«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Сарыарқа - Алтын Орда империясының жүрегі

1939 0
Сарыарқа - Алтын Орда империясының жүрегі
Алтын Орданың тұсында, Қазақ хандығының кезінде «Арқа» ұғымына Сары деген қосымша атау телініп, «Сарыарқа» деп атала бастайды

Қараша айының 23- бұйырса, Қарағанды қаласында Алтын Орданың 750 жылдығы құрметіне үлкен ғылыми мәжіліс өтеді. Алысы америкадан, жақыны Татардан талай ғалым келеді, Орда жайында тың деректер айтады,-деп күтілуде.

Қарағандыда баяндама оқыған зерттеушілер, Ұлытау төріне, Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошы күмбезіне барады. Ғылыми  конференцияны басқа емес, Қарағанды өңірінде өткізудің де себебі осы. Өйткені, Сарыарқа сол бір жойқын империяның жаны сақталған қастерлі өлке еді. Еділ мен Жайықтағы, Сыр бойындағы негізгі қалалық орталықтар үшін Арқа жері тыл қызметін атқарған-тын.

«Күн түбіне» күңіреніп жортқан ауыр жасақтардың дені туы желбіреп ішкі өлкелерден аттанатын. Мемлекеттің негізін қалаған хандар, әмірлер мен әскербасылар да көбінде осы қырда туып, қалаларда өмірін өткізетін. Осындай арттағы тыл қызметін Арқа жері – Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандықтарының тарихында Абылайға дейін атқарып келді,-дейді археолог-тарихшы Арман Бейсенов.

Ғалымның пікірінше, ішкі өлкемен (тылмен) арадағы қажетті байланыстардың үзілмеуі мемлекет үшін өте маңызды мәселе болатын. Екі арадағы қарым-қатынас тоқырап, Арқада келеңсіз жағдайлар болса, бұл дереу сол хандықтың әлсіреуіне әкелетін. Батыстағы Хазар Қағанаты, Болғар, Половец хандықтары, қысқасы ортағасырлық түрік мемлекеттерінің жойылып кетуінің басты себептерінің бірі бұларда ата кәсіптің, этникалық мінез-құлық пен мәдениеттің, тіл мен дәстүрдің тірегі болып саналатын мықты далалық тылдың болмауы еді. Дала хандықтардың қалаларына жаңа қан, жаңа жан беруші өңір қызметін атқарды. Осы арада, Арқа, Сарырақа деген не мағына беретінін түсіндіре кетсек. Өйткені, Алтын Орданың тарихын Сарыарқаның тарихынсыз елестету мүмкін емес.

              САРЫАРҚА АТАУЫ НЕ МАҒЫНА БЕРЕДІ?

Әлкей Марғұланның дерегінше, Сарыарқаның әубастағы атауы – Арқа екен!  Ұлы Даланы алғаш рет Арқа деп атай бастаған кез 1000-шы жылдары Дешті Қыпшақ тайпалары бірігіп, мемлекет ретінде қалыптасып жатқан шақта туса керек. Осы кезде Дала жұртының үлкен бөліктері ішкі алқаптарды артқа тастап, табиғи-климаттық әсіресе саяси тұрғыдан өте қолайлы, стратегиялық мәні жоғары өңірлерге жылжиды. Артта қалған туған мекенді «Арқа» деп атау, ал жаңадан қоныстанған қалалы өлкелерді «маңдай сүбе» деп тану, тап осы кезде қалыптаса бастайды.

Алтын Орданың тұсында, Қазақ хандығының кезінде «Арқа» ұғымына Сары деген қосымша атау телініп, «Сарыарқа» деп атала бастайды. Сын есімдік «сары» қосымшасы тек даланың сарғыш түсін меңзеп қоймайды. Сонымен қатар «кең, ұшы-қиырсыз шексіз Арқа» деген мағынаны береді. Қазақтар «сары» ұғымын күшейтпелі шырай ретінде қолдана береді. Мәселен «сары аяз» - қатты аяз, үскірік мағынасын беретіні сияқты. СарыАрқа – Ұлы Даланың поэтикалық формасы іспеттес қой, сонда. Мәселен, сол замандарда жыраулар өлең-дастандарында «Бетегелі Сарыарқаның бойында, соғысып өлген өкінбес», «Сарыарқа, сені қайтейін», «Сарыарқа қайран жерлер ай, туып өскен елдер-ай» деп суреттеп, жырлады.

