоши
  7. Құдұд әл әләм
  8. Махмұд қашқари. Түрік тілдер сөздігі
  9. Бес әулет тарихы
  10. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  11. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  12. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  13. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  14. Рашид ад- дин. Жамиғ ат- тауарих. 1- том
  15. Моңғолдың құпия шежіресі. 1- тарау
  16. Моңғолдың құпия шежіресі. 1- тарау
  17. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  18. Моңғолдың құпия шежіресі
  19. Рашид ад- дин. Жамиғ ат- тауарих. 1- том
  20. Моңғолдың құпия шежіресі
  21. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  22. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 2- том
  23. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English