«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Тамыз конференциясынан тамшы ойлар

2714 0
Тамыз конференциясынан тамшы ойлар
2019 жылы 16 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында білім және ғылым қызметкерлерінің республикалық тамыз конференциясы болып өтті

Бұл іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген екі мыңға жуық мұғалімдер, оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мамандық иелері - Ұстаздарды  құттықтауға арнайы келді. Президент өз сөзінде білім және ғылым саласының дамуына тың әрі тегеурінді серпін қажет екенін айтты. Білім және ғылым саласының әр бағытына жеке тоқталды.

Президент Қ. Тоқаев: «Біріншіден білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл, алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек»,-деп атап өтті. Оқулықтардың жыл сайын қоғамда, әсіресе ата-аналар тарапынан сынға ұшырап жататындығы жасырын емес. Сондықтан бұл мәселені шешуде біздер, ғалымдар да ат салысып, үлес қосу міндетіміз.

Екіншіден, Президент тәрбие мәселесіне тоқтала келіп: «Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс» - деді. Бұл мәселелер Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасында көтерілгендігі туралы баса айтты. Барлық білім беру мекемелерінде, мемлекеттік және жеке меншік білім беру ұйымдарында бұл құндылықтарды тарату білім беру саласындағы педагогтардың басты міндеті екендігін айтып өтті. Осы мақсатта институт қызметкерлері тәуелсіз Қазақстанның тарихын, кеңестік дәуірде өз бағасын ала алмаған тарихи тұлғалар жайында және ғылыми зерттеулерді тарихи тұрғыдан тың деректермен толтыруда еңбектер жазып, жастарымызды отаншылдыққа, елге адал қызмет етуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде қызмет етуде.     

Президент Үшінші басты мәселеде, мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу жүйесінің сапасын арттыру, сондай-ақ орта білім беруді одан әрі дамыту стратегиясын айқындау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Үкіметке Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы аясында 12 жылдық білім беру моделіне біртіндеп, жоспарлы негізде көшуді қамтамасыз етуді жүктеді.

Төртіншіден, үш ауысымды және шағын комплектілі мектептер мәселелерін шешу кезек күттірмейтін басты мәселе екендігін атап көрсетті. Қазіргі кезде 7014 жұмыс істеп тұрған мектептің 128-і үш ауысымды және 31-і апатты жағдайда тұрғандығына көңіл аударды. Осыған байланысты 2019-2020 жылдары республика бюджетінен үш аусымдылықты жоюда 35 мектеп құрылысына және апатты жағдайдағы мектептердің 7-уін жөндеуге қаражат бөлінетіндігін мәлімдеді.

Бесінші мәселе бойынша, үштілді білім беру жүйесін енгізу – күн тәртібіндегі өзекті тақырып. Президент ең алдымен, бұл мәселені жан-жақты талдап, салмақты шешімге келу қажет екендігін ескертті. Қ. Тоқаев өз сөзінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді" деп өнегелі ой айтқанын жеткізді. Өз сөзін қорытындылай келе, "сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды, әрі тиімді болады»-деп аяқтады.

Ең негізгі мәселенің бірі – педагог мәртебесін көтеру. «Мұғалімнің мәртебесі туралы» Заң жобасында мұғалімнің сағат жүктемесін қысқарту, беделі мен абыройын қорғау және материалдық жағдайын жақсарту мәселелері қарастырылуда.

Мемлекет басшысы Алтыншы мәселе бойынша, мұғалімдер жалақысының мөлшерін арттыруды алдыңғы қатардағы міндет екенін атап өтті. Білім беру жүйесіне білікті кадрларды тарту мақсатында Үкіметке 4 жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын 2 есеге көбейтуді тапсырды.

Жетіншіден, Президент білім беру бағдарламалары мен стандарттарын бір деңгейде әзірлеп, қала және ауыл балаларының білім деңгейіндегі алшақтықтарды жоюды және әлеуметтік жағдайға қарамастан балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беруді тапсырды.

Сегізінші мәселеде мемлекет басшысы ғылымды қаржыландыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысын жетілдіру қажеттілігне баса баса мән берді. Ғылымды одан әрі институционалды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу қажет екендігін атап өтті.

Тамыз конференциясында Президенттің қазіргі таңдағы ең көкейтесті мәселелерді көтеріп, ерекше мән беруі бізге серпін берді. Біздің Мемлекет тарихы институты Президенттің білім және ғылым саласын дамытудағы жоспарын қолдайды, сол басым бағыттарды жүзеге асыруда еңбек етеді.

Бүркітбай АЯҒАН, 

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры

 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English