Әбілхайыр мен Керей-Жәнібектердің теке-тіресінде көп тайпалар Даладан ауып, Мәуренахр жеріне кетті. Бірі өзбек, енді бірі түрікменге сіңді. Алайда, сол өзбек аталар әлі күнге «Арқа тарафы» деген ұғымды қолданады. Арқа сөзі – тыл деген мағына беретінін білмейтін орыс-кеңес зерттеушілері мұны солтүстік деген түсінік деп ұқты. Осыдан бастап, Сарыарқа деп, көшпелілер солтүстік облыстарды атаған деген қате пайым күшейе бастады. Бұл бір қателік еді.

САРЫАРҚА – ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛМЕЙДІ...

Сарыарқа атауын қазір біз Қарағанды облысымен ғана шектейміз. Бұл өте қате өлшем! Қазақтың ескі ұғымындағы Сарыарқа – Орталық Қазақстанды ғана емес, одан әлдеқайда кең орасан, зор территорияны қамтыған. Қазақтың ескі Арқасы шығыста Тарбағатай, Алтай сілемдерінен бастап, батыстағы Оңтүстік Орал, Ор өзені, Мұғлжар жотасына дейінгі, Құрбанғали Халид сөзімен айтсақ, ұзындығы 2500 шақырымнан астам ұлан-ғайыр аймақты алып жатыр. Басқадай кейбір деректерде тіпті, көне Арқа Жайық пен Еділ атыраптарына дейін де жеткен дейді. Ұлы Даланың бір аты СарыАрқа еді. Оңтүстікте Арқа Бетпақдаланы, Шудың солтүстігіндегі далаларды қамти өтіп, Балқаштың солтүстік жағасымен Алакөлге дейін барған. Одан әрі Емелмен өрлеп солтүстікке бағытталған. Арқаның солтүстіктегі шекарасы Обь өзенінің жоғарғы ағысына дейін жеткен. Мұнда ол Омбы қаласы маңынан батысқа беттеп, Қоскөл арқылы Челябі сілемдеріне тірелген.

Бүкіл дерек атаулыны қазақтың ішінен жинаған Құрбанғали баянында Ор өзені Арқаның ең батыстағы өзені деп көрсетіледі. Ал оның солтүстіктегі шекаралық сызығы – Омбыдан Челябіге дейін тіке тартылған. Әрине бұл ешқандай қадамен белгіленбеген, өткен ғасырлардағы қазақтың дәстүрлі, ойша жүргізген сызығы.

Осындай ұлан-ғайыр Сарыарқаны Қарағанды өңіріне ғана теліп қою, Кеңес дәуірінің кесірінен болды. Коммунистер Қазақ өлкелерінің географиялық-әлеуметтік ерекшеліктерін ескерместен, облыстарға, аудандарға бөліп тастады. Қостанай, Торғай, Павлодарды қамтып жатқан  «Сарыарқа» атауы тек Орталық Қазақстанның еншісінде қалды. Бұған геолог Г.С.Медоевтің арнаулы еңбектері тікелей әсер етті. Ол – «Арқа» деп бұрынғы номадтар  «тау», «жота»-ны атаған деген пайым ойлап тауып, бұған тек Қазақтың ұсақ шоқылы аймағын жатқызды. Бұл геолог Сарыарқа алқабынан Бетпақдала, Солтүстіктегі орманды-далалы өлкелер (Батыс сібір ойпаты) мен Торғай өңірін кірмейді деп, бөлектеп тастады. Бұл өте қате пікір еді. Географтар мен геологтар «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» деп жырлаған Сәкен, «Сарыарқада тудым» деп жырлаған «Батыс Сібір ойпатының азаматы» Мағжан шығармашылығынан, «Сарыарқа» деп жырлап келген Торғай ақын-жыраулар мұрасынан жалпы алғанда хабарсыз болатын,-дейді археолог Арман Бейсенов.

Не керек, Сарыарқа тек Орталық Қазақстан облысын ғана қамтиды деп сипаттау Кеңес дәуірінің бүкіл анықтама, энциклопедиялық басылымдарына, сондай-ақ географиялық әдебиеттеріне еніп кетті. Керек десеңіз, Одақ кезінде «Сарыарқа» атауы тарылып, ығысқаны соншалық Ұлытау, Жаңарқа, Баянауыл, Қарқаралы өлкелері ғана, тиеселі көрінетін еді.

АРМАН БЕЙСЕНОВ, АРХЕОЛОГ: «Сарыарқа» атауының қолданымдағы аясының тарылуына ықпал еткен тағы бір себеп, әсіресе 50-70-ші жылдарда орын алған алған солтүстік аймақ қазақтары санының күрт азаюы және қазақ мектептерінің көптеп жабылуы болды. Бұның ішінде Солтүстік, Солтүстік-Шығыс, Солтүстік-Батыс облыстарының қатты орыстанғаны белгілі. Мұндай аймақтарда уақыт ағымымен пайда болған «ПриИшимье», «Кустанайщина», «Кокчетавщина», «ПриИртышье» сияқты атаулар жаппай қолданымға енді. Осы келімсек атаулар «Сарыарқа» ұғымын ығыстырып шығарды.

Ал шын мәнінде, Арқаның аумағы өте үлкен екенін жоғарыда жаздық. Сонымен, Арқа атауының тарихи мәні – «артымызда қалған өлке», «арқамыздағы ел» деген ұғымдар. Бұдан әрине, «алдыңғы жақ» қайсы деген заңды сауал туады. «Алдыңғы жақты» іздер болсақ, бұл Сырдың бойындағы қалалық өлке.

ҚЫРЫМ АЛТЫНБЕКОВ – СУРЕТШІ, РЕСТОВРАТОР: Мысалы, біздің Қазақстанға қарасақ, көшпенділердің қаласы оңтүстікте, Сыр мен Амударияның арасында. Ал жоғары қарай, Арқада қала жоқ. Неге? Себебі, Сарыарқа ол өзінің жері. Оны қоршап, қамал-қала соғудың қажеті жоқ. Оңтүстікке қарай Парсылармен сауда, анау-мынау үшін, қала салды, қорған қойды. Олардың сауда жасайтын жері, бір-бірімен кездесетін жері. Ал мынау жақ тылы. Ол жерде малын жаяды, руда өндіреді.

Көшпенділер қалаларды Даланың шеттеріне, отырықшылармен түйісетін стратегиялық шептерге орнатты. Табиғи-климаттық факторлар есепке алынды, бірақ ең маңызды алғы шарт – отырықшы аймақтарға етене жақын орналасуы және осы жермен халықаралық сауда жолдарының өтуі жатты. Бұл қалалық өлкелерде қыр елінің қолөнер мен саудадағы мұқтажы өтелді және көрші мемлекеттермен арадағы әскери-саяси қатынастар осы кент-шаһарлар арқылы реттелді. Шамамен Х ғасырдан бастап, Дешті-Қыпшақ хандары Сырдарияның бойындағы стратегиялық қалаларды иеленуге ұмтылды. Бұларда күшті әскер шоғырландырылды, қамалдар мен бекіністер салынды, базарлар мен егістіктер, шеберханалар гүлденді, айналып келгенде тұтас қалалар жүйесі қалыптасты.

ҰЛЫ ДАЛАДА ҚАЛАЛАР БОЛМАДЫ МА?

Ұлы Даланың ішкі өлкесінде қала-кент болмады деген қате пайым! Ішкі өлкеде де қалалы мекендер болғаны белгілі. Ертіс бойында көптеген қалалар өмір сүргені, Алакөлде маңызды саяси орталық қалыптасқаны Плано Карпини, Рубрук атты тарихшылардың жазба деректерінде бар. Қалалардың үлкен шоғыры Ұлытау жерінде болған. Археологтар далалық шаһарларға – Орда-Базар, Басқамыр, Аяққамыр деген кенттерді қосады. Сарысу, Нұра, Есіл бойындағы елді-мекендер әлі де болса жүйелі түрде зерттелмей отыр. Мұндай ішкі өлкелердегі қалалар кішігірім аймақтардың мұқтажын өтеген. Сыртпен байланыстардың негізгі торабында жатпағандықтан аса ірі орталықтар деңгейіне көтерілмеген.

Зерттеулерге қарағанда, далалықтардың өмірінде шешуші маңызы бар негізгі саяси-экономикалық орталықтар 3 бағытта орналасқан. Қыпшақ хандығы, кейін Алтын Орданың ел билеу орталықтары Жайық бойында шоғырланған. Мұның ішінде кейін әсіресе Сарайшық қаласы гүлденіп, айырықша мәнге ие болды. Екінші бағыт – Арқаның солтүстігіне қараған өлкелері. Мұнда Тобыл, Түмен, Ертістің орманды-далалы алқаптарында ірі саяси орталықтар қалыптасып, негізі қаласы Шымтұра деп аталған. Қала әсіресе Алтын Орда кезеңінде қатты көтерілді. Кезінде мұнда Тоқтамыс паналап, кейінірек осында шайбанилық Әбілқайыр таққа отырды. Соңынан Ибақ хан биледі. Үшінші және саяси-экономикалық тұрғыдан ең маңызды оңтүстік бағыт – Сырдария алқабы, Түркістан болды. Алтын Орда құлап, Қазақ хандығы құрылып жатқанда, Батыстағы қалалық шептердің маңызы төмендеді. Көшпелілер саяси орталықты оңтүстікке, Сығанақ, Сауран, кейінірек Түркістан қалаларына көшіріп, осы шаһарлар мемлекеттің басты стратегиялық тірегі қызметін атқарды. Бұл кезде мемлекеттің бастысы, солтүстігінен һәм шығысынан Ресей мен Қытай әлі келмеген болатын. Міне, сондықтан оңтүстік бағыттағы саясат ортағасырлар дәуірінде үнемі шешуші орында тұрды. Сауда, тауар айналымы, әскери-саяси байланыстарды жүргізген қалалардың артында – ұшы-қиырсыз далалы белдеу жатты. Арқа атауының нағыз тарихи мәні осында еді.

ТЫЛ ҚАЛАЙ АЛҒЫ МАЙДАНҒА АЙНАЛЫП КЕТТІ?

Арқа расында да артта жатты. Ал негізгі қалалар алдыңғы шепте орналастырылды. Бірақ жаңа дәуірдің басында жағдай өзгерді. Жүздеген жыл кінәздік дәргейіндегі Мәскеу, империяға айналып, Қазақ жұртының батысы мен солтүстігіне тақалды әрі бұл олардың гео-саяси белсенділігі артты. Осы кезде Ортағасырлық керуен жолдары бірте-бірте көмескіленді. Қысқаша айтқанда жаңа заман туды. Осындай жағдайда оңтүстік стратегиялық бағыттың бұрынғы мәні төмендеп, солтүстік пен шығыстың маңызы арта бастады. Өйткені, Ресей мен Қытай осы өлкелерге тым жақын келді. Дипломатиялық байланыс, алыс-беріс атты үлкен саясат енді осы аймақтарда жүргізіле бастады.

АРМАН БЕЙСЕНОВ, АРХЕОЛОГ-ТАРИХШЫ: Арқаның артта жатқан тылдық мағынасын өзгерту керек болды. Бұл қажеттілікті ең алғаш түсіну құрметі қазақ билеушілерінің ішінде абылайдың еншісіне тиді. Хан мұны сол кездегі жағдайға байланысты, өз Ордасын солтүстік өлкеге көшірді. Қасым, Тәуекел, Хақназар сияқты хандар белуардан қан кешіп, Сыр бойын алып қалды және осындай жолмен халық алдындағы, сол ғасырдың міндетін өтеді. Абылай ескі тылды яғни Сарыарқаны саяси оқиғалардың белортасына, алдыңғы шепке айналдырды.

Абылай Арқаны тыл қызметінен ауыстырып, алғы шепке айналдыру үшін, егінге ебі бар қарақалпақтарды көбірек әкеле бастады. Сөйтіп, Сырдың егіншіл-саудаға икемді халқының потенциалын Қазақ тайпаларына сіңдіріп, сонау Павлодар, Петропавл, Көкшетау өлкелерін отырықшылыққа көшіруге ұмтылды. Осылай етсе, орыс мұжығының далаға кіруі де тежелетін еді. Бірақ... Өз өмірінің соңында Абылай хан: «жұртымды толығынан отырықшы өмірге бейімдеп үлгермедім. Қалалар сала алмадым» деген үлкен өкініш айтқан. Бұл өкінішті Абылай өзінен кейін келер билеушілерге қарата айтты, әрі мұның салмағы ауыр аманат еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сарыарқа төрінде жаңа астананың бой көтеруі – отарлауға дейінгі қазақ басшыларының бастап, бірақ толық тындырып үлгермей кеткен ісінің жалғасы. Астана қаласы, Серпін бағдарламасы – Абылайдың орындалған арманы...

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English